Материалдары


АБАЙ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚҰБЫЛЫСТАР ИНТЕГРАЦИЯСЫ



Pdf көрінісі
бет6/62
Дата07.02.2022
өлшемі1,71 Mb.
#96169
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62
Байланысты:
abai2020

АБАЙ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚҰБЫЛЫСТАР ИНТЕГРАЦИЯСЫ 
 
Байтанасова Қарлығаш Медетқызы 
филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық 
университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Нұрсұлтан, Қазақстан) 
Қоғамдағы интеграция мен инновациялық ізденіс, жаһандану үрдісі әр ұлттың 
дербес табиғатын тани түсуіне де мүмкіндік жасауда. Қазақстанның тұңғыш Президенті 
ұлттық идея ретінде – Мәңгілік Ел идеясын ұсынды. Мәңгілік Ел идеясының негізі – әр 
мемлекет жаһандану кеңістігінің аясында өздерінің ұлттық болмысын, менталитетін 
сақтап қалу керек әрі бұл сипатты өздерінің ішкі ұлттық әлеуетінен алуы тиіс. Ұлттық 
рух тұтас халықтың болмысына тән сипат болуы шарт. 
Абайдың ұлылығы – заманына тым биіктен қарауы, терең ойшылдығы мен 
білімі. Абай – қазақ ақыны. Ғұмыры қазақ даласында өтті. Алайда, Абай шыққан 
биіктік адамзат өркениетіндегі биіктікпен межелес. Ендеше, Абай – әлемдік тұлға. 
Абайдың танымы терең әрі асқақ, ол халқының тағдыр-талайының астарынан бүткіл 
адамзатқа ортақ проблеманы таныды, адамзатқа ортақ мәселені қозғады.
Бүгінде жаһандық интеграция алдымен білім, ғылым және өнерде байқалып 
отыр. Әлем бір-бірін алдымен осы үш құндылық арқылы таниды. Абай білім, ғылым, 
өнерді бойына жиған адамды толық адамға санайды. Себебі, адам баласы бір-бірінен 
ақыл, білім сияқты ұғымдармен озады. Абай ғылым мен білімді, өнер тақырыбын 
қозғаған өлеңдерінде тек үгіт-насихат айтпайды. Абай бұл ұғымдардың мәнін жаңаша, 


22 
тереңнен бажайлай отырып жеткізеді. Оның себебі де бар. Абай айтқан қай сөз де қазақ 
сахарасы үшін жаңа болды. Сондықтан да ақын айтатын ойларын тереңнен, мән-жайды 
толық айта отырып жеткізді. Оған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін дәлел 
етуге болады. Өлеңде Абай үш түйінді ойды жеткізеді. Олар: ақын өкініші («жасымда 
ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім»); балаларын оқуға беруі 
(«баламды медресеге біл деп бердім, шен алсын, шекпен кисін деп бермедім»); өзі 
туралы («өзім де басқа шауып, төске өрледім, қазақта қара сөзге дес бермедім»). 
Абайдың осы ойлары оның мақсатын айқындайды: ол – әрекет, іздену, үлгі болу. Ақын 
өлеңінде айтқан ойларын әр кез толықтырып, әр қырынан айқындап отырады. Осы 
ретте ақынның «ғылым» сөзін көбірек қайталайтынын байқаймыз.
Абайдың өлеңдерінің бір парасы жастарға арналады. Олардың ішінен 
«Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдерін атауға болады. Екі өлең 
арасында идеялық сабақтастық бар. Жалпы ақынның шығармаларының барлығында 
адамдық, әділеттік пен имандылық деген ұғымдар алға шығады. Абай жастарға білім 
мен ғылымның ғана пайдасын айтып отырған жоқ. Ақынның ұғымынша ілім-ғылым 
жастарды ең бастысы адам болуға, ізгілікті, ұнамды мінезі бар азамат болуға жетелеуі 
тиіс. Ендеше, білімге, оқуға ұмтылу – адам болуға ұмтылу деген сөз. Оны Абай 
тереңдей, жан-жақты, қоғамның әділетті-әділетсіз тұстарын айта отырып, жеткізеді. 
Сөйтіп, оқудың пайдасы адамға, оның ұнамды қасиеттерін жетілдіруге арналуы керек. 
Бұдан Абайдың «толық адам» болу тұжырымы айқындалады. Ендеше, жастар енді 
жетіліп келе жатқанда ортасының жағымсыз құбылыстарына бой ұрып кетпей тұрып, 
оқып-тоқудың пайдасын ұғынғаны жөн. Жастарға арналғаннан кейін де ақынның 
қайталап, ескертіп айтатын тұстары мол: «Ынсапсызға не керек, істің ақ пен қарасы? 
Иждиһатсыз, михнатсыз,табылмас ғылым сарасы» [1,58].
Ақын жақсы мен жаманды тең ұстай отырып, тыңдаушысының көкірек көзін 
ашуға ұмтылады, өзінің де бұлайша сөз арнауының себебін түсіндіріп кетеді: 
«Айтыңызшы, болсаңыз. Здравомыслящий, ақыл айтпай ма ағасы?». Ақын көп 
жайттарды анық-танық ұғындыруға тырысады. Тіпті оқуға бет бұрған күннің өзінде не 
жақсы, не жаман екенін тәптіштей кетеді («Пайда ойлама, ар ойла. Талап қыл артық 
білуге. Артық ғылым кітапта»). Одан әрі оқып, білім алғаннан кейінгі кезеңді де 
ұқтырады: («Военный қызмет іздеме, оқалы киім киюге. Қызмет қылма оязға»). Одан 
кейін үшінші ой – әрі қарай не істеу керектігін ғибраттайды: «Алыс та болса іздеп тап, 
кореннойға кіруге», «Адал тұрып, адал жүр», «Өз бетіңмен тәуекел, занимайся 
прямотой». Ақынның осы ойының жалғасы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде әрі 
қарай өрістейді. Енді мұнда ақын ғылым сөзінің мәнін терең ашып, нақтылайды. 
Ғылым – адамның әр түрлі бағыт-бағдар алу үшін жасайтын танымдық әрекеті. 
Әрі ғылым динамикалы, үнемі ізденісті, бақылауды, ой, таным саралауын қажет етіп 
отырады. Ғылымға жету үшін, алдымен адамдықтың сатысына, кемеліне жету керек. 
Тағы да ақын адам мінезі, болмысы туралы ой өрбітеді. Көптің қамын ойлап, көпке 
пайдаңды тигіз дейді, не үйренсең де тереңдеп үңіл, көкірегіңе түй, ол үшін оған кесел 
келтіріп, бөгет жасайтын нәрселерден аулақ бол дейді. Ізгі, кішіпейіл, мейірбан болу 
деген ұғымдар – шығыс философиясының негізі. Ақын көп ойды тереңнен қозғап, 
философиялық астарына үңіледі. Өзі танып, жөн деп тапқандарын көпке, 
тыңдаушысына ұсынады. Абай өлеңдерінің мазмұны кең, ішкі сабақтас, желілес 
ойлары мол. Абайдың ойы бүгінгі руханият, мәңгілік ел құндылықтарын дәріптеумен 
үндес. 
Абай өлеңдерді ойды қозғап, оның тереңіне бойлаған сайын басқа ой, түйін 
есіңізге түсіп отырады. Әдебиет теориясындағы реминисценция тәсілі – еске алу 
дегенді білдіретін адамның ес жүйесіне тән сипат. Адам әр қашан өзіне керекті дүниені 
еске алып, санасында жаңғыртып отырады. Абай өлеңдері нақты мәселені қозғай 
отырып, соның өзін ең қажетті, өзекті мәселелермен ұштастырады. Ғылымға талап, 
еңбек, терең ой ғана керек емес, сонымен бірге қанағат пен рақым да керек. Неге? 


23 
Соңғы екеуі ғылымсыз да адамның керекті қасиеті емес пе? Ақын бұл жерде ғылымды 
тура мағынасында қолданып, тек жалаң ғылымды айтып қана қойса, ол ортасына 
ұғымсыз болар еді. Сондықтан ғылым меңгерген адамның шешетін мәселелері, бетпе-
бет келіп, таңдауға түсіп, керексізімен күресетін кезеңі де болатындығын ескертіп 
отыр. Сол себептен де ғылым айналадағы жағымды-жағымсыз құбылыстардың бәріне 
де тиесілі.
Ғылым сөзінің негізі – адам болу. Ендеше, бойыңа жиған, терген дүниені 
ақылмен, ынсаппен басқара білу шарт. Білімді болу адамдық мінезді де орнықтырады. 
Яғни талап, еңбек, терең оймен қоса, адамға қанағат пен рақым да керек. Бұлар адам 
баласының мінезін түзу арнаға бұрып, айналасына мейіріммен, жауапкершілікпен, 
рақымшылықпен қарауға бағыттайды. Ақынның осы ойы отыз екінші қара сөзінде 
жалғасатыны белгілі: «Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім 
деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін 
білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет 
білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол 
рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген 
құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, 
анық өз суретімен ішке жайғастырып аласың» [2,117]. Ұғыну, оны көкірекке берік түю 
– ақын шығармаларының ортақ жүйесі, түйіні. Бір ерекшелігі Абай қоғамның өзіне 
ұнамды жағын ғана дәріптемейді. Ақын үнемі қарама-қарсы құбылыстарды қатар алып, 
жеріне жеткізе байыптап, талдап береді. Бұл Абайдың ұстаздық қалпы, қазақ даласына 
енгізіп жақтан жаңашылдық сипаты. Не айтса да жеткізе айтып, айналасындағыларға 
ұғындырып отыруы Абайдың барша тақырыпты жырлаған өлеңдеріне тән. Оның бір 
дәлелі ретінде «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңін алуға болады. Өлеңнің мәні 
терең, айтатын ойы қат-қабат. Мұнда заманның толық панорамасы бар. Бұл тек 
дидактика, ақыл айту емес. Мұнда мәні терең дүниелер мол.
Өлеңнің тыңдаушысы – жастар, жігіттер (бозбала). Мұнда да өзінің көптеген 
шығармаларында қолданатын «арзан», «талаптылық», «өнер», «мінез», «пысық», 
«пайда», «еңбек», «бір ауыз сөз», «нәпсі», «ақыл», «ес» сөздері кездеседі. Абай оқу-
білімге арнаған өлеңдерінде бұлар белгілі бір контексте қолданса, аталмыш өлеңде 
аталған ұғымдардың мәнін кеңейте түскен. Бұл жалпы өмірдің мәні, азаматтық парыз, 
қоғамға пайдалы болу, отбасы құндылығы, құрбы-достармен қарым-қатынас, 
адамшылық туралы. Неге Абай өлеңді жігіттерге арнаған? Ақын өлеңнің соңғы 
шумағында «Қазақтың қайсысының бар санасы» дейді. Ақын адамның талабы мен 
санасына басымдық беріп, жақсыға жас кезінен үйір болу керектігін көп айтты. 
Сондықтан кемді күн, қызық дәурені енді басталған жастарға ақыл айтып, ендігі 
заманның беталысын айқындайтын топқа сенім білдіреді. Осы бағыттағы өлеңдерінің 
тағы бірі – «Интернатта оқып жүр». Мұндағы Абайдың сөз арнағаны сол тұстағы білім 
алып жүрген жасөспірімдер. Ақынның бұларды оқшаулап алып сөз арнауындағы 
мақсаты айқын, ол – қолдың саласындай көк өрім жастарға түзу жол нұсқау, оң мен 
солын ажыратуға күш салу. Мұнда да ақын жиі қолданғаны – «ынсапсыз», «ғылым», 
«ой», «сана», «ақыл», «пайда», «ар», «ерінбеу», «бос мақтанға салынбау», «адал жүріп, 
адал тұру». Абай – тек ақын ғана емес, терең философ. Абай танымында адам 
тіршілігіне қатысты мәселелер дербес ұғымдар ретінде терең ашылды.
Өркениетке бастау болатын негіз әр халықтың түп тарихында, мәдениетінде 
жатыр. Қоғам дамуындағы қайшылықтар адамның да санасына ықпал етеді. Ұлы тұлға 
дәуірінің көп талқысына дананың, терең философтың пайымымен қарайды. «Таңғалған, 
қайран қалған сезім-күйдің өзі философияға жетелеген» (Аристотель). 
Абай қазақ даласының әлеуметтік өмірін, кәсібін, тұрмыс-салтын тұтас береді. 
Ақынның жаратылыс құбылыстарын бейнелеген өлеңдерінде де адам жасайтын 
қарекеттің бәрі адал еңбек, қайрат пен ақыл, талап пен ой арқылы жүзеге асатынын 
нақтылайды. Осы ұғымдардың ішінен Абай үш қасиетті бөліп алады: «Ақыл, қайрат, 


24 
жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек». Ақынның бұл ойлары он 
жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүректің өзара диалог-айтысына ұласып, олардың 
уәждерін ғылымға жүгіндіретіні белгілі. Ақынның ұстанымы айқын: Үш-ақ нәрсе 
адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Ақындағы «Үш қасиет» пен 
«Бес асыл іс» өзара байланысты. «Бес асыл іс» «үш қасиеттен» шығады: ақыл, қайрат, 
жүректен талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым туындайды. Яғни, «дене жан үшін, 
ал жан мінсіз жетілгендік үшін, яғни қайырымдылық болып табылатын бақыт үшін 
өмір сүреді» (әл-Фараби өсиетнамасы).
Креативтілік – қандай да бір мәселеге өзгеше көзқараспен қарап, 
шығармашылық қабілеттілігі арқасында бірегей шешім таба алатын адамға тән. Оның 
өзгелерден ерекше әлеуеті көптеген мәселелерге өзіндік тұжырыммен келе алуына 
ықпал етеді. Креативтілік ең алдымен, интеллект деңгейімен теңестіріледі. Көзі ашық, 
көкірегі ояу жастарға көп үміт артқан Абай баласы Әбдірахман көз жұмғанда осындай 
талапты жастың өмірден өткеніне («Тұла бойың ұят-ар едің, ескеріп істеп, ойлаған. 
Тәуекелге нар едің, талаппен терең бойлаған») налиды. Абай «талаптың мініп тұлпарын 
тас қияға өрлеген» Әбдірахманды жоқтайды. Өзінің жастарға, жасөспірімдерге үлгі 
еткен мінез қасиеттің баршасының Әбдірахманның бойынан табылғанын айтады 
(«Ғылым оқып білгенше, тыным, тыныштық таппаған. Дүниені кезіп көргенше, рахат 
іздеп жатпаған»).
Ақын өзінің арман-аңсары болған көкірегі сәулелі, алысқа талпынған баласының 
қазасына қайғырады, өкінеді. Көрген-білгені ақсақалды қартқа тең Әбдірахманның 
біліміне сүйсінеді, жалған сөз бен даңқ-дақпырттан аулақ болған мінезіне тәнті болады. 
Абайдың көпке арнаған, насихаттаған асыл ісінің бәрі Әбдірахманда бар еді. Міне, 
осыны айтып күйінген ақын ендігі кезде өзінің де оқшаулыққа бет бұрғанын да айтады. 
Бұл Абайдың жеке қайғысы ғана емес, талапты, алғыр жастың қазақтың маңдайына 
сыймай кеткеніне өкініші. Құйрықты жұлдыздай ерте ағып өткен баласының қайғысы 
жанына батқан ақын сол замандағы қазаққа жетпей жүрген қасиеттерді де тізбелейді. 
Ақынның көпшілікке айтқан ақыл, насихат өлеңдеріндегі идея мұнда да 
жалғасын тапқан. 
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев: «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты 
мақаласында: «Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа 
міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. 
Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз 
сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын 
ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, 
жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет. Абайдың кейбір қаракеттерге көңілі 
толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі 
сыни көзбен қарауының себебі осында. Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. 
Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау 
алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан 
Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы.
Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – 
кемелдіктің белгісі», – дейді [3].
Халықтың мәдени коды – сол елдің мәдениеті мен әдебиетін сәйкестендіретін
ақпараттар жүйесі. Әлемдік тарихта дәуірмен, мемлекеттің саясатымен және мәдени 
деңгейімен сәйкес әлеуметтік-мәдени кодтар тасымалданып отырса да, халықтың 
ұлттық болмысы, тұрмыс-тіршілігінің негізі сақталады. Мәдениет – халықтың өмірі, 
оның ақыл-ой дамуының өткені, қазіргісі және болашағы. Ұлттық код – сол ұлттың 
дүниетанымында, санасында жинақталған, тұрақталған белгі. Өнер туындысының 
бәріне ортақ мазмұн – адамның ойы, арман-мұраты, адам рухының күші мен қасиеті.
Қандай да мәдениеттің ерекшелігі сол халықтың ұлттық болмысынан байқалады. 
Ұлттық рух – ұлттық бірегей қасиеттердің жинақталған кешені. Ендеше, ұлттық рух


25 
халықтың болмысына тән сипат. Әр халық өзінің тарихи даму жолында қаншама 
кезеңдерден өтіп, нығаяды, ұлттық болмысын қалыптастырады. Қазақ халқы өзінің 
даму тарихында тілін, дәстүрін, өнерін сақтап қалды. Соның ішінде сөз өнерінің орны 
ерекше. Себебі, тіл, сөз алдымен адамның өзін тану құралы. Тіл - адамның рухани 
кемелденуінің көрсеткіші. Ендеше, сөз өнері – адамзат мәдениетінің бірегей 
құндылығы.
Тіл мен «ұлттық рух», ұлттық сана арасында байланыс бар. Ғаламдық кеңістікте 
отырған адам баласы сол биіктен өз тарихын бағдарлай алады. Сөз – адам санасы 
қызметінің, қарым-қатынасының жемісі. Шындықты тану мен қабылдау сөз арқылы 
жүзеге асады. Тіл ерекше, өзіндік болмысы бар, сыртқы дүниенің құбылысы мен 
адамның ішкі сезім-күйінің бірлестігі, әлем көрінісі. Абайдың ақындық қуатын 
әйгілейтін ерекшелігі – сөзді, өлеңді жырлауы. Әрі бұл ұғымды барша сипат-
мағынасымен қозғап, қайталап толымды ете түседі. Ақын өлеңнің дербес қасиетін 
ашып, оны сөз атаулының биігіне, патшасына балайды. Өлеңді шығаратын ақын. 
Ендеше, Абай ақынға талап қояды: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол – ақынның 
білімсіз бишарасы». Өлең - тым биік, көркем дүние. «Іші алтын, сырты күміс сөз 
жақсысын, қазақтың келістірер қай баласы». Осы тұста өлең мәтінін әбден түсініп, 
түйсінген жөн. Ақын өлеңге қатысты тіке айтатын ойының желісін, арнасын бірте-бірте 
кеңейтеді. Ақын өлеңді айта отырып, қоғамды, тыңдаушыны сол биікке жетелейді.
Ақынның поэзияға қоятын эстетикалық талабы тым жоғары. Абай өлеңге қатысты үш 
бірлікті ұсынады: өлең, ақын, тыңдаушы. Осы үшеуі келіскенде ғана өлең биігінде 
қалады. Ал, ақын мен тыңдаушы дұрыс болмаса, өлең – әркімнің бір ұрынып, топта 
сарнайтын зарына айналмақшы.
Ақын өлеңді айта отырып та қоғамдағы, ортасындағы билік, кәсіпсіздік, жат 
мінезді («Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, мал сұрап, біреуді алдап, біреуді 
арбап») сынға алады. Ақын көпшілікке сөздің қасиет-қуатын аңдатады: «Сөз түзелді, 
тыңдаушы сен де түзел». Халқымыз сөз сүйектен өтеді деген. Ақынның да сөзін уытты, 
ащы айтудағы мақсаты – жұртты ояту. Ендеше, ақын өлең кеңістігін кеңейтіп тұр. Өлең 
– үлкен құрал. Сондықтан өлеңді түзеу арқылы, тыңдаушыны түзейді, тыңдаушы 
түзелсе қоғам да түзелмек. Ақын өлеңдеріндегі әрбір тармақтың өз салмағы бар. Оның 
бәрі жинақталып, ақынның өзге өлеңдеріндегі ойды қозғап, мәтіндердің ықпалдасуына 
әкеледі. Ақын бар болмысымен өлең сөздің қуатын дәйектеді, қоғамының қандай 
түйіткілін де өлең арқылы жеткізе алды. 
Бүгінгі жаһандық дәуірдегі шапшаң өзгеріс адам баласының мәдени-тарихи 
құбылыстарға етене жақындап, ғаламдық өзгерістерге оңтайлана түсуіне жол ашты. 
«Кемел кісі басқарған елдің жағдайы – идеалды десе де болғандай. Кемел адам – ол 
дара, барлық қабілет-қасиеті жағынан елден ерекше кісі, сондықтан оны Абай 
«единица» деп таныған. Абай басты мәселе етіп Адамды, оның жеке ісін, сезімін, 
тұрмысын, көңіл-күйін, басқа адамдармен қатынасын алады. Оның поэзиясында Адам – 
Алланың махаббатпен жаратқан ең ұлы, ең сүйікті туындысы. Сол себепті бүкіл 
әлемнің, қауымның, болмыстың темірқазығы – Адам. Оның мүмкіндігі мен құдіреті 
орасан. Адам – өмірдің өлшеуіші, қозғаушы күші, тірлікті дамытушы, қоғамды 
түзетуші. Міне, осы Адамды түсіну, тану міндетін алға қойып, Адамды дүниенің биік 
мұраты деп түсіну – Абайды Ренессанстың басы екенін айғақтайды» (академик 
С.Қасқабасов).
Ақын өлеңдері – Абайдың ғұмырнамасы. Абай өлеңдері күрделі көркемдік ойға 
жетелейді. Абай – ойы, поэзиясы көп салалы, мол арналы дүние. Абайдың өлеңдері 
бүгінгі жаңа ғасыр көгінде де биіктеп отыр. Себебі, Абай поэзиясы – ұзаққа созылатын, 
үнемі түрленіп, барша қырымен қайталай жаңарып отыратын мәңгілік құндылық. 
Көркем шығармашылықтағы бірегей туындылар – Адамзатпен бірге жасайды. Абай 
поэзиясы – бүгінгі гуманизм мұраттары дағдарысқа түсіп, жаһандық өзгерістер 
басымдық алған заманда бізге жол нұсқайтын рухани бағдар бола бермек.


26 
ӘДЕБИЕТТЕР: 
1. Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.1. Өлеңдер 
мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2005. – 296 б. 
2. Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2. Өлеңдер 
мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2005. – 336 б. 
3. Тоқаев Қ. Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан. ҚР Президентінің ресми 
сайты. 9 қаңтар, 2020. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет