Әдебиеттер
«Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы», 1-том, 364-442-448бб.
Масғұд ибн Осман Коһстани «Тарихи Әбілқайыр хан», 312-480 бб.
Мұқанов М. «Орта Жүз қазақтарының этникалық құрамы», 28-38 бб.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи-и-Рашиди», 7-22-34 бб.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи-и-Рашиди», 46-бет, «Қазақ хандығы тарихының материалдары», 95-б.
Мағауин М. «Қазақ тарихының әліппесі», 14-б.
МҰСТАФА ШОҚАЙ – АЛАШ АЛЫБЫ
Шәрібек Қадыржан (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.
Алаш жанашыры, Алаш үшін жанын берген ұлы тұлғалар. Осындай тұлғалар жайында Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген», – дейді.
Соның бірі Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресінің жетекшілерінің бірі Мұстафа Шоқай. Осыдан 126 жыл бұрын 1890 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының Сыр өңіріне сыйлы, ауқатты Шоқайдың шаңырағында өмірге келді. Мұстафаның шыққан тегі Орта жүздің Қыпшағы, оның ішінде шашты руы. Атасы Торғай Сыр бойындағы қазақтары патшалық Ресейдің қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының датқасы болған [1. 248 б].
Бірде Хиуаның ханы Торғайдың бітімі сұлу, жүйрік тұлпарына қызығып, алып кететін көрінеді. Батыр Хиуа ханына жалғыз өзі барып, барша халықтың көзінше хан сарайынан атты мініп кеткен екен. Сонда хан қарап тұрып: «Тимеңдер оған, тиюге болмайды», – деп батпаған дейді. Торғайдың ханнан қаймықпай өз тұлпарын мініп кеткені халық арасына аңыз болып тараған. Бұндай мінез Мұстафаның әкесі Шоқайда да болған. Анасы Бақты да текті жердің қызы екен. Анасы Бақты Түркістанды орыс басқыншыларынан қорғауда ерекше көзге түскен әскербасының қызы. Бақты да әкесімен бірге соғысқа қатысып, барлаушылық қызмет атқарған. Бейбіт күнде өлең жазып, дастандар жырлаған. Араб әліппесінде оқу-жазуды білген. Мұстафаның да ержүрек, ештеңеден қайтпайтын мәрт мінезі атадан қанға сіңген қасиет болса керек [2. 9 б]
Мұстафа Шоқай жазу-сызуды анасынан 5 жасқа толмай үйреніп, 5 жасында домбыра шерте білген. Білім алуды Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінен бастайды. 1902 жылы Ташкенттегі ер балалар гимназиясына түседі. Гимназияны 8 жылдан кейін «өте жақсы» деген бағамен бітіреді. Мұстафа ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітіреді. Мектепте тағы бір бала күміс медаль алады. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Александр Самсонов медальдарды тапсыру үшін гимназияға келеді. Бірақ Самсонов ұлтшыл болатын. Самсонов Мұстафаға тиесілі алтын медальды бергізбей, күміс медальға ұсынылған орыс баласына бермекші болады. Мұстафа медальдан бас тартып, алмайтынын айтады да, әлгі орыс оқушысы Зепреметов күміс медальды ғана алады. Отаршылдықтың осы өрескел көрінісін жергілікті жастармен бірге орыс жастарының да қарсылығын туғызады. Осындай оқиғалар арқылы Мұстафаның алғашқы саяси сауаты ашылды деуге болады [2 10 б].
Мұстафаның Қызылордадағы ұстазы Иван Наливкин мен Ташкенттегі ұстазы Т.Доррер білім, ғылым ізденуде жол көрсетті. Осы екі кісі Мұстафаға Санкт-Петербургтегі императорлық заң университетіне түсуіне ықпал еткен. Санкт-Петербургтегі кезең Мұстафаның жай ғана бунтарь емес, саналы түрде революциялық жолға түсуіне жол ашты.
