Педагогика тарихы


Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551 ж.ж.)



бет74/113
Дата18.11.2022
өлшемі2,03 Mb.
#158802
түріОқулық
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
өзіндік жұмыс, ОНАТИЛИ
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551 ж.ж.). Қазақ елі өз алдына дербес хандық құрып ірге көтеріп жатқан кезде осы өңірде Ұлы жүз Дулат тайпасынан шыққан Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи Рашиди” (“Рашидтің тарихы”) атты ғылыми еңбек жазуы елеулі оқиға болды. Ол өзінің осы еңбегінде көшпелі қазақтардың өз көршілерімен қарым-қатынасын, олардың тұрмыс-тіршілігін сөз етеді. Еңбек екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімінде Моғолстан хандары мен сондағы халықтардың тарихы баяндалса, екінші бөлімде Сейіт хан мен Мұхаммед Хайдардың Қасым ханның ордасында қонақтап жүрген кезінде сұхбаттасқан түрлі тақырып төңірегіндегі әңгімелері берілген. Шежіредегі нақты мысалдарды Дулати көзімен көріп, құлағымен естіп, тарихи шындыққа негіздей жазған. Мәселен, мұнда Қасым хан туралы мынадай соны дерек келтірілген. “Ол шын кемеңгер адам еді. Сейіт хан өле-өлгенше оны есінен шығармай, оның жайдары мінезін әркез әңгіме етіп отыратын еді… Қасым хан барлық Дешті Қыпшақты өзінің ақыл-күш билігіне алды. Жошы ханнан кейін Дешті Қыпшақты ол сияқты ешкім билеген жоқ”.
Сондай-ақ, бұл еңбекте көшпелі дала тұрғындарының әдет-ғұрып, әлеуметтік-психологиялық, этнографиялық ерекшеліктері сөз етіледі. Мысалы “Біз – даланың халқымыз. Ең басты байлығымыз – жылқы, оның еті мен терісі біздің ең тәуір тамағымыз бен киіміміз… Меймандостық біздің халықтың аса жақсы қасиеті…” дейді.
Қадырғали Қосынұлы Жалаири (1503–1605 ж.ж.). Ол Сыр бойын мекендеген Ұлы жүз – тарақ таңбалы Жалайыр тайпасынан шыққан. Ғұламаның Жалаири атануы да осыдан. Тәуекел ханның немере інісі – Оразмұхаммедпен бірге Көшім хандығында жүргенде Ермактың Сібірге жасаған жорықтарының бірінде қолға түсіп, кейіннен Мәскеуде патша сарайында қызметте болды.
Орыс әскерінің қатарында шведтермен соғысып, ерлік көрсетеді. Шежіреші ғалым атанған Қадырғали өзі туралы “Мен дүние жүзіндегі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын” дейді. Ол жазған шежіренің (1602) түпнұсқасы жоғалып кеткен. Біздің дәуірге екі көшірмесі мен шағын үзіндісі ғана жеткен. Мұның бірінші бөлімінде Рашид-әд-Диннің әйгілі “Жами-ат тауарих” кітабы еркін аударылып берілген. Осымен байланысты Қадырғали қолжазбасы да “Шежірелер жинағы” деп аталып кеткен.
Қадырғали Жалаиридің “Шежірелер жинағы” атты еңбегінің алғы сөзі Орыс патшасы Борис Годуновтың абырой-атағын, айлакерлік ел басқару саясатын марапаттауға арналған.
Автор Борис Годуновты “Сіздің айналаңызда алты хан, төңірегіңізде төрт хан, дүниенің төрт бұрышын билеген, сіздің жетімдерге рақымдылығыңызбен, кембағалдарға қайырымдылығыңызбен атыңыз шыққан. Тауда түмен, қырда шеркес, ойда естек – баршасына сіздің әсеріңіз тиген. Қырым мен Түрікті тітіренткен, қаһарыңыздан қар қатайып, мұз еріген. Сансыз хан ұлдарын есігіңізге бас идірген хансыз!” – деп жер-көкке сыйдырмай мақтап отырған сияқты. Бірақ осы суреттеудің астарында Борис Годуновтың қаһарлығы мен жауыздығы, өктемдігі сезіледі. Автор орыс патшасы Борис Годуновтың Венгрия, Византия (Рим) елдерімен байланыс орнатып, Пруссия, Польша елдерін тізе бүктіруі, есепсіз әскер күшімен көрші елдерді жаулап бағындыруы сөз болады.
“Шежірелер жинағы” Оразмұхаммед ханның ата-бабаларынан бастап үрім-бұтағына дейін таратып, олардың да жақсы-жаман қасиеттерін, халыққа жасаған қиянатын да, қамқорлығын да баяндайды. Кімнен кім тарайды. Олар таққа қалай келді, тақтан қалай тайды, орнын кім басты дегендер айтылады. Яғни хандар тарихы баяндалады. Мұнда түркі-моңғол тайпаларының тарихы баяндалған. Екінші бөлімде көшпенділердің тұрмыс салты, әдет-ғұрпы, психологиясы, ауыз әдебиет үлгілері мақал-мәтел, нақыл сөздер түрінде көрініс тапқан. Кітапта заман озған сайын көнермейтін мынадай афоризм сөз тіркестері көзге шалынады: “Жақсы еркектің атын жақсы әйел шығарады… Патшаның патшалығы халықтың арасында… Кім білімді көп біліп, көңілге тұтса, оның дәулеті артады… Атағы шыққан өлмейді, есте қалмаған өледі… Әмірдің алдында сөйлегеннен гөрі тыңдаған жақсы… Кешіккен іс оңтайлы… Жиюлы жатқан қазына да бір, үюлі жатқан топырақ та бір… Тозаққа жетектеп кіргізетін тек қана надандық… т.б.”
XVІІ ғасырдағы тәлімдік мәні зор жазба мәдени мұраның бірі –“Жеті жарғы” атты заңдар жинағы.
Жеті жарғы” – Тәуке ханның (1678–1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. XVІІ ғ. кейбір хан, сұлтандардың өз иеліктеріндегі ұлыстарды жеке-дара билеуге ұмтылушылығы туып, қазақ халқының ыдырау қаупін тудырумен байланысты Тәуке хан қырық рулы елдің Әнет баба бастаған қырық биін жинап, бұрын-соңғы әдет заңдарын, дін заңдарын жинатып, сондай-ақ өзінен бұрынғы хандар қабылдаған “жесір дауы, жер дауы, жетім қақысы, ата-ана қақысы, ерлі-зайыптылар қақысы, құлдар мен күңдер қақысы дегендердің, “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолымен” байланысты туындаған билік заңдарын түздіріп, оларды одан әрі жетілдіруге арналған жаңа заңдар жүйесін жасауды тапсырады.
Кейін билердің әділет заңдар жинағы Күлтөбенің басындағы “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атпен заңдар жиынтығы ретінде қабылданады. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды. Соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және оның өзі өмірдің талап, тілектерін қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, Жеті жарғының көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20 ғасырдың басына дейін қолданылып келді. Онда ел билеу, салт-дәстүр, ағайындық-туыстық қарым-қатынасты сақтау, құн төлеу, айып төлеу, отбасындағы некелік тәртіп, әке мен бала, ағайын арасының заңдары мен міндеттері, кісі өлтіру, тонау, ұрлық-қарлық, т.б. қылмыстар және оны бұзушыларға салынатын айып-пұл мөлшерлері көрсетілген.
Хандық дәуірдегі мәдени мұраның аса мол және бай түрі билердің шешендік сөздері мен ақын-жыраулардың терме, толғаулары. Солардың ішінде әр ғасырдың көрнекті өкілдеріне ерекше тоқталуға тура келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   113




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет