Классификациясы. Көпаяқтылар класы 4 класс тармағына бөлінеді: симфилалар - Symphyla, пауроподалар - Pauropoda, ерінаяқтылар - Chilopoda және қосжұпаяқтылар немесе кивсяктар - Diplopoda.
СИМФИЛАЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - SYMPHYLA
Ақ түсті немесе сарғыштау болып келген, ұзындығы 1 см-ге дейін ұсақ көпаяқтылар, топырақ арасында, түсіп қалған жапырақтардың, тастардың астында тіршілік етеді, шапшаң қозғалады. Мұртшалары жіп тәрізді ұзын, көпбуынды, үш жұп ауыз аяқтары бар, көздері болмайды. Трахея арқылы тыныс алады, бір жұп стигмалары бас бөлімінде орналасқан. Жүру аяқтары 12 жұп, ал дене сегменттерінің саны 15-тен 22-ге дейін. Аяқтарының түбінде өте ұсақ өскіндер (грифелькалар) және томпайып тұратын дорбалары бар. Осы белгілерімен және ауыз аппараттарының құрылысымен симфилалар алғашқы қанатсыз насекомдарға ұқсас. Соңғы тұлға сегментінде жұп церкалары орналасқан, оның түбінде өрмек безінің тесігі ашылады. Жыныс жүйесі денесінің алдыңғы бөлімінде орналасып, тесігі тұлғаның үшінші сегментінде ашылады, тек Polyxenellidae тұқымдасында - жыныс жүйесі артқы бөлімінде. Даму жолы анаморфоз ұрықтану кезінде аталықтары сперматофораларын топыраққа жабыстырып қояды. Аналықтары сперматофораны аузымен алып, айрықша жақ қалташығына салады да, жыныс тесігінен шыққан жұмыртқаларын аузында сақтап, сол жерде оларды ұрықтандырып, содан кейін топыраққа түсіреді. 10 күннен кейін жұмыртқадан личинка шығады, Scutigerella туысының личинкалары 6 жұп, ал Hanseniella - 7 жұп аяқты. Ересек түрлері 6 жыл өмір сүреді.
150-ге жуық түрі бар, барлық аймақтарда (Антарктидадан басқа) кең тараған. Негізгі өкілі Scolopendrella immaculata, ұзындығы 8 мм, мекені орталық, және оңтүстік Еуропаның орманды аймағы. Шіріген өсімдік қалдықтарымен қоректенеді. Кейбір түрлері өсімдіктерге зиян келтіреді. Негізгі туыстары: Scolopendrella, Scutigerella, Hanseniella (130-сурет).
ПАУРОПОДАЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - PAUROPODA
350-ге жуық түрі бар, ұзындығы 1 -2 мм, өте ұсақ көпаяқтылар. Денесі 10 сегментті, жақсы дамыған 9 жұп жүру аяқтары бар, Соңғы сегменті аяқсыз. Мұртшасының (антеннасының) ұшы үш тармақты, ауыз аппараты екі жұп жақ тақтасынан тұрады: үстіңгі жақ - мандибула және жұпсыз гнатохилярий (бірігіп кеткен төменгі жақ). Бас бөлімінен кейінгі "мойын" сегменті - ол максилла II. Пауроподалардың денесі жұмсақ хитинді кутикуламен қапталынған, тыныс мүшесі дамымай, бүкіл денесімен тыныс алады. Тұлға бөлімінің арқа жағында, бүйірлерінде 5 жұп ұзын сезгіш қылтанаяқтары бар. Даму жолы анаморфоз. Жұмыртқаларын топыраққа топтастырып салады, 12-14 күннен кейін алты аяқты личинкалары шығады. Даму кезеңі 3-4 ай.
Пауроподалар ылғалды жерлерде кең тараған, көбінесе шіріген өсімдік қалдықтарының арасында, топырақта, жапырақтардың астында, шіріген ағаштардың ішінде. Ұсақ кенелерді және детритті қорек етеді. Негізгі туыстары: Pauropus, Eurypauropus. Pauropus туысының өкілдері ұзындау, жылдам қозғалады, ал Eurypauropus жалпақтау, өте жай қозғалады. Негізгі өкілі Pauropus silvaticus, ұзындығы 1 мм. Еуропада кең тараған (130-сурет).
ЕРІНАЯҚТЫЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - CHILOPODA
3000-ға жуық түрі бар, ұзындығы 23 см-ге дейін ірі көпаяқтылар. Денесі дорзовентральді бағытта жалпайып ұзарған. Мұртшалары (антенналары) жіп тәрізді, ұзын, көпбуынды. Мұртшаларының түбінде қарапайым көзшелер шоғырланған, кейбіреулерінде көздері жоқ. Ауыз аппараты үстіңгі жақ - мандибуладан және екі жұп астыңғы жақтан (максилла I, максилла II) құрылған. Тұлға бөлімінің бірінші жұп аяқтары ауызаяғына айналған (класс тармағының аты да осыдан), оларды жақаяқтары деп те атайды. Жақаяқтары алты буынды болып, ұштары сүйірленіп, өткір тырнаққа айналған. Бұлардың негізгі буыны өзінің жұбымен түйісіп тақтаны құрайды, олардың алдыңғы жағында тістері бар. Жақаяқтарының тырнақ ұшына улы бездерінің өзектері ашылған.
Тұлға бөлімі сегменттелген, әрбір сегментінде жұп жүргіш аяқтары бар. Соңғы жұп аяқтары басқасынан ұзын, артқа қарай бағытталып дәм сезу, иіс сезу, қорғаныш, ұстағыш қызметін атқарады. Соңғы жұп аяқтың түбінде орналасқан коксальды бездері өрмек жіпті бөледі, оны жемтігін орау үшін қолданады, ал ұрықтанғанда оған сперматофораларын салады. Даму жолы анаморфоз. Көбінесе тропикалық және субтропикалық елдерде тараған, түнде белсенді өмір сүретін жыртқыштар, топырақта, ағаштардың, жапырақтардың, тастардың астында тығылып жатады.
Ерінаяқтылар класс тармағы төрт отрядқа бөлінеді: геофилалар - Geophilo-morpha, сколопендралар - Scolopendromorpha, костянкалар - Lithobiomorpha, скутигералар - Scutigeromorpha.
Достарыңызбен бөлісу: |