Сейтен мен Тайжан батырлар
Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің басшылары. Баянауылдың әйгілі байы Ақмырзаұлы Азынабайдың балалары. Азынабайға 17 мындай жылқы бітіпті. Ағайынды екі батырдың үлкені Сейтен (шамамен 1800-1840 жылдары) өмір сүрген. Әкесі Азынабай 1838 жылы қайтыс болған соң оның денесін Түркістанға жеткізіп, жерлегеннен кейін Сейтен Кенесары қолына қосылады. Бұл уақытта Сүйіндік руының ішіндегі негізінен Орманшы, Ақбура, Тұлпар және Қаржас-Алтынторы аталарының біраз ауылдары Кенесары жағына ауып қосылады. (Оларды осылай бағыттаған Тайжан еді).
Сейтен осылардың арасынан атан жіліктей жігіттерді таңдап алып қол жасақтап, Кенесарының сенімді серіктерінің біріне айналды.
Белгілі ғалым Е. Бекмаханов: «Кенесары Қасымовтың қарулы көтерілісіне алғашқылардың бірі болып, өзінің Қаржастарымен келіп қосылған, аталмыш округ қазақтардың көтерілісін ұйымдастырушы, Кеңесарының жақын серіктерінің бірі болған осы Сейтен Азнабаев еді.
Сейтен дүниеге көзқарасы кең адам болған. Ол патша отарлаушылары қазақтарының шұрайлы жерлері мен шабындықтарын қалай тартып алғандарының куәсі болған және отарлаушылар ызбары өз арқасында ызғар болып батқан адам», - дейді.
1839 жылы Сейтен орыстардың жазалаушы отрядымен қоян-қолтық шайқас үстінде қолға түседі. Бұл хабарды естіген Батыс-Сібір әскери корпусының басшысы Сібір қырғыздары шекара бастығы полковник
Лоджинскиге 1839 жылы 18 шілдеде жазған бұйрығында: «Сейтен Азанбаевты, аяқ қолына кісен салып, қатаң күзет қоршауымен дереу жеткізуді және оның іс-әрекеттері жөнінде мәліметтер жөнінде бұйырамын! Оы алып келетін уряднигке, егер Азанбаевтан айырылып қалатын болса, өзінің де сот алдында қатаң жазаланатынын ескертіңіз!» - дейді.
Сөйтіп, Неклюдов деген хорунжи бастаған 50 қазақ орыс Сейтенді, 1839 жылы 22 тамызда Омбыға жеткізген екен. Енді Сейтенді әшкерлейтін мәлімет жинау басталды. Бірақ тергеу орындарына тілге тиек болатындай ештене түсе қоймаған. Ал полковник Лоджинский болса: «Сейтеннің далаға ықпалы өте қауіпті. Оны жазасыз қалдырса, басқа қарақшылар пайда болуы мүмкін. Ол атылған інісінен де әлде қайда әккі және айыпты!»-деген бұйрық беріп, әскери соттың басталуын тездетеді. Сотта болған Рыков деген хорунжиді өлтірді деген айып тағылады. Бұл айыпқа Сейтен: «Біз соғысып жатқан халықтармыз. Сендер бізді өлтіруге келдіндер. Біз сендерді неге өлтірмеуге тиіспіз? Мүмкін өлтірген шығармын. Бірақ олардың қайсысының Рыков екенін мен қайдан білейін?!»-деп жауап беріпті.
Әскери сот 1839 жылдың 8 желтоқсанында Сейтенді Сібір каторгасына жіберу жөнінде үкім шығарады. Есіл ер сол кеткеннен елге оралған жоқ. 1841 жылдың жазында көтеріліске қатысқан Сүйіндік елінің азаматтары елге қайта көшіп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |