21,22 Дәріс І.Есенберлиннің, М.Мағауиннің, Ә.Кекілбаевтің тарихи тақырыптағы шығармалары
Дәрістің мақсаты:Осы жазушылардың тарихи шығармаларының оқиғаларын
салыстырып түсіндіру .
Тірек сөздер:Кенесары, Хақназар, Тәуекел, Есім, Абылай, Аласапыран,
хан,тарих т.б.
Дәрістің жоспары: 1. I. Есенберлиннің тарих беттеріне арнаған «Қаһар» (1969)
романына тоқталу.
2. І. Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы
шығармасы – «Алтын орда» атты үш томдық романы жайлы.
3. Қазақ-Ресей қарым-қатынастарын суреттейтін шығарма
Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» атты екі томдық романы.
4.Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын суреттейтін
Ә.Кекілбаевтың «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары.
Елуінші жылдардың бас кезіндегі қазақ тарихына байланысты талқылаулар, көрнекті тарихшылар мен ғалымдардың қуғындалуы әдебиет алдында тарихи тақырыпты біржола жауып тастағандай еді. Орыс халқымен достықты жазған жекелеген шығармалар болмаса, қазақ тарихының көптеген күрделі мәселелері жабық жатты. Әсіресе, Кенесары қозғалысының кертартпа-реакциялық тұрғыдан бағалануы халық тарихындағы азаттық идеясын көтеруге тыйым болды. Осындай ұзақ үнсіздікті алдымен, алпысыншы жылдардың аяғында
I. Есенберлин бұзды. Оның ең бір даулы, қиын тарих беттеріне арнаған «Қаһар» (1969) романы әуелде көп адамды шошытты, әрі таң қалдырды. Әуелгі әсер біртіндеп басылды, роман оқылды, орнықты. Көп дауға түскен жоқ. Бұған бірінші себеп - қоғамдағы идеологиялық бақылаудың әлсірей бастағаны болса, екіншіден жазушының Кенесары қозғалысын бағалаудағы екі жақты көзқарасы болды. Патша отаршылдығының күшейіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің ауырлауы жағдайында көтерілген Кенесары қозғалысының алғашқыда халықтық сыпат алғанын, тілектес жұрттың оның соңынан ергенін көрсете отырып, Ілияс Кенесарының хан көтерілгенінен кейін көтерілістің халықтық сыпаты әлсіреп, жеке бастың хандық мүддесі үстем бола бастағанын суреттеді. Кенесары соңынан ергендердің одан қол үзіп, айырыла бастауы да осыған байланысты. Мұндай концепция билеуші идеология саясатына онша қиғаш та келмейтін еді. Олар көтерілістің осылай бағалануына келіскендік білдірді. Негізінен, Кенесары қозғалысының екі жақты сыпаты жайлы осындай пікір ұстана отырып, Ілияс ресейдің отаршылдық саясатының қазақ халқының өмірін ауырлатып жібергені, Кенесары көтерілісінің туу зандылықтары, Кененің жеке басының әскери басқарушылық таланты жайлы жазды. Онда халық адамдарының арман-мұраты мен өкініші, күйініш-сүйініші, олармен тілектес ел басшыларының (Кене және оның айналасы) бейнесі жаңаша ұғым-түсінікте жасалды. Бұрын хан, би, жырау сияқты ел билігіне араласқан адамдар тек үстем тап адамы есебінде теріс бағаланып келсе, Ілияс бірінші рет қазақ әдебиетінде олардың ісі, арман-тілегі, ой-пікірі халық тағдырымен байланысты болғанын ашты. Романда Кенесарыға қоса оның батыр інісі Наурызбайдың, сарбаздары Ағыбайдың Иманның, Төлебайдың, Бұқарбайдың тағы басқалардың ерлік бейнелері жасалған. Жазушы қозғалыстың қайшылығын, жеңілу себептерін де жасырмай, жақсы-жаманды айыра көрсетеді. Кененің өзін көтере көрсетуге тырысуын, кейде өзін қызықтап кететін мінін де, қатыгездігін де ашық айтады.
Сөйтіп,"Қаһар"тарихта қайта қозғаудың басы болған, халықтың отаршылдыққа қарсы азаттық күрестері жайлы елдің есіне салып,оның санасын оятуға көмектескен шығарма боп тарихқа кірді.Қазақ халқының XVғасырдан бергі тарихы жайлы жаңа романдар («Алмас қылыш», «Жанталас»)жазған Ілияс кейін «Қаһарды» осы серияның үшінші кітабы етіп қосты.Бәрі бірігіп «Көшпенділер» деген трилогияны құрады.«Алмас қылыш» (1971) дешті Қыпшақтың ханы Әбілқайырдың билігінде болған қазақ руларының топтасуын, олардың билікке таласып, Жәнібек, Керей бастаған қазақтардың бөліну үрдісін көрсетуге арналса, «Жанталаста» (1973) қазақ хандығының жоңғарлардың шабуылынан қорғану тарихынан мол мәлімет береді. Онда Хақназар, Тәуекел, Есім, Абылай хандар тұсындағы қазақ елінің жайы суреттеледі. «Алмас қылыштың» идеясы қазақ руларының бірігуі, бөлек ел болуы жайына құрылса, «Жанталаста» қазақ халқының елін қорғау және ұлттық мемлекетті орнықтыру жолындағы күресі негізге алынады. Екі роман да қазақ халқының саяси-экономикалық ахуалы мен көшпелі елдің рухани өмірін кең суреттейді. Халықтың ел қорғаған батырлары мен шешен билерінің бейнелерін жасайды. Роман стилінде халық әдебиетінің, эпостың бейнелеу тәсілдері байқалады. Қазақ елінің ұзақ (ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар) тарихын көркемдікпен танытуға арналған шығармада хроникалық сыпат та мол. Сөйте тұра, «Көшпенділер» қазақ тарихының негізгі кезеңдерін, ондағы дамудың бағыты мен оқиғаларын, тарихи қайраткерлері өмірін кеңірек түсінуге жол ашқан тың шығарма болды. Ол бүгінгі ұлттық мәдениетімізге жаңа леп әкелді.
Ілияс Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы шығармасы – «Алтын орда» атты үш томдық романы (1983). Мұнда XIII-ХҮ ғасырларда күшті мемлекет болған «Алтын Орданың» саяси-қоғамдық, мәдени өмірі суреттеледі. Орыс тарихы мен әдебиетінде кездесетін (кейде оқиғаларды сыңаржақ көрсететін) еңбектер болмаса, бұл тақырыпқа бұрын бірде-бір қазақ қалам тартып көрген емес. Осы жағынан алғанда, I. Есенберлин романы - біздің тарихи көркемдік ой-пікірімізде жаңа сөз. Онда Алтын Орданың біртұтас мемлекет болып қалыптасу, кемелдену кезі, құлау жолы қамтылған мол материал пайдаланылған. Қаншама оқиғалар, аты-жөні аңыздар мен шежірелерде сақталған кейіпкерлер нақты іс-әрекетімен көрінеді. Бату, Бірке, Өзбек хан, Орыс хан, Әмір-Темір, Тоқтамыс, Едігелер қатысуымен өткен тарих кең сурет тапқан. Алтын Орданың Ресей, Қырым, Кавказ, Мауереннахр, Иран мемлекеттерімен байланысы ашылған.
Роман ертедегі тарихқа, аңызға сүйеніп жазылғандықтан онда аңыз, әңгімешілдік стилі көбірек пайдаланылды. Оның оқиғалық жүйесі тарихи хроникадан, шежіреден тұрады. Жазушы осы материалдарды көркемдік толғамнан өткізіп, әлеуметтік, психологиялық суреттермен байытқан.
Қазақ-Ресей қарым-қатынастарының басталуы мен күрделі жағдайда өрістеуін суреттейтін үлкен бір кең тынысты шығарма – Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» (1981 -1983) атты екі томдық романы. Әуелді көне дәуірден қазақ, әдебиетін зерттеуші болған Мұхтар XV-XVIII ғасырлардағы қазақтың жыраулық поэзиясын аша жүріп, "Аласапыранның" уақиғасына тап болғанға ұқсайды. Роман XVI ғасырдың аяғы, XVII ғасырдың бас кезіндегі қазақ ордасы мен Ресей мемлекеті арасындағы қарым-қатынас тарихын қозғайды. Мұнда қазақ ханы Тәуекелдің немере інісі Ораз-Мұхамед сұлтанның аңдаусызда Сібірдегі орыс воеводасының қолына түсіп, Мәскеуге апарылуы, орыс патшасының қарамағында жұмыс істеуі, еліне қайтуға рұқсат бермегенмен, патшаның оны құрметпен ұстауы, Ресейдің сыртпен соғысына қатысып ерліктер көрсетуі, ақыры Қасымов хандығына тағайындалуы, сондағы өмірі, өлімі суреттеледі. Орталық кейіпкер сол болғандықтан романда орыс-қазақ қатынасының көп мәселелері, Ресейдің қоғамдық өмірінің шындығы–бәрі Оразмұхамедтің сезімімен, ой-пікірі арқылы суреттеліп отырады. Көрші елдердің құрметті адамдарын қолға ұстап, сол арқылы қарым-қатынасты жөндеу, біртіндеп бағындыру сол тұстағы Ресей саясаты болғаны да анық көрінеді. Бұл арқылы жазушы орыс-қазақ елдері байланысының ұзақ және күрделі тарихы бар екеніне көңіл аударады. Алғашқы қазақ жеріне келген орыс елшілігі жайы сөз болады. Ал, орыс мемлекетінде Оразмұхамед куә болған тарихи оқиғалар шындығы елдің ішкі мәселелеріне қоса, Борис Годунов өлгеннен кейінгі аласапыран кезеңді қамтиды. Роман осыдан төрт ғасырдай бұрынғы, бүгін ұмытыла бастаған тарихты жаңғыртып, көп адамдардың бейнесін аша білуімен ерекшеленеді. Әсіресе, Қасымов хандығының құрылу тарихы, онда халықтардың қарым-қатынасы, қайшылықтары тартымды суреттеледі. Шығарма Мұхтардың суреткерлік өнерін де кең паш етті. Елден алыс қалған Оразмұхамед пен оның маңындағы адамдардың сағыныш сезімі, көңіл күйі, қуанышы мен қайғысы жан тебіренерлік суретке түскен. Роман бұл жанрдың ең тартымды туындыларының қатарына кіреді.
Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын (XVIII-XIX ғасырлар) Ә.Кекілбаев жазды. Оның «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары Қазақстанның Ресей құрамына кіруі мен содан кейінгі алғашқы дәуірдің күрделі қарым-қатынасын суреттейді.
Бұл – Әбіштің тарихи тақырыпқа алғашқы қалам тартуы емес сді. «Аңыздың ақыры» (1974) атты тұңғыш романын ол халық жадында сақталған аңыз сюжетіне құрып, тарих туралы философиялық толғаныс жасаған. Бас-аяғы екі-үш-ақ адамның (хан, кіші ханша, шебер) іс-әрекетіне негізделген роман кейіпкерлерінің ішкі сезім күйін, жан әлеміндегі толғанысын суреттеуге құрылады. Хан жорықта жүргенде, оны құрметпен күтіп алғысы келген кіші ханша мұнара салғызады. Мұнараны салушы шебер ол арқылы кіші ханшаға іңкәрлығын бейнелейді. Оған қызғаныш танытқан хан шеберді жазалайды. Жазушы ішкі монологты пайдалана отырып, характерлерді сыртқы әрекет емес, шикі ой-сезім арпалысы арқылы ашады. Хан характерінде де күйініш-сүйінішін сездірмегенмен, толғаныс басым. Ханша мен шебер мұнара тілімен сөйлеседі. Мұнара - шебердің жан сезімі, құмарлығы. Оны түсінерлік, өсімдікті танырлық сезім ханшада да мол. Ханға хабар өзегін құрт жеген қызыл алма арқылы беріледі. Ойлы хан әлемді тебіренткен әміршілік әрекетінің өткіншілігін, опасыздығын түсініп, ханшаға қызғаншақтық танытады. Бұл да ұсақ дүние. Ойлап қараса, дүние опасыз екен, қызғаныш пен сабыр, өкініш пен үміт, қанағат пен тойымсыздық қатар жүреді екен. Хан осыған талдау жасайды.
Осыдан бастап ішкі монолог Әбіштің жазу мәнеріне еркін кіргенін байқаймыз. «Үркер» романындағы қазақ тарихының мәселелері (қазақ хандығының көшпелі салтанаты, дербестігі, ел ішіндегі жағдайлар, алауыздық, Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің бірлік үшін күресі, т.б.) де Әбілқайырдың ойлауы, еске түсіруі ретінде беріледі. Бірақ тиянақ таппаған тарих елді тағы да тығырыққа тіреп отыр. Жоңғар шабуылы тықсырып барады. Осыдан Әбілқайырда Ресей мемлекетіне бодан боп кіру идеясы туады. Жеке елдің ханы боп тыныштық таппаған Әбілқайыр орыстың панасына кіріп, сән түземек, аброй-атаққа ие болмақ. Роман Әбілқайырдың орыс патшасына елші жіберуі, Тевкелев бастаған елші келуі, оның қазақ ру басшыларынан ант алуы оқиғаларына құрылады. Әрине, бұл оп-оңай іске аса салмайды. Әбілқайыр шешіміне наразы ру басшыларының тартысы, ханның айла-амал қолдануы, т. б. жайлар романда кең суреттеледі. Романда сонымен бірге ел тағдыры, оны ұстаудың жайы, орысқа бағынудың себеп-салдары сияқты мәселелер маңында ой толғақ мол. Ондағы адам характерлері де жарқын жасалған.
«Елен-алаң» «Үркердің» жалғасы. Онда орыс елшілігі мен Әбілқайырдың, арасында қиыншылдық пен іске асқан келіссөзден кейінгі екі елдің ара қатынастарының ширай түсуі сөз болады. Роман оқиғасында қазақ делегациясының Петербургке баруы, Орынбор экспедициясының құрылуы мен қазақ даласына сапары, Ор өзені бойында бекініс салу, Татищев пен Әбілқайырдың кездесуі, Әбілқайырдың бодандыққа беріктігіне қайтадан ант беруі сияқты жайлар қамтылған. Башқұрттар көтерілісі, оның қазақтарға әсері негізгі арнаға қосылып суреттеледі.