Ж.Әуезов өзінің өткендегі кінәсін соңғы 7,5 жылдың ішіндегі кеңес жазушысы ретінде гіқоғамдық пайдалы қызметімен толық жойды.
Жоғарыдағыны ескере келіп Қазақстан Жазушылар одағының төралқасы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің президиумынан Мұхтар Әуезовтің «сотталғаны» туралы айыбын алып тастау туралы ұсыныс жасайды.
Қазақстан Жазушылар одағының төралқасының хатшысы – Ә.Тәжібаев», – деп М.Әуезовтің өтінішіне қоса ілеспе хат жолдады.
Сонымен қатар 1939 жылы 13 тамыз күні Ішкі істер комиссариатына:
«1938 жылы 3 тамыз күні №129 қатынаспен жолданған ... Мұхтар Әуезовтің өтінішіне орай беретін жауаптарыңызды тездетуді сұраймыз», – деп сұрау салған.
Бұл жылы да бұл мәселе кейінге ысырылған. Осы жылдары Мұхтар Әуезов пен Әбділда Тәжібаевтің арасындағы түсіністік барынша қалыптанып, бір арнаға тоғысып, «Ақ қайың» атты пьесаны бірігіп жазуға алып келген. Араға төр ай салып барыпғ яғни, 1940 жылы 20 қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиумының хатшысы Т.Тәжібаев (мәтінде Ә.Тәжібаев деп қате, сірә, Т.Тәжібаев шығар, өйткені ақын Ә.Тәжібаев ондай лауазымды қызметті атқармаған) ҚазССР ішкі істер халық комиссариатының орынбасары жолд. Чирковқа:
«Қазақстан жазушылар одағы басқармасының президиумынынан жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтен «сотталған» деген айыпты алу туралы ұсыныстың келіп түсуіне байланысты біздің сіздерге қарата жолдаған 3/ҮІІ– 38 ж. Жолдаған №129 және 13/ХІІ-39 ж. жолдаған № 273 сұрауымызға әлі ешқандай жауап қайырылмағандықтан да, тездетіп жауап берулеріңізді өтінеміз», – деген қатынас жіберген.
Мемлекеттік биліктің ынта көрсетуі орынды болатын. Өйткені «Абай» спектаклі аса жоғары деңгейде өтті. «Абай» романының бірінші кітабі жазылып бітті. Мұхтар Әуезовтің есімі бүкіл одақ деңгейінде танылып, беделі көтерілді. Ал оны «сотталған» жазушы ретінде таныстыруға ешкіімнің батылы бармайтын. Сондай-ақ тиесілі атақ-абырой да бұйырмайтын, сайлау және сайлану құқы да жоқ, сол тұстағы бір қушыкеш тауып айтқандай, «мүсәпір жазушы» болатын. «Абай» спектакілінің абыройымен қанаттанған Мұхтар Әуезов енді бұрынғыдай» тартыншақтамай, қаламын батыра қайыра өтініш жазды.
Достарыңызбен бөлісу: |