Казақстан республикасының білім және ғылым министрлігі к. Ә. ДӘуітбаева



бет146/155
Дата24.04.2022
өлшемі2,44 Mb.
#140657
1   ...   142   143   144   145   146   147   148   149   ...   155
Байланысты:
zoo

Сезім мүшелері жақсы жетілген және әр түрлі. Өрмекшілердің педипальпаларындағы ретімен орналасқан түктері механикалық әсерлерді қабылдайды. Ауа тербелістерін сезетін арнайы түктер - трихоботриялар педипальпаларында, аяқтарында және дененің жоғарғы жағында, ал химиялық өзгерістерді сезетін және иіс сезу қызметін атқаратын лира тәрізді мүшелері кутикулада шағын саңылаулар түрінде орналасқан. Олардың түбіндегі жарғақшаларын нерв талшықтары торлап жатады.
Көздері қарапайым, баскеуденің дорзальды жағында әдетте бірнеше - 12, 8, 6, ал кейде 2 көзі болады. Құршаяндардың жұп ірі көздері баскеуденің ортанғы бөлігінде, ал 2-5 жұп көздері бүйірінде орналасқан. Өрмекшілердің 8 көздері 2 доға түрінде орналасқан, алдыңғы доғаның ортаңғы көздері басқаларына қарағанда ірілеу келеді. Құршаяндар бір-бірін 2-3 см, ал кейбір өрмекшілер 20-30 см қашықтықтан көре алады.
Өрмекшітәрізділердің улы және усыз бездері гиподерма клеткаларынан дамыған.
Улы бездері өрмекшілерде, құршаяндарда, кейбір жалған құршаяндарда және кенелерде болады. Өрмекшілерде олар хелицералардың түп жағында орналасып, сыртқа хелицера тырнағының ұшында ашылады. Құршаяндарда улы бездері құйрығының ең соңғы бөлігінде орналасып, сыртқа арнайы иненің ұшына ашылады.
Өрмек бездері тек өрмекшілер отрядының өкілдерінде ғана бар, олар құрсағының төменгі жағында орналасып, сыртқа өрмек сүйелдерінің төбесінде ашы­лады. Кресті өрмекшінің (Araneus diadematus) үш жұп өрмек сүйелдері бар (121-сурет). Өрмек бездерінің пішіні әр түрлі: алмұрт, түтік, ампула, бұтақты ағаш тәрізді. Олардан бөлінген сұйық зат ауада тез қатады да, өрмек жібіне айналады. Бұларды өрмекшілер тор құру, ұстап алған жемтігін орап тастау, жұмыртқа пілдесін жасау үшін қолданады.
Жыныс жүйесі. Өрмекшітәрізділер дара жыныстылар. Жыныс безі құрсағында орналасқан және көптеген түрлерінде жұп болады. Көбіне оң және сол гонадалары қосылған. Құршаяндардың аталықтарында екі ұрық бездері болады (әрқайсысы жалғасқан түтік), ал аналықтарында аналық безі біртұтас. Ол біріккен үш түтіктен тұрады (122-сурет). Өрмекшінің аталық және аналық бездері әдетте жұп болады, кейде аналықтарында ұрық бездері соңғы жағында бүтін гонадаға біріккен. Гонадалардан әрқашан жұп жыныс тармақтары шығады да, олар құрсақтың алдыңғы жағында қосылып жыныс тесігі арқылы сыртқа ашылады. Барлық өрмекшітәрізділердің жыныс тесігі құрсақтың бірінші сегментінде ашылады. Аталықтарында әр түрлі қосымша бездері, аналықтарында ұрық қабылдағышы дамиды.
Дамуы. Өрмекшітәрізділердің арғы тегінде болған сырттай ұрықтанумен қатар, оларда іштей ұрықтануда дамып қалыптасқан. Қарапайым түрлерінде сперматофора арқылы ұрықтануы болса, күрделі құрылысты формаларында копуляция кездеседі. Сперматофор - ішінде белгілі бір мөлшерде тұқым сұйықтығы бар бөлінген аталық қапшық. Қапшықтың ішіндегі сұйықтық сперманы ауада құрғап кетуден сақтайды. Жалған құршаяндардың және кенелердің көп түрлерінің аталықтары өздерінің сперматофораларын топыраққа тастайды, ал аналықтары оны өзінің сыртқы жыныс мүшесімен іліп алады. Екеуі де сол кезде соған тән қозғалыс жасап "махаббат" биін орындайды. Өрмекшітәрізділердің көпшілігінде аталықтары сперматофораны аналық жыныс тесігіне хелицералардың көмегімен енгізеді. Кейбір түрлерінде шағылысу мүшелері болады да, сперматофоралары жойылады. Кейде копуляцияның жүруіне жыныс мүшелерінің құрамына кірмейтін дене бөліктері де қатысады. Мысалы, аталық өрмекшілердің - түрі өзгерген педипальпалары шағылыс мүшесінің қызметін атқарады.
Өрмекшілердің көбі жұмыртқа салады, ал құршаяндарда, жалған құршаяндарда және кенелердің кейбір түрлерінде тірі туу байқалады. Жұмыртқалары ірі, сарыуызға бай, сондықтан бөлінуі жарым-жартылай беткейлік жүреді. Кейіннен құрсақ жағынан көп қабатты тақта тәрізді ұрық жолағы түзіледі. Оның жоғарғы беткі қабаты эктодермадан дамыған, одан төмен, яғни тереңірек жатқан қабат - мезодермадан, ал одан ең терең қабат (сарыуызға батып жатады) энтодермадан дамыған. Ұрықтың қалған бөлігі тек эктодермамен қапталған. Ұрықтың денесі ұрық жолағынан дамиды.
Даму сатыларында ұрық денесіндегі сегменттердің саны ересек жануарларға қарағанда көбірек. Мысалы, өрмекшілердің ұрығындағы құрсақ сегменттерінің саны - 12, оның алдыңғы 4-5 сегментінде ұрықтың аяқтары болады. Одан әрі даму кезінде құрсақ сегменттері бірігеді де тұтас құрсақ құралады. Құршаяндар құрсағының алдыңғы сегменттерінде аяқтары пайда болып, олардың алдыңғы жұбы жыныс қақпақшаларын түзейді, екіншісі - ескекті мүшелерді, қалған аяқтарының дамуы өкпенің түзілуімен байланысты. Мұның барлығы Arachnida класы өкілдерінің жақсы бунақталғандығын және тек баскеудеде ғана емес, сонымен қатар құрсағында да дамыған сегменттері және аяқтары бар арғы тектерден шыққандығын көрсетеді. Өрмекшітәрізділердің дамуы тура, тек кенелерде метаморфоз немесе түр өзгеріс байқалады.
Классификациясы. Өрмекшітәрізділер класы көптеген отрядтарға бөлінеді, солардың ішінен кең тараған және маңызды отрядтарын қарастырамыз: құршаяндар - Scorpiones, жалған құршаяндар - Pseudoscorpiones, қылаяқтылар Pedipalpi, пішеншілер - Opiliones, түкі бүйі немесе сольпугалар - Solifugae, өрмекшілер - Агапеі, кенелер - Асагі.
Құршаяндар отряды - Scorpiones
Құршаяндар - ұзындығы 1-20 см-ге дейін, төменгі сатыдағы өрмекшітәрізділер. Денесі 2 негізгі бөлімнен: баскеуде және құрсақтан тұрады. Олардың арасындағы шегі дененің арқа жағынан айқын көрінеді. Құршаянның дене ұзындығының 1/10 бөлігі цефалоторакс немесе баскеуде. Арқа жағынан ол карапакспен, немесе қалқаншамен жабылған. Карапакс акронның және баскеуденің тергиттерінің қосылуынан құралған.
Баскеудедегі карапакс орталығының маңында екі медиальды көзі және бүйір жақтарында бірнеше жұп көздері бар.
Дененің айқын сегменттелген екінші бөлімі - абдомен немесе құрсақ, 12 сегменттен және тельсоннан тұрады. Ол екіге бөлінген: алдыңғы құрсақ бөлімі -мезасомаға және артқы метасомаға. Мезасома - кең 6 сегментті. Оның алғашқы екеуі қаруланған. Метасоманың 6 сегменттері алғашқыларына қарағанда жіңішкелеу (117-сурет). Тельсонның ұшында имек, үшкір шаншары бар көбікше болады, оның ішінде екі улы бездер орналасқан, өзегі шаншарға жалғасып, сыртқа ашылады. Уы ұсақ жануарларға қауіпті, ал адам үшін онша қауіпті емес, бірақ едәуір әсері бар.
Хелицералары - аяқтардың алғашқы жұбы - дененің бас жағында, ауыз тесігінің алдында орналасқан. Олар үш буынды. Солардың алғашқысы қысқа және баскеуде қалқанның астында жасырылған. Келесі екі буындары қысқыштар, яғни екінші буыны - қысқыштың қозғалмайтын бармағы, ал дистальды буыны - қысқыштың қозғалатын бармағы. Екі бармақтың ішкі жақтары хитинделген тістермен қапталған. Хелицералардың көмегімен құршаяндардың жемтігі бөлшектеніп, майдаланады және сыртқа көп мөлшерде ас қорыту сөлі шығарылады. Сөйтіп жемтік ас ботқаға айналып, сорып қорытылады.
