Тәжiрибелiк-индуктивтiк әдiстеме жасау Ғылым жолын неше-түрлi елестерден тазалағаннан кейiн Ф.Бэконның алдында жаңа зерттеу жолдарын жасау мәселесi пайда болды. Ол үшiн ең адымен сол кездегi Философиядағы абстрактлы-схоластикалық әдiстемелердi сынау қажет болды. Олар - нәтижесiз. Белгiлi бiр жалпы ұғымдарға негiзделген Табиғаттың өзiне, сондағы құбылыстарға назар аудару керек. “Табиғаттың нәзiк сырлары көп тұжырымдардан анағұрлым терең²,- дейдi Ф.Бэкон.
Әрине, ойшыл жалпы ұғымдар керек емес деп оларды толығынан терiске шығарды деген пiкiрден бiз алшақпыз. Әңгiме - сол жалпы ұғымдар қалай шығарылды - сонда. Егер олар кездейсоқтық деректердi жалпылаудың негiзiнде пайда болса, онда олардан шығарылған тұжырымдар бiздi жалған жолға түсiредi, адастырады. Жалпы ұғымдар тәжiрибеден шығуы керек. Бiрақ, бiз оны әрқашан сынап, ой елегiнен өткiзiп отыруымыз қажет. Ғалым адам жолында жатқанның бәрiн жинай беретiн құмырсқаға ( сол кездегi алхимиктер), сонымен қатар, бәрiн өз iшiнен шығарып өзiнiң торын тоқитын өрмекшiге (сол кездегi схоластар) ұқсамауы керек. Ол әрбiр гүлге қонып оның нәрiн жинап, оларды қайта өңдеп балға айналдыратын араға ұқсас болуы қажет,- деп қорытады Ф.Бэкон.
Жекеден жалпылыққа өрлеудi - индуктивтi әдiстеменi - алғаш рет Ф.Бэкон дүниеге келтiрдi десек, онда ол шындыққа лайықты болмас едi. Өз заманында ұлы Аристотель жалқыдан жалпыға көшу әдiстемесiн жасаған болатын. Орта ғасырларда да бұл әдiстеме мүлде ұмыт болған жоқ-ты.
Ф.Бэконның бұл әдiстемеге енгiзген негiзгi жаңалығы - тек қана белгiлi бiр ұғымды дәлелдейтiн деректердi ғана емес, сонымен қатар оған қайшы келетiндердi де зерттеу, олардың себебiн табу болды.
Жалқыдан жалпыға жету жолында үш таблица жасау керек. Олар - tabula presentiae,- деректердiң болу таблицасы, екiншi - tabula absentiae,-деректердiң болмаған таблицасы, үшiншi - tabula graduum,- деректердiң азды-көптi болуының деңгейiн көрсететiн таблица . Зерттеу жолында бұл таблицалар толтырылғаннан кейiн соларды салыстыру арқылы белгiлi бiр ұғымдарды тудыруға мүмкiндiк пайда болады.
Сонымен, Ф.Бэкон жаңа дәуiрдегi қалыптасып жатқан тәжiрибелiк ғылымның дамуына зор әсерiн тигiзген ұлы тұлға.
Француз философы Рене де Карт (1596-1650ж.ж.) - Жаңа дәуiр философиясына өз үлесiн қосып негiзiн қалаған iрi тұлға. Уақытында өз заманының жақсы оқу орындарында оқып бiлiм алған. Егер бiз оны Ф. Бэконмен салыстырсақ, ол бүкіл өмiрiн ғылым жолына арнаған тұлға.
Ұлы математик, механик, физиологияның негiзiн жасаушы, психолог, - Декарт Аристотельден кейiнгi жан-жақты дамыған, философияны жеке ғылымдардың нәтижелерiмен ұштастыра бiлген бiрде-бiр ойшыл болды. Негiзгi еңбектерi “Диоптрика²- күн сәулесiн зерттеуге арналған, “Метеорлар²- метеорологиялық мәселелерге арналған, “Геометрия², “Философияның бастаулары², “Әдiстемелер жөнiндегi ойлар²т с.с.