Халық шаруашылығын дамытудағы сәтсіз реформалар.
Соғыстан кейінгі жылдары Кеңестер Одағында экономикалық саясатты жаңартып, жаңа экономикалық даму жолына түсу мәселелері төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылды. 1947 жылға дейін Сталин халық шаруашылығының даму бағытына байланысты дәйекті шешім қабылдамады. Ұлы Отан соғысының аяқталуымен Кеңестер Одағы мен Батыс мемлекеттері арасында орын алған алшақтық Сталиннің соғыстың алдыңғы жылдары қалыптасқан экономикалық жүйені қалауына әсер етті. Ендігі жерде кеңестік басшылар социалистік экономиканы нығайту негізі ретінде бірнеше бағыттарды белгіледі. Олар: ауыр өнеркәсіп, әскери өнеркәсіп комплексін дамыту; Одақтық республикалар экономикасын орталықтан басқару; еңбеккерлердің еңбек етуге ынтасын арттырудың орнына мәжбүрлеу әдістерін қолдану.
Соғыстан кейінгі алғашқы 1946 жыл ауыл шаруашылығы үшін қиын жыл болды. Соғыстың ауыр зардаптары салдарынан Молдавия, Украина, орта қаратопырақты аудандарда, Төменгі Поволжьеде және т.б. аудандарда аштық орын алды. Қазақстанда орта есеппен 1 га-дан 4 ц. астық алынып, астық салынбаған аудандардағы шығындар Қазақстан астығы арқасында толықтырылды. Осы жылғы жиналған астықтың 56 % мемлекетке тапсырылған. Ауыл шаруашылығындағы қиыншылықтардан арылу мақсатында 1946 жылдың желтоқсанында КСРО Министерлер Кеңесі КСРО-ның шығыс аудандарында егін егетін жер көлемін ұлғайту жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулы негізінде егін егетін жер көлемін 10 млн. га көбейту көзделді. 1950 жылы 1946 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы егістік көлемі 1 млн. 173 000 га. артады. Осы шаралардың нәтижесінен кейін Қазақстанда жиналған астық көлемі біршама көтерілді. Бірақ та егістік көлемі көбейгенімен егін егу сапасы төмен күйінде қала берді. Осының салдарынан 1953 жылы жоспарланған 8 млрд. пұт орнына 5,6 млрд. пұт қана астық жиналды.
Республиканың мал шаруашылығы да ауыр жағдайда болды. 1951 жылдың өзінде ірі қара саны 4,5 млн. (1928 жылы 6,5 млн болған); жылқы 1,5 млн. (3,5 млн), түйе 127 мың (1 млн.) болды. Тез өсетін қой саны ғана 1928 жылғы санына жақындады: 1951 жылы 18036 мың қой болды (1928 жылы 18566 мың). Ауыл шаруашылығындағы қиын жағдайға қарамастан, республикадан жаудан азат етілген республикаларға көмек ретінде ақысыз 17,5 мың ірі қара, 22 мың жылқы, 350 мың қой және арнайы жеңілдетілген бағамен 500 мың мал жіберілді.
Ауыл шаруашылығы жұмысшыларының еңбек ақысы өте төмен болды. Өйткені, мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасы өте төмен еді. Мысалы, астық бағасы өз құнының сегізден бір бөлігін ғана жапты. 1946 жылы мемлекет 1 колхозға 143 000 сом ақша жұмсаса, 1950 жылы 170 000 сом ақша жұмсалған. Сондықтан колхозшының айлық еңбекақысы 40 сом болды, немесе тек 60 % колхозшының бір күндік жұмысына 1 кг астық тиесілі болса, қалғанынікі бұдан да төмен болған. Шаруаның колхоздан алған жалақысына күн көруі мүмкін болмағандықтан, оның негізгі күн көріс көзі - өзінің ауласындағы жер болды. Осыған байланысты республика ауыл шаруашылығы халықтың азық-түлікке, өндірістің шикізатқа сұранысын қанағаттандыра алмады. Республика ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығарудың 2 жолы болды. Бірінші жолы - өндірістік қатынастарды қайта қарау, нақтырақ айтқанда, осы уақытқа дейінгі жүргізіліп келе жатқан бағыттан бас тарту, жерді жеке меншікке беру, нарықтық қатынасқа көшу, осы арқылы ауыл еңбеккерлерінің өз еңбегінің нәтижесіне ынтасын арттыру. Екінші жолы - ауыл шаруашылығын дамытудың экстенсивті жолы, яғни осы уақытқа дейінгі жүргізіліп келе жатқан бағытты сақтай отырып, оны жеделдету жолы.
1953-1964 жылдары КОКП ОК-нің бірінші хатшысы және Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.С.Хрущев тұсында ауыл шаруашылығының қатаң басшылығынан, орталық жоспарлауды колхоздар мен совхоздардың тәуелсіздігімен ұштастыруға бағытталған талпынушылық байқалды. Оның негізі 1953 жылы КОКП ОК-нің қырқүйек Пленумының шешімдері болып табылады. Ұлттық табыс ауылдық жерлердің пайдасына бөліне бастады, салық саясаты өзгерді, ауыл шаруашылық өндірісін сатып алу және дайындау бағалары көтерілді. Сталиндік қатаң бақылаудан бас тарту көп ұзамай-ақ өз нәтижесін бере бастады.
Бірақ та бұл кезеңдегі аграрлық саясат тұрақты болмады. 1954 жылдан бастап тез арада ауыл шаруашылығының тарихта болмаған дамуын қамтамасыз ету үмітімен Қазақстанға тікелей қатысты тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Қазақстан басшылығы бұл бастаманы қолдай қоймады. Осыған байланысты, 1954 жылы 11 ақпанда өткен Қазақстан КП ОК-нің Пленумында бірінші хатшы Ж.Шаяхметов, 2-ші хатшы Л.И.Афонов босатылып, олардың орнына орталықтан жіберілген Р.К.Понаморенко және Л.И.Брежнев сайланды. Жергілікті жердің қазақ басшылары сынға ұшырап, үш айдың ішінде тың өлкесіндегі алты облыстың 1-ші хатшылары ауыстырылды.
Бұрынғы Кеңестер Одағы, оның ішінде Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны 3 кезеңнен тұрады: 1) 1954-1955 жж. 2) 1956-1958 жж. 3) 1959-1965 жж. Тың игеру жылдарында негізінен солтүстік обылыстарда жүздеген совхоз орталықтары салынды. Әміршіл-әкімшіл басшылыққа совхоздар тиімді болғандықтан, тың игерудің алғашқы жылында ғана 300 жаңа совхоз ұйымдастырылса, 1955 жылдың соңына қарай олардың саны 631-ге жетті. Ал 1958 жылдың ақпан айынан бастап колхоздар совхоздарға, МТС-тар жөндеу станцияларына айналдыра бастады. Тың игерудің тек алғашқы кезеңінде республикаға өзге республикалардан 640 мың адам көшіріліп әкелініп, Қазақстанда 18 млн. га. тың жер, немесе бұрынғы Одақтағы жыртылған жерлердің 60,6% игеріліп, республикадағы егістік көлемі 22,4 млн. гектарға жетті. Осының арқасында 1956 жылы Қазақстан алғаш рет миллиард пұт астық алып, Ленин орденімен марапатталды. Қазақстанның әр азаматына өндірілетін астық 2 мың кг. жетті. Оның үстінде тың астығы сапалы болғандықтан негізінен экспортқа шығарыла бастады.
Орталық басшылық 1956 жылдың ақпан айында өткен КОКП-ның ХХ съезінде Қазақ КСР-нің алдына жаңа міндет – астық өндіруді 5 есе арттыру міндетін қойды. Осыған сай 60-шы жылдардың ортасына қарай Қазақстанда жыртылған тың және тыңайған жер көлемі 25 млн. гектарға жетті. Бірақта тың игерудің алғашқы жылдарында қол жеткен табыс одан әрі ұштасып кете алмады. Өйткені, жаңадан игерілген тың жерлер 60-шы жылдардың ортасына қарай өз мүмкіндіктерін сарқи бастаған болатын, осының салдарынан әрбір гектардан жоспарланған 14-15 ц. астық орнына 1954-1958 жылдары 7,4 ц. жиналса, 1961-1964 жылдары – 6,1 ц., ал 1964 жылы – 3,1 ц. ғана астық алынды. Осы кезден бастап еліміз АҚШ, Канада, Аргентина, Франциядан астық сатып алуға кіріседі.
Қазіргі таңда экономистер тың және тыңайған жерлерді игермей-ақ, астық өндіру кезіндегі астықты аудандардағы әр гектардан 1 ц. өсірсе, бұл тың игеру нәтижесімен теңескен болар еді, - деген пікірде. Оның үстіне тың игеру жылдарындағы қоныс аудару саясаты елдегі демографиялық жағдайды одан әрі күрделендіріп, бұрынғы Кеңестер Одағының Европалық бөлігі үшін де, Қазақстан үшін де тиімсіз сипатта болды. Өйткені, сол кездің өзінде-ақ Одақтың европалық бөлігінде жылдан жылға селолық жерлерде тұрғындар саны азайып, ал біздің республикамызда керісінше, өсіп отырған болатын. Осы ерекшеліктер ескерілмей, онсызда саны кеміп отырған европалық аудандардан тек 1954-1962 жылдары ғана Қазақстанға 2 млн. астам адам көшіріліп әкелінді. Осының нәтижесінде бір жағынан Ресейдің, Украинаның және т.б. республикалардың бірқатар аудандарында мыңдаған селолар бос қалды. Екінші жағынан 20-30-шы жылдары жергілікті тұрғындарға қарсы бағытталған қуғын-сүргін салдарынан күрт кеміген қазақ халқы, енді тыңгерлердің көптеп келуіне байланысты, 1959 жылы санақ бойынша алатын үлесі 30%-ке дейін төмендеп кетті.
Тың игеру жылдарында жаппай қоныс аудару науқаны рухани, ізеттілік саласына да үлкен зиян алып келді. Қазақ тіліндегі мектептер саны 700-ге кеміп, қазақ тілінде шығарылатын әдебиеттердің, баспасөздің саны күрт төмендеп кетті. 3 мыңнан астам елді мекеннің аты өзгертіліп, тарихи ұлттық санаға шек қойылды. Тарихта бұрын болып көрмеген көлемді жерді жырту орны толмас экологиялық апаттарға, мал жайылымының күрт қысқаруына алып келді. Тың игерудің алғашқы жылдарында жердің құнарлы бет қыртысы (гомусы) шаң-боранға ұшырап ұшып кетуі салдарынан 18 млн. га астам жер эрозияға ұшырады. Қалыңдығы 1 см. қара топырақтың (гомус) қалыптасуы үшін, кем дегенде 2-3 ғасыр уақыт керек еді. Жайылым азаюы салдарынан ұсақ мал өсіру қарқыны 3 есе азайды, жылқы 1916 жылы 4 340 мың болса, 1961 жылы – 1158 мыңға дейін, ал түйе 1928 жылғы санынан 8 есе кеміді.
60-шы жылдардағы ауыл шаруашылығының жағдайы қайтадан ауырлап, өзінің өсу деңгейін тоқтатқан болатын. Себебі, жаңадан игерілген жерлер өз мүмкіндіктерін сарқыды, колхозшылар мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің материалдық жағдайы төмен болғандықтан еңбекке ынтасы болмады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өз деңгейінде қаржыланбады, ауыл шаруашылығы өнімін сату бағасы реттелінбеді. Жер өңдеу мәдениетін, топырақ құнарлығын көтеру, сумен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылмады. Мал бағу, егін салу барысында жергілікті жердің географиялық, климаттық ерекшеліктері мүлдем ескерілмеді.
Тың игеру барысында орын алып отырған кемшіліктердің бірқатары КОКП ОК 1965 жылдың наурыз, 1966 ж. мамыр пленумдарында ашылып, оларды жоюдың шаралары белгіленді. Ауыл шаруашылығының берік негізін жасау, жоспарлауды жақсарту, колхоздар мен совхоздарда шаруашылық есепті енгізу, еңбектің материалдық және моральдік қызығушылығын ұштастыру міндеттері қойылды. Егістіктің зоналық тиімді пайдалану жүйесі, тың өндіруге бейімделген техникалар ендіріле бастады. 1966-1970 жылдары республика ауыл шаруашылығын дамытуға 5,5 млрд. сом қаржы бөлінді. Осының арқасында 8-ші бесжылдықта ауыл шаруашылық өнімі 54% өсіп, Қазақстан Кеңестер Одағының өзіндік ерекше ауыл шаруашылық ауданына айналды. Оның үлесіне Одақтағы ауыл шаруашылығы өнімінің 11% тиді. Мемлекеттік қорға республикадан әрбір 4-ші тонна жүн, 12-ші тонна ет және 5-ші тонна астық түсті.
Енді, қаралып отырған кезеңдегі өнеркәсіптегі жағдайға келер болсақ, соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан экономикасының жағдайы ауыр болды. Осыған қарамастан Қазақстан шикізат көзі ретінде қаралып, соғыстан зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру базаларының біріне айналды. Оның соғыстан кейінгі даму жоспары 1946 жылы 18 наурызда Жоғарғы Кеңестің бірінші сессиясында бекітілген “1946-1950 жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамыту заңымен” белгіленді. Бесжылдықта республика халық шаруашылығын дамытуға 8,8 млрд. сом қаржы бөлініп, өнеркәсіп өнімін соғысқа дейінгі 1940 жылғы көрсеткіштен 2,2 есе асыру жоспарланды. Қазақ металлургия заводының құрылысын аяқтау, Қарағанды металлургия құрылысын бастау көзделді.
Бесжылдықты мерзімінен бұрын орындау жолында социалистік жарыс кеңінен қанат жайып, әсіресе, қара металлургия саласы үлкен табыстарға жетті. Теміртаудағы қазақ металлургиялық заводында 2 мартен пеші, 3 прокат жүйесі, Ақтөбе ферросплав заводында өндірістің 3-ші кезегі іске қосылды. Түсті металлургия саласында Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты салынып, ол алғашқы мырышты бере бастады. Алты жаңа көмір шахтасы, Қаратон және Мұнайлы кәсіпшіліктері қатарға қосылып, мұнай өндіру соғысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда 52% артты. Электр қуатын өндіру 1945 жылмен салыстырғанда 2,3 есе өсті.
Жеңіл өнеркәсіп саласында Петропавлдағы тігін фабрикасы, Жамбылдағы, Қызылордадағы, Павлодардағы тері заводтары өз өнімдерін бере бастады. Осыған қарамастан тұтыну тауарлары халықтың сұранысын қанағаттандыра алмады. 1950 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда тұтыну заттарын өндіретін 65 қана өнеркәсіп орны болды. Республикада мақта, түбіт, тері көп мөлшерде орталыққа жіберіліп, одан дайындалған дайын мақта өнімінің 0,1%, түбіт өнімінің 1,4%, тері аяқ-киімнің 1,7% ғана пайдаланды. Өйткені, қаржының басым бөлігі бұрынғысынша әскери-өнеркәсіп салаларына жұмсалды.
50-ші жылдардың екінші жартысынан кейінгі жылдардағы Қазақстанның индустриялық дамуының негізгі бағыттары 1956 жылы өткен КОКП-ның ХХ съезінде қабылданған халық шаруашылығын дамытудың 6-шы бесжылдық, 1959 жылы ХХІ съезде қабылданған 1959-1965 жылдарға арналған жетіжылдық және 1966 ж. XXІІІ съезде қабылданған 8-ші бесжылдық жоспарлармен белгіленді. 60-шы жылдардың өзінде ғана 700-дей кәсіпорын қатарға қосылды. Оның ішінде Жезқазған байыту комбинаты, Өскемен су-электр станциясы, Бұқтырма су-электр станциясының бірінші кезегі, Қарағанды 2-жылу электр станциясы, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, Павлодар трактор зауыты, Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты және т.б. болды. “Қазақсельмаш” зауыты ауылшаруашылық машиналары бөлшектерін шығаруға мамандандырылып, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы жұмыстардың механизацияландырылуын қамтамасыз ететін жаңа машиналар мен жабдықтар шығара бастады.
Соғыс жылдары Қазақстанда соғыс тұтқындарын қабылдау үшін мынадай лагерлер құрылған болатын: Балхаш қаласындағы № 37, Жезқазғандағы №39, Қарағандыға жақын Спасск қаласындағы №99. Бұл лагерлерде 1947 жылғы мәлімет бойынша 35375 неміс әскери тұтқындары, 3615 жапон тұтқындары болды. Бұл тұтқындар Қарағанды, Саран, Теміртау, Майқұдық, Пришахтинск, Балхаш, Ақмола облысындағы өнеркәсіп орындарында да еңбектенді. 1945-1950 жылдары №99 лагерьдегі тұтқындар саны 118 923 адамға көбейді. Лагерь «Қарағанды көмір”, «Шахтақұрылыс”, «Жилдорқұрылыс”, «Жилқұрылыс” және т.б. өнеркәсіп орындарын ақысыз жұмыс күшімен қамтамасыз етті. 1948 жылы халық шаруашылығында әскери тұтқындар саны 1 035 339-ға жетті. Олар 16 халық комиссариаттары салаларында еңбектенді. Яғни, жинақ қоры ГУЛАГ жүйесіндегі тұтқындардың ақысыз еңбегі есебінен толықтырылып отырды. Қазақстан территориясындағы әскери тұтқындар 1945 жылдан бастап біртіндеп еліне қайтарыла бастайды.
Кеңестік өнеркәсіп ауыр индустрия мен қорғаныс комплексінің басым дамуына негізделгендіктен, Қазақстанда да әскери өнеркәсіп комплекстері көптеп құрылды. Соның ішінде қазақ жерінде орналасқан ядролық сынақ полигондары халықтың қасіретіне айналды. 1948 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Семей полигоны салынды. Осы полигонда 1949-1963-ші жылдар аралығында әуеде 113 ядролық заряд сыналды. 1966 жылдан бастап Каспий маңындағы Азғыр полигонында ядролық қару сынала басталды. Сынақтар нәтижесінде Қазақстанның кең аумағына радиоактивті газдар тарады. Радиация зардаптары қазіргі таңға дейін халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Ядролық сынақтар жүргізілген жылдары үкімет тарапынан халықты радиациядан қорғау шаралары жүргізілмеді, керісінше, радиация тараған аумақта медициналық тексеруге тиым салынып, радиация зардаптары айтылмады.
1950 жылдың басында Байқоңыр ғарыш айлағы салынды. Бұл құрылыс ауданы 6717 шаршы шақырым жерде орналасты. Ракета ұшқандағы жарылыстан 4,6 млн. га жерге жанармай шашырап, зиянды жанармай ауа қабаттарын, жердегі су, жайылым шөптерді уландырды. Космодром көп мөлшерде су жұмсайтындықтан, Сырдария өзенінің деңгейі жылдан-жылға азая түсті.
Сталин қайтыс болғаннан кейін Хрущев тұсында «қырғи-қабақ соғыс” өршіп, жеңіл және тамақ өндіріс салаларына тежеу жасалынып, шикізат пен отын өндірілетін салалар жедел қарқынмен дамығандықтан, халықтың материалдық жағдайы төмен қалпында қала берді. Республикада 200-дей жаңа өндіріс орындары салынды.
Қазақстаннан орталыққа шикізат жіберу үшін темір жол құрылысы жедел қарқынмен дамып, 1953 жылы Мойынты – Шу темір жол торабы пайдалануға берілді. Сібір, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны байланыстырған Павлодар темір жолы ашылды. Ал Қазақстанның мұнайлы аудандарын игеруге байланысты Батыс Қазақстанда Мақат-Ақтау, Ақтау-Жетібай-Өзен, Атырау-Астрахань, Бейнеу-Қоңырат секілді темір жол жүйелері салынды. Халық шаруашылығын дамытуда темір жол транспортымен бірге республикада автомобиль, құбыр, әуе, су жолдары да негізгі рөл атқарды. Алматыда, Қостанайда, Павлодарда, Ақтөбеде жаңа ірі автомобиль жөндеу зауыттары қайта құрылды. Республикада 60-шы жылдары құбыр транспорты Маңғыстау түбегінің мұнай байлығын игеруге байланысты Өзен-Жетібай-Шевченко, Өзен-Атырау-Куйбышев мұнай құбырлары іске қосылды. Транспорттағы бұл нәтижелерге қарамастан Қазақстанда сол уақытта жол қатынасымен қамтылудың жеткіліксіздігі байқалды.
Өнеркәсіптегі прогресс Қазақстандағы индустрия саласында жұмысшы табының өсуіне мүмкіндік жасады. 1970 жылы 3,4 млн. жұмысшы болды, бұл 1940 жылдан 5 есе көп еді. Жұмысшы табы ірі кәсіпорындарда көптеп шоғырланды. Мысалы, Қарағанды металлургия және Ащысай полиметалл комбинаттары жұмысшылардың көп шоғырланған ортасы болды. Бірақта экономикалық реформалардың сәтсіздігі қоғамның әлеуметтік құрамына және тұрмыс жағдайына өз әсерін тигізді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман жұмысшы кадрларын даярлауға қамқорлық жасалмағандықтан, 1957-1973 жылдар жұмысшылар арасында қазақтардың алатын үлесі 17,4%-тен, 11,7%-ке дейін төмендеді. 1970 жылдың басында қазақтар тек мұнай және газ саласында ғана басым болды.
Осыған қарамастан республикада машина жасау жеткіліксіз қарқынмен дамыды, өнеркәсіп өндірісінде оның үлес салмағы 1961 жылы - 10,4%, 1970 жылы – 10,6% дейін ғана өсті. Республиканың машина, құрал-жабдықтар жөніндегі құрамының 72% басқа республикалардан әкелу арқылы шешілді. Республика өндірісінің дамуы негізінен шаруашылық айналымға шикізаттың жаңа көздерін қосу арқылы қамтамасыз етіліп, өнеркәсіптің шығарушы және өңдеуші салалары арасындағы алшақтық тереңдей түсті.
60-шы жылдары халық шаруашылығын әміршіл-әкімшілдік, бюрократтық жолмен басшылық жасаудың тиімсіз екендігі сезіліп, елдің сол кездегі басшылығы оны қайта қарауға талпыныс жасады. 1959 жылы түсті металлургияның барлық кәсіпорындары Қазақстанның қарамағына берілді. КОКП ОК 1965 жылғы қырқүйек пленумында экономикадағы әкімшілдік айыпталып, өндіріс басшылығын салалық принцип бойынша ұйымдастыру қажет деп табылып, өндірістің салалары бойынша одақтық, республикалық және жалпы одақтық министрліктер құру жөнінде шешім қабылданады. Өндіріс орындарына біршама өзіндік еркіндік беріліп, жаңаша жоспарлау мен экономикалық ынталандыруға көше бастады. Халық шаруашылық кеңестері жойылып, жаңадан құрылған министрліктердің қызмет ауқымы кеңейді. Әр министрлік өз саласын қаржыландыру, басқару, шикізат пен жабдықты бөлу, өнім сапасын қадағалау және т.б. күрделі міндеттерді атқарды. Өндіріс орындарына да біршама еркіндік берілгендіктен, оларға өзін-өзі қаржыландыруға, жұмысшылардың сапалы еңбегіне төленетін еңбекақы көлемін көтеруге рұқсат берілді. Сонымен бірге өнеркәсіп ынтасын арттыру үшін еңбекақы қорында өнеркәсіп кірісінің жартысы қалдырылды. Бұл жағдай еңбек сапасын, өнім сапасын өсіруге, шикізатты үнемді пайдалануға жол ашты. 60- шы жылдардың соңына қарай жаңа жоспарлау жүйесіне 1467 өнеркәсіп немесе барлық өнеркәсіп орнының 80% көшті.
Бұл реформа нәтижесі жоғары болды. Сегізінші бесжылдықта (1966-1970 жж.) халық шаруашылығы жоспарлы экономикаға көшкен кезден бері алғаш рет ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Сегізінші бесжылдықта өндіріс күші жоғарғы қарқынмен дамыды. Қазақстан Одақ бойынша көмір өндіруден, қорғасын қорытудан алға шықты. Мұнай өндіру, химия өнеркәсібінің маңызы артты. Кен орындары көптеп ашылып, жаңа өнеркәсіп аудандары ашылды. Бесжылдықтың соңына қарай 445 ірі өнеркәсіп орындары мен цехтар ашылып, зауыттар мен фабрикалар қайта жабдықталды. Қазақстанда минералды тұз, синтетикалық каучук, химия өндірістері кеңейді. Қаратау бассейніндегі фосфорит қоры, КСРО–дағы сары фосфор мен тыңайтқыш шығаратын ірі орталыққа айналды. Соколов-Сарыбай тау-кен комбинатының өнімі Орал металлургия зауытының және т.б. өнеркәсіп орындарының шикізат көзіне айналды. Қарағанды металл зауытының Одақ бойынша маңызы өсті. Ол жоғарғы сапалы шойын, мыс өндірді. Республика хром өндіруден бірінші орынға, темір және марганец өнімдерін өндіруден үшінші орынға көтерілді. Машина жасау өнімін өндіру 1,6 рет, соның ішінде ауыл шаруашылығы машиналарын өндіру 2 есе артты. Қазақстанда машина және машина жабдықтарының 300 жаңа түрі шығарылды. Республикадағы трактор жасау саласының негізі болған Павлодар трактор зауыты іске қосылды.
Жеңіл өнеркәсіп салалары да біршама дамыды. Қазақстан жеңіл өнеркәсібі 1970 жылы Одақ бойынша өндірілген барлық өнімнің 16%-ін берді.
Осыларға қарамастан 60-шы жылдардың 2-ші жартысындағы экономикалық реформалар сәтсіз аяқталды. КОКП ОК-нің бірінші хатшысы Л.И.Брежнев басқарған басшылық өткеннен сабақ алмады. Осының салдарынан ауыл шаруашылығына, өндіріске қатысты қаулы-қарарлар бұрынғысынша әкімшіл-әміршіл сипатта қала берді. Қабылданған қаулылар іс жүзінде кеңес атқару комитеттері мен шаруашылық ұйымдарының атқаратын міндеттерін облыстық, аудандық және бастауыш партия ұйымдарына жүктеп, өндіріс орындары, колхоздар мен совхоздарды өзіндік еркіндіктен айырды. Реформалар кредиттік-қаржылық жүйемен, материалдық-техникалық жабдықтаумен байланыстырылмады. Осылардың салдарынан бір жағынан Қазақстанның экономикасының қуаты арта түссе, екінші жағынан оның орталыққа тәуелділігі күшейе түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |