Осыларға қоса мен қазақ әдебиетінің тарихы туралы тұрақты түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін.
Жоғарыда көрсетілген өзімнің қоғамға пайдалы игі істерімді атап өте келе, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің президиумынан – менің азаматтық арыма түскен қара дақ болған «Сотталған» деген айыпты алып тастауларыңызды өтінемін.
М.Әуезов. 1941 ж., 21 қаңтар.
Ескерту: менен сотталғаным туралы айыпты алып тастау туралы жазушылар одағының бірінші ұсынысы пен мінездемесі және 1932 жылы шартты түрде кесілген үкімнің анықтамасы ҚССР Жоғарғы кеңесінің «Кешірім жасау» бөлімінде жатыр».
Алғашқы өтініштей емес, бұл жолғы арыздың астарында салмақ бар. Сөйлемдері де, дәлелдері де нық. Жоғарғы кеңестің сұратуымен 1941 жылы 19 ақпан күні жазушылар одағы президиумының атынан Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, А.Тоқмағамбетов, Е.Хасанов қол қойған мінездеме жолданады. Мұнда М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны сыни тұрғыдан жинақтала бағаланғандықтан да қысқаша үзінді келтіреміз. Онда:
« Жолд. Мұхтар Әуезов – жазушы драматург, 1933 жылдан Қазақстан кеңестік жазушылар одағының мүшесі. Осы уақытқа дейін жолд. Әуезов қаламынан көптеген шығармалар жазды, соның ішінде ерекше көрінетіндері мыналар:
1. 1916 жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқұа ие болды.
3. «Абай», пьеса, жолд. Соболевпен бірігіп жазылған. Пьеса тек Қазақстанда ғана емесғ сонымен қатар Москваның камерлік театрында қойылуға дайындалып жатыр. Бұл шығарманы көркемдік құндылығы туралы орталық газеттерде тамаша пікірлер білдірілді («Известия» және «Лит.газета»).
4. «Абай», роман. Бұл романның бірінші кітабі (25 бапа табақ) аяқталып, баспа қабылдап алды. Роман, сөзсіз қазақ әдебиетіндегі, тек қана қазақ әдебиетінің емес, (кеңес әдебиетіндегі) көрнекті құбылыс болып табылады. Қазақтың ұлы ақыны Абай өмір сүріп, шығармаларын жазған ХІХ ғасырдың күрделі оқиғалары романда барлық қайшылығымен терең ашылған. Автор аса мол тарихи материалдарды еркін меңгерген және оқырмандардың назарын аударарлықтай көкейкесті шығарма боп шыққан...», – деп «Абай» романына тұңғыш рет ресми баға берілген.
Бұдан кейін жазушының аударма, драматургия, театр, ғылыми зерттеу, фольклор, абайтану саласындағы еңбектеріне баға беріле келіп:
«Жазушылар одағының тапсырмасымен әр түрлі тақырыпта баяндама жасайды, жас авторларға, әсіресе, драматургтарға кеңес береді. Қазір жолд. Әуезов кеңес интелигенциясы туралы опера театрына арнап либретто жазу үстінде, қазіргі тақырыпқа арнап пьеса жазу үшін 6 айға Балқашқа ісспар сұрап жүр», – деп қорытындылайды.
Бәрі де дұрыс пайымдалған. Бірақ кешірім тағы да жасалмады. Бұл кезде тұлғалардың өзараларына да жарықшақ түсті. Тек Ғабит Мүсірепов қашанғы әдетінше екі жаққа кезек бұрылып қойып, екеуіне де ішін бермеді. Ә.Тәжібаев пен С.Мұқановтың арасынан «қара мысық өткелі» де бір неше жыл болған. Әсіресе, жас ақынның отыз сегізінші жылы «кәдімгі Сәбит Мұқановтың» өзін одақтан да, партиядан да шығарып, жария түрде «орынын басып қалуы» Сәбитті қатты түңілдірген еді. Енді ол Мұхтар Әуезовке ықтап, жазушылар арасында кәдімгідей қақпақыл топ құрды. Жоғарыда айтылған «үштік» іске қосылды.
Өйткені тыныштық – идеологиялық тыныштық кеңес өкіметіне жат болатын. Мұны екі идеологияны ұстаған тұлғалардың арасындағы «пәленше мен түгеншелер» араласқан:
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Әуреге қалма езбеден, –
деп Абай айтқан кәдімгі «езбе әурешілік» әрекет еді.
Жайылып кетпеу үшін өзіміз сөзінің шындығына сенген аяулы адам айтып берген жалғыз-ақ жайға тоқталамыз.
2.
Халқымыздың рухани тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориальдық музей 1940 жылы Семей қаласында құрылды. Сондай-ақ Абайдың туғанына жүз, қайтыс болғанына қырық жыл толуын мемлекеттік дәрежеде атап өту жөнінде Қазақ ССР Халық Комиссарлары советінің арнайы қаулысы шықты. Бұл бұрын-соңды творчество қайраткерлеріне көрсетілмеген құрмет еді. Сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің үйдегі, түздегі өміріне, жалпы әдеби ортаның тынысына қанық Қайым Мұхаметхановтың естелігі арқылы жазушының творчестволық толғанысы мен тіршілігінен мағлұматтар ұсынамыз.
Қайым Мұхаметханов: «Әлі есімде, қырқыншы жылы Мұхтар мені Алматыға шақыртып алды. Обкомға сол кездегі СССР Ғылым Академиясының қазақ бөлімшесінің президенті Қаныш Сәтбаевтың атынан телеграмма жолдапты. Бұдан ілгерідегі «құралайдың салқыны» тұсында пединституттың студенттері атынан хат жазып, Сәбит Мұқановтың лекция оқуын өтінгеміз. Ол кісі қашан жағдайы түзелгенше Семейде болды, Мұхтардың сәлем хаты арқылы Әбділда Тәжібаев келген. Егер, менің төрелігіме салса, кейде ағалы-інідей, кейде өкпешіл баладай қарым-қатынаста болған бұл екі адамның өзара байланысын онша түсіне бермейтінмін. Асылығы болса – Әбділданың өзі айтсын. Ақын емес пе, талай-талай қызықты өткердік. Бір күні біздің үйге ұқыпты киінген, бұйра шашты адам келді. Қолында үлкен саквояжы бар. Мені сұрады. Мән-жайды білген соң: «Мен – Әлкей Марғұланмын. Мына қонақ үйден мені алып кет. Міне, Мұхтардың хаты. Іші толған қандала. Екіншіден жұмыс істетпейді. Бар, заттарымды алып кел», – деді. Әлкеймен осылай таныстым. Үш ай бойы архивті ақтарды. Өзгелердей емес, табандап отырып алады. Ешқайда шықпайды. Мен серуендесе екен деймін. «Уақыт жоқ. Көрмеймісің, жұмыс істеп отырмын» деп өзіме ұрсады. Бұл адамдардың барлығымен Мұхтар арқылы таныстым. Әйтпесе, әлі аты белгісіз адамды академия қайтсін. Әдебиет тарихын, оның ішінде Абайды зерттеп жүргенімді біледі.
Ол уақытта поездың жүрісіне сенім аз. Неше тоқтап, неше жүреді. Мұхтарға телефон арқылы хабарластым да, аттанып кеттім. Бірінші Алматының вокзалы мен Алматының арасы елсіз иен. Таңға жуық келіп жеттік. Перронда ешкім жоқ. Ішке кірсем ескі шапкісін көзіне түсіріп Мұхтар қалғып отыр. Мені қарсы алуға шығыпты. Өкімет Күләш пен Шараға бір машина бөліп берген. Бензинді өзі таппаққа уәделесіп, соны сұрапты. Қарсы алуды Есмағабет Ысмайыловқа тапсырыпты. Тәуліктеп кешіккен поездан күдер үзген ол ұйықтап қалып, түнделетіп өзі келген беті екен. Содан әңгіме басталып, үзіліс көрсекші. Сәске әлегінде Сәбит звондады. Сөздері естіліп тұр.
– Әй, Мұхтар сәлеметсің бе? Әлгі Қайым сенің үйіңде ме? Берші трубканы,– деді. Алдым. Бірден дүрсе қоя берді – Менің үйім тұрғанда онда нең бар. Сен маған туыс емессің бе. Нақ ат басын тірейтін отауың. Керей-уақ қашан бөлініп еді. Қалжың ғой. Тез жет. Ет асулы, дайын.
Достарыңызбен бөлісу: |