Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының



бет14/36
Дата22.12.2021
өлшемі1,41 Mb.
#828
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   36
Ақтөбе қаласы.
Қуандық Зинешұлы ӘЛІШЕВ,

Қазақстан Республикасына айрықша

еңбегі сіңген дербес зейнеткер,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының

докторы, Жаратылыстану және

Ауыл шаруашылығы ғылым

академияларының академигі
ЖАСТАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ
Қонақбай Назарұлы – Кеңес Одағы армиясы қатарында он жыл бойына қызмет еткен, оның тең жартысында Ұлы Отан соғысының майдандарында болып, жеңіспен елге оралған, бейбіт кезеңде Ақтөбе өңірінің экономикасын дамытып, мәдениетін жақсартуға сүбелі үлес қосқан, кейінгі буын – жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, еңбекке, адамгершілікке баулыған қадірлі аға.

Мен оны 1962 жылдың мамыр айынан бастап білемін, жаңадан құрылған Темір аймақтық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы болып қызмет атқарып жүрді. Сол жылы күзде облыстық партия комитеті мені бұрынғы бес ұжымшар ізінде құрылған Ленин атындағы кеңшарға бас зоотехник қызметіне бекітті. Келесі жылы мамырда кеңшарда дербес партия ұйымы жасақталып, хатшылығына Қонекең сайланды. Сол кезден бастап біздер Қонекеңнен қолдау тауып, тәрбие алып, ағалық қамқорлығын көрдік.

Ағамыз бұдан бұрын облыстың үш ауданында аудандық партия комитетінің бірінші, екінші хатшысы, облыстық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерін атқарып, басқару саласында мол тәжірибе жинақтаған, халыққа, оның ішінде жастарға тәрбие беруді толық меңгерген, жан-жақты азамат еді. Оның жас мамандарға қамқорлығынан бір мысал жадымда сақталып қалыпты. Институтты бітіріп, дипломды енді ғана алған Сейітхан Әуезов біздің кеңшарда бас агроном болып, жұмысын бастады. Әрине, кәсіп сырын әлі жете меңгермеген, бірақ білімді, міндетін ынта-ықыласымен атқаруға тырысады, сөйтсе де кей реттерде кемшіліктер жіберіп алады. Бұл жайды дер кезінде айтып, бағыт сілтесе жөн болары анық. Өкінішке орай кеңшар директоры Иван Свиридович Черненко бұған дейін бір ғана есеп саласында жұмыс істеген, тым ұлтшыл адам еді. Шаруашылықтағы олқылықтардың бәрін мамандарға ысыра салып, өзі жақтырмаған адамнан құтылу жолын іздейтін. Бірден шам алып, Сейітханның соңына түсті, ақыры жұмыс істегеніне бір жыл толмастан өз бұйрығымен босатып жіберді.

Партком хатшысы Қонекең екеуміз Черненконың кабинетіне арнайы кіріп, бас агрономды босатуға құқығы жоқтығын айттық. Ол «Аймақтық басқарма бастығы Ж.Әміровпен келістім» деген уәжді алдымызға тартты. Қонекеңнің кеңесімен біз – екі маман басқарма партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқожа Орынбасаровқа барып, істің мән-жайын баяндадық. Ол:

-Үш күннен кейін түс қайта партком бюросының мәжілісін өткіземіз. Соған сен екеуің, кеңшардың директоры мен партком хатшысы – төртеуің келесіңдер, - деп, қайтарып жіберді.

Айтқан күнінде бюро мәжілісі біздің арызымызды қарады. Директор Черненко сұрақтарға жөнді жауап бере алмады, Әміровпен келіскенін оның көзінше айта алмай бұлғақтай бастады.

Партком хатшысы Қонақбай Назаровтың сөзі түйінді шықты.

-Директор бұл мәселе бойынша менен келісім сұраған жоқ. Мен келіспеймін. Партияның Орталық Комитетінің қаулысын орындай отырып, жас маманның еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау, ал кемшіліктері болса көрсетіп, баулу қажет. Менің пікірім – кеңшар басшысына бірбеткей шешімі үшін қатаң ескерту жасап, алда мұндай әділетсіздікті болдырмау керек. Сонда өзгелер де сабақ алады, - деді.

Қонекеңнің орнықты әңгімесін бюро мүшелері қолдады, Сейітхан Әуезов қайтадан өз қызметіне оралып, ары қарай жалғастырды.

Тағдыр ағамызбен маған «Пролетарий» кеңшарында да бірге жұмыс істеуді жазыпты. Мен – директормын, ол – партком хатшысы. Жалпы шаруашылық басшылығындағы азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақпен жұмыс істедік, науқандық шаруаларды ғылым жетістіктерімен ұштастыра жүргіздік. Нәтижесінде шығынға батып, облыста артта қалған шаруашылық алғашқы жылды табыспен қорытындылады, алдыңғы қатарға шықты. 1970 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыс қорытындысымен жеңімпаз атандық. Егіншілікте, мал шаруашылығында, әлеуметтік сала қызметтерінде күрт ілгерілеу байқалды. Кеңшар мамандары, оның ішінде бас мамандар жоғары немесе арнаулы орта оқу орындарын енді ғана бітірген жастар еді. Қонекеңнің ұдайы бағыт-бағдар көрсетіп, қамқорлық жасауы арқасында бірқатары өзге өңірлерге қызметке жоғарылатылды. Бас зоотехник Сабыр Қаналиев аспирантураны бітіріп, Әлия Молдағұлова атындағы кеңшар директорлығына тағайындалды, Жауынбай Қалымов «Ақтөбе» кеңшарының директоры болды, кейін Комсомол аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Аманкелді Көкеев партком хатшылығын абыроймен атқарды, кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушылығына шақырылды.

Қонекең екеуміз тіл табысып жұмыс істеп, кеңшар аумағында мәдени-спорттық шараларды өрістеттік. Бұл – жастар тәрбиесіндегі түйткілді мәселе еді. Футбол командасын құрғанымызда оның алғашқы мүшелері санатына партком хатшысының ұлдары Жалғас пен Болат ілікті. Команда бірінші жылы-ақ аудандық спартакиадада бас жүлдені жеңіп алды.

Ағамыз бен зайыбы, жаратылысынан тамаша жан Шолпан жеңгей ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп, білімге, еңбекке баулуы арқылы бәрімізді сүйсінтті. Ұлдың үлкені Жалғас еңбек жолын қатардағы есепшіліктен бастап, кейін кеңшар бас есепшісінің орынбасары, бас есепшісі болды. Сол Ақкемер ауылында шаңырақ көтерді. Үйлену тойына, екі қызының тұрмысқа шығу тойларына қатысып, жылы лебізімізді айтқанбыз. Одан кейінгі ұлы Болат тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекітуге айтарлықтай зор еңбек сіңіріп келеді, Елбасы тапсырмаларын орындауда іскерлігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп жүр. Талғат болса Алматы қаласында тұрады, кәсіпкерлікті ұршықша меңгеріп алды. Шолпан жеңгейді менің анаммен заманы бір, жақсы қарым-қатынаста болғаны үшін де ұмыта алмаймыз.

Біз – кешегі Кеңес Одағының игілігін де, ауыр зардаптарын да көрген буынбыз. Кезінде әлемдегі алып екі державаның бірі болды, экономикасы дамыды, мәдениетіміз жақсара түсті. Қазақ республикасындағы жер қойнауының байлығын, жыл сайын Отан қоймасына бір миллион пұттан астық құятынымызды, жайылымдық алқаптарында 35 миллион қой, миллиондаған ірі қара, жүздеген мың жылқы мен түйе өсірілетінін мақтаныш қып айтып жүрдік. Қазақстанда өндірілген ет өнімдері Ресейдің Мәскеу қаласына, Челябинск, Сведловск, Волгоград, Омск, Новосибирск облыстарына, Өзбек және Тәжік республикаларына, бес әскери округқа жөнелтілетін.

Бұл – мақтаныш, сөйтсе де Қонекең екеуміз оңаша әңгіме-дүкен құрғанымызда еліміздің тәуелсіздік алғанын аңсайтын едік. Көзіміз ашық, көңіліміз ояу, қалайша айналадағы көріністерге марғау қарайсың?! «Шіркін, ешкімге жалтақтамай ана тілімізде еркін көсіліп сөйлесек...» дейтінбіз.

Бір ғана шегініс. 1973 жылы қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде кеңшарға Мәскеуден СОКП Орталық Комитетінің нұсқаушысы Динякин, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Т.Бекенов, ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Х.Иманалин, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Ф.К.Раготин келіп, шаруашылықтың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Мал бордақылау алаңдарын, тауарлы-сүт фермасын, машина-трактор шеберханасын көрсеттік. Марқұм Темірғали Бекенов екеуміз алда қазақша сөйлесіп келе жатырмыз. Динякин және басқалары соңымызда жеті – он метр шамасында ілесіп келеді. Бір мезет мәскеулік қонақ бізді қуып жетіп: «Сіздер неге қазақша сөйлейсіңдер?» деп, дүрсе қоя берді. Онысымен тоқтамай: «Мен жүрген жерде тек орысша сөйлесіңдер» деп, шарт қойды.

Шыдамым таусылды, айтқаным:

-Түсініп алыңыз, сіз жөнінде әңгіме айтқан емеспіз. Бір мәселені ұққаныңыз дұрыс: республикамыздың Конституциясына сәйкес біздің қазақша сөйлеуге құқығымыз бар. Неге орынсыз жерден килігесіз? – болды.

Менің әңгімемді Қонекең де мақұлдады. Мәссаған, Денякиніміз сабасына түсе алмай:

-Енді мен кетемін, тек мына парткомның іс-қағаздарымен танысуым керек, - деді.

Бәріміз Назаровтың кабинетіне кірдік. Бас астананың астамсынған өкілі сырт киімдерін шешінбестен:

-Маған жеделдетіп қаулыларыңды бер, - деп талап қойды. Қонекең де түйсігі кең, орынсыз иліге бермейтін адам, ренжігенін байқатып:

-Керек болса, мә, - деп, бір бет қағазды ұсына салды. Денякин жынданған қалпында аузы көпіріп, Қонекеңді орысша сыбады да, қасындағыларды ертіп кетіп қалды.

Мен ештеңеге түсінбей аң-таң күйдемін. Әлгілер кеткесін Қонекеңнің кабинетіне қайта кіріп:

-Ол сонша ашуланатындай сіз қандай қағаз бердіңіз? – дедім.

Ағамыз қолыма ұстата салған қағазға қарасам, Денякиннің өзіне қажетті мәлімет жинау үшін берген жадынама-нұсқауы екен.

Мән-жайға қаныққан соң ағалы-інілі екеуміз мәз-мәйрам болып, ұзақ күлдік. «Ана тіліміздің сақталуына қосқан үлесіміз» деп қоямыз. Бір жағынан мәскеулік қонақтың көңіліне зіл сақтап кеткеніне, алдымыздан тосқауыл шығарына күмәніміз болмады. Кейін білдік: сапарының қорытындысында Денякин облыстық партия комитетінен Қонақбай Назаровты қызметінен босатуды талап еткен, маған «Саяси қызметке жарамайды» деген баға беріпті.

Әттең, Қонекең ағамыз Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанын, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілгенін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қазіргі заманды көре алмай кетті. Тәңірім ел-жұртыңа, ұрпағыңа амандық берсін, асыл аға!


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет