Оқудағы танымдық тәсіл Бихевиористер ортаны зерттеген болса, Гештальт теориясының ізбасарлары тұлғаның ақыл-ой үдерістеріне сүйенген. Осылайша, білім алу әрекеті немесе үдерісі ретінде сана оларды едәуір қызықтарған. Жан Пиаже, Мария Монтессори және Лев Выготский сияқты теоретиктер оқу және даму
мазмұнының ұқсастығын анықтай отырып, танымдық тәсілді дамытуда одан әрі ілгерілеген.
Ғалымдар кіші жастағы балалар дәл өзін қоршаған ортамен және адамдармен әрекеттесу
кезінде оқу және даму жүзеге асады деп сендірген. Зерттеуші Жан Пиаже ортаның әсерін
мойындап, ішкі танымдық құрылымдағы өзгерістерді зерттеді. Ол психикалық дамудың төрт
сатысын (сенсорлы-моторлық, оперативтінің алдындағы, оперативті және оперативтіден
кейінгі) айқындады. Джером Брунер жаңалық ашу арқылы оқудың маңызын атап көрсетіп,
ақыл-ой үдерісінің оқытумен өзара байланысу мүмкіндіктерін зерттеген. Бұл теория оқу
үдерісіне балалардың белсенді қатысуын атап өтеді, тіпті бастауыш мектеп жасындағы
балалар оқу және даму үшін қажетті қызмет түрлерінің басым бөлігіне бастамашылық етеді
деп сендіреді. Бұл теорияны басшылыққа алатын мектептер кіші буынды оқыту ортасына және
оқу мазмұнына ерекше назар аударады. Педагогтер мен ересектер балалармен тікелей қарым-
қатынас жасайды, олар орындайтын қызмет түрлері оқу мазмұнындағы балалар тәжірибесін
пайдалануда аса маңызды болады.