Сколопендралар ең ірі ерінаяқтылар, мысалы, алып сколопендраның (Scolopendra gigantea) ұзындығы 26 см. Бұлар тропиктік және субтропиктік аймақтарда мекендейді. Оңтүстікте аздаған түрлері бар. Тропикалық түрлерінің түсі сары, сарғыш-жасыл, ашық-жасыл, көк. Біреулерінің арқасындағы сарғыш фонында ұзынынан көк немесе қара жолақтары болады. Сколопендралар - жыртқыштар, ұсақ омыртқасыздармен (насекомдар, өрмекшілер, моллюскалар) қоректенеді және де кесіртке, бақа, құрбақа, кішірек құстарға шабуыл жасайды. Өсімдік қоректерінен де бас тартпайды. Сколопендралардың уы адамдарға да әсер етеді, кейде сколопендраның жүріп өткен тері бетінде, оның тырнақтарының іздері қалады (қызылдақтар қатары). Кариб теңізінің жағалауында және Оңтүстік Американың солтүстік батысында кең тараған алып сколопендраның шағуы адамға өте қауіпті.
Сколопендралар түнгі жануарлар, күндіз ылғалды, қараңғы тасаларда, тастың астында жасырынып жатады. Кейбіреулері тастың астында тереңдігі 2,5 см-дей, диаметрі 10 см-ге дейін тұрғын камерасын қазады. Сколопендралардың 21 жұп жүру аяқтары бар, ең соңғы жұбы ерекше қорғаныш және шабуыл құралына айналған, бұлар ұзарған, ұшы иілген, үшкірленіп бітеді, қылтәрізді аяқтар деп аталады.
Көбеюі кезінде едәуір ұзақ неке ойындары орындалады. Хорст Фюллердің айтуы бойынша неке ойыны үш фазада жүреді, әрбір фазасы сағаттар бойы созылады. Ойынның соңғы фазасында аталығы жолдың қабырғасына немесе іннің бір жеріне өрмек жіптерінен өрмек шеңберін түзейді де, оның астына ұзындығы 2 мм-дей сперматофораларын салады. Аталығы аналығын соңынан ертіп шеңбер арқылы өтеді, сол кезде аналығы денесінің артқы ұшындағы ерекше жыныс мүшелерімен сперматофораларды жинайды. Ұрықтанған соң аналығы інге немесе басқа бір ыңғайлы жерге 15-20, кейде 33-ке дейін жұмыртқаларын салады, оларды бөліп шығаратын сұйықтықпен біріктіріп орайды да, өзінің ұзын денесімен жабады. Осы күйінде аналығы ештеңе жеместен бірнеше апта бойы жатады, тек анда-санда жұмыртқаларына саңырауқұлақ немесе бактерия инфекциялары жұқпау үшін, оларды жалайды. Жұмыртқадан шыққан "қырықаяқтар" аналығына өте ұқсас, тек әлі аппақ және қозғалмайды, үшінші түлеуден кейін қозғалғыш болып, аналықты тастап, әрқайсысы өз жолымен кетеді.
Сколопендралардың кейбір түрлері партеногенез жолымен көбейеді. Мысалы, Солтүстік Кавказда, Оңтүстік Украинада сколопендралардың тек аналықтары ғана кездеседі.
Сколопендралар отрядына екі тұқымдасы жатады: нағыз сколопендралар - Scolopendridae және соқыр сколопендралар - Cryptopidae, 900-ге жуық түрі бар. Негізгі өкілдері: алып сколопендра (Scolopendra gigantea), сақиналы сколопендра (Scolopendra cingulata), калифорния сколопендрасы (Scolopendra heros), ризида (Rhysida afra), жапырақаяқты сколопендра (Alipes), дала соқыр сколопендрасы (Cryptops anomalans). Соңғысы біздің елімізде жиі кездеседі, ұзыңдығы 4 см, сарғыш түсті, шапшаң қозғалады.
Достарыңызбен бөлісу: |