КІРПІКШЕЛІ ҚҰPTTAP КЛАСЫ - TURBELLARIA Еркін қозғалатын, теңіз және тұщы су, кейде ылғалы мол топырақта мекендейтін құрттар. Олардың денесі кірпікшелі эпителимен жабылған. Турбелляридің түр саны 3000-ға жетеді.
Құрылысы мен физиологиясы.Денесі созылыңқы, жапырақ тәрізді, денесінде бөгде шығыңқы жерлері жоқ. Тек кейбір турбелляриде денесінің алдыңғы жағында екі кішкене қармалауыш тәрізді өсінділері болады (51-сурет). Турбелляридің ұзындығы миллиметрден бірнеше сантиметрге дейін. Денелері түссіз немесе ақ түсті, тек кейде терісіндегі пигменттерінің әсерінен әр түрлі түсті болады. Денесін цилиндр пішінді клеткалардан тұратын бір қабатты эпителий жапқан, оның сыртқы бос шеттерін кірпікшелер қаптап тұрады. Кейбір турбелляриде клеткалар арасындағы шекаралар жойылып, эпителий синцитий тәрізді болады. Мұндай жағдайда ядроны қоршап тұрған цитоплазма аймақтары дененің ішіне қарай ығысады. Ткань қабатына тереңірек еніп кеткендіктен олар колба тәріздес және өздерінің жіңішке бөлімімен сыртқы ортамен байланысады. Жіңішке бөлімдерінің ядросы жоқ және бос жағында кірпікшелері бар бөлінбеген цитоплазмалық тақтаны түзеді. Қабаттарының бұндай құрылыс түрі көптеген турбелляриге тән және олар батып кеткен эпителий деп аталады.
Турбелляридің тері қабаттарында көптеген тері бездері байланыса орналасқан. Олар дененің барлық беткі қабаттарына шашырап орналасқан немесе комплексті жинақталған бокал, алмұрт тәрізді без клеткалары. Бұл бездер эпителиде де, дененің тереңірек жерінде де орналасады. Тері бездерінің бірі болып рабдитті клеткалар да жатады. Олардың құрамында жылтырауық, жарық бағытын өзгертетін таяқшалар - рабдиттер болады. Олар дене бетіне перпендикуляр жатады. Жануарды қатты қоздырғанда олар эпителиден сыртқа атылып шығады да, суда ісініп дене бетінде кілегейдің шоғырын түзіп қорғаныш қызметін атқарады.
Эпителидің астында базальды мембранасы бар. Оның қызметі - денеге белгілі пішінді беру және бұлшықеттерді бекіту. Базальды мембрананың астында күрделі құрылысты бұлшықеттер орналасқан, ол бұлшықет талшықтарының бірнеше қабатынан құралған. Ең жоғарғы беттерінде сақина тәріздес бұлшықеттер қабаты орналасқан, одан ішкері ұзына бойы және диагональды бұлшықеттері орын алады (52, А-сурет).
Бұлшықетгердің эпителимен бірігуінен тері-бұлшықет қапшығы түзіледі. Бұдан басқа, турбелляриялардың бәрінде оларға тән дорзовентральды немесе арқа-құрсақ бұлшықеттері бар. Бұл талшықтардың будалары арқа бөлімінен құрсаққа карай созылып және дененің екі жағыңда орналасқан базальды мембранаға бекінеді, соның арқасында жәндіктер денесін арқа-құрсақ жағынан қысыңкы күйге келтіре алады.
Турбеллярияның қозғалысы бір жағынан - сыртқы эпителий кірпікшелерінің соғуы, екінші жағынан - тері-бұлшықет қапшығының қысқаруы арқылы жүреді. Tuibellaria жүзе де, жорғалай да алады. Ұсақ формалары кірпікшелер арқылы жүзеді. Ірі түрлері денесін созып-қысқарту арқылы жорғалайды.
Тері-бұлшықет қапшығының астындағы ішкі мүшелер аралығы паренхимамен толтырылған. Паренхима - көп өсінді борпылдақ дәнекер тканьді клеткалардан түзілген. Бұл клеткалар түрлі бағытта айқаса және ұштарымен жабыса бос орналасады. Олардың арасын клетка аралық сұйықтық толтырған, сол себептен паренхима ас қорыту өнімдерін ішектен ішкі мүшелерге тасымалдауын қамтамасыз етеді. Бір жағынан зәр шығару қызметі де атқарылады. Содан басқа, көптеген фибрилды құрамалардың болуы, паренхиманы тірек ткані ретінде қарастыруға да ықпал етеді.