Байланысты: Balalar khirurgiasy kaz medical students
Аппендициттен кейінгі құрсақ қуысының абсцесі Абсцестің дамуы мынадай клиникалық және зертханалық белгілермен сипатталады: гектикалық температура, перифериялық қанда лейкоцитоздың өсуі және нейтрофилдік формуланың солға жылжуымен болады. Бұл жағдайлар, науқас халінің нашарлауына және шағымдануына көңіл аудартады. Бұл көріністер, операциядан кейінгі кезеңде қабыну белгілерін жоятын қарқынды дезинтоксикациялық (уытсыздандыру) және антибактериальдық терапияға байланысты. Құрсақ қуысының абсцесі балаларда операциядан кейінгі кезеңнің 2-4 аптасында қалыптасады. Көбінесе абсцестер ішінде жамбас абсцесі жиі кездеседі (47%). Екінші орында флангалық (14%), диафрагма астылық (16%), бауырастылық абсцестер (3%) және ілмекаралық іріңдіктер (11%) кездеседі.
Жамбастық абсцесс көбінесе тенезмдердің және қуық жағынан дизуретикалық бұзылыстардың болуымен жүреді. Оған қосымша, нәжісте жалқақ және қан араласқаны байқалады, ал зәрде лейкоциттер және жаңа эритроциттер болады. Бұл белгілер, тік ішек қабырғасының және қуықтың іріңмен қатынаста болуын байланысты. Саусақ әдісімен тік ішекті тексеру кезінде оның алдыңғы қабырғасының түсіңкілігі анықталады. Қасаға үсті аймағын пальпациялау кезінде, ауырсыну болады және осы кезде абсцестің жоғарғы полюсі анықталады. Осы аймақта жергілікті бұлшық еттің қатаюы айқын анықталады.
Флангалық абсцесс жеңіл анықталады- ол қозғалыссыз дөңгелек пішінді ісік тәріздес болып, пальпация кезінде ауырсынады. Мұның алдындағы құрсақ қабырғасы қатайған және сипап қарағанда тері басқа жерлерге қарағанда жылы болып келеді. Көзге (визуальды) іштің анық асимметриясы анықталады.
Ілмекаралық абсцесте анық жергілікті белгі болады. Алдыңғы құрсақ қабырғасының шығыңқылығына байланысты, ішті қарау кезінде асимметрияны байқауға болады. Пальпация кезінде бұлшық еттің жергілікті қатаюы және ауырсынуы байқалады, ал терең пальпация арқылы түзілістің көлемін анықтауға болады. Қысқа уақыттық наркоз диагнозды дұрыс қоюға көмектеседі. Капсуланың толық жетілмеуі және құрсақ қуысына абсцестің жарылуына қаупі бар болғандықтан, пальпациялауды байқап жүргізу керек.
Бауыр астылық абсцесс келесі жергілікті белгілермен сипатталады: оң жақ қабырға асты зонасында алдыңғы құрсақ қабырғасының шығыңқылығы және ауырсынуы, бұлшық еттің жергілікті қатаюы және осы аймақта перкуторлық дыбыстың тұйықталуы байқалады. Диагностиканың қосымша тәсілдерінде бауыр астылық абсцестің көлемін және оның локализациясын анықтайды. Ультрадыбыстық тексеру, ирригография диагности-каға көмектесуі мүмкін - ол тоқ ішектің бауырлық бұрышының төмен ішке қарай ығысуын анықтауға мүмкіндік береді.
Диафрагма (көкет) асты абсцесі - жалпы іріңнің пайда болу белгілерімен сипатталады: гектикалық температура, науқастың жағдайының төмендеуі, лейкоцитоз нейтрофильдік солға жылжумен жоғарылауы). Сонымен қатар, ақырындап жергілікті белгілер да байқалады: ірің орналасқан жаққа қарай қабырға асты аймағының ығысуы және көкірек клеткасының төменгі бөлігінің ауырсынуы, бұл аймақта тері гиперэстезиясы, френикус белгісі, көкет астылық кеңістіктен ағзалардың төмен ығысуы (бауыр не көкбауыр), қабырға асты тексеруге арналған терең пальпация кезінде - ауырсыну және бұлшық еттің қатаюы және қабырға доғасы бойымен, абсцесс орналасқан жерді аздап соққылағанда, ауырсыну байқалады. Көкет астылық іріңнің болуы кезінде, оны анықтау үшін маңызды да бағалы тәсіл - рентгенография. Науқастың тік (вертикальды) қалыпындағы шолу рентгенограммасында, ірің қалыптасқан жағында көкет күмбездің жоғары ораласуы анық байқалады.
Егер инфильтрат іріңдемесе, қатаң төсектік режим, жеңіл және сұйық тағамдар тағайындалып және инфильтрат зонасына УВЧ жасалынады. Құрсақ қуысындағы абсцеске операция жасау үшін анық клиникалық көрсеткіш және оны дәлелдейтін зертханалық, рентгенологиялық дәлелдер керек.
Құрсақ қуысының абсцесін ашу, эндотрахеальдық наркоздың көмегімен жүзеге асырылады.
Жамбастық абсцесс кезінде, абсцесті анықтаудың негізгі жолы - тік ішек арқылы тексеру. Ірің саусақ арқылы анықталады. Анықтау кезінде тік ішектің алдыңғы қабырғасының түсіңкілігі, шығыңқырауы және ортасының жұмсаруы байқалады. Осы жағдайларды, қуықты катетермен тазартқаннан кейін, науқасты арқасына жатқызып, тізесін және жамбас-сан буындарын бүгеді. Осы қалыпта аяқтары екі жаққа ашылып жатуы керек: анальдық тесігін, тік ішекті керіп ашатын құрал немесе Фарабеф ілмегімен кеңітеді, шырышты қабаты йодты ерітіндісімен өңделіп, шығыңқы жер ортасына диаметрі 1,5-2 мм инемен пункция жасалады. Алынған іріңді бактериологиялық тексеруге алады. Скальпель ұшымен пункция жасаған жерден тік ішек қабырғасын және пиогенді капсуланы теседі. Кесіндіге корнцанг жібереді, осыдан кейін қысыммен іріңді бөліністер пайда болады. Тесік аздап кеңітіліп, ірің қуысына резина түтік жіберіледі де, 2-3 реттен ірің қуысын жылы фурациллин ерітіндісімен (1:5000) жуып отырады.
Операциялық жара жағынан, кіші жамбастың дренаждалып тұрғанынан қарамай, тік ішек арқылы жамбастағы жиналған іріңді кесу өрескел қателіктер болып саналады. Кейбір кездерде, нәжіс ірің қуысы арқылы, жараға шығуы мүмкін. Осыған байланысты, ауыр іріңді үрдіс бүкіл ағзаға таралып дамуы байқалады. Егер, жамбас абсцесі жоғары орналасып, консервативтік шаралардың абсцесті түсіруге әсері тимесе, онда, қасаға үстілік жолмен кесіледі. Бұл үшін ұзындығы 3-4 см болатын орталық кесінді жасауды қолдануға болады. Қабат-қабатымен алдыңғы құрсақ қабырғасын кесіп, бос құрсақ қуысын ашпай-ақ абсцесс орналасқан қуысқа кіруге тырысу керек. Абсцесті кесе қалған жағдайда, оны фурацил-лин малынған дәкемен бөлу дұрыс деп саналады. Саусақпен ірің қуысын кеңейтіп, фурациллин ерітіндісімен жуады, ірің қуысын дренаждап, антибиотиктерге арнап микроирригатор қойылады.
Флангалық абсцесс, өзінің даму кезінде іштің бүйір қабырғасына жанасып жатады, және оның осылай жататындығынан құрсақ алды жолмен кесу ыңғайлы болып табылады (Н.И.Пирогов бойынша). Ілмекаралық абсцесте пиогендік капсула алдыңғы құрсақ қабырғасына жабысса да, жабыспаса да абсцесс екі жолмен кесіледі. Бірінші жағдайда, кесуді терінің қызарып тұрған жеріне қарап, қатайып тұрған түзілістің ортасынан бастап жүргізеді. Құрсақтың алдыңғы қабырғасын кесіп, кеңіткеннен кейін, іріңнің орналасқан жері табылады. Іріңдік кесіліп, саусақпен ірің қуысы толықтай қаралып, фурациллин ерітіндісімен жуылады және микроирригатор сала отырып, қосымша дренаж қойылады. Кей жағдайларда, ірің капсуласы алдыңғы құрсақ қабырғасымен жабыспаса, іріңдік ұлғайған сайын, уақыт өте бос құрсақ қуысына жарылып кету қаупі бар. Осындай кезде дереу оперативтік ем көрсету қажет. Бауырастылық абсцесс кезінде, оң жақ қабырға доғасы астынан, ұзындығы 4-5 см болатын көлденең немесе қиғаш кесінді жасау ыңғайлы. Құрсақ қабырғасын кесу кезінде, ірің қуысына түсу оңай болып, алдыңғы құрсақ қабырғасының май қабатында және құрсақта инфильтрация орнының анықтауға себепші болады.
Көкеттік абсцесс кезінде хирургиялық ем ең қиын мәселе. Іріңнің көкет астылық қуыстың алдыңғы бөлімінде орналасуында, құрсақтан тыс жол немесе қабырға доғасының қыры бойымен, құрсақ арқылы болатын жол ыңғайлы болып табылады. Осы кезде бауыр төменірек ығысады, ал іріңдік бос құрсақ қуысынан дәкемен бөлгеннен кейін бірақ кесіледі. Іріңнен қуысты тазартқаннан кейін ғана және антисептикалық ерітінділермен немесе неомицин қатарындағы антибиотик ерітінділерімен ірің қуысын жуғаннан кейін, көккт астылық қуысқа микроирригатормен бірге резинадан дренаж қалдырады.
Көкет астылық кеңістіктің артқы бөлімінде орналасқан абсцесті келесі жолмен кесуге болады. Ең бірінші, артқы аксиллярлық сызықпен Х-ХІ қабырға аралығынан, немесе жауырын сызығынан, көкет астылық кеңістікке пункция жасалынады. Іріңді инемен алғаннан кейін қысқашпен қабырғааралық бұлшық етті және көкетті тесе отырып, абсцесс тесілген қуысқа қысқаш көмегімен бір немесе екі бүйірлік тесігі бар диаметрі 1,5 см болатын резиналы түтік кіргізіледі. Ол түтіктің қозғалып түсіп кетпеуі үшін теріге байланады.