Тақырыбы: XX-ғасыр әл-Фараби мұрасының қазақ даласына қайта оралуы
Қазақстандағы фарабитанудың қалыптасу ерекшеліктері
Көрнекті қазақстандық фарабитанушылар: А.Машани, А.Қасымжанов, Ә.Әлімжанов т.б.
Бүгінгі таңдағы қазақстандық фарабитанудың негізгі мәселелері
Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары мен әрекеттері ХХ ғ. 60-70 жылдарынан басталды деп басылым беттері мен ғылыми айналымда айтылып та, жазылып та жүр. Қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, мәселені көтеруші ретінде А. Машани есімі аталса, ал 1968 ж. ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында «Әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ» құрылды, топты ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х. Қасымжанов үйлестірді. Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың отандық фарабитануға қосқан үлесіне тоқталатын болсақ, ғалымның бастауымен әл-Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. А.Х. Қасымжанов үйлестірген «Философия тарихы жəне Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімі жанынан құрылған шығармашылық топта И.О. Мұхаммед (Иран), европа тілдерінің маманы Б.Я. Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Қ. Көбесов, арабтанушылар А.С. Иванов, К.Х. Таджикова, Н. Караев сынды ғалымдар болды, сонымен қатар мəскеулік арабтанушылар Б.Г. Ғафуров және А.В. Сагадеевпен байланыстар орнатылды. Осы ғылыми шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама философ əл-Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуға зерделі зерттеулер басталып кетті. Алғаш рет əл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Əлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ «Птоломейдің «Алмагестіне» түсініктеме» атты мирастары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді.
Және бір отандық фарабитанудағы сүбелі еңбек туралы айтатын болсақ, А.Х. Қасымжановтың ұйымдастыруымен 1975 жылы Абу Насыр əл-Фарабидің 1100 жылдығына араналған үлкен халықаралық ғылыми конференция «Мәскеу-Алматы-Бағдад» қалаларында болып өтті. Сөйтіп Алматы аз уақыттың ішінде əл-Фараби мұраларын зерттейтін ғылыми орталыққа айналып, ол жұмыстар шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды. Сондай-ақ, 1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы ғалым Б.Г. Ғафуров пен А.Х. Қасымжановтың орыс тілінде шыққан «əл-Фараби мəдениет тарихында» («Аль-Фараби в истории культуры») атты кітабы араб-мұсылман философиясы мен мәдениетін, фарабитанумен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен сұранысқа ие болса, ал 1982 жылы Мәскеу қаласындағы «Мысль» баспасынан ғалымның «Аль-Фараби» атты кітабы көпшілікке кеңінен танымал болды. Кейіннен бұл кітапты «Қазақ Университеті» баспасыннан қазақ тілінде 1997 жылы қайта басылып шықты. Қазіргі таңда жарты ғасырлық ел ғалымдарының ізденістері терең тарихқа айналып та үлгерді. Әйтсекте, әл-Фараби мұраларының елімізде тамыр жаюында және аудару мен зерттеу жұмыстарын жүргізуде кеңестік идеологияның көңілінен шығу оңайға тиген жоқ. Сол кездегі фарабитанудың басында тұрған отандық ғалымдардың ерен еңбектері мен ғылым алдындағы адалдықтары – олардың бүкіл өмірі мен шығармашылықтарын ғұлама мирастарын зерттеу, насихаттау, әлем кітапханаларынан іздеу жұмыстарына арнағаны айғақ. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің таңымен қазақтың ғылымы мен білімінің қара шаңырағы атанған Қазақ ұлттық университетіне Қазақ ССР Министирлер Кабинетінің 1991 жылғы 23 қазандағы № 629 қаулысына сәйкес Шығыстың ұлы ойшылы, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Ал 1993 жылдың 1 қаңтарында «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталық ашылды.
№14. Дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |