Алғашқы философтар. Натурфилософиялық кезең. Алғашқы грек философтары Иония (Кіші Азияның батысы) топырағында дүниеге келеді. Олар тарихқа “фисиологтар² (physіs - табиғат,-грек сөзі, natura- табиғат, латын сөзі), яғни табиғатпен айналысатын ойшылдар ретінде кірді. Дүние жөніндегі мифологиялық көзқарасқа қанағаттанбай, олар бүкіл Дүниені біріктіретін, соның негізінде жатқан алғашқы затты іздеді. Олардың ойынша, ол зат біріншіден сезіммен танылатын, ең кең тараған, әртүрлі қасиеттері бар зат болуы керек. Сонымен олар Дүниенің бастауын мифологиядағы Құдайлардан іздемей, табиғаттың өзінен табуға тырысады.
Егер мифология Құдайлардың аяны ретінде есептелсе, Дүниеге келген ойшылдар өздерінің “даналыққа деген құштарлығын², білімге деген талпыныстарын көрсеткісі келеді. Пифагор айтқандай “Толығынан дана ол Құдай ғана, ал біз тек сол даналыққа құштармыз².
Тарихи бірінші рет осындай ой-өрісіне көшіп, Милет қаласынан шыққан Фалес (625-547 б.ғ.д.) алғашқы Дүниенің негізін құрайтын зат - су деді. Өйткені, су ең әртүрлі өзгеріске ұшырайтын табиғаттың заты, сондықтан, ол табиғаттағы барлық өзгерістердің негізінде жатуы мүмкін. Фалес барлық заттардың қорегі дымқыл болып келеді, барлық тіршіліктің ұрықтары мен дымқыл табиғаты бар,- деген ойларды айтыпты-мыс деген қағидалар тарихта қалған. Құрғақшылық - тіршіліктің өліміне әкеледі. Өмір әрқашанда сумен байланысты, бәрі де судан шығады, су арқылы өмір сүреді де, суда өмірі бітеді. Аңыз Фалесті жүзімнің шырынын қысып шығаратын құрал жасаған адам дейді. Мүмкін, бұл нәрсе де оның ойына судың, дымқылдың тірі өмірдегі маңызын көрсетсе керек.
Ал адамның жан-дүниесіне келер болсақ, Фалес оны барлық Дүниедегі заттарға теңеген. Магнит темірді тартады, олай болса темірдің де жаны бар деген екен. Олай болса, бүкіл Дүние тіршілікке толы. Мұндай көзқарасты біз гилозоизм дейміз (hyle-грек сөзі-материя, zoe-өмір,тірі) . Сонымен Фалес жанды бүкіл дүниедегі заттардың ішкі қозғайтын күші ретінде қараған.
Фалестен қалған кейбір нақыл сөздерді “Жеті дана² жөніндегі тарауымызда айттық. Тағы да басқа ойларын осы арада келтіруге жөн дейміз. Плутархтың айтуына қарағанда, Фалеске берілген сұрақтардан мынандай жауаптар алыныпты.
Бәрінен де жасы үлкен кім?, - Құдай, өйткені ол тумаған. Бәрінен де не үлкен? –Кеңістік, өйткені ол бүкіл Дүниені қамтиды. Не нәрсе ең әсем? –Дүние, өйткені әсемдіктің бәрі оның құрамында. Ең дана не? –Уақыт, ол бәрін тудырды, тағыда да тудырады. Барлыққа ортақ не? - үміт. Қолында ешнәрсе жоқтардың да үміті бар өмірден. т.с.с.
Сонымен Фалеспен бірге грек ой-өрісі бірте-бірте аңыз қиялдан айырылып, ғылым жолына қарай бетбұрыстың есігін ашты.
Милет мектебінің келесі үлкен ойшысы – Анаксимандр. Ол Фалестің жан досы, оқушысы болған деген пікір бар.
Анаксимандр алғашқы негіз мәселесін тереңдете түседі. Судың өзі нақтылы заттың түрі ретінде алғашқы негіз бола алмайды. Алғашқы негіз (arche -бастау, грек сөзі) шексіз және бейнақтылы болуы керек. Оны Анаксимандр апейрон деген үғыммен береді. (apeіron - шексіз, бейнақтылы, грек сөзі).
Апейронның кеңістікте сыртқы шектеуі жоқ, яғни сандық жағынан шексіз, сонымен қатар ішіне қарай да шектелмеген, яғни сапа жағынан да анықталмайды.
Сонымен ішкі және сыртқы жағынан алғанда шексіз апейрон Дүниедегі шектелген әртүрлі заттарды тудырады. Апейрон бүкіл Дүниені қамтып, қоршап, бүкіл заттарды тудырып, ауыстырып отырады.
Бұл шексіз алғашқы негіз жоғарыда айтқандай құдіретті болғаннан кейін ол Құдайға тең, өйткені, ол өлмейді де құрымайды. Егер грек мифологиясындағы Құдайлар дүниеге келеді де мәңгілік өмір сүрсе, Анаксимандрдың Құдайы – апейрон – мәңгілік, шексіз, оның басы да соңы да жоқ.
Анаксимандр дүниедегі заттардың табиғатының қарама-қарсы жақтарын аңғарған ойшы. Олар жылы мен суық, құрғақ пен дымқылдың күресі.