Уильям Фолкнер (1897-1962) – «ұлы Америка романын» дүниеге әкелген көрнекті жазушылардың бірі. Ол атақты Фрэнк Норрис пен Марк Твендердің ізін жалғастырып, Драйзер, Стейнбек, Дос Пассостармен қатар әлемдік әдебиетке өзіндік мұрасын қалдырған.
Миссисипи штатының тұрғыны Фолкнер АҚШ әдебиетінде 1920 ж. пайда болған «оңтүстік мектептің» өкілі. Аға буын өкілдерінің реалистік дәстүрлерін сіңірген таланты мен жаңа дәуірдегі модернизм жаңалықтары оның шығармашылығына әсер етпей қоймады. Жазушы жергілікті көріністер арқылы жалпыға ортақ мәселелерді ашуға тырысады. Фолкнер «адам жүрегінің мәселелеріне» басты назар аударып, 1949 ж. Нобель сыйлығын алған кезіндегі сөйлеген сөзінде өзге жазушыларды да осыған шақырады. Ол: «адам жүрегінің ескі иделдарына - махаббат пен намыс, өркөкіректік пен жанашырлық, азап пен құрбандыққа» назар аудармау әдебиетті өлтіреді», - деп біледі.
Фолкнердің шығармаларынан «Солдат сыйлығы» (1926), «Москиттер» (1927), «Мәрмәр фавн» (1924), «Фолкнердің қойын дәптері» (1946), «Қала» (1957) және т.б. еңбектерін ерекше атап өтсе болады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы америка әдебиетіндегі жаңа кезеңнің басталуына ықпал етеді. АҚШ жаңа дәуірге дамыған алып мемлекет ретінде енді. 50 ж. өзінде-ақ америкалық жазушылар мен сыншылар соғыс арасындағы 10 жылдықтардағы әдеби көрсеткіштерді бағалай отырып, жаңа кезеңдегі әдебиетті қандай нәрселер күтіп отыр екен деген сұрақтарды алға тарта бастады. Әдебиеттің жаңаруына үміттене отырып, ХХ ғ. бірінші жартысындағы америкалық классиканың жеткен көркем жетістіктерінен айырылғандарына да өкініш білдіреді.
«Жеке адам мен қоғам» және ХХ ғасырда адамдардың қажеттіліктері мен қарым-қатынастарында, әдебінде орын алған өзгерістер сол уақыттағы әлеуметтанушылар мен философтардың өзекті мәселесіне айналады. Д. Рисмен өзінің «Жалғызсыраған халық» атты кітабында адамның даралығы жоғалып, оның орнына қоғамға бағыныштылық пайда болды деп жазған. Фолкнер секілді Э. Фромм да өзінің «Үміт революциясы» атты еңбегін «Біз қайдамыз және қайда бара жатырмыз?» деген сөздермен бастап, қазіргі замандағы ұйымның құрылысын «мега машина» деп атаған. Қоғам машина секілді жұмыс жасайды, ал адамдар осы машинаның құрамдас бөлшектері секілді. Техника адамзат пайдасы үшін емес, керісінше адам техника үшін қызмет жасап жатқандай.
Әдеби шығармалардың типологиясы, жазушының өмірге деген көзқарасы мен эстетикалық идеалы жаңа кейіпкердің типологиясын анықтап береді. Бұл америкалық жазушылар мен драматургтердің, ақындардың шығармаларындағы кейіпкерлердің арасынан – Норман Мейлердің шығармашлығындағы соғысқа қатысқандар, Джеймс Болдуин мен Уильям Стайронның романдарындағы қара нәсілді адамдар, Аллен Гинсбергтің поэзиясындағы заманның жас түлектері, Джек Керуак пен Джероми Дэвид Сэлинджердің романдары мен әңгімелерінде, Артур Миллер мен Теннеси Уильямстың «Орта америкалықтар» пьесасында, Джон Апдайк мен Джон Чивердің әңгімелері мен романдарында, интеллектуалдар Сола Беллоу мен Торнтон Уайлдердің шығрмаларындағы кейіпкерлерден көрінеді. Сонымен қатар Курт Воннегуттың романдарындағы пародиялық кейіпкерлерін ерекше атап кетуге де болады.
Конформизм мен қалыптасқан қоғамдық нормаларға қарсы Джек Керуак пен Аллен Гинсберг шықты. 60 жылдары елдегі саяси-әлеуметтік тәртіптерге көңілдері толмаған халықтың қарсылық қозғалыстары тек публицистикада ғана емес, сонымен қатар көркем әдебиетте де орын алады. Жазушылар көбіне саяси-әлеуметтік мәселер мен бостандық үшін күрес тақырыптарын қозғайды.
60 жылдардағы әдебиетте Уолтер Лоуэнфелстың (1897-1976) шығармашылығы ерекше орын алады. Лоуэнфелст өз поэзиясында Уитмен дәстүрлерін жалғастырады. Оның өлеңдерінде техника мен саясат, мифология мен нақты ғылым сияқты әртүрлі саладағы бейнелер мен түсініктер шебер үйлестірілген. Оның «Саған деген махаббатпен атомды ғасыр» атты еңбегі атомдық энергия дамыған заманында өмір сүретін адамның тіршілігі жайлы ой-толғанулардан тұрады. Бұл поэмада Уолтердің өз жұбайы Лилианға деген сүйіспеншілігі көрсетіліп, Вьетнамдағы соғыс туралы айтылады. Атомдық жарылыс қауіпі соғыс заманындағы адам баласының бөлініп кетуіне теңестіріледі. Тек соғыстан бас тарту арқылы ғана, адам баласы бейбітшілікте бақытты өмір кеше алады.
Вьетнамдағы соғысқа қарсы шыққан АҚШ-тың ХХ ғ. аса көрнекті ақыны ретінде Роберт Лоуэллді (1917-1977) ерекше атап өтуге болады. Оның философиялық-лирикалық поэзиясында Дж. Донның, Т.С. Элиоттың, Р. Фростың дәстүрлері көрініс тапқан. Лоуэллдің өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер – автордың өзі. Ол өз өмірінің поэтикалық реттілігін қалыптастырып, кейін бұл Американың ұлттық өмірінің тарихи бейнесіне айналады. Лоуэллдың лирикасындақоғамда болып жатқан жағдайларға жанашырлық, ал оның еркін өлеңдерінде соғыс пен қантөгушілік кезеңінің трагедиялық жағдайы суреттеледі.
60-70 ж. соғысқа және саяси қозғалыстарға белсенді түрде жас студенттер де қатысады. 1971 ж. «Жаңа америкалық қозғалыс» атты студенттік ұйым құрылады. Бұл қозғалыс буржуазиялық тоқыраулар мен Вьетнамдағы агрессияға қарсы бағытталған болатын. Нью-Йорк, Принсто, Сан-Франциско, Лос-Анджелес сынды АҚШ-тың көптеген қалаларында соғысқа қарсы демонстрациялар мен толқулар орын алады. Осы кездегі жастардың көңіл-күйі публицисттік мен поэзияда көрінеді. 1971 ж. «Қарсылықтың жалыны. Қозғалысқа қатысушылардың поэзиясы» атты поэтикалық антология жарық көреді. Толығымен өзгерген көзқарастар революциялық қимылдарға шақырған үндеулерден айқын көрінеді. Бұған Г. Снайдер («Революциядағы революция») мен Д. Георкастың («Мен өзімнің тапаншамды аламын») өлеңдерін мысал ретінде келтірсек болады. Осы кезде фольксингерлердің (ақын-өлеңшілер) өлеңдері жарыққа шыға бастайды. Олардың ішіндегі ең атақтысы Фред Гарднер болды. Ол өз өлеңдерін митингтерде, шерулерде, әскери бөлімдердің жанында орындап жүрді. Оның «1905 жыл» атты революция туралы өлеңі мен «Потемкин», «Мемлекет құриды» атты еңбектері халық арасында кең тарайды.
Фольксингер бейнесі Эдвин Гилберттің «Джейми» романында шебер сомдалған. Роман кейіпкері елде болып жатқан оқиғаларға түсінік бере отырып өлеңдер оқиды. Гилберт үкімет мен нәсілшілдікке, соғысқа қарсы сипаттағы өлеңдер жазады. Ол өз шығармаларында жұмысшылар мен студенттердің, ақ пен қара нәсілдердің бірігуіне шақырады. Романда 60 ж. қоғам өмірінде орын алған шынайы оқиғалар суреттеледі: жастар жедел хаттарды жыртып тастап, әр кез полиция қызметкерлерінен қашып жүріп, хабарламаларды өздері басып, оларды елге таратады.
Уоллес Грейвздың «Трикси» атты романы күнделіктік жазулар негізінде құрылған. Онда студенттік өмір мен жастар қозғалысы суреттеліп, оқиға қара нәсілді Трикси атты қыздың атымен баяндалады. Оқиғаның болған уақыты 1963-1968 ж. аралығы, яғни президент Джон Кеннедидің өлімінен қара нәсілділердің көшбасшысы Мартин Лютер Кингттің өліміне дейінгі кезең.
Нәсілшілдік мәселесі көптеген ақ және қара нәсілді американдықтардың назарын аударды. Джеймс Болдуин (1924-1987) Гарлемде дүниеге келіп, сонда өскен. Джеймс осы жерде мектепте оқып жүріп, журналдарға мақалалар жазады. 1940-57 жылға дейін Парижде тұрып, осы жерде «Бар да таудан жарияла» атты романын жазады. Аталған шығармада ақ нәсілділер әлемінен қуылып, қайғыға душар болған Джон Граймстың образы бейнеленген.
Қозғалыстың қызған шағында АҚШ-қа азаматтық алу үшін келген Болдуин осы қозғалысқа өзі де белсене араласып, публицистикалық мақалаларын жарыққа шығарып, көгілдір экранға да жиі шығып тұрады. Ол экзистенциализм идеяларынан бас тартып, күнделікті өмірдегі мәселелерге көшеді. Дәл осы кезде оның «Маған поезд қашан кететінін айтшы» деген романы жарыққа шығады, онда заман ағымынан қалмай, уақытпен бірге жүру және қара нәсілділердің бостандығы үшін күресу жайлы айтылады. Болдуин Американың болашағын бостандық үшін күресушілердің жаңа ұрпақтарымен байланыстырып, оның мақсатын - ұлттық және әлеуметтік мәселерді шешу деп түсіндіреді.
Уильям Стайрон, Эрскин Колдуэлл, Шерли Энн Грау сынды нәсілді америкалық жазушылар өз шығармаларында нәсілшілдік және онымен күресу мәселелерін көтереді. Уильям Стайронның «Ната Тернердің мойындауы» атты романында 1831 ж. Ната Тернер бастаған құлдар көтерілісі туралы айтылған. Стайрон өз өз шығармасын тарихи романнан гөрі, тарих жайлы ойлар деп атаған. 1831 жылғы оқиғалар екі жақты қарастырылады – өткен дәуір мен қазір заман тұрғысында. Баяндау Ната Тернердің өз өмірі туралы әңгімелері мен қозғалыс жайындағы ойларынан құралған. Ол түрмеде сот шешеімін күтіп отырған кезінде барлық оқиғаны өз адвокатына айтып береді. Тернердің алдында екі жол тұрады: көну немесе құлшылыққа қарсы шығу. Әрине ол күрес жолын таңдайды. Жауапқа тартудың алдында Нат Тернер аспанда жарық жұлдызды көріп, оны бостандық үшін күресушінің өшпес ізі ретінде қабылдайды. Стайрон Нат Тернерді әділеттілік пен теңдік үшін тек нәсілшілерге қарсы күрескер ретінде қана емес, сонымен қатар барлық ақ адамдарды жек көретін адам ретінде де бейнелейді.
Шерли Энн Граудың «Үйді аңдушылар» атты романы да нәсілшілдікке қарсы бағытталып, ақ нәсілді Абигейл атты әйелдің атынан баяндалады. Бұл шығармада оңтүстік Америка штаттарында орын алған сегрегацияға қарсы қозғалыстар жайлы айтылады. Жазушының гуманизмі Абигейлдің атасының әйелі болған қара қыз Маргареттің образын бейнелеуде айқын көрінеді. Шерлидің романында халық көтерілісі жоқ болғанымен, жалпы сол 60 жалдардағы жағдайлар суреттелген.
1948 жылы Норман Мейлердің «Өлілер мен жалаңаштар» деген романы жарық көреді. Жазушының бұл шығармасы Екінші дүниежүзілік соғыста болған оқиғаларға арналып, аз уақыттың ішінде үлкен жетістікке жетіп, авторға бүкіләлемдік атақ алып келеді. «Өлілер мен жалаңаштар» әскери роман болса да, Мейлер бұл шығармасында әскери қимылдарға қарағанда, кейіпкерлердің мінезі мен адамгершілік қасиеттері жайлы көбірек жазған. Мейлердің өзі де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Оның романы жазушының басынан кешірген оқиғалары желісінде жазылған. Романда Тынық мұхиты аралдарының бірінде америкалықтар мен жапондықтардың арасында болған шайқас пен сержант Крофт пен лейтенант Хирн сынды кейіпкерлердің бейнесі асқан шеберлікпен суреттелген. Бұл осы романды ХХ ғ. америка әдебиетінде дүниеге келген ең үздік шығармалардың қатарына жатқызуға негіз болады. Автор америка халқы үшін болып жатқан соғыстың негізгі мағынасын ашып беруге тырысады. Ол көптеген соғысқа қатысқан америкалықтар үшін, бұл соғыстың себебі мен мақсаты белгісіз болды деп жазды. Не себепті олар жапондықтарға қарсы соғысып жатыр, не үшін өз өмірлеріне қауіп төндіре отырып, басқа адамдарды өлтіріп жатыр деген сұрақтар жауынгерлердің ешқайсысын да толғандырмады. Оларға жақсы ақша төледі, сол үшін олар атысты да жақсы жүргізді. Тіпті олардың көпшілігі соғыс біткен соң да армияда қалғысы келді.
ХХ ғ. америка әдебиетіндегі романның жанрлық бөлінуі сан түрлі. Торнтон Уайлдердің «Сегізінші күн», «Қасиетті Людовик патшаның көпірі» атты шығармалары философиялық уағыздарға жақын келеді. Жазушы өзінің «Сегізінші күн» атты романында Эшли жанұясының мүшелерін Америка ұлтына теңестіре отырып, оларды еңбекқор, күш-жігері мықты, ақыл-ойлары кең адам ретінде суреттейді. Ол «Наурыз айының он бесінші күні» атты тарихи романын жазып, онда ойдан шығарылған оқиғалар мен шынайы өмірдегі нақты айғақтарды шебер үйлестірілген. «Теофил Норт» атты романы автобиографиялық әңгімелер мен дұрыс жол көрсететін нұсқалықтарды қамтиды, оның кейіпкері айналасындағы адамдарға қол үшін беретін, Уайлдердің эстетикалық идеалына айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |