Негізгі диалектілер Қазақ тілінде негізгі үш диалекті бар (бұл пікірді қазақ диалектологиясының негізін қалаушылардың бірі Сәрсен Аманжолов ұстанған) — батыс, оңтүстік және солтүстік-шығыс диалектілері. Бұл диалектілер түрікмен тілі диалектілері сияқты ру-тайпалық құрылым бойынша емес, қарақалпақ және қырғыз тілдерінің диалектілері секілді аумақтық принцип бойынша анықталады. Кейбір зерттеушілер қазақ тіліне өте жақын саналатын қарақалпақ тілін қазақ тілінің бір диалекті ретінде қарастырады (әсіресе оның солтүстік-шығыс диалектісін. Кейде қазақ тілі диалектілерінің қатарына өзбек тілінің қыпшақ диалектісі мен құрамалықтардың тілі де жатқызылады.
Жұмат Досқараев пен Нығмет Сауранбаев қазақ тілі оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс деп белгіленген екі диалектіден тұрады деп есептеген. Шора Сарыбаев Сәрсен Аманжоловтың пікірімен келісіп, бірақ солтүстік-шығыс диалектіні солтүстік және шығыс деп екі субдиалекті ретінде қарастырған. Қазіргі кезде қазақ тілінде батыс, оңтүстік, шығыс және орталық-солтүстік деген төрт диалекті бар деген пікір таралған.
Қытай және Моңғолия қазақтарының тілі Тағы қараңыз: Қытайда тұратын қазақтар Қытай мен Моңғолия қазақтарының тіліне біршама ерекшеліктер тән. Қытай қазақтарының тілі қытай тілінің (мандарин) аз ғана әсеріне ұшыраған, сонымен қатар Қытай мен Қазақстанда тұратын қазақтардың көп уақыт бойы оқшау өмір сүруінің кесірінен кей терминдердің қолданылуында айырмашылықтар байқалады. Мысалға, Қазақстанда таралған дәрігер сөзінің орнына Қытай қазақтары шипагер сөзін қолданады. 1982 жылғы санаққа сәйкес, Қытайда 830 мың қазақ солтүстік-шығыс диалектісінде сөйлесе, 70 мыңы оңтүстік диалектіде сөйлеген екен.
Қарақалпақстан қазақтарының тілі Қазақтардың қарақалпақтармен бірге ұзақ уақыт бойы бірге тұруының себебінен олардың тілі жергілікті қазақтар тілінің лексикасы, фонетикасы мен грамматикасына әсер еткен. Өз кезегінде қазақ тілінің себебінен қарақалпақтардың тілінде дәл осындай өзгерістер орын алған. Қарақалпақ әдеби тілінің сөздері қазақтардың тіліне еніп, қазақ тілінің байырғы сөздерімен бірге қолданылады. Кейбір әдеби қазақ тілінің сөздері бұл көршіліктің кесірінен қосымша мағыналарға ие болған.
Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында жүргізілген зерттеулерге сәйкес, қазақ тілін оқып-үйреніге жағдай жасалған қазақтар тілінің қазіргі заманғы нормативті қазақ тілінен еш айырмашылығы жоқ екен, ал ауылдарды мекен еткен қазақтардың тілі бөгде тілдердің әсеріне ұшыраған.