Жай сµйлемніњ ‰йірлі м‰шелері


-лекция. Тақырыбы:Құрмалас сөйлем



бет60/85
Дата26.03.2022
өлшемі0,74 Mb.
#136885
түріЛекция
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   85
Байланысты:
Лекция тезисі 2
Абдил Аида, Презентация (4), Намуратова Сетара, Намуратова С
19-лекция. Тақырыбы:Құрмалас сөйлем
Жоспар:

  1. Құрмалас сөйлемнің жалпы сипаттамасы

  2. Құрмалас сөйлемнің өзіндік айырым белгілері

Құрмалас сөйлем-сөйлемдердің құрылымдық бір түрі. «Құрау, құрылыс» мәнін беретін «құрмалас» атауының қазақ тіл білімінде қалыптасып кетуі А.Байтұрсынұлы есімімен тікелей байланысты. “Құрмалас” деген атау қазақ тіл білімінде өткен ғасырдың 20-жылдардан бері қарай, А. Байтұрсынұлының 1925 жылы жарық көрген “Тіл құралы” атты оқулығынан бастап қолданылып келеді. Ол - “құра, құралу” деген етістіктер негізінде қалыптасқан туынды сөз. Бұл-тек тіл білімінде ғана қолданылатын лингвистикалық термин. Құрмалас сөйлем жалпы сөйлемнің құрылымдық бір түрі болғандықтан, оның синтаксис саласындағы орны да жалпы сөйлемдермен біртұтас болады. Ал жалпы сөйлем атаулының синтаксистегі орны, синтаксистің нысаны деген мәселе-грамматиканың негізгі, түйінді нысандарының бірі.
Синтаксис ғылымының басқа да салалары сияқты құрмалас сөйлем синтаксисінің де зерттейтін өзіндік күрделі нысаны бар. Адам сөйлегенде бір-біріне байланыссыз жеке сөйлемдерді ғана айтпайды, оның сөйлеуі бір- біріне жалғасып, өзара ұштасып жататын сөйлемдер тізбегі түрінде болады. Тізбек құрамындағы сөйлемдердің бір-бірімен жалғасуында қалыптасқан мағыналық және құрылымдық заңдылықтар бар. Құрмалас сөйлем синтаксисінің міндеті-осы заңдылықты ашып айқындау, яғни жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара ұласып, күрделі бір сөйлемге айналуы, сол арқылы бір ойды екінші ойға жалғастырып, күрделі бір ойды білдірудің жолдарын, амал-тәсілдерін зерттеу. Бұл жағынан алғанда, құрмалас сөйлем синтаксисінің жай сөйлем синтаксисінен елеулі өзгешелігі бар: жай сөйлем синтаксисі жеке ұғымды білдіретін сөздердің өзара тіркесіп, сөйлем болу жолдарын тексерсе, құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін сөйлемдердің бір-бірімен ұласып, құрмалас сөйлем болу жолдарын, құрмалас сөйлемнің өзіндік сипаттары мен түрлерін тексереді. Демек, бірінің зерттеу нысаны - ұғымдар тіркесі болса, екіншісінің нысаны - ойлар тіркесі, яғни сөйлемдер тіркесі. Құрмалас сөйлем синтаксисі жай сөйлемдердің өзара бірігіп, күрделі ойды білдіретін бір сөйлем, яғни құрмалас сөйлем болуын ғана зерттемейді, сонымен бірге бірнеше сөйлемдер тіркесінен құралатын синтаксистік күрделі бірлікті де қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда құрмалас сөйлем синтаксисінің зерттеу нысанын құрмалас сөйлем және күрделі синтаксистік бірлік деп екі топқа болуге болады.
Тілдік категориялардың басқа да түрлері сияқты құрмалас сөйлемдердің өзіне тән қалыптасу, даму жолы, тарихы бар. Тілдік категориялар ішінде ойды білдіретін бірден-бір көрсеткіш-сөйлем. Сондықтан да сөйлемге “біршама аяқталған ойды білдіреді” деп анықтама береміз. Сөйлем мен ой - бірі форма, екіншісі - соның мазмұны ретінде өзара тығыз байланыста, берік бірлікте болатын категориялар. Құрмалас сөйлем адамның ой өрісінің, дүние тануының кеңейіп, күрделі ойлардың туып, дамуына байланысты, сол ойдың көрсеткіші ретінде қалыптасып дамыған. Тіл дамуының қазіргі дәуірінде тілдерді, соның ішінде қазақ тілінде де құрмалас сөйлемдердің неше алуан күрделі түрлері кездеседі. Қазіргі әдеби тіліміздің барлық жанрында қолданылатын құрмалас сөйлемнің қалыптасып дамуы бір күннің жемісі емес. Бұл жөнінде
Т.Қордабаев: “Көрнекті ғалымдардың айтуына қарағанда, тіл дамуының көнерек заманында сөйлем құрамындағы сөздерді, сол сияқты жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын қазіргі дәнекерлер, тәсілдер болмаған. Ол уақыттағы сөздер, сөйлемдер арасында қазіргі тіліміздей бірі екіншісіне меңгеріліп, жетектеліп бірі екіншісін меңгеріп, жетектеп, өзіне тәуелді етіп тұру сияқты байланысу тәсілдерінің анағұрлым берік түрлері болмаған. Сөздер, сөйлемдер байланысындағы бұл тәсіл олардың тұрған орындарына мағына желілерінің жақындықтарына қарай бір-бірімен қабыса, іргелесе байланысу тәсілі болған. Сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің бір-бірімен арақатынасы тығыз, берік болмағандықтан, оларда дербестік, бір-біріне тәуелсіздік күшті болған” – дейді.
Тіл дамуының көнерек заманында сөздердің де, сөйлемдердің де арасында дербестіктің, бытыраңқылықтың басым болғандығын үнді-европа тілі синтаксисін зерттеген ғалымдар да көрсеткен. Үнді-европа тілдерін салыстырмалы түрде зерттеуге арналған еңбегінде А. Мейе сөйлемдер бір-бірімен ешқандай дәнекерсіз, бірінен соң бірі қатар қойылғанын айтады. Көне заманда сөздер мен сөйлемдер байланысының нашар болғандығын А. Рифтин де “Құрмалас сөйлем дамуының 2 жолы туралы” деген мақаласында айтқан. Осы мақаласында А. Рифтин тетелес тұрған екі жай сөйлемнің салаласу негізінде бір-біріне қосылуы, бірігуі құрмалас сөйлем дамуының бірінші жолы дегенді айтады. Құрмалас сөйлемнің мұндай түрі – яғни компоненттері бір-бірімен ешқандай қосымша дәнекерсіз, тек мағына жақындықтарына қарай іргелес, қабыса айтылулары арқылы байланысатын түрі – паратаксис деп аталады. Ғалымдардың айтуынша, алдымен салалас құрмалас пайда болған да, соның негізінде сөйлемнің әртүрлі дәнекерлер арқылы байланысатын түрлері, соның ішінде сабақтаса байланысатын түрлері де тіл дамуының кейінгі дәуірлерінде пайда болған. Бұл пікірдің дұрыстығын қазақ тілі жазба ескерткіштер фактілері де дәлелдейді. Мұны “Құрмалас сөйлем және олардың даму жолдары” деген мақаласында Н. Сауранбаев та айтқан еді: “Жеке сөйлемдердің бір-бірімен байланысуы түркі тілдерінің ескі дәуірлерінде басталған, яғни сөздердің бір-бірімен байланысуы сияқты жеке сөйлемдер де өзара байланысатын болған”.
Құрмалас сөйлемнің бастапқы түрі болып саналатын көне заманғы салалас құрмалас сөйлемді қазіргі тіліміздегі салалас құрмалас сөйлеммен тең дәрежеде қарауға болмайды. Ол кездегі сөйлеммен салыстырғанда тіл құрылысы күрделеніп, жаңалану үдерісінен өткеніне көз жеткізуге болады.
Құрмалас сөйлемнің бастапқы көне түрі болып табылатын паратаксистен кейінірек келе жай сөйлемдердің бір-бірімен сабақтаса құрмаласатын гипотаксис деп аталатын түрі пайда болған. Тіл дамуында, алдымен, сөздерді, жеке сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын дәнекерлер пайда болмайды, керісінше, алдымен, сол дәнекерлерді керек ететін мұқтаждық пайда болып, соның қажет етуінен барып, әртүрлі жалғаушы дәнекерлер пайда болған. Сөйтіп әрқайсысы өз дербестіктерін толық сақтап компоненттері бір-бірімен нашар байланысатын құрмалас сөйлемнің бастапқы көне түрінің орнына компоненттері бір-бірімен тығыз байланыстағы жаңа түрі пайда болады. Құрмаластың ең бастапқы түрі болып табылатын паратаксис пен оның негізінде туған гипотаксистің бір-бірінен өзгешелігі тек байланыстырушы дәнекерлерде ғана емес, сонымен бірге олардың әрбір жеке компоненттерінің ішкі құрылысындағы жаңалықтарында.
Қорыта айтқанда, құрмалас сөйлемнің алғашқы түрі бір-бірімен мағыналық жағынан да, грамматикалық жағынан да нашар байланысқан жеке, дербес жай сөйлемдердің өзара салаластық негізде байланыса айтылуынан пайда болған да, кейінірек келе сол салаластың негізінде компоненттері әртүрлі дәнекерлер арқылы бір-біріне бағына байланысатын сабақтас сөйлемдер қалыптасқан.
Қазақ тілі құрмалас сөйлемін ана тілімізде зерттеу А. Байтұрсынұлы оқулығынан басталады. 1924 жылы “Тіл құралы” деген атпен Орынборда баспадан шыққан еңбегінде автор “Қазақ тілі сөйлемдері арасында екі түрлі жақындық болады: оның бірі – мағына желісі жағындағы жақындық та, екіншісі – сөйлемдердің сыртқы қисын жағынан жақындығы. Мұның алдыңғысы, яғни тек ой іргесі, ой желісі жағынан ғана жақын болатын іргелес сөйлем (Күн ашық. Торғайлар шат.), ал әрі ішкі мағына, әрі сыртқы қисын жақындығы бар сөйлем құрмалас деп аталады” – дейді. Құрамына енетін жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысу түріне қарай автор құрмаласты салалас құрмалас, сабақтас құрмалас сөйлем деп екіге бөледі. Бұл екеуінің бір-бірінен өзгешелігі – салаласта оның құрамына енген жай сөйлемдер өзара тең байланыста болады да, сабақтаста тең болмайды, бірі екіншісінен кем болып келеді дейді. Құрмалас сөйлемнің салалас түрі мен сабақтас түрлерінің, олардың құрамына енген компоненттерінің бір-бірімен мағыналық қатынастарына қарай өз ішінен әртүрлі салаларға жіктеу де тұңғыш рет А. Байтұрсынұлы оқулығында кездеседі. Терминдік жағындағы өзгешелігі болмаса, әдеби тілімізде кездесетін салалас, сабақтас сөйлемдер түрлері толыққа жуық қамтылған. Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің бір-бірімен мағыналық қатынастарын сөйлем мүшелерінің атымен бастауыш бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы деп бөлуі де ғалы еңбектерінен бастау алады. А. Байтұрсынұлының құрмалас сөйлемге қатысты жазғандары кейінгі зерттеулерден, әсіресе Н. Сауранбаев, С. Аманжолов еңбектерінен берік орын алды, мол пайдаланылды.
Құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің ортақ жақтары да, өзіндік ерекше сапа қасиеттері де бар. Қызметі жағынан алғанда, құрмалас сөйлем де, жай сөйлем де сөйленіс бірлігіне жатады. Қарым-қатынас үдерісінде, сөйленіс кезінде ол екеуі де бірдей қатысымдық қызметте жұмсалады. Олардың әрқайсысы интонациялық тиянақтылыққа, мағыналық аяқталғандыққа ие.
Ең алдымен, құрмалас сөйлем мен жай сөйлем бір-бірінен құрылыс жағынан ерекшеленеді. Жай сөйлем бір ғана предикативтік бірлікке ие болса, құрмалас сөйлем екі не одан да көп предикативтік бірлікке ие. Демек, жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің арасындағы айырмашылық олардың құрылымдық ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Айталық, Біреу аңға серілікпен шығады және Біреу оны күн көріске жамау-жасқау етеді деген конструкциялардың жай сөйлемдер екеніне ешкім дау туғызбайды, себебі әрқайсысына тән бастауыштық-баяндауыштық қатынас бар, басқа да сөйлем мүшелеріне талданады, оның үстіне, жай сөйлемнің тоымды, жақты, жайылма түрі екендіктері де белгілі. Қысқасы, бұл екі сөйлемнің екеуінде де бір ғана предикаттық қасиет байқалады. Егер екеуін біріктіріп, Біреу аңға серілікпен шығады, біреу оны күн көріске жамау-жасқау етеді түрінде қарайтын болсақ, екі предикативтің тұтасқанын көреміз, бірақ бұл жолы жай сөйлем емес, құрмалас сөйлем деп есептеледі.
Екіншіден, құрмалас сөйлем оны құраушы бірліктердің сипаты жағынан ерекшеленеді. Жай сөйлемнің компоненттері сөз тұлғалары мен сөз тіркестері болса, құрмалас сөйлемнің компоненттері предикативтік бірліктерден тұрады.
Үшіншіден, құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің білдіретін грамматикалық мағыналары бір емес. Жай сөйлемнің грамматикалық мағынасы – модальдық, жақтық, шақтық категориялар арқылы берілетін предикативтік мағына болса, құрмалас сөйлем бөліктері арасынан нақты мағыналық қатынастар туындайды: мезгілдік, себеп-салдарлық, шарттылық, қарсылықты т.б. Осылар құрмалас сөйлемнің грамматикалық мағыналарын құрайды. Демек, құрмалас сөйлем оқиғалардың арасындағы қарым-қатынасты білдіруге қызмет етеді, сол үшін пайда болған. Мысалы: Көктем келді. Жерде әлі қар бар. Құстар ұшып келе бастады. Көктем келгендіктен, жерде әлі қар бар болса да, құстар ұшып келе бастады.
Төртіншіден, құрмалас сөйлемнің өзіндік интонациясы болады. Құрмалас сөйлем компоненттері арасында интонациялық кідіріс болатыны белгілі. Бірақ ол интонациялық кідіріс сөйлемді жеке синтаксистік тұлға бірліктерге айырып, олардың әрқайсысын тиянақтап тұрмайды, ол предикативтік сыңарларын бір-бірімен байланысытырып, құрмалас сөйлемге тән мағыналық-құрылымдық тұтастықты, сол арқылы ой бірлігін қамтамасыз етіп тұрады. Сондықтан құрмалас сөйлем компоненттерінің арасындағы интонацияны ажыратушы емес, жалғастырушы, ұластырушы интонация деуге болады. Ол интонация құрмалас сөйлем компоненттерін әрі ажыратып, әрі байланыстырып, екі жақты қызмет атқарып тұрады.
Бесіншіден, құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын лексикалық-семантикалық, грамматикалық амал-тәсілдер болады. Қазақ тілінде олардың тұтас бір қалыптасқан жүйесі бар.

  1. Ең алдымен, құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын жай-олардың мағыналық жақындығы. Компоненттер арасында мағыналық жағынан жақындық, іліктестік қатынас болмаса, олар құрмалас құрамына еніп, бір бүтін болып тұра алмайды.

  2. Құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын арнайы грамматикалық тәсілдер болады. Оларға компоненттерінің бірінің баяндауышының тиянақсыз тұлғалары жатады: көсемше, есімше, шартты рай тұлғалары, септік жалғаулары, кейбір жұрнақтар мен көмекші сөздер тобы. Бұлар-синтетикалық тәсілдер. Таңертеңнен бері бұл бөлменің есігі ашылып, кісі кіргені осы еді(М.Әуезов).

  3. Құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыруда интонация мен компоненттерінің орналасу тәртібінің ерекше маңызы бар. Құрмалас сөйлем мәселесінде интонация тұтастығы барлық жағдайда да ерекше мәнді. Құрмалас сөйлем компоненттерінің белгілі орналасу тәртібі бар: баяндауыштары тиянақсыз тұлғаға аяқталған компоненттері әдетте алдыңғы шепте орналасады да, баяндауышы тиянақты тұлғадағы компонентін байланыстырып, оларды бір бүтіннің құрамына біріктіреді.

Сонымен, құрмалас сөйлем құрамындағы предикативтік компоненттер екі не одан көп жай сөйлемнің жай ғана тіркесі ретінде қаралмайды, олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынасқа түсіп, соның нәтижесінде бір компоненті мағыналық, құрылымдық, интонациялық тиянақтылықтан айырылып қалып, екіншісіне тәуелді болады. Сондықтан құрмалас сөйлем компоненттері өз бетінше дербес қарым-қатынас бірлігі ретінде қаралмайды. Олар тұтас бірлікте ғана қарым-қатынас құралы бола алады. Демек, құрмалас сөйлем компоненттері дербес жай сөйлемдермен бірдей емес, олар бүтіннің бөлшегі ғана.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келсек, мынадай қорытындыға келуге болады: жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-біріне ұқсас жақтары да бар, сонымен қатар бір-бірінен түбірлі айырмашылықтары да бар. Ұқсас жақтары: 1) жай сөйлем де, құрмалас сөйлем де тілдің қарым-қатынас бірлігі, атқаратын қызметтері бірдей; 2) жай сөйлем де, құрмалас сөйлем де предикативтік қатынасқа ие, олар сөйлемдік қасиетке ие предикативтік орталықтан тұрады; 3) жай сөйлемде де, құрмалас сөйлемде де тиянақты интонация бар: ол сөйлемді аяқтап тұрады. Айырмашылықтары: 1) жай сөйлемде бір ғана предикативтік орталық болса, құрмалас сөйлемде екі не одан да көп предикативтік орталық болады; 2) жай сөйлемде бір ғана ой берілсе, құрмалас сөйлемде күрделі ой беріледі; 3) жай сөйлемдегі тиянақсыз интонация сөйлем мүшелерін мағыналық топтарға бөліп тұрса, құрмалас сөйлемде предикативтік топтарға бөледі.
Сонымен, құрмалас сөйлем деп екі не одан да көп предикативтік компоненттердің өзара лексика-семантикалық, грамматикалық тәсілдердің көмегімен мағыналық, құрылымдық, интонациялық біртұтастық жасап бірігуі арқылы күрделі ойды білдіруге қызмет ететін коммуникативтік бірлік түрін айтамыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   85




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет