ХХ ғ. 70-80-жылдары республиканың қоғамдық-саяси өмірінде де күрделі жағдай қалыптасты. КОКП-ның әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері ұлттық қатынастарға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Брежневтік басшылық бұл салаларды мүлтіксіз әрі ешқандай проблема жоқ деп санады. Ұлт мәселесін шешудегі табыстарды асыра бағалау кемелденген социализм концепциясынан туындады. Нақ осы кезеңде ұлт мәселесіндегі проблемалар шешілуінен гөрі шапшаңырақ қордаланды.
1922 ж. федералдық мемлекет ретінде құрылған КСРО іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналып кетті. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін өзі билеуі іс жүзінде ұмыт болды. КСРО-дан еркін шығу құқы болғанымен бірде-бір халық оны пайдалана алмады. Бұл жерде нақты өмір шындығы есепке алынбады, саяси демократияның бұрмаланғандығы салдарынан бұлайша ерік білдірудің өзі мүмкін емес еді.
Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Бұл бағыттағы тәрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді, интернационализм идеяларын насихаттаумен шектелді. Осы мағынада алғанда интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды.
Түрі ұлттық мәдениет, оқу мен тәрбие іс жүзінде аударма болды. 70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді. Қоғамдық-саяси өмірде европоцентризм басым еді. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік өркениеті мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді. 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейінгінің бәрін ұмытуға табандылықпен мәжбүр етілді. Мұның керісінше Кеңес дәуірінің тарихы барынша дәріптелді. Ресми органдар мен насихат қазақ халқының және Одақтың басқа халықтарының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталады деп жұртты сендірді.
Шұғыл интернационалдандыру, ұлттық мүдделерді есепке алмай бюрократтық және күштеп қудалау әдістерімен біртұтас совет халқының қалыптасуын шапшаңдатуға тырысу ұлт саясатында өрескел ағаттықтар мен елеулі қателіктер жіберуге әкеліп соқтырды. Ал шынайы интернационализм “өз” ұлтыңның да және басқа ұлттардың да ұлттық мүдделерін түсініп, мойындамайынша мүмкін емес еді. Ұлтшылдық ең алдымен ұлттық мүдделерді кемсітуден пайда болады.
Қазақстанда тіл саясатында да кемсітушілік орын алды. Орыс тілін республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%–нен де азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктерін шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді.
Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе, зиялылар арасында наразылық туғызды. Ол түрліше көрінді. Студенттер, шығармашылық және ғылыми интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ тілінің жағдайына, республиканың егемендік құқының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді.
Партиялық-мемлекеттік құрылым қызметінің 70-80-жж. басындағы өзекті бағыты бұрынғыша ұлтшылдыққа, жершілдіктің көріністеріне және патриархалдық құрылысты дәріптеуге қарсы күрес болды. Өзгеше ойлаудың барлық түрі қудаланды. Өмір сүріп тұрған жүйенің идеологиясы мен жаттанды догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын әдебиет пен өнер шығармаларында бейнелеген интеллигенцияның өкілдері қудалауға ұшырады. Мысалы, ақын О.Сүлейменовтың “АзиЯ” деген талантты кітабы осындай қасіретке ұшырады. О.Сүлейменовтың оппоненттері “Молодая гвардия”, “Москва”, “Звезда” және басқа журналдардағы мақалаларында кітаптың идеологиялық бағыты мен мақсатына күмән келтірді. Ол ұлтшылдық, пантюркистік шығарма және орысқа қарсы деп айыпталды.
Кеңестік билік ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша тиым салып отырды. Мысалы, 1976 жылы философия институтының авторлар ұжымы даярлаған “Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы” деген кітапты басып шығаруға тиым салды. Антрополог О.Исмағұловтың “Қазақстанның этностық гено-географиясы” деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. Авторға методологиялық қате жіберген, ру-тайпалық факторларды бүгінгі заманмен байланысты біржақты баяндаған деген айып тағылған. Кейінірек бұл айыптың бәрі алынып тасталды.
1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы ұлғая түскен қарама-қайшылықтардың көрінісі еді. Ол ұлттық қатынасты түпкілікті халықтың мүдделерін есепке алмай орталықтың әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткенін көрсетті. Қазақстанда 1979 жылы неміс автономиясын құру әрекеті және оған қазақ тұрғындарының қарсы шығуы республиканың саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім 1979 жылы көктемде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мәжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз қабылданды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлік етуіне қарағанда, қазақ жерінің қақ ортасынан неміс автономиялық облысын ашу туралы шешім қабылдауға КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андропов мұрындық болған көрінеді. Бұл автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы жасалмақ болып белгіленді.
Автономиялы облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын туғызды. Маусымның 16 күні таңертең негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының студенттері қатарындағы қазақ жастары қаланың орталық алаңына жиналды. Жастар қазақ және орыс тілінде “Қазақстан бөлінбейді!”, “Неміс автономиясы болмасын!” және басқа ұрандар жазылған транспоранттар алып шықты. Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. 19 маусымда Ақмолада тағы бір демонстрация болды. Оны аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 мыңнан 4 мыңға дейін адам қатысты. Демонстрацияға қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Ақмоладан кейін шағын митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті.
КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының бұл шешіміне республикада тұратын немістердің өздері де қарсы болды. Олар “Қазақстаннан шаңырақ сұрағанымыз жоқ, кеңес немістерінің ту тікпек жері Еділ бойы, автономия алсақ, о бастағы “ата” қоныстан ірге көтереміз”, - деп отырып алды. Бұл жерде еске салып кететін жағдай: бұрын Волга бойында, нақтырақ айтсақ Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарының аумағында неміс автономиялық облысы бар болатын. Ол 1941 жылы Гитлерлік Германия әскерлері КСРО-ға басып кіргеннен кейін Кеңес үкіметінің шешімімен таратылып, оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне жер аударылған еді. Республика халқының наразылығының нәтижесінде орталық өз шешімін өзгертуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Қазақстан жерінде неміс автономиялық облысын құру жөніндегі шешім іске аспай қалды. Бұл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп жүргізілді (бұл тоқырау заманы үшін болмаған оқиға) және тіпті әкімшілік істері бойынша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республиканың басшылығы және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті демонстрация туралы хабардың кең тарап кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Баспасөз беттерінде бұл оқиғалар туралы ештеңе жазылған жоқ.
Осы жылдарда индустриялық дамудың, кәсіпорындардың көптеп салынуының нәтижесінде қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірілді. Сырдария және Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Арал теңізі атырабына өндіргіш күштерді орналастыруда жіберілген стратегиялық қателіктер, жер және су қорын есепсіз пайдалану, мақта мен күріш дақылдарын өсіруге басымдық беру салдарынан теңіз түбі 27 мың шаршы шақырымға дейінгі аумақта құрғап, жалаңаш қалды. Теңіз суының тұздылығы 3 еседен астам өсіп, Арал өзінің балық өнеркәсібінен тұтастай айырылды. Оның үстіне құрғап қалған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілуі күшейе түсіп, Арал аймағының климаты күрт нашарлап кетті. Айналадағы табиғи орта тепе-теңдігінің бұзылуы халықтың тұрмыс жағдайы мен денсаулығына қатер төндірді. Адам өлімі, әсіресе, балалардың шетінеуі көбейді. Аймақ тұрғындарының 80%-і әр түрлі сырқаттарға шалдықты. Бұл экологиялық апат іс жүзінде ұлттың генетикалық өсіп-өнуі мүмкіндігін сақтап қалу туралы мәселе көтеруге мәжбүр етті, өйткені Арал аймағы негізінен республиканың байырғы халқы - қазақтар мекендейтін аудан.
Осындай ауыр жағдай Семей өңірінде де орын алды. Семей және басқа полигондарда барлығы 500-ден аса ядролық қарулар жарылды. Бұл жарылыстардың халықтың 176 денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген зияны мен зардабы туралы ондаған жылдар бойы айтылмады. Ғалымдардың мәліметі бойынша полигонда сынақ жасалған жылдары кемінде 500 мың Семей өңірі тұрғындары ионды радиацияның сәулесіне ұшырады, әсіресе, онкологиялық сипаттағы аурулар көп шықты. 1975-1985 жж. бұл аурулардан өлгендер тек Семей облысының өзінде ғана 7 есе өсті, бала туу азайғаны, жынданып ауру және өзін-өзі өлтіру көбейгені байқалды. Семей полигонынан басқа әр жылдарда Республика территориясында 27 жерде қуаты әртүрлі 38 ядролық жарылыс жасалды. Бұндай жарылыстар, әсіресе, Атырау облысында көбірек болды, мұнда жаппай қырып-жоятын қарудың 17-сі сыналған. Сегіз ядролық заряд Орал өңіріндегі полигондарда, қалғандары Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жарылған. Бактериологиялық қарулар сынау полигоны Арал теңізіндегі Барсакелмес аралында жүргізілді.
70-80-ші жылдары мәдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ауыл-село тұрғындарының тұрмысына теледидар, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан көбірек ене бастады. Қазақстанның село зиялыларының мәдени дәрежесі сан және сапа жағынан едәуір өсумен сипатталды. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70-ші жылдардың басында 45 жоғары және арнайы орта білімі бар маманнан келді.
1970 жылға қарсы теледидар республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда теледидардың 15 программалық орталығы және осынша студиясы, сондай-ақ теледидар бағдарламасын тарататын және қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді. 1976 жылдың аяғында 10282 кино қондырғысы болып, олар бір жылда 290 миллион кино көрерменіне қызмет көрсетті.
Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мысалы, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 млн. 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 млн. 266,1 мың бала оқыды. Мектептің оқу ісінің алдына 70-ші жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 ж. балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Бірақ, осымен бірге мектептегі оқу ісін дамытуда кемшіліктер де орын алды. Мектептерге партиялық әмір күшейе түсті. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырудың үстіне жалпы көрсеткішті қуалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайды қарауы қосылды. Ұлттық мектептерді қысқарту тенденциясы күшейіп, орыс мектептерінің саны көбейді. Мектептегі оқу ісінің дағдарысы экономикадағы, саясат пен идеологиядағы бұрмалаулардың көрінісі еді.
1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттер 160 мамандық бойынша әзірленді. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының әрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді.
ХХ ғ. 70-80 жж. қазақ әдебиеті І. Есенберлиннің, Ә.Нұршайықовтың, М.Мақатаевтың, Т.Айбергеновтың, О. Сүлейменовтың, М.Шахановтың, Қ.Мырзалиевтің, Ф.Оңғарсынованың, Ә.Кекілбаевтың, О.Бөкеевтің және басқалардың шығармалары арқасында елеулі табыстарға жетті. Сазгерлер Ш.Қалдаяқовтың, Л.Хамидидің, Н.Тлендиевтің, Ә.Еспаевтың, І.Жақановтың әндері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді.
“Ботагөз”, ”Аққан жұлдыз”, “Менің атым Қожа”, “Қыз Жібек”, “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі”, “Бейбарыс сұлтан” кинофильмдері республика кино өнерінің таңдаулы туындылары деп бағаланды. Қазақ киносының табыстары көбінше артистер Н.Жантуриннің, Ы.Ноғайбаевтың, А.Әшімовтың, Ә.Боранбаевтың, режиссерлар Ш.Аймановтың, М.Бегалиннің, С.Ходжиковтың, А.Қарсақпаевтың, Т.Теменовтың және басқалардың шығармашылық қызметтерімен байланысты.
Ә.Қашаубаев негізін салып кеткен ән өнеріндегі игі дәстүрді Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Р.Рымбаева т.б. жалғастырып байыта түсті.
70-80-ші жылдары ғылым саласында да біраз табыстарға қол жетті. Республика Ғылым Академиясының бірсыпыра ғылыми зерттеулерін дүние жүзі таныды. 1976 жылы биолог ғалым М.Ә.Айтхожин генетика мен микробиология саласында Лениндік сыйлыққа ие болды. Ғалымдардың зерттеулері оңтүстік Маңғыстауда және Орал-Ембі атырабында мұнай мен газдың ірі кендерін игеруге, Ертіс-Қарағанды каналын салуға, егін шаруашылығында топырақ қорғау жүйесін енгізуге көмектесті. Осы жылдары бес томдық “Қазақ КСР тарихы”, он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, он бір томдық “Қазақстанның металлогениясы”, тоғыз кітаптан тұратын “Қазақстанның сүт қоректілері”, тоғыз томдық “Қазақстанның өсімдіктері” және диалектикалық логика жөнінде бірсыпыра іргелі монографиялар мен зерттеулер жарық көрді. Әл-Фарабидің, Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің мұраларының зерттеліп басылып шығарылуы қоғамдық ғылымдағы елеулі оқиға болды.
Алайда Қазақстан ғылымының табыстарымен бірге оның қайшылықтары мен шешілмеген ірі проблемалары да болды. Машина жасау, радиоэлектроника, радиотехника, автоматика сияқты ғылыми-техникалық прогрестің аса маңызды салалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми мекемелерді ұйымдастыру кенже қалып келді. Академиялық, жоғары оқу орындарындағы және салалық ғылымды нашар ұштастыру көп тақырыптылыққа, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың аса маңызды бағыттарды зерттеуге тиісінше шоғырландырылмауына, ғылыми жұмыстардың бірін-бірі қайталауына әкеп соқты. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі күрт төмендеді. Мысалы, 1985 жылы өндіріске енгізілген бір зерттеудің экономикалық тиімділігі 1980 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеді. Республиканың бірде-бір ғылыми мекемесі елде құрылған ғылыми-өндірістік комплекстердің құрамына кіре алмады.
Сөйтіп, экономикадағы тежеу мен тоқырау құбылыстары қоғам өмірінің мәдени салаларына да, ғылымның дамуына да салқынын тигізбей қоймады. Мәдени салалардың мәселелерін жете бағаламау, олардың дамуына қаржыны “қалдықты” принцип бойынша бөлу республика мәдениетінің кең көлемде дамуына өзінің теріс әсерін тигізді. Сонымен, тоқырау өмірдің барлық салаларында: қоғамдық-саяси өмірде, идеологияда, мәдениетте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста және т.б. орын алды. Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе, 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың бас кезінде бұл жағдай барған сайын өрши түсті.