Қан айналу жүйесі ашық. Құршаянның жүрегі ұзын түтік тәрізді, алдыңғы құрсақ бөлімінде ішектің үстінде орналасқан және оның бүйір жағында 7 жұп саңылаулары (остиялары) бар. Басқа өрмекшітәрізділерде жүректің құрылысы біршама қарапайым. Мысалы, өрмекшілерде жүрегі қысқарған, 3-4 жұп остиялары ғана болады, пішеншілерде 1-2, кенелерде 1, ал кенелердің көпшілігінде өте ұсақ болуына байланысты жүрегі тіпті жойылып кеткен.
Жүректің алдыңғы, артқы (құршаяндарда) немесе тек алдыңғы жағынан (өрмекшілерде) қолқа тамырлары шығады. Бұдан басқа кейбір түрлерінде жүректің әрбір камерасының бүйірінен жұп артерия тамырлары тарайды да, олардың соңғы тармақтары үзіліп, гемолимфа лакуна, синус жүйесіне құйылады. Синустардан лакуналардан жиналған гемолимфа жүрек маңы (перикардия) қуысына, одан кейін остиялары арқылы жүрекке құйылады. Өрмекшітәрізділердің гемолимфасының құрамында тыныс алу пигменті - гемоцианин болады.
Достарыңызбен бөлісу: |