«Мағжанға – Сәбиттен. Мағжан! Мен жақын күндері сізбен бірге тұрған Әуелбеков деген жігітпен кездейсоқ кездесіп қалдым, түрмедегі кесімді уақытын бітіріп, үйіне қайтып келеді екен. Егер ол Сіздің адресіңізді дұрыс берсе, онда менің бұл хатымды аласыз. Бұған сіз алғашында таңданып та қаларсыз. Ол орынды да, өйткені сіз бен біз мүдделі мүлдем кереғар екі таптың өкіліміз. Алайда сіздің қазіргі жағдайыңызды бетіңізге баса айтқым келетіні мынау. Біздің өкіметтің жазалау саясаты адамды қанауды мақсат етпейді, қайта еңбек арқылы қайта тәрбиеленуге мүмкіндік береді.
Сіз жұмысшы табының алдында үлкен қателіктер жібердіңіз, оның идеясы мен мүддесіне қарсы шықтыңыз. Большевиктер: керек кезінде күш те қолдана алатынын үнемі айтып келді, айтып та жатыр, бірақ бұл зорлық күш өзіне ұнамайтынның бәрінің көзін жоя береді деген сөз емес. Буржуазия табымен жұмысшы табы татуласпайды, оны жояды – деген болатын Ленин. Алайда кейбір тұлғалар қайтадан түлеуі мүмкін. Ондай жағдай тарихта бірнеше рет қайталанған.
Сіз, біздің қазіргі сөз өнеріміздің ұлы шеберлерінің бірісіз. Қазақтың жазба әдебиеті тарихы дәуірлік маңызы бар туындыларды дүниеге әкелген үш ірі ақын мен жазушыны біледі, олар: феодалдық әдебиеттің шыңы – Абай, буржуазиялық әдебиеттің шыңы – Сіз және кеңестік әдебиеттің шыңы – Сәкен. Біздің сынымыз мұны әлденеше рет атап өтті.
Иә, Сіз, 1928 жылы «Тоқсанның тобыры» мен «Толғау» атты 2 өлең жаздыңыз. Бұл өлеңдеріңізде кеңестік идеологияға қарай қадам басуға тырысқаныңыз байқалады. Бұл шығармалардың негізгі құрылымын дұрыс түсінсем де, кейбір жағымды тұстарын бағалай алмағанымды мойындауға тиіспін. Біз сізді сол пікірімізбен үркітіп алдық па, әлде басқа себептері болды ма, бұл қадамыңызды одан әрі жалғастыра алмадыңыз.
Буржуазия табының жойылуы және оның мәдениетінің күнінің батқанын біз, коммунистер ғана емес, сол таптың өз өкілдері де мойындап отыр.Бұған ағылшынның буржуазияшыл жазушысы Уэллстің Сталин жолдаспен әңгімесі мысал бола алады (Бұл сұхбатты Сізге оқып шығуды өтінемін, «Большевик», № 17, 1934 ж.).
Кім де кім талқаны шыққан буржуазиялық мәдениетті қалпына келтіруге ұмтылып, өліп бара жатқан тапқа қызмет еткісі келсе, онда «құмды суарып, егін екпе» деген қазақ мәтелінің керін құшады. Сондықтан да әлемнің адал ниетті интелигенттері пролетариаттың өсіп келе жатқан мәдениетіне шұғыл бет бұрып, оған үлес қосуға тілек білдіріп отыр. Сөйтіп адамдар өздерінің азаматтық парызын өтемек. Өйткені адамзат қоғамы оның бір бөлігінің екінші бөлігін қанаудан тек пролетариат диктатурасы арқылы құтқара алады. Біз, коммунистер, оларды қайта тәрбиелеуге бар күшімізді жұмсаймыз. Мысалы, Сіздің кешегі пікірлесіңіз Мұхтар Әуезов бүгін өзінің қателігін мойындап, кеңестік жолға түсті және ол жазушы коммунистермен бірдей партия мен үкіметтің қолдауына ие болып отыр.
Сталин жолдас жазушы Уэллспен сұхбатында: жекелеген адамдар субьективті түрде социализм идеясына қарсы шықпауы мүмкін, бірақ буржуазиялық диктатураның күшпен құлатылуын мойындамауы арқылы оның қорғаушысы болып шығады – деген болатын.