Казақстан республикасының білім және ғылым министрлігі к. Ә. ДӘуітбаева



бет143/155
Дата24.04.2022
өлшемі2,44 Mb.
#140657
1   ...   139   140   141   142   143   144   145   146   ...   155
Байланысты:
zoo

ТРИЛОБИТТӘРІЗДІЛЕР ТИП ТАРМАҒЫ - TRILOBITOMORPHA
Трилобиттер өліп біткен теңіз буынаяқтылары. Палеозой эрасының кембрий дәуірінің қазбаларынан белгілі. Кембрий, ордовик, силур, девон дәуірінде кең тараған, таскөмірде трилобиттер азайып, ал пермь дәуірінде түгел жойылып кеткен. Трилобиттәрізділерге бірнеше кластар кіреді, соның бір ғана трилобит (Trilobita) класы зерттелген.
ТРИЛОБИТТЕР КЛАСЫ - TRILOBITA
Трилобиттер теңіз түбіндегі қорыста жорғалап немесе теңіз жағалауындағы суда жүзіп жүрген, ұзындығы 10 мм-ден 80 см-ге дейін болған ертедегі буынаяқтылардың бірі. Арғы тегінің (көпқылтанды буылтық құрттар - Polychaeta) құрылысына ұқсас, денесі гомономды сегменттелінген және барлық аяқтары біркелкі, қарапайым құрылысты болған.
Трилобиттердің денесі дорзовентральды бағытта жалпайып, үш бөлімнен құралған: айшық тәрізді бас қалқанынан (акрон және біріккен төрт сегменттен); сегменттелген кеуде бөлімінен (thorax) және сегменттері бір-бірімен бірігіп бітіскен (сегменттерінің саны түрліше болып келетін) құйрық қалқанынан. Жалпы сегменттерінің саны 44-ке дейін.
Жалпақ келген денесі арқа жағынан ұзына бойына екі сызықпен шектелген ортаңғы дөңес (rhachis) және жалпақтау келген екі бүйір қалақтары-бүйірліктерге (pleura) бөлінген (112-сурет). Трилобит (латынша trilobus-үш қалақты) деген аты - үш қалақты пішін деген сөзден.
Бас қалқанының жоғарғы жағында күрделенген жұп фасеттік көздері (олардың әрқайсысы 15-тен 15000-ға дейін ұсақ көзшелерден тұрған), сонымен қатар жұп медиальды (ортасына таяу орналасу деген мағынада) көзшелері, ал астыңғысында жұп мұртшалары немесе антеннулалары және төрт жұп буындалған аяқтары болған. Көздері және мұртшалары бастың акрон, ал төрт жұп аяқтары акронға қосылған төрт сегменттерінің құрамына кірген.
Трилобиттердің бір ерекшелігі - бас бөліміндегі төрт жұп аяқтары барлық буынаяқтыларға тән ауыз аппаратына айналмай (мандибула, максилла І-ІІ, хелицералар), кеуде және құрсақ бөліміндегі аяқтарына ұқсас құрылысты болып келген. Біркелкі құрылысты аяқтарының негізгі буынынан сыртқы жағына ұзын өскін - желбезек жапырақшалары немесе эпиподиттері, ал ішкі жағына шайнағыш өскіні жалғасқан. Әрбір жұп аяқтың шайнағыш өскіні бір-біріне қарама-қарсы бағытталып орналасқан (112-сурет). Осындай құрылысына байланысты барлық аяқтары жылжу, тыныс алу және қорегін ұстап, шайнау қызметін атқарған.
Трилобиттер дара жынысты, метаморфоз жолымен дамыған, протаспис атты личинкалары болған. Протаспистің денесі алғашқыда сегменттерге бөлінбей, біртұтас болып, кейін бас (акрон және 4 сегмент) және аналь қалқаншасына бөлінген. Осы кезде екеуінің арасында өсу аймағы түзіледі де, сол арқылы тұлға бөлімінің сегменттері қалыптасқан (113-сурет).
Трилобиттердің денесі хитинмен қапталынған. Қауіпті жағдайда олар өзінің қаттылау арқасын төсеп, жұмсақ құрсақ жағымен жиырылып қалатын болған. 10000-нан астам түрі болған.
ХЕЛИЦЕРАЛЫЛАР ТИП ТАРМАҒЫ - CHELICERATA
Хелицералылардың 54000-ға жуық түрі бар, басым көпшілігі құрлықта тіршілік етеді. Алғашқы хелицералылар су жәндіктері болған. Хелицералылардың денесі - баскеуде және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Баскеуде 7 (бас қалақшасы мен кеуде) сегменттің қосылуынан түзілген, сондай-ақ 7-ші сегменті көп түрлерінде редукцияға ұшыраған. Баскеуде бөлімінде 6 жұп аяқтары бар. Олардың бірінші жұбы қоректі шайнау және ұнтақтау қызметін атқарып, хелицераға айналған (тип тармақтың атауы да осыдан), екінші жұбы педипальпалар - сезу, қармалау, кейбір түрлерінде шағылысу қызметін атқарады, ал қалған төрт жұбы - жүру аяқтары.
Хелицералылардың негізгі ерекшелігі - бас қалақшасындағы (акрондағы) мұртшасының немесе антеннуласының редукцияға ұшырауы.
Хелицералылар тип тармағына үш класс жатады: Семсерқұйрықтылар -Xiphosura, Алып қалқаншалылар - Gigantostraca және Өрмекшітәрізділер -Arachnida.
СЕМСЕРҚҰЙРЫҚТЫЛАР КЛАСЫ - XIPHOSURA
Семсерқұйрықтылар қазіргі кезде құрып кетуге жақын, саны аз ғана, не бары 5 түрі бар, палеозой эрасында кең тараған, теңіздерде тіршілік ететін буынаяқтылар. Ұзындығы 50-90 см, ал Limulus polyphenus-тың ұзындығы 0,5 м болып келеді.
Қазіргі кездегі семсерқұйрықтылар тропикалық және субтропикалық теңіздерде тараған, біреулері Limulus polyphenus - Атлант мүхитында, Солтүстік және Орталық Америка жағалауларында, қалғандары Малай архипелагында, Филиппин және Жапон аралдарында (Tachypleus, Carcinoscorpius), су жағалауларында 4-10 метр тереңдігінде тіршілік етеді. Аналықтары жұмыртқаларын судың жағасындағы құмға салады. Семсерқұйрықтылардың қалдықтары триас дәуірінен табылған, ал Hemiaspis силур дәуірінен белгілі.
Құрылысы мен физиологиясы. Денесі жалпақ, баскеуде мен құрсақ бөлімі біріккен, сегменттері қозғалмалы, құрсағы ұзын семсер тәрізді өсіндімен бітеді. Баскеуде бөлімі үлкен арқа қалқанымен жабылған, онда екі жұп көздері бар. Денесінің төменгі жағында, аузының алдында үш бунақты қос хелицерасы, ал 5 жұп жүру аяқтары ауыз жанында орналасқан. Бұлардың бірінші жұбы - педипальпасы қалған жүру аяқтарына ұқсас, тек бір бұтақты шайнағыш өсіндісімен ерекше. Жүру аяқтары жорғалаудан басқа қорегін ұстау және ұсақтау қызметін де атқарады. Баскеудесінің 7-ші сегментіндегі хилярий деп аталатын бунақталмаған жұп аяқтары тікенектермен қаруланған.
Құрсағындағы 6-жұп аяқтары жапырақтәрізді, тек бірінші жұбы қорғаныш тақтасына айналып - желбезек қақпақшасы деп аталады (114-сурет).
Құрсағындағы семсертәрізді ұзын өсіндісінің құрамына тельсоннан басқа құрсақтың ақырғы үш сегментінің жұрнағы кіреді.
Ac қорыту жүйесі. Ауыз тесігі хитинді кутикуламен көмкерілген өңешке, ал ол үлкен бұлшықетті хитині бар, әрі тісшелермен қаруланған шайнағыш қарынға жалғасады. Қарындағы ұсақталған қорек зат ортаңғы ұзын ішекке өтіп, одан әрі бауыр түтікшелері арқылы бауырға түсіп, сонда клеткаларының ішінде қорытылады. Қорытылмаған қорек заттар артқы ішектен аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады.
Зәр шығару мүшесі - қос коксальды безінен құралған. Әрбір бездің ұзын имек түтікшесінің бір ұшында - бір-біріне жалғасқан қапшық тәріздес өсінділері болады, олар түрі өзгерген целомодукталар (115-сурет). Зәр шығару тесігі бесінші жүру аяқтың "кокса" деп аталатын бірінші бунағының жанында ашылады, сол себептен де бұл бездерді коксальды деп атайды.
Қан айналу жүйесі. Қан айналу жүйесі жақсы дамыған. Ұзын түтік тәрізді жүрегі 8 қос остийден тұрады. Жүректің артқы жағы тұйық, ал алдыңғы жағынан аорта және оның екі бүйірінен 4 қос артерия кетеді. Бұл артериялар бүйір бағанасына бірігеді. Артериядан шыққан гемолимфа дененің ішкі мүшелерінің арасындағы қуысқа, одан соң синусты жүйеге жиналып, сол арқылы жүрек жанындағы қуысқа (перикардияға), ақырында остийлері арқылы жүрекке құйылады (115-сурет). Семсерқұйрықтылардың гемолимфасының құрамындағы тыныс алу пигменті-гемоцианин гемолимфаға көкшіл түс береді.
Нерв жүйесі ми ганглиясынан, жұтқыншақ маңындағы сақина коннективадан және құрсақ нерв тізбегінен құралған.
Миы мүшеленбеген, бірақ көру орталықтарынан жойылып кеткен мұртшаларын немесе антеннулаларын нервтендірген ганглиялар қалдықтары бар. Миға жұтқыншақ маңындағы сақина коннективасы жалғасқан, ол хелицераны, баскеудедегі жүру аяқтарын және желбезектерді нервтендіреді.
Құрсақ нерв тізбегінде 6 ганглиялары бар. Ганглияның соңғысы біріккен ганглия түйіндерінен құралған. Құрсақ нерв тізбегіндегі ганглиялардан шыққан нервтер дененің бүйірінде ұзына бойы жатқан нерв бағанасына жалғасады.
Сезім мүшелері. Семсерқүйрықтылардың екі жұп көздері болады. Көздерінің бірінші жұбы - қарапайым көзшелер баскеуденің арқа жағында, мидың үстіңде, ал екіншісі - күрделі көздері көзшелердің жанында орналасқан.
Күрделі көздер көптеген бір-біріне тығыз орналасқан ұсақ көзшелерден тұрады, ол үстіңгі жағынан мөлдір хитинді кутикуламен көмкерілген.
Жыныс жүйесі. Семсерқұйрықтылар дара жыныстылар. Жыныс бездері қосарланған және бұтақталған, өзара түтік тәрізді қапшықтарды құрайды. Олардың ұрық шығару жолы құрсақтың бірінші сегментіндегі желбезек қақпақшасының астында сыртқа ашылады.
Эмбриональды дамуы метаморфоз жолымен өтеді. Жұмыртқадан шыққан личинканың сегменттері толық, бірақ құрсағы жетілмеген, құрсағында аяқтары болмайды. Құрсағы кішкентай қалқаншамен бітеді.
Личинка құрылым жағынан трилобиттерге өте үқсас, сондықтан трилобитті личинка деп аталады.
АЛЫП ҚАЛҚАНШАЛЫЛАР КЛАСЫ - GIGANTOSTRACA
Буынаяқтылар типінің толығымен жойылып кеткен класы. Бұлар палеозой эрасында суда тіршілік еткен ірі жануарлар, 200-ге жуық түрі болған. Қазба түрлері құм тастарында, Шотландияның ерте замандағы қызыл құмында табылған. Денесі баскөкіректен және артына қарай жіңішкерген 12 сегментті ұзын құрсақтан құралған. Құрсағы алдыңғы және артқы бөлімдерге бөлінген. Соңғы сегменті аналь қалқаншасына (тельсонға) айналып тақта, тікенек немесе ине түріне өзгерген. Алдыңғы құрсағында түрі өзгерген жапырақ тәрізді жыныс қақпақшалары және төрт жұп желбезек аяқтары болған. Баскөкірек бөлімі бірігіп тұтас біткен қалқаншамен жабылған, оның жоғарғы жағында қарапайым көзшелері, ал бүйірінде күрделі көздері орналасқан. Хелицералары қысқыш тәрізді. Кейбіреулерінде педипальпа мен бірінші жұп аяқтары қармалауыштарға айналып, ал артқы аяқтары ескектәрізді болып жүзу қызметін атқарған. Eurypterus туысының өкілдері силур мен кембрий дәуір шөгінділерінде кездескен. Бұлар жыртқыштар, су түбінде тіршілік еткен, ұзыңдығы 1,8 метрге жететін алып жануарлар (116-сурет).