1910 жылы Санкт-Петербург университетіне оқуға түседі. Осында оқып жүргенде жерлестері әр-түрлі арыздармен жәрдем сұрап, көмек алып тұрды. Мұстафаның оқуына бөгет жасайды. Кейбір үлкен істер бойынша тіпті сенат алдында да мәселе қоюға тура келеді. 1914 жылдың көктемінде Мұстафа Петербургте оқып жүрген түркі жастарының патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына байланысты баспасөз бетінде жарияланған үндеуіне қатысады. Оған сол кезде империя астанасындағы 31 өзбек, татар, башқұрт, қазақ студенттері қол қояды. Мұның өзі Мұстафаның саяси қозғалысқа бет бұра бастауының, ұлттық мүдде жолындағы күрескерлер қатарынан өзіндік орын алғандығын көрсетеді. Түркі халықтары тарапынан сөйлейтін бүркеншік діни құрылымдар мен басылымдарды ұйымдастыру арқылы патша өкіметінің ұлт-азаттық қозғалысын іштен бүлдіруге бағытталған арандатушылық саясатының қауіптілігін жете түсінуі, ол жөнінде өз пікірін ашық білдіруі, М.Шоқайдың саяси ұйымының қалыптасып, шыңдала түскендігінің куәсі еді.
Мұстафаға алғашқы жүктелген қоғамдық жұмыс – оның 1914 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен IV Мемлекеттік Думаға Мұсылман фракциясының хатшысы қызметіне тағайындалуы. 1907 жылғы 3 маусымдағы заңы қазақтарды Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығынан айырады. Осындай жағдайда Думадағы Мұсылман фракциясы жұмысына араласып жүрген М.Шоқайдың Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуы, іс жүзінде жалпы мұсылмандық, жалпы түркістандық идеяларды қолдауына алып келді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екендігін Мұстафа сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірден айныған жоқ [2 11 б].
М.Шоқайдың Ә.Бөкейхановпен бірге 1916 жылдан бастап жақын қарым-қатынаста болады. Сол жылы IV Мемлекеттік Думаның Мұсылмандық фракциясы жанынан құрылған Кеңесу бюросы құрамына енген Әлихан жаңа құрылымда Түркістанның бір өкілінің болуы керектігі және оған М.Шоқайдың лайық екендігі жөнінде мәселе көтереді. Бұл орайда оның жан-жақты дайындығының барлығы, Түркістан жағдайын жақсы білетіндігі, Петроградта тұратындығы, бұрыннан да Мұсылман фракциясының жұмысына қолғабыс беріп келгендігі есепке алынады.
Мұстафа бюро жұмысына 1916 жылдың 1 қарашасынан бастап кіріседі. Бұл құрылым өз алдына мәселе шешпегенімен, халықтың арыз-шағымдарын Мұсылман фракциясына, ол арқылы Дума мүшелеріне, жұртшылыққа жеткізуде фракция мүшелерін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарды. Мұсылман фракциясы мен оның Кеңесу бюросы төңірегінде мұсылман прогресшіл-реформаторлық қозғалысының ең жігерлі күштері топтасады. Бюро ұлттық қоғалыстың интеллектуалдық, ақпараттық және үйлестіру орталығына айналады.
Сол уақытта Әлихан Бөкейхановтың Алаш көсемі болғаны белгілі. Оның оң қолы мен сол қолы Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов еді. Осы үшеуімен де Мұстафаның тағдыры тығыз байланысты.
Мұстафаның саясаткер, қайраткер, күрескер ретінде жетіліп, толығуына үлкен әсер еткен 1916 жылғы көтеріліс. Генерал Анненковқа болған соттың архивте жатқан стенографиясында «Революцияны 1917 жыл біз бастаған жоқпыз, шын революцияны 1916 жылы киргиздар бастаған болатын», дейді. Себебі, Еуропада соғысып, өзімен-өзі болып жатқан Ресей тылында, алыстағы қазақ жерінде революцияның бұрқ ете қалатынын білмеген.
1916 жылғы көтеріліс қазіргі Өзбекстанға қарасты Жизақ облысында да кең құлаш жайған еді. Думаның мұсылман фракциясында жұмыс істеп жүрген Мұстафа болашақ Уақытша үкіметтің төрағасы Керенскиймен бірге Ташкентте комиссия мүшесі болып келеді. Ел арасына тарап кеткен мынадай бір әңгіме бар. Керенский Жизаққа келгенде: «Ал, Мұстафа, көтеріліс болған жерді көрсетпейсің бе маған?», – дейді. Сонда Мұстафа: «Керенский мырза, сіз тұрған төмпешік қаланың дәл ортасы еді. Қазір қалада үй қалмаған, тып-типыл болған», – депті.
Керенский: «Апыр-ай, бұл не деген жауыздық!» – деп қысылып қалған екен.
1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға көрсеткен айуандығын тексеру үшін тергеу комиссиясын құруға да шешуші ықпал жасаған – Мұстафа Шоқай. Тергеуге бейбіт халыққа жасалған жауыздық жайлы құжаттар мен деректер, тонау, өлтіру жайында айғақтар табыстаған да, қиратылған, өртелген, тоналған қышлақтар мен қалалардың санын көрсетіп, аттарын атап берген де – Мұстафа Шоқай. Құрылтай жиналысындағы Түркістан халықтарының құқықтарын қорғау жөніндегі өкілдер комиссиясына басшылық еткен де Мұстафа Шоқай. Сонымен бірге Мұстафа Шоқай тобы біртұтас Түркістан конференциясының құрамында Түркістан ұлттық автономиясын құруды жоспарлайды. Ресейдегі революциялық ахуал: монархияның құлатылуы, 1917 жылғы Ақпан көтерілісі, уақытша үкіметінің құрылуы оны осындай ойға жетелейді. Ол уақытша үкіметтің басында тұрған Керенскийдің өз кабинетіндегі министірдің портфелін ұсынғанын қабыл алмай Түркістанға жүріп кетеді. Алайда, сол уақытша үкіметтің дәл өзі Түркістан халықтарының өзін-өзі билеу құқына ашықтан-ашық қарсы шығып, империялық саясатты жалғастыруды жақтаған.
Елдегі саяси қозғалысқада Мұстафа Шоқай белсене араласып, іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты көсемдерінің біріне айналды. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұратын Түркістан автономиясының Уақытша үкіметін бекітеді. Бас Министр болып Мұхамеджан Тынышбаев, ол отставкаға кеткеннен кейін Мұстафа Шоқай бекітіледі. Бұл кезде Мұстафа Шоқай Өлкелік Қазақ Кеңесінің төрағасы болатын. Оған қоса 1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен I Бүкілқазақтық Құрылтайдан соң құрылған «Алаш» партиясына да мүше еді [2 13 б].
Дегенмен кеңестік тарихнамада Мұстафа Шоқай басқарған Түркістан автономиясының мән-мағынасы төмендетіліп, қала деңгейіне түсіріліп, «Қоқан автономиясы» аталып келді. Сонымен бірге, бұл автономия жергілікті халықтың қолдауын таппай құлап қалды, ал оның басшылары қашып кетті деген пікір қалыптасты. Шындығында олай емес. Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі өзін бірден-бір билік иесі деп есептеп, 1918 жылдың қаңтарында Қоқандағы Мұсылман автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырды, өйткені оны контрреволюцияның ошағы деп санады. Мұны Түркістан халықтары Совет үкіметінің өздеріне қарсы жасалған шовинистік акциясы деп қабылдады. Бұл шара жалпы халықтық қарсылықты туғызып ол кеңестік тарихнамада «басмашылық», яғни бандалар қозғалысы деп теріс бағаланды.
1917жылғы 5-13 желтоқсандағы 2-ші жалпықазақ кұрылтайы барлық қазақ облыстары өкілдерін қамтыған 15 адамнан тұратын Ұлт Кеңесі – Алашорда өкіметін құрғанда, оның құрамына Мұстафа Шоқайда енді. Мұстафа Шоқайдың жерлестеріне өз атынан жолдаған қайрылуында «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы, бүгін. Айырылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазақтары кешіктірмей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз» – деген сөздер бар еді [2 14 б].
Желтоқсан айының басында революцияға әбден беріліп, қанаттанған халық мешітке жиналып, намаздан кейін уағдаласып, көшеге шығады. Бұларға көшеде күтіп тұрған еуропалықтар қосылады. Араларында Доррер, Наливкин бар, Орта Азияны мекендеген немістер мен еврейлердің де, орыс-казактары мен жұмысшы табының да өкілдері бар, барлығы қолдарына ту алып қаланың орталық бөлігіне бет алады. Шыршық өзенінің жаңа көпір деген жерінен өте берген кезде, төрт тұстан пулемет құрып қойған большевиктер халықты қанға бөктіріп, қырып салады. Сол күннің ертеңінде «Қанды оқиға» деген мақала жазылған. Большевиктердің халықты қалай қырғаны жайында Мұстафа Шоқайдың өзі де шығармаларында жазған. Саясатқа жүйрік большевиктер енді ұлттар арасына жік сала бастайды. Түркімендер мен өзбектер арасында соғыс шығарады. Ташкентке келе жатқан составтарда ұлтаралық қақтығыстар туғызады. Өзбектер мен тәжіктерді, тау қырғыздары мен қазақтарды қақтығыстыра білген. «Түркістанды қазақтар билеп отыр. Бұлар ертең өзбектерді де, тәжіктерді де, қырғыздарды да қазақ қылып алады. Министрлерінің бәрі қазақ. Бұған төзуге болмайды. Қазаққа билетіп қоямыз ба?»–деп өсек таратып, базарларда жүретін адамдары болған. Ақыры ушығып, түркімен делегациясы кетіп қалады. Осыдан кейін Мұстафа Шоқай Түркістан республикасының астанасын Ташкенттен басқа жаққа алып кетуді ойластыра бастайды. Ақыры тоқтағаны Қоқан қаласы болды.
Қоқанға көше салысымен революциялық іс, мемлекетті құру жалғаса береді. Аз уақыттың ішінде 12 министрлік құрылады. Мұстафа өзінен гөрі сәл жастау, Мұхаметжан Тынышпаевты бірнеше рет сөйлесіп жүріп, Түркістан республикасының премьер-министрі болуға көндіреді. Өзі революцияның көсемі және сыртқы істер министрі ретінде қалады. Екі айдан сәл-ақ асатын мезгілде ішкі істер министірлігін құрып, милиция жасақтайды. Екі айдың ішінде 2 мың адамнан тұратын армия құрылды, оның формасы тігілді. Мемлекеттік банк, қазіргі тілмен айтқанда, мақта-мата кластері құрылды. Судьялар тағайындалды. Франциядан, Ыстамбұлдан көп ақша түсе бастады. Мұстафа Түркістан республикасының мән-мағынасын түсіндіріп, оларға өкілдер жібереді. Енді жанданып келе жатқан кезде, большевиктер ұлт араздығын бұрынғыдан асқындырып жіберді. Қоқан қаласының маңайындағы өзбек ауылдарына «қазақтар түбі сендерді аямайды, сақ болыңдар» деген үгітшілер жібереді.
Мұстафаға жазған Фрунзенің хаты. « – Мен Қоқанды қоршап тұрмын. Бүгін түс қайта шабуылды бастаймын. Зеңбірек көп, оқ та көп. Пулемет бар, әскер жақсы қаруланған. Қоқан қаласы жермен-жексен болады. Менің саған ақылым, бәрін таста да қаш». Бұл хатты Тынышпаев Мұстафа Шоқайға көрсетеді. Мұстафа министрлерге хатты оқып береді. «Не істейміз?» – дегенде бәрі: «Өлсек – өлерміз, мұндай қоқан-лоққыдан қорықпаймыз», – дейді. «Біздің екі мың әскеріміз не болады, мыналар кемінде жүз мың әскермен келіп тұр ғой», – деп сөйлегендер де болған. Сонда Мұстафа: «Болашақ ұрпағымыздың сағы сынбасын, аз болсақ та, қырылсақ та, қашпайық», – деген екен. Үш сағат уақыт берем деген Фрунзе жарты сағаттан кейін қаланы атқылай бастайды. Үш-төрт сағат зеңбіректен снаряд жаудырады. «Осы қырғынның салдарынан 60 мың адамы бар Қоқанда 20 мың ғана адам қалды» –деп жазады Мұстафаның өзі. Жазықсыз бала-шаға, кемпір-шал, қатын-қалаш қырылып кеткен.
Түркістан республикасының барлық басшылары қашуға мәжбүр болады. Мұстафаның қасында бір ғана офицері қалады. Ол тамақ іздеп кеткенде бір қышлақтың жастары, большевиктердің айдап салуымен Мұстафаны қорлайды. Шоқынған дейді. Большевиксің деп ұрып соғып, дарға аспақшы болады. Дарға асуға алып келген кезде жиналған топтың ішінде сауатты бір өзбек Мұстафаны бірден танып: «Не істеп жатсыңдар? Бұл Түркістан республикасының басшысы Мұстафа Шоқай ғой! Төреге сендер қалай қол жұмсадыңдар?!» – деп айқай салады. Фанатик халықтар төрені қатты ғой сыйлайды. Әлгілер: «Кешіре гөр, кешіре гөр» – деп бастарын иіп, жерге жығылады. Мұстафа құтылып кетеді. Ташкентке әрең жеткен Мұстафа Мария Горинаны тауып алады. Петербургке жүретін пойыздың басшысымен келісіп, Мұстафаны жаралы солдаттардың ішіне кіргізеді. Бұлар алдымен Орынборға, одан Екатеринбургке барады. Ол арада Мұстафа мен Вадим Чайкин деген досы генерал Колчакты өлтірудің жоспарын жасайды. Бұлардың қонақүйде жарған бомбасынан Колчак аман қалады. Енді Мұстафа мен Чайкин Марияны қалдырып, өздері Кавказға қарай қашуға мәжбүр болады. Онда кавказ халықтарының демократиялық қозғалысына белсенді көмектесті.
Шоқайдың саяси күресінің ең маңызды құралдарының бірі – баспасөз болып табылады. Ол саяси идеяларын тарату құралы ретінде газет-журналдарға әрдайым үлкен мән беріп, күрес жылдарының кезінде мақала жазып отырған. Шоқай мақала жазумен шектелмей, Түркістанға қатысты жеке газет немесе журнал шығаруға да күш салды. 1920 жылы Қызыл Армия Грузияға кірген кезде М.Шоқай Түркияға көшіп келеді, Берлин арқылы Францияға жетеді, сонда тұрақтап қалады. Эмиграцияда жүріп, Түркістан халқының көзін ашу мақсатында газеттер мен журналдардың шығарылымын ұйымдастырады. Стамбулда, Парижде, Берлинде, Лондонда, Варшавада шығарылған осы басылымдар Орта Азия туралы мақалалар жарияланды. «Новый Туркистан» және «Молодой Туркистан» журналдары Стамбулда, Берлинде жарық көрді.
Шоқай 1921 жылдың жазында Парижге барғаннан кейін Түркістанның саяси және экономикалық жағдайы туралы мақала жазуды жалғастырды. Шоқайдың мақалалары орыc, түрік, француз және ағышын тілдерінде әр түрлі газет-журналдарда жарияланды. Шоқай орыс тіліндегі мақалаларын бұдан бұрын жан-жақты айтылып өткеніндей, босқын орыс лидерлері Кренскийдің «Дни» газеті мен Милюковтың «Последние новости» газеттерінде жариялады. Француз тіліндегі мақалаларының басым көпшілігі «Прометей» журналында, содан кейін «Ориен е Оксидан» журналында жарық көріп тұрды. Ағылшын тіліндегі мақалалары, «Азиятик Ревью» секілді журналдарда орын алды.
1926 жылдан бастап Мұстафа Шоқай – «Прометей» журналының редколлегиясында, Кавказ, Украина мен Түркістан халықтарының ұлттық қорғау органында жұмыс істеді. Тбилиси қаласы Кеңес үкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысты, «Туркистан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті.
1927 жылы Мұстафа Кеңестік Ресейден Түркістан арқылы Түркияға сезікті түрде «өтіп кеткен» ескі танысы Ахмет-Заки Валидовтың көмегімен Стамбулда Түркістанды Ұлттық саяси қорғау органы-«Жаңа Түркістан» журналын (1927-1931) ұйымдастырды. 1929 жылы Берлинде «Яш Түркістан» журналын шығарды, оның бас редакторы болды. Журнал 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін шығарылды, 117 нөмері шықты. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топшибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуге күш біріктіре әрекет етуге үндеді. 1929 жылдан «Яш Туркистан» («Жас Түркістан») журналын шығарды. Бұл журналдың алдына қойған мақсаты Мұстафа Шоқай: «Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын сол күйінде әлсіретпей «Яш Түркістан» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік», – деп сипаттады.
Ол «Яш Туркистанда» Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдар тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды. Мұстафа Шоқай Орталық Азия кеңістігінде ұлттық-аумақтық межелеу негізінде бірнеше кеңістік республикалардың өмірге келуін құптаған жоқ. Ол большевиктер бұл өлкені бөле отырып, билеу саясатын ұстанып отыр деп түсінді. Ал республикаларды «ұлттық» емес, «ұлыстық» республикалар ретінде қабылдады. Түркістанда кеңестік биліктің орнауы және қызметі, іске асырылған жер-су реформасы, мемлекеттік мекемелерді жергіліктендіру, байлар меншігін тәркілеу, көшпелілерді отырықшы тұрмысқа көшіру, ауылшаруашылығын ұжымдастыру мәселелерін талдауда нақтылы мәліметтерге жүгіне отырып, тоталитарлық жүйені сынға алды және оның солақай саясатын әлем жұртшылығына паш етті.
Кеңес үкіметі басшылығына Мұстафа Шоқай сыны өте жайсыз тиді. Сондықтан да кеңес үкіметінің үгіт-насихаты Мұстафа Шоқай сынына қарсы мақсатты түрде жұмыс істей бастады, ал бұл істің басында И.Сталиннің өзі тұрды. Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде фактілік материал ретінде пайдаланылған түркістандық қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды кеңестік билік орындары қатаң бақылауға алды. 1925 жылы мамырдың 29-ында И.Сталин РЛ(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған хатында «Ақ жол» мен ақ гвардияшыл эмигрант Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазды. Мұстафа Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрседе бүкіл түркі-мұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты.
Қол қойып отырғанда Мұстафа Байдырахманға: «Мен өзіме-өзім үкім шығардым, қарағым. Мынау хатты алғаннан кейін, мені бұлар аман қалдырмайды», – дейді. Бір ғажабы, әйелі Мария көрмеген Байдырахман осылай десе, Марияның кітабында да тура осы оқиға бар. Хатты Гитлердің идеологияны басқаратын Розенберг деген министріне жіберген. Сол күні Мұстафаны Винницадан алып кетеді. Барған соң Берлиндегі ақсүйектер жататын ауруханаға жатқызады. Үш күннен соң Мұстафа қайтыс болды деген хабар келеді. Мұстафа Шоқай Берлиндегі түріктердің мұсылман бейітіне (Османидтер) жерленген.
Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескеркіші қойылған. Анкара университетінің професоры Тахир Шағатайдың және Әбдулақап Оқтайдың есімдері құрметпен аталуға лайықты. Олар 1942 жылы М.Шоқайұлының қайтыс болуына жыл толуына орай Ыстамбұлда «Мұстафа Шоқай альбомын» даярлап, басып шығарды. Ал 1950 жылы олар М.Шоқайұлының туғанына 60 жыл толуына арнап «Түркістан Ұлттық қозғалысы және Мұстафа Шоқай» деген кітап даярлады. Осы кісілердің және Т.Шағатайдың жары, профессор Саадат Исхаки Шағатайдың тікелей басшылығымен 1972 жылы Мария Шоқайдың және 1988 жылы Мұстафа Шоқайдың естеліктері жеке кітап болып жарық көреді.
Бүгінгі күні Мұстафа халық жадында да, жүрегінде де берік орын алды. Оның маңдайына кез келген тұлға ие бола бермейтін бақыт – өз халқымен үндес, тағдырлас болу жазылды. Мұстафаның қайраткерлік болмысын, ұланғайыр мұрасын, бүгінгі күнмен өзектесіп жатқан ой-тұжырымдарын зерттеу, насихаттау, ұлықтау еліміздің егемендігін баянды етуге, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |