8-тапсырма. Мақсаты: қарым-қатынаста нақтылыққа қол жеткізу. Өзара қарым-қатынас неғұрлым тығыз болса, қатынас тілі де соғұрлым түсінікті болады. Қарым-қатынас нақтылығының төрт деңгейі мынадай:
1) мұғалім оқушының жеке алаңдаушылығына мән бермей, жалпылама сөйлейді;
2) оқушының жеке алаңдаушылығы жалпы сөздермен талқыланады;
3) оқушымен әңгіме ішінара нақты болады;
4) әңгіме оқушының нақты сезімдері мен жеке алаңдаушылығы туралы болады.
9-тапсырма. Қорытынды сабақ. Мақсаты: өзінің мұғалім ретіндегі жаңа түсінігін қалыптастыру. Соңғы ықшамсабақ ұзағырақ болады (кем дегенде, 15 минут). Мұғалімге барлық меңгерген дағдыларын көрсетудің қажеті жоқ, оған өзі қалағандай мұғалім болуға тырысу ғана қажет.
Қорытынды талқылауда соңғы ықшамсабақ біріншісімен салыстырылады, болған өзгерістер талданады, одан әрі жетілдіру бағыттары белгіленеді.
Қазіргі уақытта ықшамсабақтың келесідей нұсқалары таралған.
Мектеп нұсқасы. Мұғалімдердің біліктілігін олардың жұмыс орнында арттыру кезінде қолданылады (in-servicetraining). АҚШ-та мұндай дайындық үшін жылына бес күн бөлінеді (мектеп жұмыс жасамай, мұғалімдер өздері шығармашылықпен айналысатын кезде). Бұл нұсқада мұғалім жетекшінің басшылығымен ерікті нағыз оқушылармен жұмыс жасайды. Қайталама ықшамсабақ (re-teaching) оқушылардың басқа тобымен жүргізіледі. Бұл нұсқаның бірқатар басымдықтары бар: аз уақыт алады (бір ықшамсабақ оны талқылау мен қайталауды (қайтадан сабақ беруді) қосқанда – бір сағаттан аспайды), бірден кері байланыс ұсынылады, нағыз оқушылармен жұмыс жасау (көбінесе өз сыныбындағы) оқуды нақты жағдайларға жақындатады. Екінші жағынан, жетекші мен оқушыларға жұмыс ақысын төлеуді ескеретін болсақ, мұның айтарлықтай қымбат тұратын іс-шара екені байқалады.