Казақстан республикасының білім және ғылым министрлігі к. Ә. ДӘуітбаева



бет80/155
Дата24.04.2022
өлшемі2,44 Mb.
#140657
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   155
Байланысты:
zoo

Жыныс жүйесі гермафродитті, құрылысы жағынан сорғыштарға ұқсас, бірақ таспа құрттардың әр түрлі топтарының жыныс мүшелерінің пішіні, орналасуы, саны жағынан әр түрлі болатыны байқалады (мысалы, бірқатар түрлерінің жыныс тесігі құрсақ немесе арқа жағында ашылады; кейбір түрлерінің жыныс бездері біреу болса, екіншілерінде жүзден асады, т. б.).
Таспа құрттардың жыныс жүйесінің құрылысын және дамуын өгіз солитерін (Taeniarhynchus saginatus) алып қарастырайық. Өгіз солитерінің (цепенінің) кішкене басы, қысқа мойны және буындардан құралған ұзын 10-20 м-ге жуық денесі болады (65-сурет). Солитердің алдыңғы ең жас 3-4 буындары болмаса, басқа буындарының әрқайсысында күшті дамыған гермафродитті жыныс жүйесі бар. Осындай буынды - гермафродитті буын деп атайды.
Көпіршік пішінді аталық бездері паренхиманың арасында шашырап орналасқан. Аталық бездерінің тұқым шығару түтіктері бірігіп ортақ аталық жолын құрайды. Аталық жолы кеңейіп шағылыс (penis) мүшесіне айналып, буынның бүйір бөлігіндегі жыныс клоакасына еніп жатады.
Аналық мүшесі тарамдалған екі аналык бездерінен құралып, аналық жолы арқылы оотипке ашылады. Оотипке екінші жағынан сарыуыз безі де ашылады. Оотиптен екі канал шығады. Біреуі кынап, аталық жолымен қатар созылып жыныс клоакасына ашылады, екіншісі буынның алдыңғы бөлігіне бағытталып тұйық бітетін жатын (65, В-сурет).
Жұмыртқа клеткалары аналық безінен оотипке түсіп, осы жерде қынап арқылы келетін сперматозоидтармен қосылып ұрықтанады да, сарыуыз және қабыршақпен қапталып, тұйық бітетін жатынға өтеді. Осы жерде дамуының бірінші сатысы басталады. Жатынға түскен жұмыртқалардың саны өте көп, сондықтан жатынның орталық бөлімінен оң және сол жаққа қарай жанама тармақтары тарап, жұмыртқаларға толып жатады. Осылайша гермафродитті буын "пісіп жетілген" буынға айналады. Денесінің соңғы жағындағы пісіп жетілген буындар үзіліп, иесінің ішегінен сыртқы ортаға шығарылып тұрады. 18-20 жыл өмір сүретін өгіз солитері бір жылда 600 млн-нан аса жұмыртқа шығарады. Сонда бүкіл тіршілігі барысында солитер 11 млрд, жұмыртқа бөледі.
Дамуы. Адамның ішегінен нәжіспен бірге сыртқы ортаға шыққан пісіп жетілген буындар шіріп, ішіндегі жұмыртқалары топыраққа түседі. Дамуы үшін жұмыртқа аралық иесіне енуі қажет.
Өгіз солитерінің аралық иесі өгіз немесе сиыр. Осылардың ішегіне түскен жұмыртқадан онкосфера деп аталатын алты ілмешегі бар ұрық шығады. Осы ілмешектерімен онкосфера ішек қабырғасын тесіп, лимфа және қан жүйесіне түседі. Қан тамырлары арқылы онкосфера ішкі мүшелерге көбінесе бауырға, бұлшықеттерге, өкпеге, кейде миға жетеді. Осы мүшелерде ұрық - онкосфера финна деп аталатын личинка сатысына айналады. Финна бұршақ тәрізді сұйықтыққа толы көпіршік, оның ішінде төрт сорғышы бар басы болады (66-сурет). Осыңдай личинканы цистицерк деп те атайды. Личинка аралық иесінде бірнеше жыл өмір сүре алады. Финна ересек формасына айналуы үшін негізгі (түпкілікті) иесі - адамның ішегіне түсуі қажет. Финнозбен ауырған сиырдың толық қуырылмаған немесе пісірілмеген етін жеген адамның ішегіне түскен финна басын шығарып, сорғыштары арқылы ішекке жабысады. Көпіршігі еріп, қалған басы мойнымен бірге жедел өсе бастайды да, мойны жаңа буындарды түзеп, денесі ұзарады.
Сонымен, Taeniarhynchys saginatus-тың тіршілік циклі иесін алмастыру арқылы және күрделі құрылысты онкосфераның финнаға, финнаның таспа тәрізді ересек түрге ауысуымен байланысты.
Таспа құрттардың басқа түрлерінің де тіршілік циклі иесін алмастыру және онкосфераның финна личинкасына, финнаның ересек түріне ауысуымен өтеді. Финнаның бірнеше формалары болады: жоғарыда көрсетілгендей цистицерк-сұйықтыққа толы көпіршік, ішінде жиырылып жатқан бір басы болады; ценур-сұйықтыққа толы көпіршіктің қабырғасында бірнеше басы орналасқан, олардың әрқайсысы жеке особьқа айналады; финнаның ерекше түрі - эхинококк, көпіршігі үлкен, ішкі қабырғасында және көпіршіктің ішінде бірнеше басы бар көптеген көпіршіктері түзіледі; цистицеркоид - көпіршіктің құйрық тәрізді өсіндісі болады; плероцеркоид - құрт тәрізді личинка (67-сурет).
Классификациясы. Таспа құрттар класы 9 отрядқа бөлінеді. Осылардың негізгі екі отрядының өкілдері кең тараған және адам мен жануарлардың тіршілігі үшін аса қауіпті паразиттер.
Солитерлер немесе цепеньдер отряды - Cyclophyllidea