ӨРМЕКШІТӘРІЗДІЛЕР КЛАСЫ - ARACHNIDA
Өрмекшітәрізділер құрлықта тіршілік ететін, өкпемен немесе трахеямен тыныс алатын буынаяқтылар. Денелері - баскеуде және құрсақ болып екіге бөлінеді. Ал кенелерде (Асагі) баскеуде мен құрсақ бөлімі бірігіп кеткен. Баскеуде бөлігінде 6 жұп аяқтары орналасқан, оның бір жұбы ауыздың үстінде, ал қалған 5 жұбы ауыздың артқы жағында орналасқан. Аяқтарының алғашқы жұбы - хелицералары (сһеіісегае) қысқарған екі-үш буыннан тұрады, ол қысқыш немесе тырнақ тәрізді. Көпбуынды аяқтарының екінші жұбы - пышақтәрізді және олар қорегін ұстау мүшесінің қызметін және сезу қызметін атқарады - бұлар педипальпалар (pedipalpi), ал қалған 4 жұбы - жүргіш аяқтары.
Денесінің артқы бөлігі - құрсақ - әдетте сегменттелген. Өрмекшітәрізділер қласында оншақты отряд, 60000-нан астам түрлері бар. Ұзындығы 0,1 мм-ден 17 см-ге дейін.
Құрылысы мен физиологиясы. Өрмекшітәрізділердің денесі екі бөліктен: бас­кеуде және құрсақтан тұрады. Баскеудені - акрон және 7 сегмент құрайды (7-ші сегмент жетілмеген). Сольпуталарда және кейбір төменгі сатыдағы түрлерінде 4 жұп алдыңғы аяқтарының сегменттері біріккен, ал баскеуденің қалған 2 сегментіне құрсақ сегменттері жалғасады. Осылай, сольпугаларда - денесінің алдыңғы бөлігі трилобиттердің басының сегменттелуіне ұқсас (акрон және 4 сегмент) - ол пропелътидий бөлігі және екі бос аяқтары бар кеуде сегменттері мен сегменттелген құрсағы болады. Сольпугалардың денесі - өрмекшітәрізділер класының басқа өкілдеріне қарағанда көбірек сегменттелген. Құршаяндарда да баскеудесі біріккен, құрсағы 12 сегментті (Gigantostraca сияқты), ол 7 сегментті жалпақ алдыңғы құрсаққа және жіңішке 5 сегментті артқы құрсаққа бөлінеді. Денесі уы бар, имек инелі тельсонмен аяқталады (117-сурет). Мұндай сегменттелу жалған құршаяндарға, пішеншілерге,кейбір кене түрлеріне және буынқұрсақты өрмекшілерге тән (бұларда құрсағы екі бөлімге бөлінбейді). Дене сегменттерінің бірігуінің тағы бір кезеңі - көптеген өрмекшілерде және кейбір кенелерде байқалады. Оларда баскеуде ғана емес, сонымен қатар құрсағы да буындарға бөлінбеген, бірақ өрмекшілерде олардың арасында қысқа және тар жіңішке мықын болады, олар дененің 7-ші сегментінен пайда болған. Дене сегменттерінің толық бірігіп, тұтасып кетуі кене отрядтарының өкілдерінде байқалады.
Жоғарыда көрсетілгендей, баскеудеде 6 жұп аяқтары орналасқан. Олардың алдыңғы 2 жұбы қоректі ұстау және оны ұнтақтау қызметін атқарады - бұларды хелицералар және педипальпалар деп атайды. Хелицералар ауыздың алдыңғы жағында орналасады, өрмекшітәрізділерде олар қысқа қысқыш түрінде болады (сольпугалар, құршаяндар, жалған құршаяндар, пішеншілер, кейбір кенелер т. б.). Кейде хелицералар тырнақтәрізді қозғалмалы буынымен аяқталады (өрмекшілерде) немесе стилет сияқты болады. Ол (кенелерде) жануарлардың денесін тілу қызметін атқарады, сол арқылы олар қоректенеді. Хелицералар әдетте үш буыннан тұрады, ақырғы буыны қысқыштың қозғалмалы бармағының қызметін атқа-рады.
Екінші жұп аяқтары - педипальпалар, бірнеше буыннан тұрады (118-сурет). Шайнайтын өсінділердің көмегімен педипальпаның негізгі буынында қорек ұнтақталып майдаланады, содан кейінгі буындар қармалауыш, ұстағыш қызметін атқарады. Кейбір өкілдерінде (құршаяндар, жалған құршаяндар) педипальпалар күшті ұзын қысқыштарға айналған, ал кейбіреулерінде жүру аяқтарына ұқсас. Қалған 4 жұп (6-7 бунақты) баскеуде аяқтары жүру қызметін атқарады.
Өрмекшітәрізділердің құрсағындағы аяқтары дамымай түрі өзгерген күйінде сақталады. Мысалы, құршаяндар құрсағының бірінші сегментінде жұп жыныс қақпақшалары, екіншісінде сезу мүшелерінің қызметін атқаратын жұп айдарлы, тарақтәрізді қосалқылары бар. Сондай-ақ құршаяндардың, жалған құршаяңдардың, кейбір өрмекшілердің өкпе қапшықтары, өрмекшілердің өрмек жіптерін бөлетін өрмек сүйелдері де аяқтарының өзгеруінен пайда болған. Өрмекшітәрізділердің арғы тегіңде құрсақ сегменттеріндегі жетілген аяқтарының болғаны күмәнсіз. Алайда, көптеген өрмекшітәрізділер ұрығының дамуы барысында құрсағындағы аяқ нышандары пайда болып, кейін дамымай сол күйінде қалады.
Хелицералылардың жабыны кутикула мен оның астындағы гиподерма мен базальды мембрана қабаттарынан тұрады. Гиподерма клеткаларының шығарған заттарынан құрылатын кутикула үш қабатты. Оның сыртқы қабаты жұқа, денедегі ылғалды сыртқа шығармайтын липопротеинді заттарға бай. Бұл құрылым хелицералылардың құрлыққа шығуына және олардың ең құрғақ жерлерді мекендеуіне жағдай туғызды.
Тері эпителидің туындыларына улы бездер және усыз өрмек бездері жатады. Біріншісі - өрмекшілерге, құршаяндарға, екіншісі - өрмекшілерге, жалған құршаяндарға, кейбір кенелерге тән.
Ac қорьпу жүйесі эктодермальды алдыңғы, энтодермальды ортаңғы және эктодермальды артқы ішектен құралған.
Алдыңғы және артқы ішектері қысқа, ортаңғысы ұзын. Алдыңғы ішегі әдетте кеңейген, кутикуламен астарланған және күшті бұлшықеттермен қапталынған, сұйық асты соруға бейімделген (насостың қызметін атқаратын) жұтқыншақ пен қарыннан тұрады (118-сурет). Алдыңғы ішекке шырыш бөлетін жұп сілекей бездері ашылады. Өрмекшілерде, осы бездердің және бауырдың ферменттерінің белокты ыдырату қабілеті жоғары. Өрмекші өзінің өлтірген жемтігінің денесіне осы бездердің сөлін жіберіп, қоректі ішектен тыс қорытады да, кейін қорытылған сұйықтандырылған қоректі сорып алады. Осылайша, қорытылған қорек жұтқыншақ пен қарын арқылы ортаңғы ішекке түседі. Ортаңғы ішектің құрсақтағы бөлігіне бауырдың өзектері ашылады, ол ас қорытатын ферменттерді бөледі және қоректі сіңіруге көмектеседі, сонымен қатар бауыр клеткаларының ішінде ас қорыту процестері де өтеді. Ортаңғы ішектің тұйықталып аяқталатын тармақтары, өздерінің сілекей шығару әрекетімен қатар ішектің сорғыш беттерін кеңейтіп, асты сіңіруге көмектеседі. Артқы ішегі аналь тесігімен сыртқа ашылады. Өрмекшітәрізділердің көпшілігі - жыртқыштар, бірақ омыртқалы жануарлардың қанымен, өсімдіктердің шырынымен және өсімдіктердің қалдықтарымен қоректенетін түрлері де бар.
Зәр шығару жүйесіне Мальпиги түтікшелері және коксальды бездері жатады. Мальпиги түтікшелері энтодермальды ортаңғы ішектен пайда болып, ортаңғы мен артқы ішектің шекарасында орналасып, бір жағы тұйықталып екінші жағымен ас қорыту жолына ашылады. Олар жалпақ эпителий қабатымен астарланған, клеткаларында және түтікше қуысында көптеген гуанин дәндері болады. Гуанин өрмекшітәрізділердің зәр шығаруының негізгі өнімі, сыртқа сұйық түрінде емес, құрғақ кристалл түрінде шығарылады. Бұл құрлықта тіршілік етуіне байланысты ішкі ылғалды үнемдеуге бағытталған. Мальпиги түтікшелері тек ересек түрлерінде болады.
Коксальды бездер мезодерма клеткаларынан пайда болады, олар өрмекшітәрізділердің ұрығында және жас кезінде жетіліп, ересек түрлерінде біршама жоғалады. Коксальды бездер баскеуденің 2-ші сегментінде орналасқан, түрі жұп қапшық тәрізді. Эпителилі қапшықтан ілмек тәрізді бұрандалған түтікше шығады да, ол зәрлі қуықка айналып, зәр шығару тесігімен аяқталады (119-сурет). Олар 3-ші немесе 5-ші жұп аяқтарының түбінде сыртқа ашылады. Эпителилі қапшық целомодуктаның кірпікшелі воронкасына сәйкес болып келеді.
Тыныс алу мүшелері әр түрлі: не жапырақтәрізді өкпелері, не кеңірдектері (трахеялары), не өкпелер мен кеңірдектері кездеседі. Өкпе қапшығымен құршаяндар, қылаяқтылар, төменгі сатыдағы өрмекшітәрізділер тыныс алады. Құршаянның алдыңғы құрсағының астыңғы 3-6-шы сегменттерінде 4 жұп тыныс саңлаулары немесе стигмалары (stigma) өкпе қапшығына келіп жалғасады. Өкпе қапшықтарының ішінде бір-біріне жақын орналасқан жапырақтәрізді өсінділері бар, ал олардың арасы тар, бос қуыстық. Бос кеңістікте ауа, ал өкпе жапырақшаларын қан тамырлары торлаған.
Сольпугалардың, пішеншілердің, жалған құршаяндардың, кейбір кенелердің тыныс алу мүшесі - трахеялар (120-сурет). Құрсақтың 1-2-ші сегменттерінде (сольпугаларда кеуденің 1-ші буынында) жұп тыныс алу саңлаулары немесе стигмалары бар. Әрбір стигмадан дененің ішіне қарай ұзын, жұқа, тұйықталған ауа өтетін түтікшелер немесе трахеялар тарайды. Трахеядан тараған ұсақ трахеолалар әрбір мүшеге жалғасып, оларды ауамен қамтамасыз етеді. Жалған құршаяндарда және кенелерде бұл түтіктер бұтақталмаған, бір бунақты.
Өрмекшілер отрядының өкілдерінде тыныс алу мүшелерінің екеуі де (жапырақты өкпе қапшығы мен трахеялар) кездеседі. Олар - құрсақ бөліміңде орналасқан жұп өкпе қапшығы және сыртқа екі стигмамен ашылатын жұп трахея шоғыры. Өрмекшілердің Caponiidae тұқымдасында өкпе мүлдем жоқ, тек жалғыз 2 жұп трахеясы болады.
Өрмекшітәрізділердің өкпесі және трахеясы бір-біріне байланыссыз пайда болған. Өкпе қапшығы күмәнсіз ертеде пайда болған мүше. Өкпенің эволюция барысында қалыптасуы, түрі өзгерген құрсақ желбезек аяқтарымен байланысты деп есептеледі, ал олар өрмекшітәрізділердің суда тіршілік еткен арғы тегіңде болған және олар семсерқұйрықтылардың желбезекті құрсақ аяқтарына ұқсас. Әрбір осындай аяқ дененің ішіне қарай бата орналасқан. Аяқтарының бүйір жа­ры денеге жабысып, өседі. Өкпе қабырғаның алдыңғы бөлігі - аяқтың негізінен, ал өкпе жапырақшалары арғы тегінің құрсақ аяқтарының артқы жағында орналасқан желбезек тақталарынан пайда болған деп болжамдайды.
Кеңірдектер (трахеялар) өкпе қапшығынан тәуелсіз пайда болған. Олар эктодермальды, дененің сыртқы хитинді кутикуланың ішке қарай жымырылып кеткен өсіндісі болып табылады. Трахея түтікшелері хитинді кутикуламен астарланған.
Кейбір өрмекшілердің және кенелердің тыныс алу мүшелері жойылып, бүкіл денесімен тыныс алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   139   140   141   142   143   144   145   146   ...   155




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет