Крыловтан аудармалары, ондағы идея Абайдың ендігі біз тексеретін бір топ көркем қымбат аудармалары Крыловтан жасалған. 90-шы жылдардың аяқ кезінде Абай Крыловтан мысалдар көбірек аударумен шұғылданған.
Крыловқа қол созуыына Абайдың өз айналасына сыншылдықпен қарауы зор себеп болған. Ол шығармаларында аяусыз әшкерелеген ұнамсыз қылықтарды енді мысалдардың үлгісімен сынап көруге бел байлайды. Сол үлгімен адам бойындағы қулық- сұмдықты, тойымсыздықты, жауыздық пен зорлық – зомбылықты, ашқарақтықты, әлін білмегеннің әлегін ойсырата шенеп – мінейді. Крылов суреттеген бұл сияқты мінез – құлық, іс – әрекеттер орыс қауымына ғана емес, қазақ шындығына да тән еді. Абай осыны көре білді. Осы жерде орыс – қазақ ақындарының ойлары түйісті. Екеуі бірігіп жалпы адамзат баласына тән сұрқиялықтарға соққы беруге тырысты.
«Түлкі мен қарға» мысалында мақтан сүйгіш даңғойлардың, түлкі мінездес қуларға мазақ болуын көрсетсе, «Шырылдауық шегірткеде» ертеңін ойламаған жалқауларды күлкі етеді. Шегірткені әкелі өзінен әлде қайда кіші жәндің құмырсқаға бас игізеді. Мұның барлығында да адамдық намыс, әділдік үшін күрес идеялары жатыр.
Сондықтан да болар Абай Крылов мысалдарын қазақ оқушысна оңай ұғынарлық өлең үлгісінде аударып келтірген.
Тегінде қазақ әдебиеті тарихында Крылов мысалдары жалғыз Абай аудармасынан емес, одан бұрын да кіре бастаған еді. Бұл және де бір Крылов емес, орыс көркем әдебиетінің өлең сөз, қара сөздегі әр алуан үлгісін өзі жазған оқу кітабына кіргізіп, алғаш аударған Ыбырай Алтынсарин болатын.
Абай Алтынсаринің еңбегін жақсы білген де, зор бағалаған. Оны Крыловтан өзі жасайтын аудармасында өз еңбегіне белгілі дәрежеде үлгі етіп алғанын байқауға болады. Алтынсариның тек аудармалық еңбегі емес, оның орыс классик поэзиясынан үлгі- дәстүр алуда ідеп тапқан кейбір жолдарын Абай және де өзінің творчестволық тәжірибесімен жақсы қостап құптайды.
Крыловтың мысалдарын аударудағы екі ақының да еңбектерін байқауға болады. Ыбырай мысалдарды аударуда шын шеберлік көрсетіп, қазақ тілінде Крыловтың шығармаларын жеткізіп берудің арнаулы үлгісін жасады. Абай сол үлгілерді көп сынамайды. Өлеңдік түрде Ыбырай салған стильдік тың өзгешеліктерді көп өзгертпей алады. Екі аударушының қолданған өлшеу түрлері, сөздік тақырыптары бір – біріне өзгеше сай келеді. Сондықтан анық қатесіз көшірушілік жасаған адамдардың қолжазбаларында болмаса, кейде Крылов мысалын екі ақының қайсысы аударғанын білу де оңай емес.
Мысалы, Крыловтың «Вороно и лисица» деген мысалын Абай да, Ыбырай да аударған. Екеуінің сол аударамасы Абайдың көп қолжазбаларында бірге көшіріліп, бірге таралып жүретін.Соның себебінен Абайдың 1945 жылы шыққан толық жинағында сол екі ақының аудармасы қатарынан Абайдікі саналып, 224-226 беттерде бірге басылған. Сөйтіп, бүгінгі оқушыға Абай Крыловтың бір мысалын екі рет аударған тәрізді болып жүр. Бұл баспаның қателігі. Анығында Абайдың аударғаны «Жұрт біледі, күледі» деп басталатын мысал. Ал «Боқтықта талтаңдап» дейтін Абайдікі емес.
Абайдың Крыловтан аударған еңбектері төртеу- бесеу-ақ болуы мүмкін.Олар: 1. «Есек пен бұлбұл» 2. «Бүркіт пен қарға» 3. «Шегіртке мен құмырсқа» 4. «Түлкі мен қарға» 5. «Піл мен қанден»
Енді осы аудармалары жөнінде Абай еңбектерінен байқалатын ерекшеліктерді атап өтейік. Ең алдымен, Абай Крыловтың мысалдарын әдебиеттік ерекше қасиеттерін жақсы аңғарған. Белинский түсіндіруі бойынша: «Әңгіме мен мақсұт – міне, мысалдың бары осында, сатира мен ирония ( әжуа) – міне оның ең зор сипаты. Крылов дана адам есебінде
мысалдың эстетикалық заңдарын ой- жобамен аңғарған. Орыстың мысалын сол жасады деуге болады», - дейді. Демек, Абай да осыған орай пайымдаған болу керек.