Бұл отрядтың негізгі ерекшеліктері: басында (сколекс) төрт сорғыштары мен кутикулярлы ілмектері бар; денесі көп буынды; жатыны тұйықталған; дамуы түпкі (негізгі) иесінен аралық иесіне көшу арқылы өтеді; личинкалары - цистицерк, цистицеркоид, ценур, эхинококк, альвеококк.


Солитерлер отрядына көптеген тұқымдастары жатады, солардың ішінде адам мен жануарларға күшті зиян келтіретін үш тұқымдастың өкілдері: Taeniidae тұқымдасынан Taeniarhynchus saginatus - өгіз солитері, Taenia solium - шошқа солитері, Echinococcus granulosus - эхинококк, Alveococcus multilocularis - альвеококк, Multiceps multiceps - қой мишығы; Anoplocephalidae тұқымдасынан - Moniezia expansa -мониезия; Hymenolepididae тұқымдасынан - Hymenolepis nana - қортық солитері.
Өгіз солитері (Taeniarhynchus saginatus) немесе қарусыз цепені. Басында тек төрт сорғышы болады, ілмешектерінің және тістерінің жоқтығынан қарусыз деп аталады. Денесі 1000-нан аса буыннан тұрады, ұзындығы 18-20 м-ге дейін. Жыныс мүшесі 200-ші буыннан (проглоттидтен) бастап дамиды.
Пісіп жетілген буындарының ұзындығы 16-30 мм, ені 5-7 мм, тұйықталған жатын тармақтарының саны 17-35-ке жетеді.
Өгіз солитерінің даму циклі жоғарыда көрсетілген. Ересек түрлері адамның ортаңғы ішегінде тіршілік етеді, ал личинкасы аралық иесі сиырдың немесе өгіздің ішкі мүшелерінде дамиды. Личинкалары цистицерк типті. Жұқтыратын ауруы тениаринхоз деп аталады.
Шошқа солитері (Taenia solium) немесе қарулы цепені. Сыртқы дене пішіні, дене бөлімдері, құрылысы, даму циклы жағынан өгіз солитеріне ұқсас. Басында төрт сорғышынан басқа қосымша көптеген ілгектері болады, осы белгісіне қарай оларды қарулы деп те атайды. Денесі 900-дей буыннан тұрады, ұзындығы 2-3 м, кейде 6-8 м-ге дейін жетеді. Аналық безі өгіз солитерініңкідей екі бөлімнен емес, үш бөлімнен тұрады. Тұйық бітетін жатын тармақтарының саны 7-12. Ересек түрлері адамның ортаңғы ішегінде тіршілік етеді, ал цистицерк личинкалары аралық иесі шошқаның ішкі мүшелерінде дамиды. Кейде аралық иесі адам да бола алады. Шошқа солитерімен ауру адам құсқан кезінде жұмыртқалары қайтадан жұтылып ішектің ішіне түседі де, онкосфералары қан жолы арқылы ішкі мүшелерге өтіп (бұлшықеттеріне, бауырына, өкпесіне, жүрегіне, миына, көзіне), орналасып қалады. Бұдан пайда болатын цистицеркоз ауруы адам өмірі үшін өте қауіпті. Ересек түрінің жұқтыратын ауруын тениидоз деп атайды.
Эхинококк (Echinococcus granulosus). Денесі 3-4 буыннан тұрады, ұзындығы 2-6 мм. Басында төрт сорғышы және ұзарған тұмсығында ілмешектері дамыған. Алдыңғы буындары гермафродитті, ал соңғы жетілген буыны ұрықтанған жұмыртқаға толы болып келеді (68-сурет). Ересек түрлері иттердің, қасқырлардың ішегінде тіршілік етеді, ал эхинококк типті личинкалары аралық иесі: үй қояндары, тышқандар, мысық, қой, ешкі, ірі қараның, шошқаның ішкі мүшелерінде, әсіресе бауырында, өкпесінде мекендейді. Адам да аралық иесі бола алады. Өте қауіпті кеселге ұшыратады.
Эхинококктың жұмыртқалары итгің қиымен араласып сыртқа тарайды, көп жағдайда олардың жүніне жабысып тұрады. Адам итті қолымен сипап, қолын жумай тамақ ішсе, жұмыртқалары аспен бірге ішке кетеді. Ішекке түскен жұмыртқалардан алты ілмекті онкосфералар дамып, олар қан арқылы ішкі мүшелерге жетіп мекендейді (бауырға, өкпеге, жүрекке, миға). Осы мүшелерде эхинококк көпіршігі үлкен көлемде өсіп, мүшелерді ісіндіріп қатты зақымдайды. Эхинококк көпіршігін тек қана операция арқылы алып тастауға болады. Эхинококк көпіршігі өте жай өседі. Бір айдан кейін оның диаметрі 1 мм-ге жетеді, 5 айдан кейін - 1 см. Көпіршік жылдар бойы өседі (20-30 жыл). Адамға эхинококкоз ауруы өте қауіпті.
Альвеококктың (Alveococcus multilocularis) дене пішіні, дене бөлімдері, құрылысы, даму циклі эхинококқа өте ұқсас. Түпкі иесі түлкі, сонымен қатар ит, қасқыр, басқа да жыртқыштар. Аралық иесі - кемірушілер. Адам да аралық иесі бола алады. Альвеококк көпіршігі бір шоқ болып орналасады және көпіршіктер жайылып өсуі нәтижесінде бір мүше емес, басқа да мүшелер зақымдалады. Көпіршіктерді тек қана операция арқылы алып тастауға болады. Эхинококка қарағанда, альвекокктар өте қауіпті құрттар.
Қой мишығы (Multiceps multiceps). Денесі 200-250 буындарынан тұрады, ұзындығы 40-80 см. Басында төрт сорғышы және екі қатарлы орналасқан ілмешектері болады. Пісіп жетілген буындарындағы жатын тармақтарының саны 9-26. Личинкалары ценур типті. Ересек түрлері негізгі иесінің - иттің, қасқырдың, түлкінің ішегінде тіршілік етеді, ал ценур деп аталатын личинкалары аралық иесінің - қойдың, ешкінің, тағы басқа жұп тұяқтылардың миында дамиды. Адам да аралық иесі бола алады.
Шөп арқылы қойдың ішегіне түскен жұмыртқалардан онкосфера ұрығы дамып, олар қан тамырлары арқылы миға жетіп ценур личинкасына айналады. Көпіршікті сатысында көлемі жаңғақтай болады. Олар қойды айналма ауруына ұшыратады. Қой жүре алмай, орнында айнала береді. Бұл ауру жануарларды өлімге соқтырады.
Anoplocephalidae тұқымдасына жататын мониезия - (Moniezia expansa) солитері ересек түрінде қойлардың, ешкілердің, ірі қара малдың ішегінде паразиттік тіршілік етеді, ал цистицеркоид деп аталатын личинкалары аралық иесінде, топырақта тіршілік ететін ұсақ кенелер - орибатидалардың (Oribatoidea) денесінде дамиды (69-сурет). Шөппен бірге орибатидалар малдың ішегіне түсіп, цистицеркоид личинкалары құйрық тәрізді өсіндісін тастап ересек түріне айналады. Құрттың ұзындығы 1-5 м-ге дейін жетеді. Басында тек төрт сорғышы болады. Жатыны қапшық тәрізді. Мониезиоз іш ауруын туғызады.
Hymenolepididae тұқымдасына жататын қортық (ергежейлі) солитері (Hymenolepis nanaның) денесі 100-200-дей ұсақ буыннан тұрады, ұзындығы 1,0-4,5 см. Басқа солитерлерден айырмашылығы даму циклі бір ғана иесінің ішінде өтеді - адамның ортаңғы ішегінде. Ұрықтанған жұмыртқалардан онкосфералар дамып, олар ащы ішектің өте ұсақ өсінділеріне - бүрлеріне еніп цистицеркоид личинкасына айналады. Кейін олар ішек арасына түсіп, сорғыштары арқылы ішекке бекініп, ересек түрі жұмыртқаларын бөліп шығарады. Жұмыртқалардың біразы адамның нәжісімен бірге сыртқа тарайды, ал қалғандарынан онкосфералар дамып, даму циклі қайталанады (70-сурет). Сонымен, адам құрттың негізгі және аралық иесі болып келеді. Хименолепис ауруымен көбінесе балалар ауырады. Адамның ішегіне солитердің жұмыртқалары жуылмаған жеміс, көкөніс, су арқылы өтеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   155




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет