Босану кезінде, немесе туу кезінде балаға қосымша қолмен көмек, реанимация жасалған кезде пайда болатын жарақаттарды тума жарақаттар деп атайды. Мұндай жағдайда паренхиматозды ағзалар, жұмсақ тіндер жарақаттары және сүйектердің сынуы болуы мүмкін.
Кефалогематома- бала туу кезінде сүйекүсті қабаты (надкостница) мен бас сүйегініің арасына қанның жиналуы. Статистика деректері бойынша ол 0,1-1,8% жуық кездеседі.
Нәрестенің басын қарағанда төбе сүйегінің маңында жұмсақ ісік байқалады. Тері түсі өзгермейді, пальпация кезінде флюктуация, ісік, астында тығыз білік анықталады. Кефалогематома көбінесе 2-3 аптадан кейін қайтады. Кейбір жағдайда кефалогематома қайтпай, орнына тұз жиналып, қатты беріш болып қалуы, немесе іріңдеуі мүмкін.
Емі.Кефалогематома көпке дейін қайтпаса, оны пункция жасап, сорып алады, ал іріңдесе, кесіп, іріңдеген жараларды емдеу тәсілдері жүргізіледі. Кішігірім кефалогематомалар емдеуді қажет етпейді, себебі өздігінен 1-2 аптадан кейін қайтады. Егер де кефалогематомасы бар нәрестеде анемия немесе сүйек асты кеңістігіне қан жиналса, алғашқы 5-6 күнге дейін пункция жасауға тыйым салынуы қажет.
Бұғананың сынуы – тума жарақаттардың ең жиі кездесетін түрі. Анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты бұғана сынықтары оның ортаңғы бөлігінде туындайды. Бұл сынықтар ығысумен немесе ығысусыз болуы мүмкін.
Зақымданған қолдың қимылы шектеулі немесе қимыл мүлде болмайды. Бұғана аумағында жұмсақ тіндердің ісінуі, басқанда ауырсыну, сүйек сықыры (крепитация) байқалады. Диагноз клиникалық көрініс пен рентгенографиядағы өзгерістерге байланысты қойылады. Сүйек қабы астының сынуы кезінде клиникалық көрінісі жеткіліксіз болғандықтан диагноз кешеулетіліп сүйек сүйелі пайда болғанда қойылады.
Бұғананың сынуының кейбір клиникалық көрінісі Дюшен-Эрба тума салдануына ұқсас болады. Сондықтан бұл екі жарақатты бір-бірінен ажырата білу қажет.
Емі.Нәрестелерде бұғана сынғанда репозиция жасаудың қажеті болмайды. Жарақаттанған қолды Дезо әдісі бойынша 7-10 күнге қолтыққа жастықша салып денесіне байлап қояды. Бұғана сынығы жақсы бітіп, қолдың күш-қимылына кері әсерін тудырмайды.