Сурет ІІ.2. Өкпенің төменгі бөлігінің абсцесі
Сұйықтығы көлемі бар абсцесті іріңдеген кистадан келесі түрде ажыратуға болады. Абсцесс кезінде рентгенограммада айқын перифокалдық инфильтрация анықталады, ал іріңдеген киста кезінде – жұқа, айқын көрінетін қабықша ғана. Сонымен қатар іріңдеген киста біраз жеңіл клиникалық ағыммен ерекшеленеді. Инфильтраттың абсцестенуі кезінде паренхиманың ыдырауы (деструкция) салдарынан ауру ауыр клиникалық ағыммен сипатталады. Баланың жалпы жағдайы бұл кезеңде ұдайы (прогрессивті) түрде нашарлайды. Дене қызуы гектикалық, үдемелі интоксикация шамалы тыныс жетіспеушілігімен қосарлануы мүмкін. Жөтел құрғақ. Ал іріңдіктің бронхқа ашылуында жөтел ылғалданады. Алайда ересек балалардағыдай абсцестің бронхқа ашылуы кезіндегідей көп көлемдегі іріңнің шығуы сирек кездеседі.
Өкпенің бактериальдық деструкциясының осы сатысының емінде антибактериальдық, дезинтоксикациялық және симптоматикалық терапиядан басқа, іріңді шығару және абсцес қуысын катетеризациялап, антисептиктер ерітінділерімен жуу үшін бронхоскопия жасаған дұрыс. Зақымдалған аймақта, бронх қуысы қабынған, тарылған, одан ірің бөлінуі мүмкін. Абсцестің бронхоскопиялық санациясымен бірге перкуссиялық массаж және ингаляциялық терапиямен постуралды дренаж қолданады. Кейбір жағдайларда, кіші топтағы балаларда (1 жастағы) нәтижесіз емнен кейін операциялық ем – торокотомия, абсцестің интраоперациялық санациясы, кейде зақымдалған өкпе бөлігінің резекциясы, плевра қуысын дренаждау қолданылады. Ересек балаларда плеврада жабысқақ үрдісі дамыған жағдайда абсцесті кеуде қабырғасы арқылы Моналди бойынша дренаждайды.
Деструкцияның буллезді түрі деструкциялық пневмонияның болжамы жақсы нәтижесі болып табылады. Инфильтраттың кері дамуында микроабсцестер түзеліп, ұсақ бронхтар қабырғасына жарылып, өкпенің паренхимасына ауа кіреді. Рентгенологиялық тұрғыда – булла, локализациясы және көлемі әр түрлі домалақ формалы ауалы қуыс болып табылады. Басқа патологиялардан ерекшелігі буллада қандай да болмасын қабырғалардың болмауы. Бұл қуыстарда ірің жоқ, соған байланысты жағымды клиникалық ағым тән. Булла түзілген кезде науқаста дене қызуы төмендейді, тәбеті жақсарады, перифериялық қанның бұзылыстары қалпына келеді. Тыныс бұзылыстары негізінен болмайды.
Әдетте буллалар уақыт өте келе өздігінен жоғалады. Алайда бұл жағдайда науқас баланы толық жазылғанға дейін рентгенологиялық тексеріп, диспансерлік бақылау керек.
Асқынулары: пневмоторакс, өкпе кистасы.
Плевралық асқынулармен деструкция тек өкпенің ғана емес, сонымен қатар, плевра жапырақшаларының да қабынуының нәтижесі болып табылады. Висцералдық плевра қабыну үрдісіне деструкцияның әр түрлі сатыларында ілігеді. Әдетте абсцестену сатысында плевраның реакциясы байқалады. Бұл реакцияның айқындылық дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін. Басында жамылғы (плащ) тәрізді плеврит дамиды. Қысқа мерзімде (2-3 тәулік) ол плевраның эмпиемасына ауысуы мүмкін. Микрофлора белсенділігін баса келе плевра қуысында фибрин мөлшері арта түседі. Мерзімінен кеш және дұрыс жүргізілмеген ем нәтижесінде фибриноторакс қалыптасуы мүмкін. Фибриноторакс, зақымдалған көкірек қуысы көлемінің кішіреюі, қабырғалардың жақындауы, сколиоз және өкпенің тұрақты коллапсымен сипатталады. Деструкция кезінде абсцестену сатысында висцералдық плевра жиі тесіліп, плевраға ірің құйылып, жылдам эмпиема дамиды. Әдетте, абсцес қуысы ұсақ бронхтармен қатынасады. Нәтижесінде плевра қуысына ауа кіріп, пиопневмоторакс дамиды. Ол, әдетте клапандық механизмге байланысты тығыз болады. Патологиялық жағдайда ұсақ бронхтар ауаны тек периферияға өткізеді. Плевра қуысына ауаның бір рет түсуінен және абсцесс қуысының фибринмен тампондалуынан немесе ісіну нәтижесінде бронх жылан көздер қызметінің тоқтауынан тығыз емес пиопневмоторакс жиі кездеседі.
Плевра қуысында қабыну үрдісінің дамуы, плевра жапырақшаларының арасында жабысулардың дамуына әкеледі. Бұл плевра қуысында патологиялық үрдістің ошақталуына жағдай жасайды. Нәтижесінде шектелген пиоторакс, пневмоторакс немесе пиопневмоторакс дамиды. Аталған жағдайлар, плащ тәрізді фибриноторакс сияқты қабыну үрдісінің аяқталу сатысының белгісі. Бұл уақытта баланың жалпы жағдайы жақсарады, дене қызуы, қан формуласы қалпына келеді (бірақ эритроциттердің тұну жылдамдығы әлі де жоғары).
Достарыңызбен бөлісу: |