Амфиподалар немесе бүйірімен жүзуші шаяндар отряды -Amphipoda
4500-ге жуық түрі бар, басым көпшілігі теңіздерде жағалау аймақтарда топыраққа көміліп, арнайы қорғаныш түтіктерде және су беттерінде (планктонды) еркін жүзіп тіршілік етеді. Біразы тұщы су қоймаларында да мекендейді, паразиттік тіршілік ететін түрлері де бар. Тайыз суларда бүйірінен жатып жүзе алады (бүйірімен жүзушілер деген аты да осыдан), ал тереңдеу суларда денесінің кеуде және құрсақ бөлімдеріндегі әр түрлі құрылысты болып келген аяқтарымен жүзеді (екінші атауы да осыдан). Ұзындығы 1-2 см-ден 28 см-ге дейін, денесі екі бүйірінен қысыңқы. Теңаяқты шаяндардағыдай бұлардың да бас құрылысы күрделі, оған акрон және 4 сегменттен басқа кеуденің 1-2 сегменттері қосылады. Фасетті көздері жақсы дамыған, карапаксы жоқ. Кеуде және құрсақ сегменттеріндегі аяқтарының құрылысы әр түрлі. Кейбір кеуде аяқтары ұстағыш ілмекпен қаруланған және бәрінде түп жағында дерлік жапырақ тәрізді желбезек тақталары болады, бұлар бір-бірімен тығыз жанасып бүйір қабырғасын құрайды. Бұлар нәзік құрылысты желбезектерді қорғау, судың ағынына белгілі бағыт беру және аналықтарында ұрпақ қапшығы ретінде жұмыртқаларына қорғаныш жасау үшін керек.
Құрсақ аяқтары жақсы жетілген, алдыңғы 3 жұбы екі бұтақты, жүзгіш қылтандарымен қапталған және солармен жүзеді, ал артқы жұптары артына қарай бағытталып, тельсонмен бірге секіру үшін қажет.
Аналықтары жұмыртқаларын кеудесіндегі ұрпақ қапшығына салып, одан ересек түрлеріне ұқсас жас ұрпақтарын шығарады.
Көпшілігі жыртқыштар, талғаусыз қоректілері де бар (өсімдіктерді де, ұсақ жануарларды да, шіріген заттарды да қорек етеді), ал кит биттері (Cyamidae түкымдасынан) екі мықты жұп жағымен киттің терісін ойып, терең кіріп терісін мүжиді.
Негізгі туыстары: Gammarus, Anisogammarus. Бүлар теңіздердің литоральды (латынша - litoralis - жағалау, жақын жиек) аймақтарында кең тараған. Мысалы, Чукот теңізінің түбінде 1 м.кв. өлшемінде 40000-ға жуық особьтар мекендейді.
Тұщы суда көп тараған бүйірімен жүзуші бүрге (Gammarus pulex), көлді бүрге (G.lacustris) және тұнба бүргесі (Carinogammarus roeseli). Бұлар өзендердің тайыз жерінде, көлде және тұма суларда тіршілік етеді. Байқал көлінде тек оған ғана тән Amphipoda-лардың 300-ден аса түрлері кездеседі.
Бүйірімен жүзушілер балықтардың сүйікті қорегі болғандықтан, кейбір түрлері көл мен су қоймаларына ауыстырылып, жерсіндірілген.
Онаяқты шаяндар отряды - Decapoda
Шаянтәрізділердің ішіндегі жоғары дәрежелі және ең үлкен отряд. 8500-ден астам түрі бар, ұзындығы бірнеше сантиметрден 80 см-ге дейін (Astacoides туысы). Басым көпшілігі теңіз бен мұхиттардың барлық тереңдікгерінде, әсіресе, тропикалық теңіздердің литоральды аймақтарында кең тараған. Өзен шаяндары (Potamobius), кейбір крабтар (Cancer), креветкалар (Crangon, Pandalus) тұщы суларда ал кейбір тақуа шаяндар (Coenobita) және қарақшы крабтар (Birgus) құрлықта тіршілік етуге бейімделген.
Онаяқтылардың алғашқы басы - протоцефалоны жақсы дамыған, онда жұп фасеттік көздері және екі жұп мұртшалары (антеннула және антенна) бар. Барлық кеуде сегменттері бастың жақ сегменттерімен бірігіп жақкеуде (гнатоторакс) бөлімін түзеп, ортақ карапакспен жабылған. Карапакстың бүйір қатпарлары кеуде аяқтарындағы желбезектерді жауып тұрады. Кеуде аяқтарының алдыңғы 3 жұбы - жақаяқтары, ал қалған 5 жұбы - жүру аяқтары (отрядтың аты да осыдан). Жүру аяқтарының бірінші жұбы қысқышқа айналған. Құрсақ бөлімі сыртқы пішіні және құрылысы жағынан алуан түрлі. Біреулерінде ол ұзын, аяқтары жүзуге бейімделген (креветкаларда), екіншілерінде құрсақ аяқтарының бір бөлігі жойылып, құрсағы жұмсақ және ассимметриялы болып келеді (тақуа шаяндарда), енді крабтардың алдына қарай иілген құрсағы қысқа, ал аяқтары рудиментарлы.
Аналықтары жұмыртқаларын құрсақ аяқтарына тіркеп, ұрпақтары шыққанша өзімен алып жүреді. Дамуы метаморфозбен өтеді. Мысалы, краб пен тақуа шаяндардың дамуында зоеа, омарларда мизидия, креветкаларда науплиус, метанауплиус, зоеа, мизидия, ал пеней (Penaeus) туысының өкілдерінде науплиус, метанауплиус, протозоеа, зоеа және мизидия личинкалық кезеңі болады. Тұщы су және теңіздің үлкен терең қабаттарында мекендейтін түрлері метаморфозсыз дамиды, яғни жұмыртқадан шыққан ұрпақтары ересек түріне ұқсас.
Онаяқтылар отряды қозғалыс әдістеріне қарай екі отряд тармағына бөлінеді: жүзушілер - Natanntia және өрмелеушілер - Reptantia.
Жүзушілер отряд тармағы (Natantia) - ең қарапайым құрылысты онаяқтылар. Бүлардың денесі екі бүйір жағынан қысыңкы, құрсақ бөлімі жақсы жетілген, баскеудесіндегі ұзын аяқтарымен суда еркін жүзіп жүреді. Жұмыртқаларын суға салады. Негізгі туыстары: креветкалар - Pandalus, Crangon (lll-сурет).
Өрмелеушілер отряд тармағы (Reptantia) өкілдерінің саны және құрылысы мен биологиясы бойынша алуан түрлі формаларға біріккен. Бұлардың денесі дорзовентральдық бағытта қабысқан, кеуде аяқтары жақсы жетіліп өрмелеп жүруіне бейімделген, ал құрсақ аяқтарының саны азайып, нашарлау дамып, жүзіп жүруіне жарамай қалған. Құрсақ бөлімінің ұшында құйрық қанаты болады, ол аналь сегменті мен құрсақ аяқтарының соңғы жұбының бірлесуінен пайда болған.
Құрсақ бөлімінің және құйрық қанаттарының құрылысына қарай өрмелеушілер бірнеше топқа бөлінеді: ұзын құйрықты шаяндар - Palinura, орташа құйрықты шаяндар - Astacura, жұмсақ құйрықты - Anomura және қысқа құйрықты - Brachyura.
Ұзын құйрықтылар - Palinura тобына ірі (60 см-ден аса), теңіздерде мекендейтін шаяндар - қысқышсыз шаян немесе лангустар (Palinurus) туысының өкілдері жатады. Қысқыштары жоқ, антенналары және денесі өткір қылтандармен қаруланған. Құрсағы ұзын. Негізгі өкілі - кәдімгі лангуст (Р. elephas).
Astacura тобына омарлар (Homarus) және өзен шаяндары (Potamobius, Astacus)
Бұлардың лангустар сияқты құрсағы ұзын, аяқтары жүзіп жүруіне жарамайды. Аналықтары жұмыртқаларын құрсақ аяқтарына жабыстырып, ұрпақтары дамып шыққанша өзімен алып жүреді. Аталықтарында құрсақ аяқтарының 1-2 жұбы шағылыс мүшесіне айналған. Кеудесінің алдыңғы жүру аяқтарының ұшында үлкен қысқышы бар, ол жемтігін ұстауға, оны жұлуға, жауынан қорғануға және денесін тазартуға арналған. Негізгі өкілдері: Еуропалық омар (Homarus gammarus) ұзындығы 65-см-ге дейін, салмағы 11 кг-ға дейін, Америка омары (Н. americanus); жалпақ саусақты шаян (Astacus astacus) және жіңішке саусақты (A. leptodactylus). Қазақстан Қызыл кітабына Түркістан шаяны (A. kesslert) тіркелген.
Жұмсақ құйрықты шаяндардың құрсақ бөлімі нашар дамыған, ассиметриялы және жұмсақ нәзік болып келеді. Осыған байланысты шаяндар нәзік денесін қорғау үшін бауыраяқты моллюскалардың бос бақалшағын пайдаланып, оның ішіне құрсағын жасырады да, оны тастамай көтеріп жүреді. Бұларға тақуа шаяндар (Paguridae) тұқымдасының өкілдері жатады. Мысалы, тақуа шаяндар (Pagurus prideauxi, P. bernhardus) актиниялардың Sagartia туысының өкілдерімен селбесіп тіршілік етеді. Актиния шаянды жауынан қорғайды, қорегін табуына көмектеседі, ал шаян оны бір орыннан екінші орынға ауыстырып, қоректік затты аулауына мүмкіндік туғызады.
Жұмсақ құйрықтылар тобындағы шаяндардың кейбір түрлері құрлықта да тіршілік етуге бейімделген. Олар Жерүсті тақуа шаяндар (Coenobita) туысының өкілдері және қарақшы-краб (Birgus latro), камчат-крабы (Paralithodes camtschatica). Жерүсті тақуа шаяндар өзінің нәзік құрсағын құрлықтағы бауыраяқты моллюскалардың бос бақалшағына салып оны тастамай көтеріп жүреді. Қарақшы - краб (Birgus latro) Тынық және Үнді мұхиттарының кейбір аралдарында теңізден алшақ жерде аса терең емес індер қазып одан тек түнде ғана шығады. Ол тропикалық өсімдіктердің майлы жемістерімен қоректенеді. Жұмыртқадан личинка шығар кезде аналығы теңізге көшеді. Личинкалар бірнеше ай планктонды тіршілік етеді де, кейін су түбіне шөгіп моллюскалардың бақалшақтарын тауып ішіне кіреді де, осындай түрінде олар құрлыққа шығып, біраздан кейін бақалшағын тастап ересек түріне айналады. Камчат крабы - (Paralithodes camtschatica) кәдімгі крабтарға ұқсас, бірақ та олардың алға карай иілген құрсағы жұмсақ, асимметриялы. Моллюскалардың бақалшағын ешқашан пайдаланбайды. Карапаксы жақсы дамыған, жүректәрізді, көлемі 26 см-ге дейін жетеді. Кеуде аяғының соңғы жұбы қысқарып, карапакстың бүйір қақпағының астына иілген, сөйтіп желбезекті тазалау қызметін атқарады. Жапон, Охот, Беринг теңіздердің жағалауларыңда кездеседі.
Келте құйрықтылар немесе крабтардың (Brachyura) құрсағы келтеленген, сегменттерінің саны азайған, симметриялы құрылысты және баскеуде бөлімінің астына иіліп жатады. Мұртшалары қысқа, карапаксы жалпақ, дорзовентральді бағытта қысыңқы. Кеудесіндегі алдыңғы жүру аяқтарының ұшында үлкен қысқышы бар. Бұларға теңіз крабтары Carcinus, Caneer, тұщы су крабтары Potamon, Егіосһег және құрлықта тіршілік ететін Uca туыстарының өкілдері жатады.
Онаякты шаяндардың практикалық маңызы зор. Олардың көбісі бағалы тамақ өнімі ретінде қолданылады. Мысалы, өзен шаяндары (Potamobius, Astacus), омарлар (Homarus), лангустар (Palinurus), креветкалар (Crangon, Pandalus) және крабтар (Cancer, Callinestes). Бұрынғы КСРО-да орасан ірі камчат крабынан (Poralithoides camtschatica) консервілік өнімдер даярлайтын крабоконсервілік өнеркәсіп күшті дамыған болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |