Қан айналу жүйесі ашық типті. Гемолимфа қан тамырларының ішінде қозғалып, кейін арнайы қабырғалармен шектелмеген дене қуысының бөлімдері - синустарға құйылады.
Аса қарапайым формаларында жүрегінің құрылысы метамерлі: ол - әрбір сегментінде жұп остиясы бар бүкіл дененің арқа жағымен ұзына бойы созылатын түтік (кейбір желбезекаяқтыларда). Бірақ Cladocera-да (Phyllopoda отряды) жүректің қанды араластыруға ғана қабілеті бар, бір жұп остиясы бар, қапшық деңгейіне дейін қысқаруы байқалады. Жоғарғы сатыдағы шаяндарда да ұзын түтікті жүрегі бар формалары болады (Amphipoda және ауызаяқты шаяндар - Stomatopoda отряды). Онаяқтылардың (Decapoda отряды), мысалы өзен шаянының, үш жұп остиясы бар қысқа жүрегі болады.
Қан айналу жүйесі тыныс алу мүшелерінің даму деңгейімен белгілі дәрежеде байланыста. Егер, желбезек қызметін кеуде аяқтарының эпиподиттері атқарса, онда жүрек түгелімен кеудеде жатады, ал тыныс алуға құрсақ аяқтарының эпиподиттері жұмсалса, жүрек құрсақта орналасады.
Жүректің алдыңғы, ал кейде артқы шетінен де алдыңғы және артқы аорталар деп аталатын ірі қан тамырлары басталады. Қан айналудың тәсілдері алуан түрлі. Солардан өзен шаянының қан айналу жүйесін қарастырайық. (103-сурет). Перикардия қуысындағы жүректен бірнеше ірі қан тамырлары тарайды: алдыңғы аорта (қолқа); антеннальды артериялар; жоғарғы және төменгі құрсақ артериялары; нерв асты артериясы. Осы қан тамырлары тарамдалып, кейін үзіледі де, ішіндегі гемолимфа сұйықтығы миксоцель қуысына құйылып ішкі мүшелерінің арасымен өтіп, оттегін таратады. Дене қуысынан веналық қан (көмірқышқыл газына бай) венозды қан тамырлары арқылы желбезектерге барады, сол жерде гемолимфа оттегіне қанығады да, желбезек - жүрек қан тамырлары арқылы перикардийге, одан әрі остий арқылы жүрекке құйылады.
Көп жағдайда шаянтәрізділердің гемолимфасы түссіз, бірақ кейбір кезде плазмада ерітілген гемоглобиннің әсерінен қызыл түске боялған. Кейбір онаяқты шаяндардың (крабтардың біразы) гемолимфасы көгілдір немесе ауа тигенде көкке боялады, ол құрамында мыс және оттегінің тасымалдануын реттейтін тыныс пигменті - гемоцианиннің болуына байланысты.