Гертруда Стайн (1847-1946) – жазушы-экспериментші, «жоғалған ұрпақ» терминінің авторы. Стайнның жаңартулары Дж. Джойсты, Э.Хемингуэй мен Ш.Андерсонды қызықтырған. Сан-Францисконың тұрғыны Стайн Гарвард–Аннексте білім алады. 1897 ж. Стайн Джон Хопкинстің Балтимор университетінің қарамағындағы медицина колледжіне ауысып кетеді. Онда ол әйелдің жүйке күйзелісі проблемаларын зерттемек болады. Дегенмен бақытсыз махаббат Стайнның оқу жоспарларын бұзады. Ол оқуды мүлдем ұмытып, соңында емтиханда да сәтсіздікке ұшырайды.
Стайн кейін Америкадан кетіп, Парижге келеді. Көп ұзамай оның азапқа толы махаббатының куәсі ретінде жазылған «Дәлелдеуді қажет еткен нәрсе» атты романы жарық көреді. Бұл романдағы «махаббат үшбұрышының» ерекшелігі - оның барлық жақтары әйелдер. Стайн романның мәтініне төлтума хаттар мен сұхбаттарды енгізген.
30-40 жылдары Стайн сөйлем құрылысындағы тұрақты қалыптасқан ретін бұзып, жаңа сөйлем ретін құру үшін түрлі тәжірибелер жасайды. Стайнның бұл тәжірибелері оның «Он портрет», «Ұзақ қызықты кітап» атты еңбектерінде көрініс табады. Стайн драматургия саласына да қызығушылық танытады. Оның көптеген пьесалары шартты түрде актілерге бөлінген прозалық мәтін ретінде әсер етеді. Стайнның атақты пьесаларына «Төрт әулие үш актіде» (1934), «Ана бәрімізге» (1947), «Доктор Фауст шам жағады» (1949) атты еңбектерін жатқызуға болады.
1934-1935 жылдары Гертруда Стайн АҚШ-та «жалғастырмалы шындық» әдісін дамыту мақсатымен 40-қа жуық лекция оқиды. Стайнның әдебиеттегі көзқарастары мен шығармашылық принциптерін «Түсіндірме ретіндегі композиция» (1926), «Қалай жазу керек» (1931), «Алиса Б.Токластың автобиографиясы» (1933), «Төрт лекция» (1935) атты еңбектерінен көре аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |