Буылтық құрттар (Annelida) типіне қосымша кластар ЭХИУРИДГЕР КЛАСЫ - ECHIURIDA Теңіздерде су түбін қазып өмір сүретін құрт тәрізді жануарлар. Денесі және целом қуысы сегменттерге бөлінбеген, полихеттерге (Polychaeta) тән трохофора личинкасы бар. 150 түрі бар.
Құрылысы мен физиологиясы.Сегменттелмеген денесінде ұзын, созылмайтын, пішінін өзгертпейтін өсіндісі немесе тұмсығы бар. Bonellia viridis-тің тұмсығының ұшы екіге айрылған. Тұмсықтың құрсақ жағы сәл ойыс және сумен бірге майда қоректік заттарды ауызға қарай айдайтын кірпікшелермен қапталған. Аузының артқы жағында екі ірі қылтан, оған қоса денесінің соңғы бөлімінде екі қатар майда қылтандар тәжі айнала орналасқан.
Денесінің сыртқы жағы тығыз кутикуламен қапталған және оның астын бір қабатты эпителий астарлаған. Эпителидің астында тері - бұлшықет қапшығы, ал одан тереңіректе целом қуысын астарлаған перитонеальды эпителий бар.