Аяқтарының екінші жұбы - педипальпалары (латынша pedes-аяқ, раірае-сезу) - жақаяқтары, немесе аяқ қармалауыштары. Өзара жылжымалы байланысқан, 6 буындардан тұрады. Солардың соңғы екеуі нағыз қысқыштарға айналған. Педипальпалардың негізгі қызметі - сезу, жемтік ұстау, жаудан қорғану.
Баскеуденің барлық аяқтарының ішінде жүретін аяқтары біршама біркелкі құрылысты. Олардың саны сегізден аспайды. Әрқайсысы буындардан құралған. Жүретін аяқтардың проксимальды буыны - жамбасша (cocsa) деп аталады. Одан кейін қысқа ұршықбас (trachanter), ал одан кейін едәуір ұзын келетін сан (femur) және сирақ (tibia). Жүретін аяқтардың соңғы буындары башпайды құрайды (tarsus). Оның ұшында бір немесе бірнеше тырнақшалары бар. Жүретін аяқтарымен қатты топырақтың бетінде құршаян жылжи алады.
Құршаяндар - дара жыныстылар. Аталықтардың жыныс бездері екеу, әрқайсысы көлденең тармақтармен байланысқан екі түтікшеден тұрады. Тұқым жолдарының да саны екеу, олардың ақырғы бөлімінде тұқым көпіршігі және қосымша безі бар. Аналықтың жыныс аппараты құрсақтың алдыңғы бөлігінде жататын көлденең өсінділермен өзара байланысқан үш көлденең түтікшелерден тұрады. Солардың барлық қабырғаларында жұмыртқа фолликулалары дамиды. Қазіргі құршаяндардың ежелгілерден айырмашылығы аз.
Құршаяндардың 750-ге жуық түрлері бар. Олар негізінде субтропикалық және тропикалық аймақтарда, сондай-ақ Орталық Азияда, Қазақстанның оңтүстігінде Buthus және Euscorpius туыстың өкілдері көбінесе шөлді құмдарда мекендейді.
Құршаяндар түнде тіршілік ететін жыртқыштар, күндіз тастардың, түбірлердің, басқа жерлердегі қуыстарда паналайды. Қоректері - көбінесе насекомдар, өрмекшілер.

Жалған құршаяндар отряды - Pseudoscorpiones


Жалған құршаяндар өзінің үлкен қысқыш тәрізді педипальпалары және 11 сегментті құрсағымен біршама құршаяндарға ұқсас (отрядтың аталуы да осыдан). Құрсағы алдыңғы және артқы бөліктерге бөлінбеген. Педипальпалары үлкен болғандықтан, жалған құршаяндар оларды көтеріп жорғалайды. Жақтардың қызметін хелицералардың және педипальпалардың буын­дары атқарады және хелицераларында педипальпаларды тазалайтын тарақшалары болады.
Баскеудесіндегі өрмек бездерінің тармақтары хелицералардың жылжымалы қосындыларының ұштарында ашылады. Олардан бөлінген өрмектен ұя жасалады.
Өкпелері жоқ, екі жұп трахеяларымен тыныс алады. Стигмалары (тыныс алу саңылаулары) құрсақтың 2-ші және 3-ші сегменттерінің бүйір жағында орналасқан.
Нерв жүйесі - коннективтермен жалғасқан бас және жұтқыншақ асты ганглиялар. Кейде 1 немесе 2 бүйір көздері болады.
Жалған кұршаяндардың көбеюі және ұрықтың дамуы ерекше.
Аналықтың және аталықтың жыныс тесіктері құрсақтың 2-ші және 3-ші сегменттерінің арасында ашылады. Аталық сперматозоидтары аналық жыныс жолдарына сперматофораның көмегімен өтеді. Аталық пен аналық бір-біріне қарама-қарсы орналасып, аталық денесімен және педипальпаларымен ерекше қимылдар жасайды. Құрсақпен субстратқа жанасып, бір тамшы жабысқақ секрет бөліп шығарады да, оны қататын сабақшаға ұзартып, ұшына сперматозоидтармен толтырылған сперматофор қапшығын жабыстырып қояды. Сонан соң аналығы сперматофораның үстіне қонып оны тұқым қабылдағыш тесігіне кіргізеді. Ұрықтанған жұмыртқалары өте ұсақ және сарыуызы аз. Аналығы оларды құрсақтың үстінде орналасқан, өрмек жіпшелермен оралған ерекше ұрық камерада тасиды. Эмбриондар камераның қабырғаларына жабысып, аналық безден камераға түсетін сарыуызбен қоректенеді. Соны соруға арналған күшті сорғыш мүшелері дамиды. Ұрық камераларынан шыққан алғашқы личинкалары әрі қарай қоректене береді. Бірінші түлеуден кейін екінші личинкалар түзіледі, олар ересек түрлеріне ұқсас, кейін өз бетінше қоректене бастайды.
Жалған құршаяндардың 1300-ге жуық түрлері белгілі. Олардың мөлшері 1-7 мм. Көпшілік жағдайда олар топырақта, тастардың, түбірлердің астында және тамырлар арасында, ормандағы топырақтың қиқымында, үйлерде, Chelifer cancroides - кітап жалған құршаяны - кітаптарда, коллекцияларда және гербарийлер арасында тіршілік етеді (123-сурет).
Жалған құршаяндар - жыртқыштар. Олар майда насекомдармен және кенелермен қоректеніп пайда келтіреді.
Қылаяқтылар отряды - Pedipalpi
Қылаяқтылар құршаяндарға (Scorpiones) ұқсас, тек 10 сегментті құрсағы алдыңғы және артқы бөлімдерге бөлінбеген. Педипальпаларының ұшы қоректі ұстау және оны ауызға жеткізу қызметін атқаратын қысқыштар түрінде дамыған.
Алдыңғы жіңішке жұп аяқтары 7-10 буынды, сезу қызметін атқаратын табаншамен аяқталады. Осыған байланысты оларды "қылаяқтылар" деп атайды.
Баскеуде бөлімі ұзын, 7 сегментті, соңғысы құрсақ бөлімін байланыстыратын сабақшаға айналған (сольпугаларға ұқсас).
Құрсақтың соңғы сегментінде аналь тесігі және құмырсқа қышқылы бөлінетін (қорғау қызметі) екі без тесіктері бар, құрсақтың ең соңғы буыны ұзынша келген, сегменттелген жіпшені сүйретіп жүреді (123-сурет).
Тыныс алу жүйесі - екі жұп қапшық тәрізді өкпелер.
Қылаяқтыларда алдыңғы жұп көздерімен қатар бүйірінде үш жұп көзшелері болады. Лира тәрізді сезу мүшелерімен бірге оларда сезу кірпікшелері де болады. Дара жыныстылар.
Қылаяқтылардың 180-ге жуық түрі бар. Көпшілігі тропикалық аймақтарда тіршілік етеді. Ұзындығы 75 мм-ге дейін. Түнгі жыртқыштар, күндіз індеріне тығылады. Аналықтары ұрпағына қамқорлық көрсетеді, жұмыртқаларды қорғайды. Негізгі өкілдері: Telyphonus caudatus - Зонд архипелагында, T.amurensis - теңіз жағалауында, Phrynichus reniformis - Үндістанда, Цейлонда, Шығыс Африкада мекендейді.
Пішеншілер отряды - Opiliones
Өрмекшілерге ұқсас, бірақ олардан жіңішке әрі ұзын (16 см-ге дейін) аяқтарымен ерекше. Аяқтарын ұстағанда соңғылары өте жеңіл үзіліп, біраз уақыттың ішінде дірілдеп созылып қозғалып тұрады (бұл олардың аутотомия екендігін көрсетеді). Соған байланысты оларды пішеншілер деп атайды. Денесінің ұзындығы 1-22 мм.
Құрсағы 9-10 сегментті, негізгі кең буыны арқылы баскеуде бөлімімен байланысқан.
Хелицералары қысқыш тәрізді. Түтікшелі трахеялары арқылы тыныс алады. Өрмек және улы бездері жоқ.
Пішеншілердің 4000-ға жуық түрлері бар. Көбісі жыртқыштар, өрмекшілермен, көпаяқтылармен, шырышты ұлулармен және насекомдармен қоректенеді. Кәдімгі пішенші Phalangium opilio қашауларда, ағаштарда, үйлердің қабырғаларының бұрыштарында кездеседі (123-сурет).
Түкті бүйі немесе сольпуталар отряды - Solifugae
Тропикалық және субтропикалық далалар мен шөлдерде кездесетін өрмекшітәрізділердің ең ірілері - сольпугалар. Ұзындығы 1-7 см-ге дейін. Оларды улылардың қатарына жатқызады, бірақ та сольпугаларда улы бездері болмайды. Күшті дамыған хелицераларымен адамды шаққанда денені өте терең жарақаттайды. Хелицераларының арасында қалған улы токсиндер (өлік бұзылғанда пайда болатын у) жарақат арқылы қанға өтіп денені қабындырады.
Сольпугалардың баскеуде бөлімі пропельтидий деп аталатын (хелицераларды, педипальпаларды және екі жұп жүру аяқтарды таситын тұтас бір сегмент) және екі сегментгі "кеуде" деп аталатын бөлімдерден тұрады. Құрсағы 10 сегментті. Денесін және аяқтарын ұзынша келген түктер қаптаған. Хелицералары қысқыш түрінде, жүру аяқтарына ұқсас, педипальпалары ұсақ жемтіктерін ұстап алу, жүру және сондай-ақ сезу қызметін атқаратын колба тәрізді кілегейлі қосындыларымен аяқталады. Тыныс алу қызметін бұтақталған түтікшелер мен трахеялар атқарады. Бұлардың басты түтігі сыртқа үш жұп тесіктері арқылы ашылады. Сольпугалардың 800-ге жуық түрі бар. Олар жылы, құрғақ аймақтарда, түнде тіршілік ететін жыртқыштар, буынаяқтылармен қоректенеді. Қазіргі ТМД-ның аймағында сольпугалардың 70 түрі бар. Қазақстанда және Орталық Азияда сольпугалардың Galeodes және Rhagodes туыстастары кездеседі. Денесінің ұзындығы 1-7 см, кейде 10 см-ге жетеді. Қырымда және Кавказда кездесетін Galeodes araneoides-тың ұзындығы 5 см (124-сурет).
Өрмекшілер отряды - Агапеі
Өрмекшілер аса көп тараған, 27000-ға жуық түрі бар, жыртқыш жануарлар. Үйлерде, далаларда, тоғайларда, су жағасында да кездесетін түрлері бар. Ұзындығы 0,7-П см. Денесі баскеуде және сегменттелмеген құрсақ бөлімінен тұрады (124-сурет). Осы екі бөлімі сабақшамен байланысқан (баскеуденің 7-ші сегменті). Хелицераларының ұшы қозғалмалы тырнақ төрізді буынмен аяқталады. Оның түбінде улы бездерінің тесігі орналасқан, сол бездердің шығаратын сөлімен (секретімен) қорегін өлтіреді. Педипальпалары қармалауыш тәрізді, аталықтарыңда олар шағылыс мүшесінің қызметін атқарады.
Бір немесе екі жұп өкпелері бар, ал көпшілігінде сонымен қатар қосарланған трахея түйіндері болады. Құрсақтың соңғы сегментінің аяқтары 2-4 жұп өрмек сүйелдеріне айналған. Эволюция барысында өрмекшілердің елеулі жетістігі - оларда өрмек бездерінің дамуы, осыдан өрмек сұйықтығы бөлініп шығады. Өрмек бездері құрсақтың қуысында, оның вентральды жағында орналасқан. Олардың тармақтары өрмек сүйелдерінде немесе кейбір өрмекшілерде сүйелдердің алдында жататын тақтада ашылады.
Өрмек бездері ауада қататын кілегейлі, созылатын затты (өрмекті) бөліп шығарады. Бөлінетін жүздеген жұқа өрмек жіптерінің жиынтығы бірігіп жібектей өрмек жіпшелеріне желімденеді. Өрмек жіпшелерінің көптеген түрлері болады: құрғақ, ылғалды, кілегейлі, гофрирленген және т. б. Олар ау торларын, жұмыртқа пілләсін жасауға арналған.
Ау торы өрмекшінің індерінің жанында төселінеді, немесе өсімдіктерде бұтақтар арасында созылады. Торға түскен насекомдарды өрмекші өрмегімен шырмап тастайды, сосын ұстаған жемтігін хелицерасымен жаралап, кейін ішіндегісін сорады. Үй өрмекшінің (Tegenaria domestica) өрмек торы (тұзақ) өзінің ұясымен тікелей жалғасып жатады.
Індерді жасайтын өрмекшілер індерінің қабырғаларын өрмекпен астарлап, өрмектің көмегімен қайырмалы қақпақшаны жасайды. Соңғысы інге кіретін тесікті жабады. Кейбір ағаш өрмекшілері өрмектен тұрғын түтіктер мен ұялар тоқиды, ал кейде ұяның қабырғаларын құрайтын оралған жапырақтарды өрмекпен бекітеді.
Су өрмекшісі - Argyroneta aquatica - су астында өрмектен қоңырау тәрізді ұя жасап, оны су асты заттарға немесе өсімдіктерге жабыстырып, ауамен толтырады. Ол ауаны өрмекші су бетіне көтеріліп құрсағындағы түтіктері арқылы әкеледі және сол түтіктері арасында тыныс алатын, ауа қорын ұстап сақтайды. Ауа көпіршіктерінің әсерінен су өрмекшінің қоңырқай түсі сынап тамшылары тәрізді күмісше жылтырайды, сондықтан оларды күміс өрмекші деп те атайды.
Ақырында, өрмек жібі өрмекшілерге жоғарыдан төмен қарай түсуге де, жоғары қарай шығуға да және ауада ұшу үшін де керек. Жұмыртқадан шыққан жас өрмекшілер бұтақтың ұшына шығып, жібек жібін бөледі. Ол белгілі бір ұзындығына жеткенде (өрмекшінің салмағын көтеру үшін), өрмекші өз аяғын жинап, субстраттан ажырап өрмектің арқасында ауа ағысымен әкетіледі.
Дара жыныстылар. Жыныс диморфизмі бар. Аталықтары аналықтарынан кіші және педипальпаларының соңғы буыны - күрделі құрылысты, шағылысу мүшесінің қызметін атқаратын қосындысымен ерекшеленеді. Шағылысу алдында аталық өрмекші өрмек жіпшелерінен тамақты тоқып соған тұқымның тамшысын жібереді. Тұқым сұйықтығы тамақтың төменгі бетіне өткен кезде, дәл осы уақытта ағатын тамшының астына педипальпалардың ұшын орналастырады да, тұқым сұйықтығын жинап алады, содан кейін сперматозоидтарын аналықтың тұқым қабылдағышына жеткізеді. Шағылысып болғаннан кейін, аталығын, егер қашып үлгермесе, аналығы жеп қоятындығы байқалады. Pisaura туыстас өрмекшілерде аталықтары шағылысу алдында аналықтарына өзінің ұстап алған жемтіктерін жинап береді де өздері қашып үлгереді.
Жұмыртқаларын аналық өрмекші өрмектен тоқылған қапшық тәрізді торына салып, екінші өрмек тоқып піллеге айналдырады. Піллесін көбіне құрсағына жабыстырып, жұмыртқадан шыққан өрмекшілерін біраз уақыт арқалап жүріп өсіреді.
Өрмекшілер зиянды насекомдармен қоректеніп, оларды едәуір мөлшерде жояады. Өрмекшілер арасында зиян келтіретін түрлері де бар. Солардың қатарына Орта Азия мен Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында кездесетін қарақүрт (Latrodectus tredecimguttatus) және бүйі (Lycosa singoriensis - тарантул) жатады. Қарақұрт - ауылшаруашылық малдарға және адамға ерекше қауіпті улы өрмекші. Аналығының ұзындығы 10-20 мм, аталығы 4-7 мм (125-сурет). Түсі қара, құрсағының үстіңгі жағында қызыл түсті 13 дақтары болады. Аталықтардың қызыл дақтары ақ шеңбермен жиектелген және құрсағы жіңішке болады. Қарақұрт тың жерлерде, бос алаңқайларда, арық жағалауында мекендейді, ұясын жер бетіне, шөп арасына, шұңқыршаларға жасайды. Қорегін аулайтын торды құрып, насекомдармен, өрмекшітәрізділермен қоректенеді және ұясындағы торға пілләсін жабыстырып оларды қорғап тұрады. Улы бездерінің ұшы хелицераларының түбінде ашылады. Уы улы жыланның уынан 15 есе күшті. Қарақұрттың уынан жылқы, сиыр, түйе өліп кетуі мүмкін. Адамға да қарақұрттың уы өте қауіпті. Қарақұрт шаққан жерде кішкене қызыл дақ пайда болады да, тез жойылып кетеді. 10-15 минуттан соң сол жер қатты ауырып, оған қоса іш, бел, көкірек ауырады, аяқ ұйып, бас айналып, лоқсу, дірілдеу белгілері пайда болады. Науқас 3-5 күндей ауыр халде болады. Дәрігерлік жәрдем көрсетілмесе адам өліп кетуі де мүмкін. Қарақұрттың уы тек қой мен ешкіге әсер етпейді, олар тіпті қарақұртты шөппен бірге жейді.
Бүйі - улы өрмекшінің бірі, бірақ олардың шаққаны ара шаққандай әсер етеді және қарақұрттың уынан күшті емес. Ұзындығы 25-30 см, реңі құбылмалы - қоңыр, қара, қызыл-сары, кейде қошқыл түсті. Ылғалды топырақта тік етіп, тереңдігі 50-70 см-ге дейін ін қазады. Күңдіз інде жасырынып, түңде насекомдарды аулауға шығады. Қысқа қарай, бұрынғы інін тереңдетіп, сол інде қыстап шығады.
Кенелер отряды - Асагі
Ұсақ мөлшерлі, ұзындығы 0,1-15 мм-ге дейін, денесі сегменттелмеген (тек Opliocaridae тұқымдастарында ғана сегменттері сақталып қалған) және басқа өрмекшітәрізділердей баскеуде және құрсақ бөлімдеріне бөлінбеген, суда, топырақ арасында, жер бетінде өз бетімен тіршілік етеді, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің паразиттері болып келеді.
Хелицералары мен педипальпалары (тұмсықша немесе гнатосома деп аталатын) дененің алдыңғы бөлімінде орналасқан (126-сурет). Хелицералардың ұшында иілген, хитинделген тырнақшалары көп. Хелицералар созылуға және жиырылуға қабілетті. Түрі өзгерген педипальпалары гипостоманың және пальпаның жағасына айналған, 6 бунақты. Вентральды жағынан тікенектермен қапталған өсіндісі -хелицералармен бірге шаншып соратын аппаратын құрайды. Жырткыш кенелердің хелицералары қысқышқа айналып, кеміргіш-сорғыш ауыз аппаратын түзейді. Паразиттік тіршілік ететін түрлерінде ауыз аппараты - тесіп-сорғыш.
Тыныс алу мүшелері - трахеялар, кейбіреулерінде газ алмасуы жұқа сыртқы жабыны арқылы жүреді. Кенелер дара жыныстылар. Кейбір түрлерінің аталығы аналығынан біршама ерекше, яғни жыныс диморфизмі бар. Мысалы, өрмекші кенелердің аталықтары аналықтарынан ұсақ және денесі жіңішке болады. Көбісі жұмыртқа салушылар, тірілей туатын түрлері де бар.
Кенелердің дамуында жұмыртқа, личинка, нимфа және ересек сатылары бар. Личинкаларында жүру аяқтарының төртінші жұбы болмайды, яғни олар үш жұп жүргіш аяқтарымен ерекше және тыныс алу, жыныс тесіктері болмайды. Келесі сатысы нимфа. Онда 4 жұп аяғы мен тыныс алу тесіктері бар, ересек түріне ұқсас, тек жыныс мүшесі толық, дамымаған. Нимфалық жасы 1-3-кедейін. Оларды протонимфа, дейтонимфа және тритонимфа деп атайды. Нимфалық жасында тыныштық сатысы - гипосусы (hypopus) болуы мүмкін.
300-ге жуық, тұқымдастары және 20000-ға жуық түрі бар. Өте кең тараған.
Кенелердің арасында құрлықта және суда (мысалы, Hydrachna cruenta), еркін өмір сүретін және паразиттік тіршілік ететіндері бар, сондай-ақ топырақ арасында, кейбір түрлері ұнда, ірімшік, құрғақ жемістерде (Tyroglyphus, Aleurobius) және т. б. жерлерде өмір сүреді.
Ұн кенелері тұқымдасы - Tyroglyphidae, ұзындығы 0,5-1 мм, сопақша, жылтыр түсті. Астық, ұн сақталатын қоймаларда жиі кездесіп көп зиян келтіреді (қойма кенесі деп те аталады). Астық пен ұнды зақымдағанда оларды қоңыр ұнтаққа айналдырып және иісі шіріген заттың иісіндей, қышқыл дәмі пайда болады. Күн сайын аналығы 3-4 (кейде 60-қа дейін) жұмыртқа салады. Аса қауіпті түрлері: ұн кенесі - Acarus siro (124-сурет), ұзынша кене - Tyrophagus putuscentiae. Kүpecy шаралары: астықты немесе ұнды салқындатып, ылғалдылығын кемітіп, қоймада ауаның құрғақ болуына жағдай жасау қажет.
Ұн кенесі табиғи жағдайда орман төсеніші, құс ұясы, кеміргіштердің іні сияқты орындарда мекендейді.
Өрмекші кенелер тұқымдасы - Tetranychidae, ұзындығы 0,3-0,5 мм, қоңыр, ашық-қызыл түсті. Өрмек жібін шығарады. Өсімдіктердің жапырағын өрмек жібімен шырмап колония құрып тіршілік етеді. Қауіпті зиянкестері: кәдімгі өрмекші кене - Tetranychus urtica (124-сурет), жемістің қызыл кенесі - Panonychus ulmi, бактың өрмекші кенесі - Schyzotetranychus pruni.
Сауытты кенелер тұқымдасы - Oribatidae, ұзындығы 0,2-1,5 мм, топырақта тіршілік ететін кенелер, топырақ түзілу процесінде үлкен роль атқарады. Негізгі туыстары - Oribatula, Zygoribatula.
Су кенелері - Hydrachnellidae, ұзындығы 0,3-0,5 мм, денесі дөңгелек, ашық түсті. Жыртқыштар, ұсақ су жәндіктерімен қоректенеді. Личинкалары судағы насекомдардың паразиттері.
Кенелердің көбісі адамның, жануарлардың және өсімдіктердің паразиттері. Ең қауіпті тұқымдастары: Ixodidae, Aigasidae, Larcoptidae, Demodicidae, Gamasidae.
Иксодалық кенелер - Ixodidae, ұзындығы 1-10 мм, қанға тойғандарының мөлшері 15-20 мм-ге дейін.
Денесі сегментгелмеген. Аналықтарының арқа жағында қысқа, аталықтарында ұзын, денесін жауып тұратын қалқаны болады (126-сурет).
Иксодалық кенелер бруцеллез, туляремия, пироплазмоз, қайталама сүзек, энце­фалит, чума ауруларын таратушылар. Олар аурулардың қоздырғыштарын (спирохеталарды, бактерияларды, вирустарды) кемірушілерден, насеком қоректілерден, құстардан, жабайы жануарлардан өздеріне жұқтырып алып, бірнеше жыл бойы сақтап, адамды шаққаңда адамға жұқтырады. Адам мен малдар көп зиян шегеді.
Иксодалық кенелердің личинкалары ұсақ омыртқалы жануарлардың (кесірткелердің, құстардың, сүтқоректілердің) қанын сорады, ал нимфалары ірілерге шабуыл жасайды (қояндарға, тиіндерге, борша тышқандарға). Ересек түрлері адамның, ірі жануарлардың қанын сорады. Ең қауіпті өкілдері Ixodes persulcatus және I.ricinus көктем - жаз кене энцефалит ауруларын таратушылар. Табиғатта энцефалит вирусы ала тышқанда, кірпіде, cұp тышқанда, көр тышқанда және құстарда кездеседі.
Dermacentor pictus және Hyalomma туысының өкілдері туляремия, энцефалит, қырым геморрагиялық ауруларын таратушылары.
Ауру тудыратын бактерияларды, вирустарды бір жануардан екінші жануарға таратушылар жұқтырады. Таратушылар қызметін кенелер, масалар, битгер, бүргелер, шіркейлер атқарады. Тасымалдаушылар арқылы тарайтын ауруларды трансмиссивті аурулар деп атайды. Оны 1936 жылы Е. Н. Павловский ашқан. Трансмиссивті аурулар қатарына кене энцефалиті, қырым қанды безгегі, бөртпе сүзек т. б. жатады.
Энцефалит, қырым геморрагиялық аурулардың табиғи ошақтары Қазақстанда - Алматы, Шығыс-Қазақстандағы орман даласы мен тау бөктеріңде кездеседі.
Аргазид кенелері - Aigasidae, ұзындығы 2-13 мм, адамның және омыртқалы жануарлардың паразиттері және ауру (спирохетоздарды кене қайталама сүзекті) таратушылары. Негізгі өкілдері Ornithodoms papillipes адамға, Argas persicus құстарға шабуыл жасайды.
Саркоптид кенелері немесе қышыма қотыр кенелері - Sarcoptidae, ұзындығы 0,1 -0,3 мм, адамның және жануарлардың терісінің астында тіршілік етіп, қышыма ауруына шалдықтырады. Негізгі өкілі қышыма кенесі - Sarcoptes scabiei (127-сурет). Ұрықтанған аналығы адамның тері қабатына өтіп, ұзындығы 3 мм-ден 2 см-ге дейін қуыс жол жасап, соған жұмыртқаларын салады. Личинкалары нимфаға айналып, теріні тесіп, бетіне шығады да, сол жерде қоректеніп, ересек түріне айналады. Ауру адамда қышыма пайда болып, денесі бөрітіп, қотыр болып, тері қабынады. Қышыма-қотыр ауру адамнан сау адамға жұғады.
Демодицид кенелері - Demodicidae, ұзындығы 0,1-0,7 мм, денесі ұзарған, адамның май бездерінде, терінің астында паразиттік тіршілік етеді, теріні қабындырып, беттің безеулігін қоздырады. Негізгі өкілі - безеу кенесі - Demodex folliculorum (127-сурет).
Бұзғынша кенелер - Tetrapodidae, ұзындығы 0,1-0,6 мм, денесі құрт тәрізді, қалқаншамен жабылған алдыңғы және ұзарған артқы бөлімнен тұрады. 1500-ге жуық түрі бар. Өсімдіктердің шырынымен қоректеніп, бұзғыншаның пайда болуына әкеліп соғады (атауы осыдан). Көпшілігі ауылшаруашылық өсімдіктерінің зиянкестері, өсімдіктің вирус ауруларының қоздырғыштарын тасымалдаушылар - бидай жолақ, мозаикасын, сарымсақ мозаикасын.
Гамазид кенелері - Gamosidae, ұзындығы 0,2-2 мм, 4000 түрі бар. Еркін тіршілік ететін және паразитті формалары да бар. Топырақта, орман төсенішінде тіршілік ететін жыртқыштар, ұсақ омырткасыздармен қоректенеді. Көптеген түрлері омыртқалылардың эктопаразиттері, қанмен қоректенеді. Мысалы, тышқан кенесі (Allodermanyssus sanguieneus). Кейбіреулері инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылар. Жыртқыш түрлерін өсімдік қоректі кенелермен күресуде қолданады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   142   143   144   145   146   147   148   149   ...   155




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет