Бітіру жұмысы тақырыбы: Ауырлатылған жағдайда қасақана адам өлтіру



бет1/3
Дата28.01.2018
өлшемі0,75 Mb.
  1   2   3
ҚАҚАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚАЗАҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ ЗАҢ УНИВЕРСИТЕТІ

АЛМАТЫ ЗАҢ АКАДЕМИЯСЫ
Қылмыстық құқық және криминология кафедрасы
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ
ТАҚЫРЫБЫ: Ауырлатылған жағдайда қасақана адам өлтіру

Қорғауға жіберілді

кафедра меңгерушісі

Нұртаев Н.Т. _____________

«___» _____________2008жыл

Орындаған: КПО – 405 тобы.

Бекбауова Зарина

Сембекқызы

Ғылыми жетекші: Заң ғылымдарының

кандидаты Әпенов Серік

Мейрамұлы.

АЛМАТЫ 2008ж.

ЖОСПАР
КІРІСПЕ
І БӨЛІМ. Кісі өлтірудің түсінігі және сипаттамасы.



    1. Кісі өлтірудің түсінігі

    2. Кісі өлтірудің құқықтық сипаттамасы


ІІ БӨЛІМ. Кісі өлтірудің жауаптылықты ауырлататын түрлері.
А) екі немесе одан көп адамдарды өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «а»т.)

Б) Осы адамның қызметтік іс - әрекетін жүзеге асыруына не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «б»т.)

В) дәрменсіз жағдайда екендігі айыпкерге белгілі адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не адамды кепілге алумен ұштасқан адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «в»т.)

Г) жүкті екендігі айыпкерге белгілі әйелді өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «г»т.)

Д) аса қатігездікпен жасалған адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «д»т.)

Е) көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «е»т.)

Ж) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жүзеге асырған адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «ж»т.)

З) пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен ұштасқан адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «з»т.)

И) Бұзақылық ниетпен өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «и»т.)

К) Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлауға немесе жыныстық қатынас сипатындағы күш қолдану әрекеттерімен ұштасқан адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «к»т.)

Л) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық не қанды кек себебі бойынша адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «л»т.)

М) жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатымен адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «м»т.)

Н) қылмыстық кодекстің 97-100 баптарында көзделген әрекеттерді қоспағанда, бұрын адам өлтірген адам жасаған адам өлтіру (ҚР ҚК 96б. 2б. «н»т.)
ҚОРЫТЫНДЫ



КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында «ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп жарияланған. Осыған орай Қазақстан Республикасындағы барлық құқық салалары, оның ішінде Қылмыстық құқықта адамды қорғауды өзінің міндеті деп санайды.



Мен бұл бітіру жұмыс ретінде осы тақырыпты таңдаған себебім, ауырлатылған жағдайда адам өлтіру қазіргі заманның қатігез шындығы, өзекті мәселе. Демографтардың айтуы бойынша жер бетіндегі халықтың жартысы өздерінің уақытынан бұрын қайтыс болады, олардың көбісі зорлықпен қаза табады. ХХ ғасырдың 90 жылдары бүкіл әлемде зорлықпен қайтыс болған адамдар саны 750 мың1. Ауырлатылған жағдайда адам өлтіру басқа адам өлтіру қылмыстарынан ажырата білу өте қиынға соғады, тіпті осы салада көп жылдар тәжірбиесі бар қызметкер немесе заңгер кінәлінің әрекетін саралауда жиі қателеседі. Сондықтан мен бұл қылмысты жан – жақты зерттеп, мағынасын дұрыс барынша ашуға тырысамын. Әрі бұл жұмыс өте қызық. Адам өлтіру – жеке тұлғаға қарсы бағытталған зиянның ең ауыр түрі. Себебі, мұның нәтижесінде өмір сүріп жатқан организм өз тіршілігін жояды және оны қалпына келтіру мүмкін емес. Біреудің қолынан аяқ асты мерт болған адамның отбасы мүшелері, туысқандары, достары, жақын араласатын жолдастары оның өлімін естігенде қатты қайғырады. Яғни оларға да орны толмас ауыр моральдық зиян келтіріледі. Қылмыскер қылмыс істегенде қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан жалтару үшін қоғамға қауіпті іс - әрекеттің белгілерін толықтай немесе жартылай жасыру мақсатын көздейді. Бұл қылмыстық әрекеттерді виктимдік әрекеттер деп те атауға болады. ҚазҰУ хабаршысы журналынан алынған мәліметтерге сүйенсек виктимдік әрекетерден қаза тапқан адамдар 72%, ауыр дене жарақатын алған адамдар 68% , зорлау 92%. Оның ішінде қаза тапқан екі жыныстан кәмілетке толмағандар 9%, қарт адамдар 6% (60жастан асқан), 36% 18-59жас аралығындағы әйел адамдар, осы жас мөлшеріндегі ер адамдар 49 %.2

Қылмысты іс - әрекеттер заң шығару жұмысында тәжірбиеден, яғни қоғам өмірінен алынады, себебі қылмыстар қоғамға таралған әрекеттер болып табылады. Қылмысты іс - әрекеттер қатарында тәжірбиеде әлі кездеспесе де алдағы уақыттарда кездесуі мүмкін деген болжамымен заң шығарушының қылмысты деп таныған әрекеттері болуы мүмкін. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Мысалы Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңының 96 бабы 2 бөлімінің «м» тармағы қарастырылған «жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатымен жасалған» кісі өлтіру Қылмыстық кодекс 1997 жылы бекітілгенге дейін сот – тергеу тәжірбиесінде кездескен жоқ. Бірақ заң шығарушы мұндай кісі өлтіру түрі шетелдердің тәжірбиесінде бар, алдағы уақыттарда бізде кездесуі мүмкін деген болжаммен заңға енгізді.

Қылмыскердің қылмысқа дайындығы, оны жасау және жасыру әрекеттері өзара тығыз байланыста болады және тұтастай алғанда, нақты қылмыстың тәсілін құрайды. Қасақана адам өлтіру қылмысы кезінде қылмысты жасыру ойы қылмыскерде қылмысты жасауға дейін туындайды және әртүрлі дәрежеде көрініс табады. Сондықтан кез келген адам өлтіру қылмысы кезінде ол абайсыздан жасалды ма, әлде ауырлатылған немесе жеңілдетілген жағдайда жасалды ма соны анықтау және бұл қылмыстық әрекетті саралау үлкен қиыншылыққа әкеледі.



І БӨЛІМ. Кісі өлтірудің түсінігі және сипаттамасы.
1.1. Кісі өлтірудің түсінігі

Ең басты, ең қорқынышты адамға төнетін қауіп – соғыс. Екіншіден, ол – адамды өлтіру. Бұл қылмыстардың бәрі ашылды деп айтуға болмайды, тіпті тіркелмеген адам өлтіру қылмыстары бар. Сонымен қатар хабарсыз кеткен адамдар саны қаншама, ал жиі кездесетін өзін - өзі өлтіру қылмысын инсценировкалау. Алдын – ала тергеу органдарының тергеу тәжірбиесінде өзін - өзі өлтіру инсценировкасын жасау көп кездеседі. Бұл мынамен түсіндіріледі: өзін- өзі өлтіру куәларсыз жасалады, сондықтан қылмыскер оқиға болған кезде жәбірленушінің жанында болмағанын айтады, өз-өзіне қиянат жасау инсценировкасында өлікті оқиға болған жерден тасымалдаудың қажеті жоқ, қылмыскер оқиға болған жердің қоршаған ортасын өзгерте алады. Қылмыскер әртүрлі себептермен өзін-өзі өлтіру инсценировкасына жүгіне алмаса, инсценировкалардаң басқа түрлерін былай келтіреді: тұрмыстағы, құрылыстағы немесе көліктегі жазатайым оқиғалар.

Инсценировкалардың түрлерін білу оларды куәландыратын белгілерді табуға және оларды әшкерелеуге қажет. Кісі өлтіру қылмыстық істері бойынша инсценировкалардың келесідей түрлері болуы мүмкін:



  1. Кісі өлтіру қылмысын жасыру.

  2. Қылмыстық емес сипаттағы оқиғаны жасыру.

Өз жғынан кісі өлтіру қылмысын жасыру инсценировкаларының келесі түрлері болуы мүмкін:

  1. Өзін - өзі өлтіру инсценировкасы.

  2. Жазатайым оқиғаның инценировкасы.

  3. Кісі өлтіру қылмысын жасау инсценировкасы.

Адамға қарсы қылмыстар – бұл азаматтардың жеке құқықтарына қарсы бағытталған, қылмыстық кодексте көрсетілген қоғамға қауіпті іс - әрекеттер жиынтығы. Объектіге байланысты тұлғаға қарсы қылмыстар 6 түрге бөлінеді: өмірі мен денсаулығына қарсы, бостандыққа қарсы, тұлғаның ар-намысына қарсы, жыныстық бостандығына қарсы, адам және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы, отбасы және кәмлетке толмағандарға қарсы қылмыстар.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде өмірге қарсы қылмыстардың 3 түрі көрсетілген:



  1. адам өлтіру(ҚР ҚК 96-100 баптар)

  2. абайсызда адам өлтіру (ҚР ҚК 101 -бап)

  3. өзін - өзі өлтіруге дейін жеткізу (ҚР ҚК 102- бап)

Өмірге қарсы қылмыстарды анықтауда адамның өмірінің басталуы мен аяқталуына байланысты фактілі және заңи алғышарттар бар.

Бірінші фактілі алғышарт өмір сүруін бастаған адамға қастандық жасалғанын анықтау. Адамның өмірі сүруі қай кезден басталатыны даулы мәселе. Бұл аборт және анасының баласын өлтіруін айырумен байланысты.



Екінші фактілі алғышарт болып адамның өміріні аяқталуы, яғни өлуі болып табылады. Бұған байланысты медиктер мен заңгерлер арасында пікірталас туындады. Өлім адам өмірінің соңғы сәті болып табылады. Өлім клиникалық және биологиялық болып екіге бөлінеді. Тыныс алуы мен қанның айналысы тоқтағаннан кейін 5-6 минут шамасында клиникалық өлім сатысы басталады. Адам денесінің салқындауына байланысты бұл кезең 10 немесе одан да көбірек минутқа созылады. Өлудің соңғы кезеңі – биологиялық өлім, орталық нерв жүйесі қызметінің істен шығуына байланысты мидың өлуі басталады. Адамның басқа органдары мен тіндерінің өміршендік белгілері біразға жалғасқанымен, мидың өлуі адам өмірінің соңғы сәті биологиялық өлім.

Біз айтқанымыздай уақытынан бұрын қаза тапқан адамдардың көбі: ауру немесе зорлық әрекеттерден қайтыс болады.

Басқа адамның әрекеті нәтижесінде адамның зорлықпен қайтыс болуын анықтау тағы бір алғышарт болып табылады. Әрекетті өмірге қарсы деп тану үшін фактілі алғышарттан басқа заңи алғышарттар бар. Олар: құқыққа қайшылық және кінәлілік. Себебі, адам өлтіру заңи әрекет те болуы мүмкін, мысалы өлім жазасына кесу.

ҚР Қылмыстық кодексте көрсетілген адам өлтіру анықтамасын идеалды деп айтуға болмайды, себебі онда адамды өмірінен қасақана айыру белгілері баяндалмаған.

С.В.Бородиннің пікірінше ҚК – не сәйкес адам өлтіру қылмысын келесідей сипаттауға болады1:

Адам өлтіру – басқа адамның өміріне қастандық жасап, қаза келтіретін Қылмыстық кодекстің ерекше бөлімінде көрсетілген кінәлі әрекет.

Бірақ, абайсыздан адам өлтіруге ҚК-те анықтама берілмеген. Адам өлтіруді сипаттайтын белгілер де абайсыздан адам өлтіруге тән тек әрекеттің субъективтік жағына байланысты немқұрайлылықпен немесе менмендікпен адам өлтіру дегенді қосу керек.

Адам өлтірудің бір қылмыс түрінен екінші адам өлтіру қылмысынан айыру үлкен қиыншылық туғызады. Бұл қылмысты саралауда көбінесе бір кісі өлтіру түрі басқа кісі өлтіру түрі болып саналады. Саралау прцессін шартты трде екі этапқа бөлуге болады.

Бірінші этап, заңның тура мағынасын түсініп, қылмыстың құрамының белгілерін анықтау және жан – жақты анализдеу. Мұның нәтижесінде негізгі қылмыс құрамының бар немесе жоғы анықталады. Мұндай жағдайда абайсыздықтан адам өлтіру анықталса, саралау процессі осымен аяқталады, себебі бұл қылмыстың тек бір түрі көрсетілген. Өзін - өзі өлтруге дейін жеткізу қылмысында саралаудың бірінші этабы қолданылады.

Екінші этап, негізгі қылмыс құрамы анықталғаннан кейін екінші этап басталады. Адам өлтіру қылмысының саралаушы ерекшеліктерінің бар – жоғын анықтау. Мұнда жауаптылықты ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайлар анықталады.

Қазақ ССР-інің 1959 жылғы Қылмыстық кодексінде адам өлтірудің заңдылық анықтамасы берілмеген еді. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы жаңа Қылмыстық кодексінде тұңғыш рет адам өлтірудің заңдылық түсінігі берілген. «Кісі өлтіру, яғни басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру» деп ҚК -тің 96- бабында тура көрсетілген. Осыған орай абайсызда кісі өлтіру заң бойынша адам өлтіру деп танылмайды. Бірақ топтық және тікелей объект белгісіне сәйкес бұл қылмыс құрамы жеке адамға қарсы қылмыс үшін жауаптылық көзделген тарауда орналасқан. Өмірге қарсы қылмыстың, соның ішінде адам өлтірудің де тікелей объектісі адамның өмірі болып табылады. Заң жасына және денсаулық жағдайына қарамастан кез келген адамның өмірін бірдей қорғайды. Адам өмірі нәрестенің туған сәтінен, яғни анасының денесінен бөлініп шығып, алғаш тыныс алуы арқылы оның өкпесінің жұмыс істеген уақытынан басталады. Бұл құбылыс нәрестенің алғашқы айқайынан , дыбыс беруінен басталады.

ҚК 96-бабында көзделген адам өлтіруге оқталған кезде кінәлі оның қоғамға қауіпті сипатын сезгендіктен, жәбірленушіге құқыққа қарсы қаза келтіру мақсатында әрекет жасаған, оның іске асатынын алдын ала білген және соны қалаған, бірақ оған қатысты емес жағдайлар бойынша қаза іске аспаған қасақана әрекеттерді тану керек.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі адам өлтірудің барлық түрін шартты түрде үш топқа бөлуге болады:


  1. Жай адам өлтіру немесе кісі өлтірудің негізгі құрамы. Қазақстан Республикасының Қылмыстың кодексінің 96 бабының 1 бөлігі.

  2. Ауырлататын жағдайдағы кісі өлтіру. Қазақстан Республикасының Қылмыстың кодексінің 96 бабының 2 бөлігіндегі көрсетілген – 13 тармақ.

  3. Жеңілдетілген жағдайдағы кісі өлтіру. Қазақстан Республикасының Қылмыстың кодексіндегі келесі қылмыс құрамдары: жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі (97 б); жан күйзелісі жағдайында болған адам өлтіру (98 б); қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру (99 б); қылмыс жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралардың шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру (100 б).

Кінәні, жауаптылықты ауырлататын немесе аса ауырлататын әрекеттермен қылмыс жасағанды, жазаны негізгі құрам бойынша белгілей алмаймыз, заң баптарын бөлімге немесе әрі қарай ауырлататын құрамдарға бөлмеу кінәліге жеткілікті жаза тағайындауға заң жүзінде мүмкіндік бермес еді. Кісі өлтіру қылмысын білдіретін 96 баптың бөдімдері (және екінші бөлімнің он үш тармағы) да жеке құрамдарды білдіреді.

Жеке адамға қарсы қылмыстар туралы істер жөніндегі қылмыстарды саралау және тиісінше, оларды жасаған адамдарға әділ жаза тағайындау кезінде қылмыстық заңды дұрыс қолдануды қамтамасыз ету үшін кінә нысанын, ниетінің түрін, қылмыс жасаудың мәні мен мақсатын, тәсілін, жағдайы мен сатысын, келтірілген зардаптардың ауырлығын анықтау қажет. Қылмыстық процесті жүргізетін органдар іс жүргізу құжаттарында (айыптау қорытындысында, үкімде) өз тұжырымдарын жол берілетін анық дәлелдемелерді келтіре отырып негіздеулері тиіс.



Қылмысты бірнеше адам жасаған кезде олардың арасында қылмыс жасауға алдын ала сөз байласу болған – болмағанын, рөлдері бөлінген – бөлінгенбегенін, қылмыс жасалған кезде олардың әрқайсысының қандай әрекеттер жасағанын, сондай-ақ барлық өзге де мән-жайларды анықтап, солардың негізінде адамдардың топ болып әрекеттер жасағандары туралы қорытынды жасау және жауаптылыққа тартылған адамдардың әрқайсысының қатысу нысанын айқындау, олардың әрекеттерін жеке-жеке саралап әділ жаза тағайындау қажет.

    1. Кісі өлтірудің құқықтық сипаттамасы

Қылмысты квалификациялау үшін қылмыстық заңдағы жекелеген қылмыс түрлерінің қылмыстық құқықта белгіленген ерекшеліктерін немесе оларды өзге қылмыстардан ажырататын белгілер тобымен жақсы таныс болу керек. Әрбір қылмысты білдіретін белгілер тобының жиынтығы арқылы ғана жеке қылмыс құрамдары өзге құрамдардан ажыратылады және нақтыланады. Қылмыс құрамы деген ұғым «құрам» деген сөздің қолданылуының өзінен-ақ, оның белгілі – бір элементтерден, белгілерден құралып бір ұғымды білдіретінін көрсетеді.

Қылмыстық құқықта қылмыс құрамдарының элементтері ретінде қылмыстың объектісі, объективтік жағы, субъективтік жағы және субъектісі аталады.

Адам өлтіру қылмысының объектісі адамның өмірі. Адам өлтірудің объективтік жағы басқа адамды өмірінен заңсыз айыруға бағытталған іс-әрекеттің және соның зардабынан адам өлуінің арасындағы себептік байланыстың болуын айқындау қажет.

Адам өлтіру негізінен әрекет арқылы жүзеге асырылады. Адам өлтірудің көпшілігі осылайша жасалады. Кінәлінің оқпен атылатын және суық қарудың, өзге заттарды пайдаланумен, уландыру, жарылыс жасау, басқа да әдістерді қолдануы арқылы адам өмірінен айырылады.

Адам өлтіру сондай-ақ әрекетсіздік нысанында болуы мүмкін. Бұл негізінен мынадай жағдайда болуы мүмкін. Кінәлі адам біреуді өмірден айыру мақсатымен өлімге араша тұра алатын мүмкіндігі бола тұра және осыған тікелей міндетті бола тұрса да әрекетсіздік жолымен оған өлім қаупін туғызады және өлімге жолбереді.

Адам өлтірудің объективтік жағының екінші белгісі қылмыстың зардабы жәбірленушінің өлімі болып табылады. Өмірден айыруға тікелей қасақаналық болғанымен қылмыстық зардаптың - өлімнің болмай қалуы кінәлінің әрекетіне оқталғандығы, адам өлтіруге оқталғандық ретінде саралауға негіз болып табылады.

Адам өлтіру – материалдық құрамға жатататын қылмыс.



Адам өлтірудің субъективтік жағы – ҚК – тің 96 бабына сәйкес тек қасақаналықпен жүзеге асырылады. Адам өлтіру кезінде қасақаналық тікелей және сол сияқты жанама да болуы мүмкін. Тікелей қасақаналық кезінде кінәлі өзінің басқа адамның өміріне қол сұғып отырғандығын сезеді, оның әрекеті іс жүзінде өлімге әкелетіндігін біледі, және өлімнің болуын тілеп іс-әрекет жасайды. Жанама қасақаналықпен адам өлтіру кезінде кінәлі өзінің әрекеті арқылы адам өміріне қатер төндіретіндігін мойындайды, осы әрекеттің нәтижесінде оның өлуі мүмкін екендігін біледі, өлімнің болуын тілемейді, бірақ оған саналы түрде жол береді.

Кінәлінің ниетінің түрі туралы мәселені шешкенде соттар жасалған қылмыстық барлық жағдайларына сүйенуі және атап айтқанда: қылмыстың тәсілі мен қаруын, денеге салынған жарақаттың санын, сипаты мен оқшаулауын, кінәлінің қылмыстық әрекетті тоқтату себебін, сондай-ақ кінәлінің қылмыс істеу алдындағы және одан кейінгі мінез-құлқын, оның жәбірленушімен арақатынасын ескеруі керек.

Қасақана адам өлтірудің субъектісі 14 жасқа толған жеке тұлға болып табылады. Ауырлататын жағдайда адам өлтіру – ҚК-тің 96-бабының 2-тармағында көзделген. Қылмыстық құқық теориясында бұл жағдайларды топтарға бөлу қалыптасқан. Мұндай жағдайда бөлу үшін қылмыс құрамының элементтері пайдаланылады.Обьекті бойынша, яғни жәбірленушінің жеке тұлғасы бойынша – екі немесе одан көп адамдарды; Осы адамның қызметтік іс - әрекетін жүзеге асыруына не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын; Дәрменсіз жағдайда екендігі айыпкерге белгілі адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не адамды кепілге алумен ұштасқан; жүкті екенгдігі айыпкерге белгілі әйелді өлтіру. Объективті жағы бойынша – аса қатігездікпен жасалған; көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған; адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жүзеге асырған. Субъективтік жағы бойынша – пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан; бұзақылық ниетпен; Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлауға немесе жыныстық сипатындағы күш қолдану әрекеттерімен ұштасқан; әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық не қанды кек себебі бойынша; жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатымен жасалған. Субъектісі бойынша – бұрын адам өлтірген адам жасаған адам өлтіру.

Әр жағдай жеке түсінік болып табылады. Сондықтан да егер де адам ҚР ҚК – тің 96 –бабының 2-тармағында көзделген бірнеше жағдайларды жасаған жағдайда әрекетті саралау кезінде бұл баптың тек бір тармақшасын қолдануға тиым салынады.



Мұндай қателікті мойындамау мақсатында ҚК-тің 96-бабының 2-тармағының бір немесе одан да көп тармақшасын қолдану істің шешіміне әсер етпейді дейді, себебі бұл тармаққа бір санкция белгіленген. Бұл өте қате пікір. Себебі егер де қылмыстың белгілері бірнеше тармақшаға сәйкес болса, оны барлық пункт бойынша саралау керек, әйтпесе бұл сот шешімін шығарған кезде барлық жағдайды дұрыс бағаламай, объективті шешімге келе алмас еді. Міндетті түрде аыйпталушының әрекетінде бір мақсат пен бір ниет болуы керек, осындай жағдайда ғана бірнеше тармақшамен саралауға жол беріледі.

В.Н.Кудрявцев «барлық жағынан бірдей екі қылмыстық құрам болмайды. Барлық қылмыс құрамдары кем дегенде бір белгісі бойынша ажыратылады. Құрамдардың арасында айырмашылықтың болмауы ұқсас қылмыстарды ажыратуда мүмкіндік бермес еді» - дейді1. Құрам элементтері бір қылмыстың түрлі құрамдарында бірдей анықталғанда, олар өзара құрам элементтерінің қосымша белгілерінің міндетті белгі болуына қарай және Қылмыстық кодекстің 54 бабында келтірілген кінәні ауырлататын белгілердің көрсетілуіне қарай ажыратылады. ҚР ҚК 96 баптың 2 бөлімінде қарастырылған қасақана кісі өлтірудің ауырлататын түрлерінің құрам элементтері бойынша айырмашылығы жоқ1. Тек соңғы «н» тармағы бұрын қасақана адам өлтіру қылмысын жасаған адамның осы қылмысты қайталануын көрсетіп субъекті бойынша ажыратады. Бұл баптың әртүрлі пункттеріндегі қасақана адам өлтіру әрекеттері өзара объект көлемі (мысалы жүкті әйелді өлтіру, екі немесе одан көп адам өлтіру), тәсілі бойынша (мысалы аса қатігездікпен өлтіру, бірнеше адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен өлтіру), қылмыстық ниеті бойынша (пайдақорлық, қанды кекті қайтару, бұзақылық ниетпен адам өлтіру), мақсаты бойынша (жәбірленушінің мүшелерін немесе тәнін пайдалану, басқа қылмысты жасыру немесе қылмыстың жасалуын жеңілдету мақсатында адам өлтіру) ажыратылады.

Қылмыс құрамының қоғамға қауіптілік дәрежесін сипаттайтын белгілерді үш топқа бөлуге болады: 1) негізгі немесе констутивтік; 2) ауырлататын немесе сараланған; 3) жеңілдететін. Адам өлтіру қылмысына байланысты:



1. негізгі немесе констутивтік белгілер деп қылмыстық құрамдардың негізгі немесе ауырлататын құрамдарына, сондай – ақ жеңілдетілген құрамдарына да тән белгілерді айтамыз. Мысалы қасақана түрде басқа адамға қаза келтіру белгісі 96 баптың 1 бөлімі бойынша квалификацияланатын жай кісі өлтірудің түрлеріне , сондай – ақ 97, 98, 99, 100 баптарындағы кінәні жеңілдететін жағдайларға қарсы бағытталған қылмыстардың негізгі белгісі болып табылады.

2. ауырлататын белгілер қылмыстың құрамында тікелей келтірілген ауырлататын жағдайларды білдіреді. Ол ауырлататын жағдайлар қылмыстық құрамды сипаттайтын белгілердің түрлерінде кездеседі, яғни зардаптың көлеміне, қылмысты жасау орыны, уақыты, тәсілі жағдайы, құралына қарай және ниетімен мақсаттың, қылмыс субъектісінің түріне қарай ауырлатады. Мысалы 96 баптың екінші бөлігінің «з» тармағындағы пайдақорлық ниетпен кісі өлтіруде «пайдақорлық» ниет ауырлататын белгі болып табылады.



3. Қылмыстық құрамдар кінәні жеңілдететін қылмыс түрі ретінде бағалануы үшін, ол жеңілдетілген белгі құрамның мазмұнында келтіріледі. Мұндай жағдайда да ауырлататын құрамдардағы сияқты кінәні жеңілдететін белгі қылмыстық құрамының міндетті белгісі ретінде норма диспозициясында тікелей көрсетіледі. Оларға әйелдің баласын босану уақытындағы, қажетті қорғану, ашу шегінен, қылмыскерді ұстау шаралары шегінен шығуы жағдайларында өміріне қаза келтіруі қарастыратын құрамдар жатады.
ІІ БӨЛІМ. Кісі өлтірудің жауаптылықты ауырлататын түрлері.

Қылмыстың қоғамға қауіптілігін ауырлататын құрам көпшілік жағдайда баптың кейінгі бөлімінде келтіріледі. Бұл құрамдардың негізгі құрамдармен салыстырғанда ауырлатушы объективтік немесе субъективтік белгілері диспозицясында тікелей көрсетіледі. Кісі өлтірудің ауырлататын құрамдардың белгілері қылмыстың объектісінің көлеміне, іс - әрекеттің белсенділігіне, зардаптың түрі мен көлеміне, қылмыстың жасалу орны, уақыты, тәсілі, жағдай, құралына, ниеті мен мақсатының немесе қылмыс субъектісінің түріне қарай ауырлатады.
А) екі немесе одан көп адамды өтіру (ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлігінің «а»тармағы)

Бұл тармақ бойынша саралауға кінәлінің бір мезгілде бірнеше адамға қаза келтіру ниеті негіз болып табылады. Адам өлтірудің бұл түрі кінәлі екі немесе одан көп адамды өмірінен айырған жағдайда болады. Мұндайда кінәлінің екі немесе одан көп адамды өлтіру ниетінің болғандығы, яғни бірыңғай қасақана ниетінің болғандығын анықтау керек. Дұрысында жәбірленушілердің өлуі бір мезгілде болады. Мынадай жағдай болуы мүмкін: кінәлі әуелі бір адамды өлтіреді, содан соң біршама уақыт өткеннен кейін, әдетте көп кешікпей, басқа адамды өлтіреді. Оның бір адамды емес, екі немесе одан көп адамды өлтіру ниетінің болғандығын дәлелдеудің маңызы зор. Бұл кезде әр адамды өлтіру себептері бірдей болмауы мүмкін. Біреуін ол мысал үшін – кек алу мақсатында, ал екіншісін бірінші кісіні өлтіруді жасыру мақсатында өлтіреді. Сонымен бірге – екінші адамды өлтіру ниеті бірінші кісі өлтіруден кейін емес, оған дейін пайда болды. Екі немесе одан көп адам өлтіру қылмысына жәбірленушілердің өлімі арасында уақыт өтпей өлтірілген қылмыс жатқызылады. Мысалы, бір оқтан екі адамның өлуі, немесе оларды бірінен кейін бірін өлтіру.

Егер бірнеше адам өлтірген кезде қылмысты қоса орындаушылардың ниеті бірнеше адамдардың өмірін қиюға бағытталса және оны іске асыру үшін олар өзара рөлдерін бөліскен болса, соның салдарынан әрбір қылмысқа қатысушы бір ғана адамның өмірін қиюға тікелей қатысса, онда олардың әрқайсысының әрекеті осылайша ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен саралануға жатады.

Екі адамды өлтіру, егер біреуі үшін жауапкершілік ҚК 96-бабының тиісті бөлігімен, ал басқасы ҚК 97,98,99 немесе 100-баптарымен көзделсе, ҚК 96-бабы 2-тармағының «а»тармақшасы бойынша саралау мүмкін емес. Мұндай жағдайларда әрбір қылмыс қылмыстық заңдардың тиісті нормасы бойынша дербес саралануға жатады.1

Кейбір әдебиеттерде қылмыстық әрекеттің «бір уақытта» түсінігін «үзіліссіз» деп ауыстыруды ұсынады., себебі бірнеше адамды бір уақытта өмірінен айыру бір қылмыстық акт болып табылады 2. С.В.Бородиннің айтуынша, екі немесе одан да көп адамды өлтіру кезінде қылмыстық әрекеттер «бір уақытта» болады деген түсінікті «үзіліссіз» деген түсінікпен ауыстыру бәрін шатастырып жібереді1. Біздің ойымызша, бұл пікірмен үзілді – келісуге болмайды. Мәселен, екі немесе одан да көп адам өлтіру кезінде кінәлінің әрекетіндегі уақыт аралығында үзіліс болмайды. Осындай кінәлінің үзіліссіз әрекетінде, қылмыстың субъективтік жағы тікелей немесе жанама қасақаналықпен сипатталуы мүмкін. Сот тәжірбиесінде жанама қасақаналықпен кісі өлтіру деп, бөтен адамдардың кіріуінен бақтың учаскесін қорғау мақсатында қондырылған, өздігінен қосылатын жарылғыш құрылғының жарылуы нәтижесінде бірнеше адамдардың өмірінен айырылуы танылады.

Егер де екі немесе одан көп адамды өлтіру бір уақытта жүзеге асырылып, бірақ қылмысты жасау ниеті әртүрлі болса, бұл қылмыс ҚР ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен сараланбайды.

Сот тәжірбиесінде бір адамды өлтіріп, екінші адамның өміріне қастандық жасау әрекетін саралауда сұрақ туындайды. Мұнда 2 түрлі көзқарас айқындалды.



Оның біреу облыстық сотта К. азаматын соттау ісінде анықталды. Сот шешімі бойынша азамат К. ҚР ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен және 26 – бап, 3-тармағымен , және ҚР ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағы және «г» тармағымен сотталды. Ол бұзақылық ниетпен өзінің жүкті әйелін өлтіріп, енесінің өміріне қастандық жасады. Жоғарғы Сот бұл шешімге келіспеді. Ол азамат К. әрекетін ҚР ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен саралау керек, оны кінәлінің екі немесе одан көп адамды өлтіру ниеті анықталғаннан кейін, оның әрекетін аяқталған қылмыс деп, ҚР ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен саралау керектігін түсіндірді.

Ал екінші жағдайда, бір адамды өлтіріп екінші адамның өміріне қастандық жасау әрекетін ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен және 24- баптың 3- тармағымен саралауды дұрыс деп табады.

Екі пікірдің ішіндегі екіншісі дұрыс, себебі бір адамның өміріне қастандық жасау, екі немесе одан көп адамның өміріне қастандық жасауға айналып кетеді де , аяқталған қылмыс адам өлтіру заңдық бағасын алмайды.



Ал бір уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің өміріне қастандық жасалып, бұл органның қызметкері болып табылмайтын адамды өлтіруәрекеті басқаша сараланады. Құқық қорғау органының қызметкерінің өміріне қастандық жасау қылмыстық кодекстің тиістібабымен, ал екінші адамды өлтіру әрекетін ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен саралау керек. КСРО – ның Жоғары Сот Пленумына сәйкес «милиция қызметкерлерінің немесе олардың жақындарының өміріне қастандық жасау адам өлтірумен тең» деп жазылған.

Екі немесе одан көп адам өлтіру мен көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған адам өлтіру қылмыстарын ажырата білу жөнінде тәжірбиеде қиындықтар жиі кездеседі. (ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағы және «е» тармақтарымен). Көп жағдайда соттар екі қылмыстың әр түрлі саралану шарттарына көңіл бөлмейді. Кінәлі кісі өлтіруді көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасағанда, ол өз санасымен оның таңдап алған тәсілі көптеген адамдардың өміріне қауіп келтіретіндігін ұғынуы қажет. Бұл жерде қылмыс субъектісінің айналадағы оны қоршаған жазықсыз адамдарға қатысты немқұрайдылығын көруге болады. Кінәлінің әрекеті көпшілік жиналған орындарда мысалы дүкенде, жиналыстарда, әуежайда, қоғамдық көліктердің ішінде т.б. жерлерде жарылыс жасаудан, мылтықпен ретсіз оқ жаудырудан, су қаптатудан, өртеуден және т.с.с. көрінеді. Кінәлінің өлтірмекші болған жәбірленушінің қасында болған адамдардың саны немесе олардың дене жарақатын алған – алмағандығы ескерілмейді. Өлтіру ниеті бағытталған адамдар тобының өміріне қауіп төндірсе, онда оның әрекетін саралауда тек ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағын қолдану керек. Себебі ол басқа адамдар өміріне қауіп төндірген жоқ, тек өлтіру ниеті бағытталған адамдарға ғана қауіп төндірді.

Сонымен қатар, екі немесе одан көп адамдарды өлтіруді бірнеше рет кісі өлтіруден ажырата білу керек. Яғни 96 баптың 2 бөлігінің «н» тармағы келесі мазмұнды құрайды: осы кодекстің 97 – 100 баптарында көзделген әрекеттерді қоспағанда, бұрын адам өлтірген адам жасаған адам өлтіру, 96 баптың 2 бөлігінің «н» тармағы бойынша қылмысты саралау үшін, кінәлінің екі немесе одан да көп адамды өлтірудегі іс - әрекетінің арасында біріншіден, уақыт алшақтығы болуы керек, екіншіден жәбірленушілерді өлтіруге деген бірыңғай қасақана ниетінің болмауы тиіс. Бұл жағдайда қылмысты бірнеше мәрте жасаудың белгілері қолданылады.

Г.Н.Борзенковтың айтуынша: екі және одан да көп адамды өлтіру бір қылмыс болып табылады1. Теорияға және әділеттілік қағидасына жүгінетін болсақ, бір қылмыс үшін қылмыстардың жиынтығы туралы ережені қолданып жаза тағайындау дұрыстыққа жанаспайды. Бұл жерде белгілі бір қауіп те бар. Заңға сәйкес, қылмыстардың жиынтығы кезінде кісі өлтіргені үшін жаза, ең жоғарғы бас бостандығынан айыру мерзімінің жартысынан асатын мерзімге жазалардың қосылуы жолымен тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдай кінәлінің ойластырып қойған қылмысын аяғына дейін жеткізуге яғни тірі қалған жәбірленушіні өлтіруге итермелеуі мүмкін, өйткені бұл жерде қылмыстардың жиынтығы болмайды. Осы қарама – қайшылықты заң тұрғысынан, жеке алғанда, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау туралы ережені болашақта нақтылау арқылы шешу қажет. Біздің ойымызша 2бұл пікірдің де жаны бар сияқты және ол болашақта реттелуге жататын мәселелердің бірі болып табылады. Шын мәнісінде ойлап қарасақ, кінәлі өлтіремін деп көздеген екі адамның біреуін өлтіріп, екіншісіне оқталса қылмыстардың жиынтығы қолданылып жаза көбірек тағайындалады. Жәбірленушілердің екеуін де өлтірсе, онда қылмыстардың жиынтығы болмайды және сот жаза мөлшерін 96 баптың 2 бөлігінде көрсетілген жаза мерзімінің шекарасы шегінде қолданады.

«Әр түрлі адамдардың өміріне әр қалай қол сұғатын бір – бірімен байланыспайтын жағдайларды бағалаумен салыстырғанда, екі немесе одан көп адамды өлтіру ол бір қылмыс және оның заңды бағалануы да бір болуы керек»1.

Қортындылай келе келесідей шешімдерге келуге болады:

  1. екі немесе одан көп адам өлтіру әрекеті біруақытта жасалса ғана ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен сараланады.

  2. егер бұл қылмыста адамдарды бірінен кейін бірін өлтіріп, бұл әрекетін бір ниетпен жасаса.

  3. егер де бірінші және екінші адам өлтіру әртүрлі уақытта жасалып, жағдай бойынша байланысты болмаса ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағы қолданбайды, екінші адамды өлтіру ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен, бірінші адам өлтіру – нақты әрекеттерге байланысты сараланады.

  4. ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен бірге егер оған жеткілікті дәлел болса осы баптың басқа тармақшаларымен қосып саралауға жол беріледі.

  5. бір адамды өлтіріп, екінші адамды адамның өміріне қастандық жасау аәрекетін аяқталған қылмыс деп саналмайды, мұндай әрекетті ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а»тармағымен және 24-баптың 3-тармағы бойынша саралануы тиіс.

  6. егер де айыпкер өзіне екі немесе одан көп адам өлтіру ниетін көптеген адам өміріне қауіпті тәсілмен жасалса ҚК 96-бабы 2 -бөлігінің «а» және «е»тармақтарымен саралануы тиіс, үшінші тұлғаларға қатысты жанама ниетпен жүзеге асырса.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет