8 тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ
8.1 Қазақстан Республикасындағы жоғарғы мемлекеттік органдар
Конституция
Қазақстан Республикасы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған. Оның 33 бабында «Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар және мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді» деп нақтыланған.
Конституцияның 40-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға деп танылған.
Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
Президент
Қазақстан Республикасының Президентiнің құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы № 2733 Конституциялық Заңы арқылы белгiленедi.
Қазақстан Республикасының Президенті Парламент Мәжілісінінің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Республика Үкіметінің құрылымын айқындайды; Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады және Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады.
Парламент
Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыру және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын реттеу Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы № 2529 Конституциялық заңы арқылы белгіленеді.
Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы. Ол тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін және 32 депутаттан және Республика Президенті тағайындайтын он бес депутаттан құралады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі — алты жыл.
Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Парламенттiң жұмыс органдары Сенат пен Мәжiлiстiң тұрақты комитеттерi, сондай-ақ Палаталардың бiрлескен комиссиялары болып табылады.
Палаталардың тұрақты комитеттерi заң жобалары жұмысын жүргiзу, Палаталардың құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн құрылады. Тұрақты комитеттер құрылған кезде Палаталар олардың тiзбесi мен сандық құрамын белгiлейдi, содан кейiн тұрақты комитеттердiң мүшелерiн сайлайды. Сенат пен Мәжiлiс құратын тұрақты комитеттердiң саны әр Палатада жетiден аспауға тиiс.
Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы, олардың сандық құрамы Палаталар арасында келiсу бойынша белгiленедi. Комиссиялардың мүшелерiн сайлауды әр Палата өздiгiнен жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |