КІРІСПЕ
Дипломдық жоба тақырыбының өзектілігі:
Статистика көрсеткендей, соңғы онжылдықта Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер денсаулығының нашарлау үрдісі байқалуда.
Адам денсаулығына әсер ететін ықпал етуші күштердің арақатынасына тең: генетикалық факторлар–15–20%; қоршаған орта әсері–20–25%; дәрігерлік көмек деңгейіне тәуелді–10–15%;адамдардың тіршілік ету салты және жағдайы–50–55% [1].
2017 жылғы халық сырқаттанушылығының құрылымы мынадай үлестерді қамтып отыр (Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша): жұқпалы және паразит аурулар–2,3%, жүйке жүйесі аурулары–3,4%, көз бен оның қосалқы мүшелерінің аурулары–4,3%, қан айналымы жүйесінің аурулары–4,5%, тыныс алу мүшелерінің аурулары–42,9%, асқорыту мүшелерінің аурулары–7,8%, тері мен шел жасушасының аурулуары–4,9%, сүйек бұлшық ет жүйесі мен дәнекер тін аурулары–3,5%, несеп–жыныс жүйесінің аурулары–7,3%, жүктіліктің, босану мен туғаннан кейінгі кезеңнің асқынуы–2,2%, жарақаттар мен уланулар–5,7%, басқалар–8,4% [2].
Жасөспірім шақ балалықтан ересек өмірге өтудің өтпелі кезеңі ретінде сипатталады, сол себепті де зерттеушілер жыныстық жетілу кезеңі саналатын 14–16 жас аралығындағы оқушылардың саулығына көп көңіл бөлуде. Жасөспірімдер ағзасының жеке физиологиялық ерекшеліктерін зерттеудің өзектілігі мен маңыздылығы олардың білім игеруге қабілеттілігінен көрініс тауып, заманауи мектептің мәселелерімен, соның ішінде оқу үдерісін компьютерлендіру мәселесімен байланыстырылады. Соңғы жылдары педагогтар «мектептік аурулар» деген терминді қолданып жүр, ал дәрігерлер қазіргі мектептегі білім беруді жасөспірімдер денсаулығының нашарлауының басты себебі деп танып отыр және осы жағдайды оқыту үдерісіндегі инновациялық технологиялардың қолданылуымен байланыстырады. Әдебиеттік дереккөздер бойынша, статистикалық тұрғыдан дәлелденіп отырғандай, әр бесінші жасөспірімнің 14 жасқа қарай көруі нашарлап, әр сегізіншісінің дене сымбаты бұзыла бастайды, ал әр үшінші жасөспірімде тыныс алу жолдарының ауруы пайда болады.
Қалыпты дене сымбаты жасөспірімнің денсаулығы мен үйлесімді дене дамуының көрсеткіші саналады. Оның бұзылуының бірінші белгілері көп жағдайда байқалмай қалады, сондықтан балалар ортопед дәрігерге омыртқа бағанының коррекцияға өте қиын бағынатын, елеулі өзгерістеріне байланысты тап болып жатады. Мектеп оқушыларының арасында салауатты өмір салты туралы әңгімелер жүргізу мен жасөспірімдердің дұрыс дене сымбатын қалыптастыру бойынша заманауи алдын алу шаралары сколиоз мәселесінің аса маңыздылығына негізделіп отыр [3].
Соңғы жылдары балалардың арасында офтальмопатологиялардың артуы байқалуда. Балалардың ауруға шалдығу көрсеткішімен бірге олардағы көрмеуге қатысты мүгедектік мәселесі де қоғамның әлеуметтік–экономикалық даму деңгейін сипаттай отырып, ең өзектілердің бірі болып қалып отыр. Көздің патологиясы балалар арасындағы бірінші реттік мүгедектіктің құрылымында 5–ші орын алады. Асқынған миопия мен туа біткен катаракта негізгі нозологиялар болып табылады.Әсіресе балалар алыстан көрмеу ауруымен жиі ауырады.
Медицина қызметкерлерінің, педагогтардың, әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының, жергілікті атқарушы биліктің бірлескен қарқынды әрекетінің және барлық халықтың белсенді қатысуының көмегімен ғана балалардағы көру мүшелерінің ауруларын төмендетуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге болады [4].
Соңғы жылдары жасөспірімдер мен жастар арасында етек жайған шылым шегу мен нашақорлық мәселесі әлемнің барлық елдері үшін ең өзекті болып табылады және ерекше айта кетерлік жайт, жастардың есірткіні қолдану жағдайлары көп елдердің, соның ішінде Қазақстан Республикасы үкіметінің де алаңдаушылығын тудыруда.
Жасөспірімдер мен жастар арасында шылым шегу мен есірткіні қолданудың тез таралуы, оны қалай да болса табуға итермелейтін есірткіге деген тәуелділіктің артуы, адамды рухани және физикалық тұрғыдан құлдырауға ұшырататын жағдай, мөлшерлемені арттыруға деген құлшыныс – осының бәрі ерекше дабыл қақтыруда [5].
Халықтың денсаулығы, оны сақтау мен нығайту әлемдік қауымдастықтың әлеуметтік және экономикалық даму жүйелерінде ерекше маңызға ие болып келеді. Әсіресе соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдердің денсаулығының өте нашарлап кетуі мамандардың ерекше назарын аударып отыр. Бұл, ең алдымен, мектепте оқыту мен әскерде қызмет етуге әзірлеуде, кәсіби міндеттерді атқаруда, репродуктивтік мүмкіндікті қалыптастыру мен жүзеге асыруда, демографиялық көрсеткіштердің жағдайына және басқа да жайттарға жағымсыз әсер етуде.
Биологиялық тұрғыдан қарастырғанда, балалар мен жасөспірімдердің ағзасы өсу сатысында, яғни дамудың аяқталмаған кезеңінде болады. 17 жасқа дейінгі уақытта онда қуатты морфофункционалдық қалыптасулар жүріп жатады, осыдан ағзаның жағымсыз әсерлердің ықпалына деген сезімталдығы артады. Оған қоса осы жас кезеңінде әлеуметтік әсерлердің біртұтас кешенінің (мектепке дейінгі мекемелер, мектеп, кәсіби білім, еңбек әрекеті) ықпалы мен бір-бірін алмастыруы қатар жүріп жатады. Ересектердің көпшілігі үшін байқалмайтын немесе елеусіз саналатын сәл ғана қарқындылық әсерінің өзі дамып келе жатқан ағзаға елеулі ықпал етіп, оның бейімделгіштік мүмкіндіктерінің төмендеуіне, морфофункционалдық ауытқуларға соқтыруы, оның алдағы даму үрдістеріне ықпалын тигізуі мүмкін.
Ресми статистиканың деректері бойынша республикада балалардың жалпы ауруға шалдығуы (100 мың халыққа есептегендегі тіркелген аурулардың саны) 1,2 еседей артқан. Соның ішінде балалардағы жүйке ауруларына шалдығу деңгейі республика бойынша 2018 жылы 100 мың адамға 3191,1 оқиғаны құраған. Қазақстан аумағын 5 жасқа дейінгі балалардағы неврологиялық аурулар бойынша аудандастыру көрсеткендей, ең төменгі деңгей Атырау (13,4 оқиға), Ақтөбе (22,7 оқиға), Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Бұл облыстар 5 жасқа дейінгі балалар арасында жүйке ауруларының таралуы бойынша саулығы анағұрлым жоғары саналады. Неврологиялық аурулардың орташа деңгейіне Алматы, Қызылорда, Қостанай облыстары жатады, мұнда ол 1000 балаға шаққанда 42,8-ден 49,3-ке дейінгі ретті құрайды. Көрініп тұрғандай, неврологиялық аурулардың жоғары және өте жоғары деңгейлерін экологиялық және әлеуметтік факторлармен байланыстыруға, яғни химиялық әсерлердің баланың ағзасына түсіретін нақты жүктемесімен түсіндіруге болады [6].
Қазіргі жағдайда балалар денсаулығының күрт нашарлауы баршаға белгілі жайт. Шартты түрде балалардың 40%–ға жуығын ғана дені сау деп бағалауға болады. Жылына 10–12 млн адам туберкулезге шалдығады. Соңғы 2 жылда ересектердің арасында ауруға ұшырау 26%–ға, ал балаларда 25%–ға артқан [7].
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша жасөспірімдік кезең–бұл 10 жас пен 19 жас аралығы. Жасөспірімдік кезең адамның қалыптасып, дамуында ерекше орын алады. Ағзаның морфофункционалдық дамуы жалғаса береді, осыған қатысты жасөспірім ағзасының орта әсерлерінің әрекетіне деген жоғары сезімталдығы пайда болады.
Бұл кезеңде ағзаның қызмет атқарушы жүйелерінің сандық және сапалық үрдістерімен сипатталатын биологиялық доминант және жасөспірімдердің ересек қоғамға ауысуына қатысы бар әлеуметтік доминанттар ерекше маңызға ие болады.
Жасөспірім қыздардың репродуктивтік денсаулығының қалыптасуы–ғылым мен қоғамның тарапынан көп назар аударуды қажет ететін, көп тізбектен тұратын қиын үдеріс. Ағзаның өсуі мен дамуының шиеленісті кезеңдерінің бірі саналатын осы жасөспірімдік кезеңде қыздардың репродуктивтік денсаулығының бұзылу қаупі көбейеді.
Жасөспірімдердің арасында жасанды түсік жасатудың саны арта түсті. Жасөспірімдік жүктіліктің 60%–ға жуығы түсік жасаумен аяқталады. Қазақстанда түсік жасатудың саны дамыған елдердегі осы көрсеткішпен салыстырғандағыдан әлдеқайда жоғары, 1000 жасөспірімге 39,7 тең. Барлық түсік жасатулардың 11%–ы жасөспірімдердің үлесіне тиесілі.