Макропролактинемияға айқын симптоматика тән емес, емдеуді қажет етпейді және кездейсоқ анықталады (симптомсыз, биохимиялық гиперпролактинемия).
Патогенезі ГГ патогенезінің негізінде гонадолибериннің циклдік бөлінуін тежейтін пролактин гиперсекрециясы жатыр, нәтижесінде ЛГ, ФСГ циклдік бөлінуінің төмендеуі, аналық бездердің гиполютеинді дисфункциясы, ановуляция, гипоэстрогения дамиды.
Симптомдардың бірқатары пролактиннің экстрагенитальды әсерінен туындайды: көмірсулардың майға айналуының артуынан семіздік; бүйрек үсті безінде дегидроэпиандростерон өндірілуінің ынталануынан «жеңіл» гиперандрогения; гиперпролактинемия остеопения синдромының қалыптасуына әкеледі, яғни эстроген тапшылығының ауырлауынан D дәруменінің алмасуына әсер етеді. Пролактин лактацияны дамытады және либидоны төмендетеді. Гиперпролактинемия көрінісінде дамитын эстроген тапшылығы диспареуния мен семіздіктің дамуына жол ашады.
Эпидемиологиясы Пролактинома-жиі дамитын гипофиз аденомасы. Аутопсия зерттеулерінің мәліметтері бойынша мәйіттердің 10%-да микропролактинома анықталған. Микропролактинома макропролактиномамен салыстырғанда бірнеше рет жиі кездеседі, сонын ішінде әйел адамдарда басым. Ал макропролактинома екі жыныста да бірдей жиілікте дамиды. Патологиялық және биохимиялық гиперпролактинемия халық арасында 1:500 жиілікте кездеседі. Гиперпролактинемия олигоменорея көрініс берген әйелдердің 8%-да дамиды. Сырқаттанатын әйелдердің орташа жасы — 25–30 жас, ер адамдарда — 45–50 жас.