Төрт тұмсықты цестодалар отряды - Tetrarhynchidea
Сколексіңде сорғыш ойығы мен төрт ұзын тұмсығы болады. Тұмсықтары ерекше қуыс қалтаның ішіне тартылып тұрады. Ересек формалары селахидің (жайын балыктар) ішегінде, ал личинкалары теңіз омыртқасыздарының мүшелерінде тіршілік етеді.
Жоғарыда сипатталған жалпақ құрттардың көптеген түрлері адам өмірі үшін, балық, үй жануарларының және кәсіптік (ауланатын) аңдардың тіршілігі үшін аса қауіпті паразиттері болып келеді. Құрттармен ауырған ауруларды - гельминтозды аурулар деп атайды, солардың ішінде трематодоз, цестодоз, нематодоз аурулары кең тараған. Олармен күресу шаралары әрбір жеке паразиттің өзіне тән ерекшеліктерімен байланысты болу керек.
Гельминтоз аурулары Қиыр Шығыста, Сібірде, Қазақстанда, Қырғызстанда, Башқұртстанда, Азербайжанда, Украинада, Молдавияда т.б. кездеседі. Гельминтоздан сақтанудың жолы - гигиеналық шараларды мүлтіксіз орындау болып табылады: жеміс-жидектер мен көкөністерді міндетті түрде жуып жеу; балық пен ірі қараның етін толық пісіріп, қуырып жеу; кез келген ағын суды ішпеу; үнемі тазалықты сақтау; тағамдарды дұрыс дайындау; су қоймаларын, мал-қораларын, әжетханаларды таза ұстау, т. б. Халық арасында осы ауру туралы санитарлық-ағарту насихатын жолға қою - міндетті іс.
ЦЕСТОДАТӘРІЗДІЛЕР КЛАСЫ - CESTODARIA
Дене құрылысы жағынан таспа құрттарға өте ұқсас. Негізгі ерекшеліктері: денесі буындалмаған; жыныс жүйесі қайталанбай бір комплексті болып келеді; ұрығының онкосфера сияқты алты емес, он ілмешегі болады, сондықтан ол ликофора деп аталады. Класс екі отрядқа бөлінеді: Gyrocotylidea және Amphilinidea.
Гирокотилида - Gyrocotylidea отрядының өкілдері химер балықтардың ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Денесінің артқы жағында қатпарланған жапырақ тәрізді тіркелгіш дискісі бар, алдыңғы жағында сорғышы.
Амфилинида - Amphilinidea отрядының негізгі өкілі - Amphilina foliacea. Бекіре балықтарының дене қуысында тіршілік ететін паразит, ұзындығы 5 см, жапырақ тәрізді. Ликофора ұрығы аралық иесінің (шаянтәрізділердің) ішінде процеркоид личинкасына дейін дамиды. Аралық иесін жұту арқылы процеркоид бекіренің дене қуысына өтіп, ересек формасына айналады. Амфилина, Еділ-Каспий бассейнінде және Сібір өзендерінде кең тараған.
Достарыңызбен бөлісу: |