литосфералық мантия қатқабатына кеңірек тоқталалық. Бұл
қатқабатты кейде «перидотитті қабат» деп те атайды, олай болса литосфералық мантияның негізін перидотит, пироксенит, оливинит, дунит, гарцбургит, т.с.с. ультранегізді құрамды магмалық таужыныстар құрайтын болғаны. Бұл тұжырым шындыққа сəйкес келетін болса керек, себебі сейсмикалық толқындардың осы литосфералық мантия (перидотитті қабат) қимасынан өту жылдамдығы оны құрайтын заттар тығыздығының шамамен 3,1–3,3 г/см3 аралығында болуы тиіс екендігін көрсеткен. Геотектоника жəне геодинамика 27 Литосфералық мантия (перидотитті қабат) жер қыртысымен біріге отырып, Жердің литосфера деп аталатын беткі қатты қабатын құрайды. Литосфераны планетамыздың ұзақтығы шамамен 3,7 млрд жылмен өлшенетін геологиялық дамуы тарихында осы планетамыздың ішкі заттарының балқымалары есебінен қалыптасып қатайған сыртқы қатты қабығы деп түсінген лəзім. Екінші сөзбен айтқанда, Жер планета ретінде қалыптасып болып, енді геологиялық нысан ретінде дами бастаған сəтте (мəселен, архей эрасының басында, яғни осыдан шамамен 3,7 млрд жыл бұрын) тұңғыш литосфера жұрындары қалыптасқан да, кейінгі геологиялық эраларда аталған жұрын ішкі заттар есебінен бірте-бірте қалыңдай берген, сөйтіп бүгінгі күрделі құрамды жəне біршама қалың (мұхиттар түбінде шамамен 20-50 км, континенттер ауқымында шамамен 200 км-ге дейін) литосфера қатқабаты қалыптасып үлгерген. Литосфералық мантия (перидотитті қабат) қатқабатының астеносферамен жапсарласу сипаты əдейі түсінік беруді қажет ететін маңызды мəселе. Бұл екі қатқабаттың өзара астасу табиғаты «изостатикалық тепе- теңдіктің сақталу» заңдылығына бағынады. Изостазия (грек. статис – тепе-теңдік) дегеніміз литосфера массасының астеносфера бетінде ұдайы «қалқып тұруы», сөйтіп үнемі гидростатикалық тепе-теңдікті сақтау жағдайы. Екінші сөзбен айтқанда, изостазиялық тепе-теңдік заңдылығына сəйкес, литосфераның əртүрлі аймақтары өздерінің массасына, яғни салмағына (қалыңдығына) орай ұдайы жоғары-төмен қозғалып тұруға мəжбүр. Қатты таужыныстардан тұратын, салыстырмалы түрде алғанда біршама жеңіл (тығыздығы төмен) литосфераның ішінара балқымалы күйдегі, бірақ литосфера таужынстарына қарағанда тығыздау заттардан тұратын астеносферамен өзара қарым-қатынас сипаты айсбергтердің (кезбемұздардың) су бетінде ұдайы қалқып жүру заңдылығына саяды («қатты» мұздың тығыздығы шамамен 0,9 г/см3, ал сұйық судың тығыздығы 1 г/см3); айсберг (кезбемұз) неғұрлым көлемді, яғни салмақты болса, ол соғұрлым су түбіне қарай сұғына түспек, Н. Сейітов, Т.Н. Жарқынбеков 28 яғни оның бүкіл болмысы төмен қарай қозғалмақ, ал осы мұз кесегі өз массасын бірте-бірте азайтқан жағдайда (мəселен, оның еруі нəтижесінде) оның суға бату деңгейі де жоғары қарай көтерілуге мəжбүр. «Изостазия» терминінің келтірілген түсініктемесінен шығатын қорытынды біреу, ол – литосфера мен астеносфера қатқабаттарының бір-бірімен жапсарласу жазықтығы үнемі теп- тегіс (горизонталь бағытталған) болмайтындығы, яғни бұл жапсар планетаның əртүрлі аймақтарында əртүрлі тереңдіктерде орналасатындығы. Бұл жапсардың біршама тегіс болып келетін өңірі Əлемдік мұхит аймағының «мұхиттық үстірт» деп аталатын бөлігінде ғана болса керек: бұл өңірде аталған екі қатқабат шамамен 20–50 км тереңдіктер аралығындағы деңгейлерде жапсарласа отырып, көлбей көсіледі (горизонталь бағытталады). Аталған екі қатқабаттың континенттер аумағындағы жапсарласу сипаты өте күрделі болып келеді, бұл күрделіліктің арғы төркінінде литосфераны құрайтын, өздерінің тығыздық көрсеткіштері жағынан алуан түрлі таужыныс типтерінің «мидай араласып кетуі» ғана емес, континенттік қыртыстың бет-бедерінің (рельефтің) мейлінше өзгермелі болып келетіндігі де əсер ететін болса керек. Мəселен, «орогендік белдеулер» деп аталатын тау жүйелері литосфераны құрайтын алуан түрлі таужыныс қабаттарының қатпарлануы («жиырыла жинақталуы») салдарынан өз массасының «ауырлай түсуімен» сипатталады. Ендеше, изостазиялық тепе-теңдіктің сақталу заңдылығына сəйкес, осындай таулардың «тамырлары» төмен қарай сұғына түсетін болады; тау денудацияға ұшырап (үгіліп-мүжіліп) бірте-бірте аласарған жағдайда сол бұрынғы таулы өлке ауқымының салмағы да азаяды, сөйтіп сол аймақ жоғары қарай көтерілетін болады.