Жыныс жүйесі - гермафродитті. Медициналық сүліктің (Hirudo medicinalis) аналық жүйесі ұрық қапшығының ішінде орналасқан, тек бір жұп жұмыртқа безінен тұрады, одан жұмыртқа жолы шығып қысқа жатынға қосылады. Жатын кең бұлшыкетті қынапқа жалғасады. Жыныс тесігі құрсақ жағында аталық шағылыс мүшесінің жанында ашылады.
Аталық жыныс жүйесіндегі 9 жұп аталық бездері тұқым қапшықтарының ішінде, денесінің ортаңғы бөлігінде метамерлі орналасқан. Ұрық қапшықтарының әрбіреуінен жіңішке ұрық түтікшелері тарайды, олар оң және сол жақтағы ұрық жолына ашылады. Ұрық жолдары дененің алғашқы үштен бір бөлігіне келіп домалақтанып ұрық қалтасын түзейді. Екі ұрық жолы осы қалтадан шығып, бірігіп так ұрық шашатын түтігіне ұласады. Түтік бұлшықетті шағылыс мүшенің ішінде орналасып жыныс тесігімен аяқталады. Тұқым бүрку түтігіне қосымша бездер ашылады. Сүліктердің кейбір түрлерінде (Haementaria, Glossiphonia туысынан) шағылыс мүшесі дамымаған. Бұл жағдайда сперматозоидтар безді заттардан түзілген сперматофора деп аталатын сопақша келген қалташаның ішіне шығарылады. Аталықтары сперматофораны сүліктің аналық жыныс тесігіне жабыстырады немесе сүліктің қынабына енгізеді. Сперматофорадан шыққан сперматозоидтар жатынға түсіп, жұмыртқаларды іштей ұрықтандырады. Барлық сүліктердің жұмыртқаның ұрықтануы іштей өтеді. Ұрықтанған жұмыртқаларын сүліктер пілләнің ішіне салады.
Сүліктердің денесінің алдыңғы сегменттері аралығында белдеуше аймағы болады (медициналық сүлікте 9-10-сегментінде). Белдеушенің сілекей тері бездері ісініп шырышты пілләні шығарып тұрады. Медициналық сүліктің ұзындығы 2 см-ге дейін жететін пілләнің ішінде 20-ға жуық жұмыртқалары болады. Пілләлар су түбінде немесе су жағалауларында кездеседі. Helobdella stagnalis, Pratoclepsis tessellata-ның пілләсі құрсағына жабысқан.
Жұмыртқаларының бөлшектенуі олигохеттердікіне өте ұқсас спиральды детерминативті жолмен өтеді. Ұрықтарының даму сатысында кірпікшелерінің, целом қуысының болуы байқалады, кейін олар жойылып кетеді. Ересек формасының қалыптасуына D бластомераның ұрпағы маңызды қызмет атқарады. Осылардың 5 жұп ірі телобласт клеткаларынан 10 ұзын алқап клеткалары шығады кейін екеуінен мезодермальдық алқап, екеуінен құрсақ нерв тізбегі, қалған алтауынан эктодерма қабаты пайда болады.
Жалпы құрылысымен сүліктер азқылтанды құрттарға ұқсас. Екеуінде де тұқым бездері тұқым қапшығының ішінде орналасады, жұмыртқаларын пілләнін ішіне салады, дамуы личинкасыз. Ерекшелігі: жұмыртқаның ұрықтануы олигохеттерде сырттай (пілләнін ішінде), ал сүліктерде іштей өтеді.
Классификациясы. Сүліктер класы екі класс тармағына бөлінеді: ежелгі немесе ертедегі сүліктер - Archihirudinea және нағыз сүліктер - Euhirudinea.
ЕЖЕЛГІ СҮЛІКТЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - ARCHIHIRUDINEA
Денесінің алдыңғы сегменттерінде қылтандары бар. Целом метамерлі бөлшектерге бөлінген, қан айналу жүйесінің қан тамырлары жақсы жетілген. Бұған бір отряд жатады - қылтанды сүліктер - Acanthobdellida.
Қылтанды сүліктер отряды - Acanthobdellida
Албырт (лосось) балықтарының сыртқы паразиттері, солтүстік өлке көлдерінде, Сібір және Камчаткада кездеседі. Бір ғана тұқымдасы (Acanthobdellidae) бар. Денесі 30 сегментті, ұзындығы 30 мм, жуандығы 3 мм. Негізгі түрлері: Acanthobdella peledina және Acanthobdella livanovi.
НАҒЫЗ СҮЛІКТЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - EUHIRUDINEA
Қылтандары жоқ. Целом қуысы редукцияланып лакуна, синус түрінде қалған. Қан жүйесі де редукцияланып, оның қызметін лакуна жүйесі атқарады. Бұларға екі отряд жатады: тұмсықты сүліктер - Rhynchobdellida және жақты сүліктер -Gnathobdellida.
Тұмсықты сүліктер отряды - Rhynchobdellida
Бұл отрядқа еркін жүзетін және паразиттік тіршілік ететін сүліктер жатады. Тұмсықтарының болуымен ерекше. Ол ауыздан уақытша сыртқа шығып қорегіне қадалуға қабілетгі. Branchellion туысының өкілдерінде желбезектері болады. Негізгі тұқымдастары: Ichthyobdellidae, Glossiphonidae.
Балық сүліктері - (Ichthyobdellidae) тұқымдасының өкілдері балық шаруашылығына көп зиян келтіреді. Бұлар теңіздерде, тұщы суларда кең тараған. Негізгі өкілдері: балық сүлігі - Piscicola geometra, сүйекті балықтардың желбезегіне жабысып қанын сорады. Ұзындығы 20-50 мм, алдыңғы сорғышы жақсы дамыған, диск тәрізді, денесінен айқын бөлініп тұрады (98,Г-сурет). Көл, өзен, тоспа суларда кездеседі. Pescicola caspica - Каспий теңізінде мекендейтін, сүйекті және бекіре балықтардың паразиттері, ұзындығы 8 мм шамасында. Cystobranchys fasicatus - жайынның, C.mammillatus - налимнің паразиті. Trachelobdella turkestanica Орта-лык Азияда (Іле өзенінде) кең тараған қаяз бен маринканың паразиті.
Жалпақ сүліктер (Glossiphonidae) тұқымдасының өкілдері әр түрлі омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың паразиттері. Protoclepsis туысының өкілдері құстардың жұтқыншағы мен кеңірдегінде паразиттік тіршілік етеді. Haementeria costata - тасбақалардың, Batracobdella algira - қосмекенділердің, Glossiphonia complanata - ұлулардың паразиттері.
Кейбір сүліктер өз ұрпағының дамуына қамқорлық жасайды. Жұмыртқаларын денесімен жауып немесе жас ұрпақтарын денесінде алып жүреді. Ондай түрлеріне Glossiphonia және Haementeria туыстары жатады.
Жақты сүліктер отряды - Gnathobdellida
Ауыз қуысындағы үш хитинді тістері арқылы тісті ара сияқты жақты құрайды. Еркін тіршілік ететін және паразитті формалар. Негізгі тұқымдастары: Gnathobdellidae, Heфobdellidae.
Жақты сүліктер (Gnathobdellidae) тұқымдасының негізгі өкілі медициналық сүлік - Hirudo medicinalis. Қоғалы көлдерде, өзен қайырларында, тоспаларда, ағын суларда, Сырдария бойларында, Кавказ суларында өте көп. Ұзындығы 120-150 мм, алдыңғы және артқы сорғыштары жақсы жетілген (98, А-сурет). Омыртқалы жануарлардың қанымен қоректенеді.
Медицинада кейбір ауруды сүлік салып емдеу әдісі ертеден бар. Мұны бделлотерапия дейді. Сүліктің 15-ке жуық түрі емге пайдаланылады.
Медициналық сүлікгі гипертония, склероз, инсульт, көз, тері ауруларын емдеуге қолданады. Сүліктің гирудин затынан дәрі-дәрмек жасайды.
Адамға және малға қауіпті сүліктердің бірі - жылқы сүлігі (Limnatis nilotica). Ол сумен бірге жұтылып жұтқыншаққа, кеңірдекке жабысып, қанның тоқталмай ағуына себепкер болады. Ашхабадта, Самарқандыда, Бұқарада кездеседі.
Қан сормайтын сүліктердің ішінде жалған жылқы сүлігі - (Haemopis sanguisuga) барлық тұщы суларда кең тараған. Олар моллюскалармен, құрттармен, насекомдардың личинкаларымен қоректенетін жыртқыштар.
Haemadispa туысының өкілдері құрлықта тіршілік етіп, адамның және сүтқоректілердің қанын сорады.
Жұтқыншакты сүліктер (Herpobdellidae) тұқымдасының өкілдері жыртқыштар - ұсақ құрттармен, насекомдардың личинкаларымен қоректенеді. Үлкен, ұшқырлы жұтқыншағы болады. Артқы сорғышы дамымаған. Тұщы суларда жиі кездеседі. Қара теңіз, Каспий жағалауларында да мекендейді.
Достарыңызбен бөлісу: |