Антонио Мачадо (1875-1939) - ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы танымал испан ақындарының бірі. Ол да Унамуно сияқты «98 жыл ұрпақтарының» қатарына жатады. Ол 20-30 жылдар арасында авангардтық бүлікшіліктен әдебиеттің жаңа шарттарын қабылдауға өткен жас жазушылардың жақтасы болған. Антонио Мачадо Севильеде дүниеге келген. Оның әкесі танымал ғалым-фольклорист болған. Антонио Мадридте білім алған.
Мачадо өзінің әдеби шығармашылығын 1903 жылы жарыққа шыққан «Жалғыздық» атты поэтикалық жинағымен бастайды. Аталған жинаққа енген өлеңдерден француздық символизммен, ең алдымен, Поль Верленнің поэзиясымен, сонымен қатар латын америкалық ақын Рубен Дарионың шығармашылығымен байланысы байқалады. Мачадо келесі онжылдықта («Кастилия жазықтары», 1912) өзін реалисттік ағымдағы ақын ретінде танытады. Оның дүниетанымының қалыптасуына экзистенциализмнің әсері зор болған. Оның ойлары Мигель де Унамуноның философиялық көзқарастарына жақын болғанын Мачадоның 1913-1917 ж. арасында жазған өлеңдерінен байқауға болады. Мачадо өзінң философиялық лирикасында о дүниелік өмір жайында емес, өзінің өлімінен кейінгі осы әлем жайында айтады. «Кастилия далалары» атты шығармасында тарихи оқиғалар суреттеледі. Мачадо «Исапанияның жерлерімен», «Дуэро жағаларына», «Өткеннен» атты өлеңдерінде туған жердің өткен тарихын жаңа заманмен байланыстырады.
Республика жылдары мен азаматтық соғыс жылдарында Мачадо фашизмге қарсы шығады. Ол Испаниямен, халықпен бірге күреске шығу керек екендігіне сенімді болады. Мачадо республикалық басылымдарда шығарамларын жарыққа шығарып, жиналыстарда сөз сөйлейді, Гарсиа Лорка өліміне элегия жазады, соғыс кезінде қираған қалалар жайлы өлеңдерді дүниеге әкеледі. Мачадо қашқындармен біріге Франция шекарасынан асып, қайтыс болады.
Достарыңызбен бөлісу: |