ЕСКЕКТІЛЕР (CTENOPHORA) ТИПІНІҢ ФИЛОГЕНИЯСЫ Ескектілердің құрылысындағы белгілеріне (эктодерма, энтодерма қабаты, гастроваскулярлы жүйесі) байланысты оларды ішекқуыстылардың ерекше бір жоғарғы сатыдағы бұтағы деп есептейді. Шығу тегі жөніндегі гипотезалардың көпшілігі ескектілер мен медузалардың өзара байланыстарын көрсетіп, ескектілер гидромедузалардан (Геккель, Кун) немесе сцифоидты медузалардан шыққандығын (Гетге) дәледейді. Басқа авторлар медузалар мен ескектілер "Scyphula" деген бір ортақ тектен пайда болды деп жорамалдайды. Оның денесі гаструла тәрізді, кірпікшелермен қапталған және жақсы дамыған жұтқыншағы болған деп жорамалдайды.
Эволюция барысында ескектілер көптеген өзгерістерге ұшыраған: өзгерген кірпікшелері арқылы қозғалуы; жүзуден жорғалап жүруге бейімделуі; мезодерма клеткалар бастамасының болуы; екі жақты симметрияның қалыптасуы. Осы белгілерге сүйенсек, жорғалауыш ескектілер кірпікшелі құрттардың (Turbellaria) арғы тегі деген жорамал (Ланг) шындыққа жақын сияқты және екі жақты симметрияның пайда болуын түсіндіруге дәлел болады.