Классификациясы. Шаянтәрізділер класы 5 класс тармағына бөлінеді: желбезекаяқтылар - Branchiopoda, цефалокаридалар - Cephalocarida, максиллоподалар - Maxillopoda, бақалшақты шаяндар - Ostracoda, жоғарғы сатыдағы шаяндар - Malacostraca.
ЖЕЛБЕЗЕКАЯҚТЫЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - BRANCHIOPODA
Желбезекаяқты шаяндар отряды - Anostraca
Жапырақаяқты шаяндар отряды - Phyllopoda
Қалқанды шаяндар отряд тармағы - Notostraca
Бақалшақты жапырақаяқты шаяндар отряд тармағы - Conchostraca
Бұтақмұртты шаяндар немесе су бүргелері отряд тармағы - Cladocera
ЦЕФАЛОКАРИДАЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - CEPHALOCARIDA
МАКСИЛЛОПОДАЛАР НЕМЕСЕ ЖАҚАЯҚТЫ ШАЯНДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - MAXILLOPODA
Мистакокаридалар отряды - Mystacocarida
Ескекаяқты шаяндар отряды - Copepoda
Тұқы балық биттер отряды - Branchiura
Мұртаяқты шаяндар отряды - Cirripedia
Қапкеуделі шаяндар отряды - Ascothoracida
БАҚАЛШАҚТЫ ШАЯНДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - OSTRACODA
ЖОҒАРҒЫ САТЫДАҒЫ ШАЯНДАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - MALACOSTRACA
Жұқасауытты шаяндар отряды - Leptostraca
Ауызаяқты шаяндар отряды - Stomatopoda
Мизидалар отряды - Mysidacea
Эуфаузиялар отряды - Euphausiacea
Теңаяқты шаяндар отряды - Isopoda
Амфиподалар немесе бүйірімен жүзуші шаяндар отряды - Amphipoda
Онаяқты шаяндар отряды - Decapoda
ЖЕЛБЕЗЕКАЯҚТЫЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - BRANCHIOPODA
700-ге жуық түрі бар. Дене сегменттерінің саны тұрақсыз. Бас бөлімі (протоцефалон) және кеуде бөлімдерінің сегменттері тұтасып бірікпеген, фасеттік және науплиус көздері бар. Жапырақтәрізді кеуде аяқтарымен жылжиды, тыныс алады әрі қорегін аузына жеткізеді. Құрсағында аяқтары жоқ, соңғы бөлігі ашалы (furca). Дамуы метаморфоз жолымен өтеді, личинкалары - науплиус, метанауплиус.
Екі отрядқа бөлінеді: желбезекаяқтылар - Anostraca және жапырақаяқтылар -Phyllopoda.
Желбезекаяқты шаяндар отряды - Anostraca
Денелері ұзын, гомономды сегменттелген, басы - протоцефалон құрылысты (акрон және антеннальді сегмент), жак сегменттері тұтас бірікпеген, науплиальді және фасеттік көздері бар қарапайым шаянтәрізділер, 11-19 сегментті кеудесінің әрқайсысында орналасқан екі тарамды жапырақтәрізді аяқтарымен қозғалады, тыныс алады және қорегін аузына жеткізеді. Құрсағы 8 - сегментті, аяқтары жоқ, жақсы дамыған айыршамен (furca) аяқталады (106-сурет).
Жүрегі ұзын, көп камералы. Желбезекаяқтылардың 180-ге жуық түрлерінің басым көпшілігі тұщы суларда мекендейді. Негізгі туыстары: Branchipus, Pristocephalus, егістік алқаптарда қар ерігеннен кейін қалатын уакытша су қоймаларында жиі кездеседі. Тек Artemia salina ғана дала және шөлейіт зоналарының ащыланған түзды су қоймалары - лиман, ащы көлдерде мекендейді (106-сурет). Жұмыртқалары сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына төзімді келеді, сол арқылы кең таралады. Олар Каспий теңізінде, Еуропа, Азия және Американың теңіз суларында кездеседі. Артемияны адам тамақ үшін және көбінесе балықтардың (бекіре тұқымдастардың шабағына) жемі үшін пайдаланады.
Желбезекаяқтылардың жұмыртқалары арнайы жұмыртқа қапшығына түсіп, кейін суға тасталынады. Олар қолайсыз жағдайларға төзімді және су ағынымен аса қашық жерлерге таралады.
Достарыңызбен бөлісу: |