Рауза. О, шіркін, деген.
Жамал(шап ете түсіп). Тәйт әрі! Сен қу Алқамбайды да бұзғалы жүргеннен сау емес шығарсың мына түріңмен.
Рауза(шалқайып). Ойбай, қойыңыз.
Жамал.Әуелі өзің қой.
Рауза. Нені қоямын?
Жамал. Алқамбайдан аулақ жүр. Соны қоясың.
Рауза. Ой, қойыңызшы, шалыңызды әлдеқандай қылмай.
Жамал. Әлдеқандай ма, әлеуетті ме, маған бәрібір, қыздай қосылған байым.
Рауза.Сізге қазір бай емес, шал керек.
Жамал (тез, жұлып алғандай). Саған ше?
Рауза. Маған... маған енді... Бір еркекке жететін қауқар бар менде.
Жамал. Құры!
Осы сәт екі апайдың жандарына бір өрімдей жігіт пен үріп ауызға салғандай жап – жас, кіндігі ашық қыз келіп тұра қалып, өліп-өшіп сүйісе бастайды. Жамал мен Рауза сөздерін тоқтатып, қайтерін білмей, көздері бақырайып бір – біріне қарай береді. Екі жас ес – түссіз сүйісіп тұр.
Ж а м а л(қатты күйініп). Әй, оңбағандар, не болды сонша, өліп пе едіңдер? Бір-біріңді жеп қоярсыңдар тегі.