Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет132/205
Дата06.01.2022
өлшемі1,06 Mb.
#109867
түріОқулық
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   205
Байланысты:
Әлем әдебиеті by Көптілеуова Д.Т. (z-lib.org)

Хосе Ортега-и-Гассет 1883 жылы 9 мамырда Мадридте дүниеге келген. Малагадағы колледжде оқып жүрген кезінде латын және көне грек тілдерін үйренеді. 1904 ж. Комплутен­се мадридтік университетін бітіреді. Одан кейін жеті жыл уақытын Германия универси­тетінде өткізеді. Испанияға қайтып келген соң Комплутенсе университетінде 1936 жылғы азамат­тық соғыс басталғанға дейін қызмет атқарады.

Ортега-и-Гассет 20 жылдарда әдебиеттегі жас буын өкілдерін өзінің энциклопедиялық білімімен, қызу публицистикалық темпераментімен, буржуа­зия­­лық қоғамға деген ашық жеккө­ру­шілігімен таң қалдырды.

1914 жылы Ортега өзінің алғашқы кітабы – «Дон-Кихот жайлы ой толғаула­рын» (Meditationes del Quijote) басып шығарып, өзінің «Жаңа және ескі саясат» (Yieja y nueYa politica) атты атақты дәрісін оқиды. Көп ұзамай Ортега Латын Америкасында танылып, Аргентинада бірнеше дәрістер оқып, 1923 ж. «Ревисте де Оксиденте» журналының негізін салады. Бұл журналда испан тілді халыққа философияның, ғылымның және әдебиеттің жетістіктері ұсынылады. Ортега 1933 ж. саясаттан бас тартып, азаматтық соғыс басталған кезде Испаниядан кетеді. 1936-1945 ж. аралығында Еуропада, Аргентинада, Португалияда өмір сүреді. 1948 ж. Мадридте Гуманитарлық ілімдер институ­тының негізін салады. Хосе Ортега-и-Гассет 1955 ж. 18 қазанда қайтыс болады.

Хосе Ортега-и-Гассеттің «Дон-Кихот жайлы ой толғаулар» және «Жотасыз Испания» сияқты шығармалары оның испандық ретінде де, еуропалық ретінде де ой шабытын көрсетеді. Автордың «Біздің заманымыздың тақырыбы» және «Өнердің дегуманизациясы» атты шығармаларында оның интелектуалды алғырлығы мен көркемдік таланты білінеді. Осы жерде ол адамға төмендегідей анықтама береді: «Мен мен және менің қоршаған ортам болып табыламын». Яғни адам өзін қоршаған ортасындағы тарихи жағдайлардан тыс қарастырыла алмайды. Ортега идеализм (сана ұғымын асыра сілтеу) мен реализмнің (зат ұғымын асыра сілтеу) арасынан үйлесімділік іздеп, «Мен және заттың қосындысы» өмір философиясын ұсынады. Әрбір өмір Әлемге деген көзқарастардың бірі; ешкім өзінің көзқарасын нағыз ақи­қат деп айта алмайды. Ортеганың неміс философы Вильгельм Дильтеймен таныстығы «Та­рих жүйе ретінде» (Historica como sistema, 1941) шығармасында көрініс тапқан философия­лық-тарихи көзқарастарына әсер етеді. Автор өз шығармасында адамзат болмысының негіз­гі мәселелерін зерттеуге жаңа тәсіл ұсынады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін испан әдебиетінде екі кезең ерекшеленеді. Бірінші кезең, фашисттік режим мен Франконың диктаторлық басқаруы кезеңі 1945-1975 ж. сәйкес келеді. Оның өлімінен кейін 1975 ж. Хуан Кариос Испанияның королі болып сайланады да, елде демократиялық өзгерулер болады. Сонымен қатар Испания тарихы мен әдебиетінде де жаңа кезең басталады (1975-1990).

1939 жылдың наурыз айы испан халқы үшін ең қайғылы кезеңдердің бірі болады. Республиканың құлауы мен франкизмнің жеңіп шығуы халықтың тағдырына да әсер етеді. Фашисттік диктатураның орнауы мәдениеттің дамуы­на кері ықпалын тигізіп, білім саласы қайтадан шіркеулердің бақылауында болады. Баспа, әдебиет, театр, кино цензураның қатаң бақылауына алынады. Әдебиет пен мәдениетті бақылау үшін құрылған цензуралық органдар испан тіліндегі жаңа кітаптардың басылуынаа тыйым салады.

Осы кезде испан әдебиетінде дағдарыс үдей түседі. Көптеген қоғам қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырап, Лорка, Мачадо, Эрнандес сияқты ұлы әдебиетшілер қайтыс болады. Испанияда қалған немесе соғыстан кейін еліне қайтып келген жазушылар үнсіз қалады. Олардың шығармаларын оқуға немесе басуға тыйым салынып, бірнеше жыл бойы Испания әлем әдебиетінен тыс қалады. Осы себептен Испанияның жас жазушылары өздерін «жетек­шісі жоқ ұрпақ» деп атаған.

Испанияның кейбір әдебиетшілері ғана «крест жорықтарын» (бұл сөзбен франкисттік бүлікті атаған) дәріптеуге бел буады. Алайда Рафаэль Гарсиа Сераноның «Адал әскер» (La fiel infanteria, 1943) және «Сарай алдындағы алаң» (Plaza del Castillo, 1951) атты шығарма­лары бейшара күйге түскені соншалық, тіпті франкисттік баспаның өзі оларды «сәтсіз шығармалар» деп атайды.

Алайда Испания әдебиеті фашизмнің орнығуынан кейін бірнеше жыл өтер өтпестен қайта жандана бастайды. Ең алдымен, бұл жандану роман жанрында айқын көрінеді. 50 ж. фашизмге қарсы қозғалыс салдарынан әдебиет­ке Хосе-Агустин, Хуан және Луис Гойтисоло, Ана Мария Матуте, Мигель Делибес, Блас де Отеро, Альфонсо Састре сынды жазушылар­дың жаңа ұрпағы келді. Олар белгілі бір топтарға бірігіп, саяси және эстетикалық бағдар­ламалар құрмаса да, олардың көзқарастары мен алға қойған мақсаттары ортақ болады.

Ғасырдың ортасындағы прозада сол замандағы шынайы өмірді бейнелеу басты орынға шығады. Бұған қарамастан романистерді шынайы өмірдің тек қана әлеуметтік жағдайлары қызықтырады. Қоғамның төменгі және ортаңғы тап өкілдерінің өмірлерін сипаттайтын әлеуметтік романдар испан әдебиетінде жетекші жанр ретінде алдыға шығады. Шынайы өмір қаншалықты қатыгез болса да, 50 ж. туындыларды кейіпкерлер тремендиттік романдар­дағы кейіпкерлерден ерекшеленеді.

Жазушылар тек халық жайлы емес, халық үшін де жазады. Олардың шығармашылықта­рынан түсініктілікке, бейнелеу мен тілдің қарапайымдылы­ғына деген ұмтылыс байқалады. Көптеген жас романисттер үшін тағы бір негізгі көркемдік принцип ретінде баяндаудың «объективтілігі» алдыға шығады. Осы жылдардағы жазушылар өздерінің тәсілдерін тек «әлеуметтік реализм» емес, «объективті реализм» деп те атаған.

Объективті прозаның негізгі ерекшеліктері – адамды қоршаған орта мен кейіпкерді егжей-тегжейлі, тура бейнелеу; кейіпкердің мінез-құлқы арқылы оның психологиялық портретін суреттеу; роман құрылымындағы сюжеттің әлсіреуі, бір оқиғаның айналысында тоқталудан бас тарту және т.б.

«Объективті» прозаның негізін «Ара ұясы» романының авторы Села салған. «Объек­тивті реализмнің» принциптерін Хесус Фернандес Сантостың (1926-1988) «Қатыгез адам­дар» (Los braYos, 1954) шығармасынан да көруге болады. Бұл жылдардағы романның классикалық үлгісі ретінде Рафаэль Санчем Ферлосионың (1927) «Харама» (El jarama, 1956) атты шығармасынан көруге болады. Жазушы бұл шығармасында Харама жағалауындағы бір демалыс күні жайлы сөз қозғайды. Романда айтарлықтай маңызды оқиғалар орын алмайды, тек шығарманың соңында ғана уақыт ағымын бұзған бір оқиға болады. Бұл жас Луиситаның өлімі еді. Роман кейіпкерлері жас қыздар мен жігіттер жағалауда жүріп суда шомылады, күнге қыздырынады, ән айтып, билейді, ұрсысады, қайта татуласады. Бірақ олардың сөздері мен іс-әрекеттерінде адамның рухы білінбейді, олар белгілі бір бағдарлама бойынша сыртқы жағдайларға жауап қайтаратын автоматтарға ұқсайтын. Автоматтар сияқты, «Харама» кейіпкерле­рінің де не өткені, не келешегі жоқ. Ал 20 жыл бұрын, осы Харама жағалауында демалып жүрген жастардың аталары мен әкелері жауға қарсы соғысып, өз жандарын құрбан етеді. «Харама» кейіпкерлері оқтын-оқтын сол соғыстың іздерін көреді, алайда, бұл іздер олардың жүрегінде ешқандай сезім оята алмайды.

50 жылдардың ортасында пайда болған қала мен ауыл жұмысшылары туралы шығармалар әдебиетте маңызды орынға ие болады. Өз шығармаларын осы тақырыпта жазған жазушылардың бірі – Альфонсо Гроссо (1928-1995). Ауқатты отбасынан шыққан Гроссо жас кезінде шенеунік ретінді қызметте болды, өз шығрамшылығын 30 жасында бастайды. 1961 жылы оның «Канава» (La zanja) атты романы жарық көріп, көп ұзамай «Көз шағылысты­ратын көк аспан» (Cielo dificilmente azul) романы да басылып шығады; екі жылдан кейін «Торлар» (El cepirote) атты романы дүниеге келеді. Гроссо өзінің барлық шығармасында су құбырының құрылысшысы («Канава»), балықшылар («Торлар»), орманшылар («Көз шағылыстыратын көк аспан») секілді еңбек адамдары жайлы жазады. Жазушы олардың өмірін егжей-тегжейлі суреттеге­німен, оның негізгі мақсаты өз кейіпкерлерінің өмір сүру жағдай­ларын көрсету емес, олардың қоршаған ортасымен қарым-қатынасын сипаттау болатын. Көптеген жазушылар психологиялық талдаудан бас тартып шынайы өмірді «объективті» бейнелеуге бетбұрыс жасап жатқан кезде Гроссо сол өмір шындығын психологиялық анализ арқылы бейнелейді.

Хесус Лопес Пачеко (1930-1997) «Гидроцентраль» (Central electrica, 1958) романында және Армандо Лопес Салинас (1925-1994) «Шахта» (La mina, 1960) романында адам мен оның еңбегін өзіндік ерше ебір тәсілмен бейнелейді. Олар да Гроссо сияқты жалшылар мен электростанция құрылысшыларының (Лопес Пачеконың кітабында), шаруалар мен шахтер­лер­дің (Лопес Салинастың кітабында) қорқынышты өмірі мен әлеуметтік жағдайларын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар шынайы өмірдің әлеуметтік талдауын жасап, фашист­тік режимді құртуға тырысады.

Шынымен осы кезеңде жүздеген әдебиетшілер, суретшілер, ғалымдар франкисттік режимге қарсы шыққан еді. Дегенмен олар аз болды; зиялылардың көпшілігі бұл күрестен тыс қалуды дұрыс көрді. Жазушылар фашизмді тек қана халықтың аштығы мен жоқшылығы емес, сонымен қатар күрестен тыс қалған адамдардың рухани әлсіреуі деп түсінеді. 60 жылдардың басында жазылған романдардың көпшілігі дәл осы материалдық жағдайы жақсы, бірақ рухани жағдайы әлсіреген адамдарға арналған еді. Мұндай шығармаларға Хуан Гарсиа Ортелоның (1928-1991) «Жаңа достар» (NueYas Amistades, 1959), Л. Гойтисоло Гайдың «Сол баяғы сөздер» (Las mismas palabras, 1962) романын да жатқызуға болады.

Аталған шығарамларда бұрын романдарда екінші сатыға түсіп қалған психологиялық анализдің қайтадан қарқынды қолданыла бастауы «объективті» тәсілдерді әлсіретеді. «Объективті» роман кейіпкердің ішкі ойлары мен сезімдер ағымын сипаттауға дәрменсіз болып шықты. «Объективті» романға метафизикалық романды қарсы қоюға тырысқандар бұл әлсіздікті пайдаланып қалуға тырысады. «Объективті» прозадағы дағдарыстың себебін оның жақтаушылары да табуға тырысады. Гойтисолоның «Соңғы вагон» (El furgon de cola, 1967) жинағына енген бірнеше мақалалары да осы мәселеге арналады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   205




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет