Құрылысы мен физиологиясы. Денесі кішірек бас бөлімінен, қысқа мойын және ұзын дене бөлімінен тұрады. Денесі қалың хитинді тақталармен қапталған. Олар біріне-бірі тығыз үй шатыры (черепица) сияқты жанасып орналасуының нәтижесінде, құрттың денесі буынды сияқты болады.
Тақталар құрт денесін 13 буынға бөліп тұрады: бірінші - бас буыны, екіншісі - плакида деп аталатын мойын, қалғандары зонит деп аталатын - дене буындары. Киноринхалардың буындарын, буылтық құрттардағы буындармен шатастыруға болмайды, өйткені киноринхалардың сыртқы буындарының ішкі мүшелерге қатысы жоқ.
Сыртқы жамылғысы кутикуладан және оны астарлап жататын гиподермалық клетка қабатынан тұрады. Денесінің басындағы кутикулярлы өсінділер ұзынша тікенек, ал қалғандары майда қылтаншалар түрде түзілген.
Киноринхалардың бұлшықеттері бөлек-бөлек түйіндерге бөлініп, тұтас тері -бұлшықет қапшығын жасамайды. Бұлшықеттері көлденең салалы жолақ. Киноринхалар барлық төменгі сатыдағы құрттардан осы белгісімен ерекше. Дене қуысы - схизоцель.