Сондықтан да ОАК –қа (Орталық атқару комитетіне – Т.Ж.): енді менен 1932 жылы сотталғаным туралы айыпты алып тастауларыңызды өтінемін.
Сол үшін: 1/ Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мінездемесін 2/ Өткендегі сотталғаным туралы анықтаманы ұсынып отырмын. Әуезов М. (қолы). 26 /ҮІ -38 ж.», – деп өтініш жолдаған.
Орыс жазушыларының ішінде мұндай тәуекелге Сталиннің өзі ұнатып-ұнатпаған, идіріп-тартып жүрген Михаил Булгаков та бара алмаған. Сонымен қоса қарындашпен жазылған:
«1932 жылдан бастап менің қаламымнан ондаған кеңестік (тақырыптағы – Т.Ж.) пьесалар, бірқатар әңгімелер, зерттеулер жазылды. Сонымен қатар мектептерде қазақ әдебиетін оқытуға арналған мен жазған 6-класс оқулығы да бар. Қазақ академиялық театрында және облыстық театрларда менің: 1/«Еңлік-Кебек», 2/ «Тас түлек»,3/ «Октябрь үшін», 4/ «Түнгі сарын», 5/ «Шекарада» (қорғаныс тақырыбына арналған), 6/ Менің аудармам арқылы: «Ревизор», 7/ «Ақсүйектер»,8/ «Любовь Яровая», 9/Қазақстанның опера театрынды «Айман – Шолпан», 10/» «Қалқаман – Мамыр» – атты пьесаларым қойылып жатыр. «Қалқаман – Мамырдың» либреттосы арқылы Қазақ опера және балет театрының тұңғыш балеттік қойылымының шымылдығы ашылмақ», – деген анықтамасы да бар.
Шындығында да ақылға сиымсыз қарама-қайшылық. Ажал оғына кеудесін төсеп кеңес өкіметін құрғандар атылып жатыр. Ал «нағыз алашордашыл, ұлтшыл, астыртын ұйымның белсенді қайраткері» өзін ақтауды ұсынады. Мұның себебін, жоғарыда М.Қаратаев айтқан Сталиннің кешірімімен ғана байланыстыруға болады. Тура сол күндері Мирзоянның өзі де «герман – жапон шпионы болып әшкереленіп», оны мойындап жауап беріп, үкімі шығарылып жатқан. Тура сол күні кешегі жас ақындар Дихан Әбілев пен Әбділда Тәжібаев одақтың төріне шықты. Бұл екеуінің өжеттігі ме, жастығы ма, жоқ бүйірден түрткен түлен болды ма, әйтеуір М.Әуезовтің жоғарыдағы өтінішін қанағаттандыруды сұраған анықтама жолдайды. Бұл өтінішті жауапты хатшы Өмірзақов: «Бейсеновке», ал Бейсенов «3/ҮІІ – 38 күні қорытынды пікір беру үшін ҚССР-нің Ішкі істер комиссариятына» жолдаған. Әрине, «халық жауы» болып әшкерелеуден және өздері «әшкереленуден» қолдары тимей жатқан Ішкі істер халық комиссариатының жағымды жауап беруге дәті шыдамайтын. Дауылдан кейінгі тыныштық орнап, ел есін жия бастағанда 1939 жылы 5 тамызда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының хатшысы Ә.Тәжібаев Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы жолдас Қазақбаевқа:
«Қазақстан Жазушылар одағының төралқасы (президиумы – Т.Ж.) осы жылдың 2/ҮІІ – күнгі отырысында 1932 жылы ПП ОГПУ-дің үкімімен 3 жылға шартты түрде сотталған ж.Әуезовтің мойнынан «сотталған» деген айыпты алып тастау туралы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің президиумына ұсыныс жасау туралы шешім қабылдады.
Жазушылар одағының мүшесі және жазушы-драматург, прозашы және қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ретіндегі жолд. Әуезовтің еңбегі Қазақстан жұртына барынша толық әрі кеңінен белгілі.