Жұқасауыттышаяндар отряды - Leptostraca 8 түрі бар, ұсақ теңіз шаяндары. Жоғарғы сатыдағы шаяндардан төменгі деңгейлі белгілерімен көзге түседі: жұқа, қосжақтаулы пішінді карапаксы баскеуде бөлімін түгел жапқан (отрядтың аты да осыдан); 8 жұп кеуде аяқтары екі бұтақты, жапырақаяқты (Phyllopoda) шаяндардың аяқтарына ұқсас; құрсағы 7 сегментті және соңғысының ұшы ашалы; ересек түрлерінде тек антеннальды бездері ғана емес, аздап редукцияға ұшыраған максиллярлы бездері де зәр шығарады. Осындай бірқатар белгілерімен Leptostraca төменгі мен жоғарғы сатыдағы шаяндар аралығындағы байланыстырушы буын деп болжайды. Негізгі өкілдері: Nebalia bipes, Nebaliopsis typica. Nebalia туысы Силур дәуірінен белгілі.