Казақстан республикасының білім және ғылым министрлігі к. Ә. ДӘуітбаева


МАКСИЛЛОПОДАЛАР НЕМЕСЕ ЖАҚАЯҚТЫ ШАЯНДАР



бет138/155
Дата24.04.2022
өлшемі2,44 Mb.
#140657
1   ...   134   135   136   137   138   139   140   141   ...   155
Байланысты:
zoo

МАКСИЛЛОПОДАЛАР НЕМЕСЕ ЖАҚАЯҚТЫ ШАЯНДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - MAXILLOPODA
Бұлар еркін немесе субстратқа бекініп және паразиттік тіршілік ететін шаянтәрізділер. Ауыз аяқтары жақсы жетілген, қорегін судан сүзіп алуына бейімделген. Кеуде бөлімі 6, кейде 5 не 4 сегментті. Кеуде аяқтары қозғалу немесе қорек заттарды ауыз тесігіне апару және су ағындарының қозғалысын реттеу қызметін атқарады. Олар ешқашан тыныс алуға қатыспайды және де шайнағыш өсінділері болмайды. Құрсақ аяқтары жоқ.
Максиллоподалар класс тармағы 5 отрядқа бөлінеді: миста-кокаридалар - Mystacocarida, ескекаяқты шаяндар - Copepoda, тұқы балық биттер - Branchiura, мұртаяқты шаяндар - Cirripedia, қапкеуделі шаяндар - Ascothoracida.
Мистакокаридалар отряды - Mystacocarida
Мистакокаридалар да цефалокаридалар сияқты шаянтәрізділердің қарапайым құрылысты тобын құрайтын, теңіз құмайт жағажайында, теңіз суы сіңірілген құм түйіршіктерінің арасындағы жіңішке кеңістіктерде мекендейтін псаммофил (грекше psammos - құм, fileo - сүйіспеншілік) жануарлары. Ұзындығы 0,5 мм-ге дейін, созылыңқы, цилиндр тәрізді. Денесі: басы - протоцефалоннан; буындалмаған жақкеудеден (мандибула, максилла I, максилла II және екі алдыңғы кеуде сегменттерінен құралған); буындалған 4 кеуде және 6 құрсақ сегменттерінен тұрады. Құрсағының соңы айыршамен біткен. Протоцефалонда антеннула және антенна мұртшалары, жақкеуде бөлімінде - үш жұп ауыз және екі жұп жақаяқтары, кеуде сегменттерінің әрқайсысында буындалмаған, рудиментті аяқтары орналасқан, ал құрсақ сегментінде аяқтары жоқ.
Мистакокаридалардың негізгі ерекшелігі - антенналары, мандибулалары, I-ІІ-ші максиллалары ұзын, екі бұтақты, олар жақаяқтарымен қосыла қозғалыста болады, субстраттан итерілетіндей етіп барлық аяқтарын жұмсайды. Бұтақталмаған антеннулалары қозғалысқа қатыспай, ылғи алға қарай бағытталып, жолыңдағы құм түйіршіктерін сипап сезеді.
Ұсақ органикалық бөлшектермен қоректенеді, оларды ауыз және жақаяқтарының ішкі шеттеріндегі қылтандарының көмегімен ауыз тесігіне жеткізеді.
Жұмыртқадан науплиус личинкасы шығып, 9 рет түлеуден кейін ересек түріне айналады.
Мистакокаридалар 1943 жылы ашылған, қазіргі кезде Derocheilocaris туысына жататын 7 түрі белгілі. Атлант мүхитының Америка, Африка, Еуропа және Жерорта теңіздік құмайт жағажайынан табылған.
Ескекаяқты шаяндар отряды - Copepoda
Бұлар тұщы суларда және теңіздерде тіршілік ететін, планктонның және су түбі фаунасының ең маңызды және тұрақты құрамы. Паразитгік түрлері де бар. Ұзындығы 0,1 мм-ден 3 см-ге дейін, кейбір паразит түрлері 30 см-ге дейін. Денелері жақсы сегменттелген: басы кеудесінің бірінші сегментімен бірігіп біткен; кеудесі 5, құрсағы 4 сегментті, ұшы айырша аналь қалақшасымен аяқталады. Тек науплиус көзі дамыған, күрделі көздері жоқ. Антеннулалары ұзын, кейде денесінен де ұзын (Diaptomus туысында), планктонды тіршілік етуіне байланысты, суда қалқып жүзіп жүреді. Антенналары қысқа.
Кеуде аяқтары екі бұтақты, жалпақ (қалақты), ескекпен ескен сияқты қозғалыс жасайды (отрядтың аталуы да осыдан).
Аналығы жұмыртқаларын құрсақ сегментінде, аналь тесігіне жабыстырылған екі жұмыртқа қапшығында сақтайды (107-сурет).
Дамуы метаморфозбен өтеді, личинкалары: науплиус, метанауплиус және копеподид.
6000-нан аса түрі бар. Негізгі туыстары: Cyclops, Diaptomus, Calanus - тұщы суларда, теңіздерде планктонның тұрақты құрамы; Canthocamptus туысының өкілдері су түбіңде, балшық арасында кездеседі. Тұщы суларда ең кең тарағаны - Cyclops туысының өкілдері, олар көптеген су жануарларына, балық шабақтарына қорек бола тұрып, сондай-ақ жалпақ таспа құрттардың, риштаның аралық иесі болып табылады. Ескекаяқты шаяндардың Lamproglena, Lernacocera, Achteres, Tracheliaster туыстарының өкілдері балықтардың аса көп тараған паразиттері. Олардың паразиттік тіршілік етуіне байланысты дене пішіні де үлкен өзгерістерге ұшыраған - не қапшық тәрізді, не өте созылып, ұзарып келген, сегментациясын жоғалтқан, тек екі жұмыртқа қапшығының болуы, оларды Copepoda-ның өкілі екендігін дәлелдейді (108-сурет).
Ескекаяқты шаяндардың басқа су жануарлары үшін азық қоры есебінде аса үлкен маңызы бар және кәсіптік мәні бар бірқатар балықтардың, ал Calanus finmarchicus балықтардың және мұртты киттердің негізгі қорегі. Сонымен қатар, балықтардың желбезектерінде паразиттік тіршілік етіп, балық шаруашылығына үлкен зиян келтіреді.
Тұқы балық биттер отряды - Branchiura
Балықтардың терісінде тіршілік ететін эктопаразитті шаянтәрізділердің шағын ғана отряды. Денесі дорзовентральды бағытта жалпайып, құрсағы ішке қарай иілген, карапаксы баскеуде бөлімін жауып тұрады. Басы кеудесінің бірінші сегментмен бірігіп біткен, кеудесі 4 сегментті, құрсағы қысқа, сегменттелген ұшы екі қалақты.
Паразиттік тіршілік етуіне байланысты антеннулалары мен антенналары ұсақ ілмек тәрізді өсінділер. Мандибулалары жіңішке тескіш тұмсыққа, ал астыңғы жақтарының бірінші жұбы екі күшті сорғышқа айналған. Басында үш науплиальды көзшелерімен қоса күрделі жұп көздері бар. Тұқы балық биттер кейде өз иелерін тастап еркін жүзуге қабілеті бар, оған жұп бұтақты кеуде аяқтары жәрдем береді. 60 түрі бар. Тұқы биті - (Argulus foliaceus) тұқы және басқа тұщы су балықтардың паразиттері, кейде балық өсіретін шаруашылықтарында балықтардың жаппай қырылуына душар етеді.
Мұртаяқты шаяндар отряды - Cirripedia
Бұлар бекініп тіршілік ететін теңіз шаяндары, паразит формалары да бар. Өзінің тіршілік циклін еркін жүзетін науплиустан бастап, кейін циприс деп аталатын келесі личинкалық сатысына айналады. Циприс - бақалшақты шаяндар (Ostracoda) класс тармағы Cypris туысының өкілдеріне ұқсастығына қарай аталған. Оның қосжақтаулы бақалшағы болады. Личинка алғашқыда жүзіп жүреді, кейін су түбіне шөгіп, антеннуласындағы цементгі бездері арқылы субстратқа бекінеді. Антеннулалары мен басының алдыңғы бөлімі түгелімен бекіну мүшесіне айналады, бір түрлерінде олар ұзын бұлшықетті сабақша, ал басқаларында жалпақ табан түрінде болады, қалған дене бөлімдері суда бос жатады. Бекініп тіршілік етуіне байланысты денесінде біраз өзгерістер байқалады: антенналары мен күрделі көздері дамымаған; кеуде аяқтарының 6 жұбы қоректі аузына қарай әкелуші, екі бұтақты ұзын "мұртшаларға" айналған (отрядтың аты да осыдан); құрсағы жетілмеген; бүкіл денесі (сабақшадан басқа) тері немесе мантия (rp.mantion - жамылғы, шапанша) қатпарларымен қапталған, ол көмірқышқыл ізбесті бөліп шығарып, күрделі бақалшақты құрайды. Сонымен, мұртаяқты шаяндардың ересек түрлері бақалшақпен қапталған, бекініп тіршілік ететін жануарлар, олар шаянтәрізділерді, қарапайымдыларды және басқа суда қалқып жүретін организмдерді қорек етеді. Мұртаяқтарының қозғалуының арқасында судың ағысымен келген қорек заттар ауызына барып түседі.
Мұртаяқты шаяндардың көбісі - гермафродиттер. Гермафродитке айналуы олардың бекініп тіршілік етуіне байланысты деп болжайды. Екі особьтің арасындағы ұрықтану процесі құрсақ соңындағы ұзын талшық тәрізді шағылыс мүшесінің көмегімен өтеді. Дара жынысты түрлері де бар, ол Аісірре туысының A. lampas түрі. Аталығы өте ұсақ, аналығының мантия қуысында жатады. Jbla және Scalpellum туысының кейбір түрлерінің ірі гермафродит особьтарымен қатар ергежейлі "қосымша" аталықтары да болады. Олар қатты регреске ұшыраған (қаңқасы, аяқтары болмайды), гермафродитті особьтардың мантия қуысында жатады. Осылардың барлығы мұртаяқтылардың дара жынысты формасынан гермафродиттерге айналуына дәлел бола алады.
Мұртаяқты шаяндардың 1000-нан аса түрі бар. Негізгі туыстары: теңіз үйрекшесі - Lepas және теңіз жаңғағы Balanus (109-сурет). Теңіз үйрекшесі етті сабақшасымен субстратқа бекініп отырады, 5-6 тақталардан тұратын бақалшағы екі бүйірінде қысыңқы. Теңіз жаңғағы субстратқа жалпақ табаншасымен бекініп, ізбестті тақталармен қапталған аласа мұнара түрінде болады. Бұлар теңіздердің тасты жағаларында көп кездеседі, ондай жерлерде теңіздегі әр түрлі қатты заттар жарай береді, тіпті теңіз кемелерінің суға батып тұратын бөліміне де жабысады, кейбір түрлері (Coronula туысынан) акула және киттердің терісіне бекінеді.
Мұртаяқты шаяндардың ішінде паразиттік тіршілік ететін тобын құрайтын тамырбасты шаяндар да кездеседі. Олар саккулина (Sacculina) және пельтогастер (Peltogaster) туысының өкілдері. Бұлар, онаяқты шаяндардың паразиттері, паразиттілігіне байланысты дене сегменттері, аяқтары, сезім мүшелері, ішегі жойылған.
Ересек саккулина крабтың құрсағының төменгі жағында сабақшасы арқылы жабысып отырады. Денесі қап тәрізді, сабақшасының ұшынан тамыр сияқты бұтақтанып кететін жіңішке тармақтар тарайды, олар крабтың барлық бөлімдеріне және мүшелеріне еніп кетеді де, солар арқылы паразит иесінің сөлін сорады. Жыныс жүйесі гермафродитті. Жұмыртқаларынан науплиус, ал одан циприс личинкасы дамып шығады. Циприс личинкасы крабтың денесіне жабысып, кеуде мен құрсақ бөлімдерін тастайды да, крабтың ішкі қуысына енеді. Иесінің сөлімен қоректеніп өсе бастайды, кейін крабтың нәзік құрсақ жабындарын жарып, сыртқа қапшық тәрізді денесін шығарады.
Қапкеуделі шаяндар отряды - Ascothoracida
Маржан полиптердің (Anthozoa) және тікентерілілердің (Echinodermata) денесінде паразиттік тіршілік ететін шаянтәрізділердің шағын ғана отряды. 40-тан астам түрі бар, бұлар паразиттіліктің әсерінен көп өзгерістерге ұшырамаған. Мысалы, Sinagoga туысының өкілдері жорғалап немесе жүзіп жүру қабілетін жоймаған, бұлардын құрылымы еркін тіршілік ететін шаяндарға едәуір ұқсас, тек антеннулалары қысқаштәрізді, ауыз аяқтары бірігіп сорғыш ауыз конусын түзейді. Кеудесі, екі бұтақты жұп аяқтары бар, 6 сегменттен тұрады. Sinagoga туысының өкілдері Antipates маржан полиптердің колониясында және теңіз лилиялардың (Crinoidea) денесінде кездеседі.
Ascothorax туысының өкілдеріңде барлық аяқтары және денесінің сегментациясы сақталған. Олар офиуралардың (Ophiuroidea) жыныс қапшығында тіршілік етеді. Керісінше, Denarogaster туысының өкілдері қатты өзгерістерге ұшыраған. Ірі (10 см-ге дейін) аналығының денесі екі жағына қарай бұғы мүйізі сияқты бұтақталған мантия қуысынан тұрады. Кеуде аяқтары жоқ. Мантия қуысында ергежейлі аталықтары орналасқан. Denarogaster-лер теңіз жұлдыздардың (Asteroidea) эндопаразиттері. Науплиус личинкасы аналығының мантия қуысында дамып, сыртқа ересек түріне ұқсас личинка шығады.
БАҚАЛШАҚТЫ ШАЯНДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - OSTRACODA
Бұлар тұщы суларда және теңіздерде, планктон қабатында жүзіп, су түбінде жорғалап, не шөгіндіде көміліп тіршілік ететін өте ұсақ, микроскоп арқылы көрінетін шаянтәрізділер. Ұзындығы 0,2-23 мм-ге дейін теңіз формаларында, ал тұщы судағылардікі - 0,3-7,3 мм. Негізгі ерекшеліктері: карапаксы денесін толық жауып тұратын қосжақтаулы бақалшақ түрінде дамыған (класс тармақтың аты да осыдан), дене сегменттерінің саны азайып, сегменттелу іздері жоғалған. Басында науплиальды көзі (күрделі көздері жоқ), сонымен қатар антеннулалары, антенналары, мандибулалары және максилла I, максилла ІІ-шісі орналасады. Екі жұп кеуде аяқтары және бір жұп "тазартқышы" (түрі өзгерген аяғы) болады. Антенналарымен жүзеді, кейде оған антеннулалары да қатысады. Кеуде аяқтары арқылы жорғалап жылжиды. Аяғында желбезек өсінділері дамымаған, бүкіл денесімен тыныс алады. Жүрегі де жоқ. Жұмыртқадан қосжақтаулы бақалшағы бар науплиус личинкасы дамиды. Науплиустың және ересек түрлерінің бақалшағының ішкі қабаты хитиннен, сыртқысы - ізбестен тұрады. Екі жақтауы арқа жағында иілімді буда немесе тісшелерінің көмегімен бір-біріне ұласады. Дененің ортаңғы жағында екі жақтауын мықтап ұстайтын күшті тұйықтағыш бұлшықеті бар.
Ostracoda - класс тармағында дәл осы атты бір ғана отряд бар. Түрлері 2000-ға жуық. Теңіздерде, тұщы суларда кең тараған, ал оңтүстік африкалық Mesocypris terrestris ылғалды тропикалық ормандарында топырақ бетіне түскен жапырақ астында тіршілік етеді. Негізгі өкілдері: Cypris pubera және Heterocypris reptans, шалшық суларда, қоймаларда жиі кездеседі. Ұсақ өсімдік және жануарлармен қоректенеді. Өздері де балықтар үшін қорек бола алады.
Бақалшақты шаяндар кембрий қазбаларынан табылған. Бұлардың белгілі бір түрлері бойынша геологтар мұнай қабаттарын анықтайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   134   135   136   137   138   139   140   141   ...   155




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет